Р түзеу жұмыстарына тарту жазасының құқықтық ерекшеліктері.
Қылмыстық және қылмыстық-атқару құқығы ғылымында түзеу жұмыстарының мәнін тыңғылықты және жан-жақты қарастыратын әдебиеттер мен монографиялық зерттеулер жоқ деуге болады. Түзеу жұмыстары қылмыстық жаза ретінде кеңестік мемлекеттің алғашқы заң актілерінде қарастырылғаны белгілі. Уақыт өткен сайын олардың аталуы (міндетті, қоғамдық, мәжбүрлеу, еңбекпен түзеу, түзеу) біресе өзгеріп, біресе жойылып, біресе жаңаша құқықтық шектеулер пайда болып сан құбылды, бірақ осы жазаның негізгі деген сипаты сол қалпында қалды. Көптеген зерттеушілер түзеу жұмыстарын қылмыстық жаза деп пайымдады. Соның кейбіреуіне тоқтала кетейік.
«Түзеу жұмыстарының мәні сотталған адам бұрынғы жұмыс істейтін орнынан, туратын жерінен аластатылып, қоғамнан оқшауландырылмай-ақ еңбекпен түзеу ықпалына түседі». Түзеу жұмыстары – бұл сотталған адамның тапқан табысының белгілі бір бөлігін ұстап қалу арқылы еңбекке тарту арқылы жүзеге асырылатын жазаның жедел етілген түрі».
«Түзеу жұмыстары – бұл сотталған адамды қоғамнан аластатпай-ақ, оқшауламай-ақ жүзеге асырылатын жазалау мен тәрбиелеу элементтерінің бірлігі, жазалаудың, режимнің еңбекпен түзеу мен идеялық-саяси ықпал етудің жиынтығы».
«Түзеу жұмыстары... – бұл... сотталушының өзі тұратын жерінде, міндетті түрде еңбекке қатыстырылуымен, тәрбиелеу жұмыстарын жүргізумен байланысқан, тапқан табысының белгілі... бір бөлігін ұстап қалумен және құқықтарын қайсыбір шектеулермен..., сондай-ақ үстінен ұдайы қадағалап отырумен жүзеге асырылатын жазаның түрі».
«Түзеу жұмыстарына тән белгісі сотталушыға еңбектің ықпалымен тәрбие беру болып табылады. Мұндай жазамен сотталған адам, оны өтеуге қатысты белгілі бір шектеулерге (еңбек ақысынан ұстап қалу және тағы басқалар) тап болады. Осы айтылған екі ерекшеліктердің жиынтығының өзі-ақ қарастырып отырған жаза түрінің мәні мен міндеттерін анықтап береді».
«... жаза түріндегі түзеу жұмыстары сотталушының еңбек ақысының белгілі бір бөлігін ұстап қалуды және оның мүліктік және еңбек құқықтарына еңбекке міндетті түрде қатысуымен..., оның өзі тұратын жерінде бақылауда болуымен байланысқан шектеулер қоюды және тәрбие жұмыстарын жүргізуді қарастырады».
ҚР Қылмыстық кодексінің 43 бабының 1 бөлігіне сәйкес түзеу жұмыстары екi айдан екi жылға дейiн мерзiмге белгiленедi және сотталған адамның жұмыс орны бойынша өтеледi.
Осы айтылған анықтамаларды қорытындылай келе, бұл жаза түрінің ең маңызды деген төмендігедей белгілерін атап аламыз:
1. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның еңбек ету міндеттілігі;
2. Жазасын өтеп жүрген кезінде сотталған адаммен міндетті түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу;
3.Түзеу жұмыстарын өтеу сотталған адамның белгілі бір мүліктік құқығынан айырумен байланысты болуы тиіс (мемлекет пайдасына табысынан ұстап отыру);
4. Сотталғандардың түзеу жұмыстарын негізгі жұмыс орнында өтеуі.
Түзеу жұмыстарының құқықтық мәртебесі оның өзінің мағынасынан-ақ көрініп тұр, яғни сотталған адам ерекше бір түзеу жұмыстарын атқаруы тиіс. Сонымен бірге, сотталғандар жұмыс істеп, оған төленетін ақының белгілі бір бөлегі мемлекет пайдасына ұсталып отырады. Егер мемлекет пайдасына сотталған адамның табысының белгілі бір бөлегі аударылмай, түспей жатқан болса, онда жазаның өтелу мерзімі жүріп жатыр деп санауға болмайды, сондықтан сотталушы еңбек етуге мәжбүр болады. Сотталушының еңбек ету міндеттілігі жазаның ерекшелігіне тән және ол мәжбүрлеу арқылы жүзеге асырылады.
Еңбек ету қажеттігінен туындайтын осы жазаның ерекшеліктерін ескере келіп, кез келген еңбек қылмыстық жаза мақсатына, яғни сотталған адамды түзеуге қызмет етеді. «Еңбек қайта тәрбиелеуі және түзеуі үшін, – деп жазады И. А Бушуев – сотталған адам өзінің сол еңбегінің бір жағынан қоғам үшін, екінші жағынан өзі үшін пайдалы екендігін түсініп, сезіне білуі керек. Қоғамға пайдалы еңбек қана бұрынғы қылмыскерді жөнге салуды берік құралы бола алады».
Осы бір мән-жайларды ескере отырып, заң шығарушы жазаның мұндай түзеу жұмыстары сияқты түрінің болуын негізге ала отырып, тек қана өзінің жұмыс істейтін орнында еңбек ету міндетін жүзеге асыру қоғамға және сотталушыға пайда әкеледі.
Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкiмiмен белгiленген мөлшерде, бес проценттен жиырма процентке дейiнгi шекте мемлекеттiң кiрiсiне ұстап қалу жүргiзiледi.
Түзеу жұмыстарының мәні еңбек етуге мәжбүрлеу сипаты, сотталған адамның тапқан табысының бір бөлігін мемлекет пайдасына ұстап қалу және жазаның осы түрін атқару кезіндегі кейбір құқықтық шектеулердің қолданылуы болып табылады. Түзеу жұмыстары белгілі бір мерзімге тағайындалады (екі айдан екі жылға дейін), ал үкім заңды күшіне еніп, қылмыстық-атқару инспекциясына соттың тиісті өкімінің көшірмесі түскен күннен бастап он бес күннен кешіктірілмей атқаруға алынады. Заңның осындай ережелеріне байланысты түзеу жұмыстарына сотталған адам өзінің тұрғылықты жеріндегі қылмыстық-атқару инспекциясына есепке тұруы тиіс.
Түзеу жұмыстарын тікелей өзінің еңбек етуінсіз өтеу мүмкін емес. Міне, сондықтан мұндай жазаны өтеуге тек жұмысқа жарамды адамдар ғана жіберіледі. Бұл дегеніміз еңбек түзеу жұмыстары институтының құрылымында материалдық негіз ғана болып қоймай, сотталған адамға тәрбиелік ықпал ететін негізгі құрал болып саналады.
Еңбекке жарамсыз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орнында өндiрiстен қол үзiп оқитын адамдарға түзеу жұмыстарын тағайындауға болмайды. Мұндай адамдарға, егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi баптың санкциясымен айыппұл түрiнде жаза көзделмеген болса, бiр ай түзеу жұмысы үшiн заңмен белгiленген бiр айлық есептi көрсеткiшке тең айыппұл сомасының есебiнен сот түзеу жұмыстарының орнына айыппұл тағайындауы мүмкiн. Егер аталған мән-жайлар жазаны өтеу кезiнде пайда болса, сот түзеу жұмыстарын айыппұл салумен де ауыстыра алады.
Сотталған адамды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту қылмыстық жазаның мақсатқа жетуінің құралы болып саналатынын ескеретін болсақ, жұмыс істеуден бас тарту сотталған адамның құқықтық жағдайын нашарлата түседі де осы жерде құқық қорғау органдары тарапынан белгілі бір санкция қолдануға тура келеді. Сотталған адам еңбегінің және еңбекке мәжбүрлеп тартудың бірінші айырықша ерекшелігі осымен көрінеді. Ол тек амалыздықты ғана емес, оның еңбегінің мәжбүрлі сипатын да анықтайды. «Түзеу жұмыстары» деген жазаның өзі оны өтеу кезінде сотталған адамның белгілі бір жұмыс түрін сапалы орындауын талап етуді, өзінің объективті қабілетіне қарай еңбектің адамды түзетуде шешуші рөл атқаратынын білдіреді. Сотталған адам еңбегінің екінші өзіне тән ерекшелігі осында. Дәл осыған байланысты сотталған адам осы жаза түрін атқарушы органның келісімінсіз өзі қалаған, таңдаған жерінде жұмыс істей алмайды.
Кез келген жаза түрлері сияқты қылмыстық жазаның да белгілі бір мақсаты болады, өзіндік мәжбүрлеу шарасы бар және ол сотталған адамның құқықтары мен бостандықтарынан айырады немесе шектейді. Ол белгілі бір дәрежеде ақылға сыйымды, істеген әрекетіне қарай лайықты, тән азабын шектіруді және сотталған адамның қадір-қасиетін қорлауді мақсат етпеуі тиіс, сондықтан ол жазаны атқарушының ойлағанындай емес, заңға негізделген болуы керек.
Жағдайды ескере отырып қылмыстық заңның 38-бабы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамның еңбекке адал қарау, заңды бұлжытпай орындау, адамзат қоғамының тәртібі мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуді мақсат етеді. Жаза сонымен бірге сотталған адамның, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандырудың құралы болып табылады.
Міне, өзінің «жұмсақтығына» қарамастан түзеу жұмыстары да қылмыстық жаза ретінде жоғарыда айтылған мақсаттарды алға қояды.
Сотталғандарға жаза қолдана отырып, мемлекет жалпы қоғамға және жәбірленушілерге қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіреді. Ол айып салу, мүліктерді тәркілеу, түзеу жұмыстарын және басқа да жаза түрлерін атқару арқылы мемлекетке және адамға келтірілген шығынның орнын біршама толтыруға ықпал етеді. Жәбірленушіге қатысты әлеуметтік әділеттілік оның құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау, келтірілген зиянның орнын толтыру, оның тартқан азабына сай кінәліні жазаға тарту сияқты жолдармен қалпына келтіріледі.
Жасаған қылмыс үшін кінәләге жаза қолдану одан өш, кек алу болып саналмайды. Аяғын жаңылыс басқан адамның белгілі бір жағдайда қылмыс жасағаны үшін жазасын алып, оны өтеп, қоғамдағы тіршілілін одан әрі жалғастыратынын мемлекет түсіне біледі. Ең бастысы, оның жазасын өтеп қана қоймай, өмірге қатысты жақсы жақтарына қарай бет бұрып, түзеудің мақсатына қарай дұрыс жолға түскені қажет. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 7-бабы сотталғандарды түзеу – оның бойында құқық ұстанушылық мінез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелері мен дәстүрлеріне оң көзқарастарды қалыптастыру деп қастарады. Сотталған адамның түзелуі деп оның бойындағы қоғамға жат пиғылдарының арылуы, көзқарасының, дағдыларының, сенімінің жақсы жағынан қалыптасып, жаңа қылмыстар жасауға итермелейтін мінез-құлықтан арылуы танылады. Жазасын өтеп шыққан адамның жаңа қылмыстар жасауын ескерту сол адамның ендігі жасаған үшін одан да гөрі қатаңырақ жазаланатымен және тағыда моральдық және материалдық тұрғыдан зардап шегетіндігімен түсіндіріледі.
Ал басқа да адамдардың қылмыс жасауын заңның ескертуі кім қылмыс жасамаса оған жаза қолданбайтындығымен, қылмыс жасаған жағдайда жазаланбай қалмайтындығымен көрінеді.
Түзеу жұмыстары – жазаның жиі қолданылатын түрлерінің бірі. Осыған байланысты, осы жазаның тиімділігі қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Шындығына келгенде, түзеу жұмыстарының тиімділігі туралы айтатын болсақ, сотталып шыққандардың енді қайталап қылмыс жасамайтындығына сүйенеміз. Сонымен бірге түзеу жұмыстары жазасының тиімділігі сотталған адамның жазасын өтеп жүрген кездегі және жазасын өтеп шыққаннан кейінгі мінез-құлқымен бағаланады.
Әрине, түзеу жұмыстары үнемі тиімділігін толығымен дәлелдеп отырады деп айтуға болмайды, бірақ дегенмен жазаны атқаруда қол жеткізілген нәтижелер бар деуге болады. Қарағанды қаласы мен облыстағы қылмыстық-атқару инспекцияларындағы жазаның осы түрінің тәжірибесін оқып-зерттеген кезімізде түзеу жұмыстарының тиімділігіне кері әсерін тигізген елеулі кемшіліктер Қазақстан Республикасы 43-бабының 4-бөлігі бойынша соттардың бас бостандығынан айыруды ауыстыру туралы материалдарды дер кезінде қарамағандығы байқалды. Көбінесе мұндай материалдар соттарда қаралуын күтіп жатып қалатын болған. Қылмыстық-атқару инспекциялары сотқа ол жөнінде өтініш берген адамдар, жұмыс орнынан босатылып жіберіліп, қоғамға жат өмір салтын кешіп, ал кейбіреулері жаңадан ауыр қылмыстар жасауға дейін барған. Түзеу жұмыстарының тиімділігіне соттардың жазаны атқару туралы өкімдер мен үкімнің көшірмелерін дер кезінде жібермеуі көп кері әсерін тигізеді. Біздің байқағанымыз, заңды күшіне енген сәттен жіберілген үкімдер мен соттардың жазаны атқару жөніндегі өкімдері аз болып шықты. Сонымен бірге, үкімді орындау жөніндегі соттың өкімі келіп түскенше жазаға тартылғандардың көбісінің жұмыс істемейтіндіктері анықталды, осы мезетте олардың үстінен ешқандай қадағалау жүргізілмей, соның салдарынан олардың жаңадан құқық бұзушылықтары мен қылмыстар жасауларына жол беріліп жатты.
Қылмыстық жаза түріндегі түзеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 39-бабында қарастырылып, оның мазмұны осы кодекстің 43-бабында анықталған. Бұл бапқа Қаз КСР Қылмыстық кодексіндегі 25-баптағы мазмұнына қарағанда айтарлықтай өзгеріс енгізілген. Жазаның атауы өзгеріп, сотталушының осы жазаны өтеу орны оның жұмыс істеп жүрген жері болатындығы белгіленді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі осы жаза түрінің мазмұнының өзіне де өзгеріс енгізді.
Заң жыл сайын осы сотталғандарға еңбек демалысын беріп отыруды, сондай-ақ осы мәселе бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келісімімен қосымша демалыс беруді де қарастыратын болды. Ал бұрынғы Қазақ КСР Еңбекпен түзеу кодексінде мұндай еңбек демалысына шығару мүлдем көзделмеген болатын.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу мерзімі сотталған адамның еңбек өтеліміне (стажына) енгізілмеген болатын еді. Бұл мерзім жалпы еңбек өтеліміне соттың арнайы қабылдаған шешімі бойынша және сотталған адамның адал еңбегі мен үлгілі тәртібі ескеріліп қана енгізілетін еді.
Қазіргі кезде түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу мерзімі жалпы негізді жалпы еңбек өтеліміне енетін болды. Сонымен бірге заң бұрынғы жұмыс орнынан қылмыстық-атқару инспекциясының жазбаша келісімінсіз өз еркі бойынша жұмыстан босатуға тыйым салу түрінде шектеуді қарастырды. Мұндай шектеу сотталған адамның жазасын өтеуден бас тартуын ескерту мақсатындағы заң жүзіндегі әрекет болып саналды, бірақ бұл сонымен бірге сотталушының өзінің қарауынша жұмыс істейтін орын таңдау құқығын елеулі түрде шектейтін жазалау түрі іспеттес болып көрінеді.
Сотталғандардың тапқан табысынан мемлекет пайдасына ұстап қалу сол бұрынғы қалпынша 5-тен 20 пайызға дейін күйінде қалды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 43-бабының 3-бөлігі түзеу жұмыстары тағайындауға болмайтын адамдардың тізімін келтіреді: еңбекке жарамсыз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орнында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға түзеу жұмыстарын тағайындауға болмайды. Дегенмен, бұл жағдай кешкі және сырттай оқитындарға қолданылмайды. Заң сонымен бірге соттардың түзеу жұмыстарын жазаның айып салу түріне ауыстыру құқығын қарастырады. Мұндай мүмкіндік түзеу жұмыстарын тағайындау туралы үкім шығару кезінде ғана емес, жазаны атқару барысында да жасалады.
Түзеу жұмыстарына сотталған адам жазасын өтеуден әдейі жалтарған жағдайда сот түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзімін нақ сол мерзімге бас бостандығын шектеу, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазалауға ауыстыра алады.
Сотталушы адам түзеу жұмыстарын өтеуден әдейі жалтарған жағдайда сот оны қылмыстық-атқару инспекциясының берген материалдарына сәйкес жаза мерзімінің өтелмеген бөлімі бойынша бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға немесе бас бостандығынан айыруға ауыстыра алады.
Қазақстан Республикасы Жоғары Соты Пленумының 1993 жылғы 24-маусымдағы «Соттардың жаза тағайындау кезінде заңдылықты сақтауы туралы» № 3 қаулысың 8-тармағы түзеу жұмыстары жазасынан жалтару және әдейі жалтару ұғымын түсіндіреді.
Түзеу жұмыстарын өтеуден жалтарушы деп қылмыстық-атқару инспекциясына есепке отырған 15 тәуліктің ішінде орынсыз себептермен жұмысқа кіріспеген немесе орынсыз себептермен қылмыстық-атқару инспекциясына есепке тіркелуден жалтарған, қыдырымпаздыққа салынған, жұмысқа алкогольдік ішімдік ішіп, есірткі қолданып мас болып келген сотталғандар адамдар танылады. Бас тарту мен жалтару фактілері анықталған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушының түзеу жұмыстарын жазаның басқа түріне ауыстыру туралы жазбаша түрде ескерту жасайды.
Түзеу жұмыстары туралы үкім қылмыстық-атқару инспекциясына түскеннен кейін он бес күннен кешіктірілмей орындалады. Түзеу жұмыстары инспекциясы сот үкімінің көшірмесін алып, жұмысқа орналастырылғаннан кейін әрбір түзеу жұмыстарына сотталған есепке алынады, оған жеке іс ашылады, одан кейін инспекция сотқа оның шешімі орындалғаны туралы хабарлама қағаз жібереді.
Егер де бас бостандығынан айыру жөніндегі түзеу жұмыстарына өзгертілген болса, онда хабарлама-қағаз сотталғанның жаза өтеген түзеу мекемесіне жіберіледі. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың жеке басының есебі - олардың жұмысқа қатысуын, еңбек ақысынан ұстаудың дұрыстығын, заңда көрсетілген негіздерде сотталғанның есептен уақытында шығарылуын бақылап жүру үшін керек.
Түзеу жұмыстарына сотталғандар үшін тәжірибеде жеке есептеудің төрт түрі белгіленген: оперативті, алдын алатын, бақылау, іздеу салынған сотталғандардын есебі.
Түзеу жұмыстарына сотталған адамдардың жұмыс орнына, инспекция сотталғанның құжатын алғаннан кейін кәсіпорнының, мекеменің, ұйымның, әкімшілігіне үкімнің көшірмесін және белгіленген түрде хабарлама қағаз жібереді. Егер де сотталған бұрынғы жұмыс орнынан шығып кетіп және еш жерде жұмыс жасамайтын болса, бұл жазаны орындататын органдар сотталғанға он бес күн мерзім ішінде жұмысқа кіруге талап қояды, керек болса жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді.
Қазақстан республикасы Қылмыстық кодексінің 43-бабының 4-бөлігі түзеу жұмыстарына сотталған адам жазасын өтеуден әдейі жалтарған жағдайда сот түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзімін бас бостандығын шектеу, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазалауға ауыстыру мүмкіндігін береді. Әдейі жалтару деп сотталған адамның жазбаша ескерту жасағаннан кейін жоғарыда аталған әрекеттерді қайталауы немесе жалғастыруы, не тұрақты тұрғылықты жерінен жасырынып, жүрген жері белгісіз болған жағдай танылады.
2. Түзеу жұмыстарын тарту түріндегі жазаны орындау тәртібі мен жағдайы.
Қылмыстық жазамен сотталған кез келген азамат белгілі бір құқықтық мәртебеге ие болады. ҚР ҚАК 8-бабына сәйкес, сотталғандар жазаның нақты түрін атқарудың тәртібі мен жағдайларын ала отырып, ҚР-да Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстерінде және өзге де заңдарында белгіленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары болады және солардың міндеттерін атқарады.
Түзеу жұмыстарын атқару іс жүзінде қолданылатын құқықтық режим, яғни атқарудың тәртібімен шарттары сотталғандардың мойнына артылған міндеттерді, яғни қылмыстық жаза ретіндегі түзеу жұмыстарының мазмұнын көрсететін құқықтық шектеулерді білдіреді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 43-бабына сәйкес, түзеу жұмыстары екі айдан екі жылға дейінгі мерзімге белгіленеді және сотталған адамның жұмыс орны бойынша өтеледі. Түзеу жұмыстарын орындау жөнiндегi қылмыстық-атқару инспекциясының қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн ҚР-ның ІІМ министрлiгi айқындайды. Соттың үкімімен белгіленген мерзім ішінде сотталған адам төмендегідей құқықтық шектеулерді басынан кешіреді:
– қылмыстық-атқару инспекциясына айына екі тіркелуге келіп отыруы тиіс;
– тұратын және жұмыс орны өзгере қалған жағдай 10 тәулік мерзім ішінде қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлауы тиіс;
– бұрынғы жұмыс орнынан қылмыстық-атқару инспекциясының жазбаша келісімінсіз өз еркімен жұмыстан босатылмауы тиіс;
– соттың үкімімен белгіленген мөлшері бойынша ай сайын тапқан табысынан ұсталып отыруы тиіс;
– қылмыстық-атқару инспекциясының келісімінсіз жұмыс істеп жүрген орының әкімшілік ұйымы сотталған адамды жыл сайынғы еңбек демалысына, сондай-ақ қысқы мерзімді және қосымша демалыс бере алмайды.
Сот үкімі шыққаннан кейін еңбекке жарамсыздығы белгілі болған сотталғандар жөнінде бұл жаза түрін атқаратын орган сотқа түзеу жұмысын басқа жеңілірек жазаға ауыстыру туралы өтініш білдіреді.
Әрбір жұмыс айы үшін жалақы төлегенде орындау парақ құжаттары бойынша ұстап қалу, сотталғанға талаптардың болуына қарамастан жалақының барлық түрінен жүргізіледі.
Ұстап қалулар, әрбір толық жұмыс істеген айға жалақыны айдың екінші жартысында төлегенде, ал жұмыстан шығарылғанда - айдың жұмыс істеген күндерінен жүргізіледі.
Қосымша жұмыс істейтін адамдардан ұстау ай сайынғы жұмысының жалақысынан жүргізіледі. Сотталғандарға еңбек ақы төленген күні ұсталған сомасы белгіленген тәртіппен мемлекет пайдасына аударылады.
Зейнетақыдан, әлеуметтік қамтамасыздандыру және әлеуметтік қауіпсіздендіру орындарынан берілетін жәрдемақыдан, жалақы жүйесінде қаралмаған бір жолғы төлемдерден, қызметпен жүргендегі жалақысының және т.б. шығындар үшін төленетін сомадан, ұсталымдар алынбайды. Егер соттың үкімі бұзылып, іс тоқтатылған кезде сотталғанның еңбек ақысынан ұсталған сомасы, оған түгелдей қайтарылады.
Қазір тәжірибеде пайда болған мәселе, ол әр түрлі коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайтын адамдардың жалақысын қалай анықтауға болатындығы, себебі оларда еңбек ақыны төлеу дұрыс жөнге келтірілмеген, ол тек кейбір жұмыстарды орындап, сауда келісімін аяқтап және т.с.с. кіріс түскеннен кейін төленеді.
Жалпы ереже бойынша бұл жағдайда жазаны өтеу уақытында алынған немесе жазаны өтеудің бөлігі кезеңіне келетін барлық табысы есептелуі тиіс.
Басқа да негіздермен артық ұсталған сомасы қайтарылады: мерзімінен бұрын босатылғанда, кешірім жасалғанда және т.с.с.
Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару мәселелерін зерттеген И.В.Бушуев өзінің «Исправительные работы» деген еңбегінде түзеу жұмыстарының жеті элементі бар екендігін атап өтеді. Міне, содан бері біраз жылдар өтіп, қазіргі кезде жазаның осы түріне байланысты заңдар да, оның элементтері де өзгере түсті. Өзінің табиғатына қарай қылмыстық жаза қылмыс жасаған адамың сазайын тартырумен көрінетін мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шараларын білдіреді. Қылмыстық жаза сотталған адамды құртып жіберуді мақсат етпейтіндігіне қарамастан, осы түзеу жұмыстарын өтеп жүрген сотталған адамдардың белгілі бір шектеулер және айырумен көрінетін элементтері болады.
Бұл жерде сотталған адамның құқығынан айыру мен оны шектеу әкімшіліктің немесе жекелеген лауазымды адамның қалай болса солай ойлағанындай белгілене салмайды. Ол міндетті түрде қылмыстық және қылмыстық-атқару құқығының нормаларына негізделген болуы керек.
Жазалаудың бір элементі ретіндегі заңмен белгіленген шектеулер сотталғандарға белгілі бір жан күйзелісін әкеліп қана қоймайды, ол оны сонымен бірге тәрбиелейді, заң мен қоғамды құрметтейтіндей қажетті бір сезім ұялатады.
Солай бола тұрса да қылмыстық жаза түрі ретіндегі түзеу жұмыстары сотталған адамға белгілі бір ауыртпашылық пен айыру арқылы шектеу қоятын жазалау элементі – мемлекеттік мәжбүрлеу шараларымен көрініс табады. Олар мыналармен көрінеді:
1. Мемлекет атынан сотпен шығарылған айыптау үкімі айыпталушы адамның мінез-құлқына теріс баға бергендей болады. Және дәл осы факті соталушыны моральдық күйзеліске ұшыратады.
Жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеген сотталған адамдармен салыстырғандағы түзеу жұмыстарына сотталған адамдардың айырмашылығы – олар көпшіліктің ортасында, сол бұрынғы жұмыс орнында жаасын өтейді, ал мұның өзі де сотталған адамның көңілінде, психологиясында белгілі бір дақ қалдырып, көпшіліктің үкіміне ұшырағандай күйде жүреді. Мұндай моральдық күйзеліс адамды ойландырып, өзімен бірге жұмыс істейтін жұртшылық алдында айыбын ақтауға, жаман, теріс қылықтар мен дағдылардан арылуға себеп болады.
Жазаның мұндай қасиеті үкімді халыққа жария етумен, оны сотталған адамның жұмыс орнындағы қоғам арасына тарату қажеттігімен байланысты. Бұл ҚР ҚАК 38-бабының 2-бөлігінде айтылғандай, жазаны өтеу жөнінде сотталған адам жұмыс істейтін ұйым әкімшілігі сот үкімінің (қаулысының) көшірмесін алған күннен басталады. Дәл осы жағдай сотталған адам үшін жеңіл тимейді, сөз жоқ оның маральдық күйзеліске түсуіне әкеп соғады.
2. Түзеу жұмыстарының мерзімін өтеу элементі болады. Оның ұзақтығы соттың үкімімен анықталады, дегенмен екі айдан кем және екі жылдан артық тағайындалуы тиіс емес. Түзеу жұмыстарының мерзімі көп болған сайын, оның жазалаушылық қасиетінің де мол болатындығына сөз жоқ.
3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 43-бабының 2-бөлігіне, сәйкес, түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгіленген мөлшерде, бес пайыздан жиырма пайызға дейінгі шекте мемлекеттің кірісіне ұстап қалу жүргізіледі. Қарағанды облысындағы соттардың тәжірибесінде неге екені белгісіз осы мөлшер тұрақты түрде ең жоғарғы шекте 20 пайызбен алынады. Мұндай табыстан ұстап қалуды сотталған адамның жұмыс орнының бухгалтериясы атқару құжатындағы көрсеткішке сотталған адамның шағымына қарамастан, істеген жұмыс түрлеріне есептеген табыстарынан ұстап қалып отырады. Табыстан ұстау ай сайын жалақы берілетін кезде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының «Ақтару ісін жүргізу және соттық атқарушылардың мәртебесі туралы» 1998 жылғы 30-маусымдағы Заңы сотталған азаматқа өтем ұсталғаннан кейін қалған жалақысының дәл 50 пайызы беріледі, ал қалғандары өтеп ұстаушы ұйымның керек-жарағын қанағаттандыру үшін ұстап қалынады. Сөйтіп, жалақы тең екіге бөлінеді де, бір бөлігі сотталған адамның өзіне ал қалғаны өтем алушыларға тең бөлінеді, айта кету керек бұл жерде алимент бар болса, ол бірінші кезекте ұсталып қалынады.
Бұрынғы қолданыстағы еңбекпен түзеу заңнамасында түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу мерзімі заң бойынша зейнетақы алуға және басқа да жеңілдіктерге құқық беретін жалпы еңбек өтеліміне (стажына) енбейтін.
Ал қазіргі қолданыстағы қылмыстық-атқару заңы бойынша түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу мерзімі зейнетке шығуға құқық беретін жалпы еңбек өтеліміне енгізілетін болуы, алайда жаза өтеу кезіндегі қызмет еткен жылдарына қосымша және сыйақы есептелмейді, ал бір мезгілдік сыйақы түзеу жұмыстарын өтеу жылдары шығарылып тасталған қалған жылдарына қарай беріледі.
Қылмыстық-атқару заңы бойынша түзеу жұмыстары түрінде жаза өтеуші сотталған адамға жыл сайынғы еңбек демалысы берілмейтін. Кейіннен мұндай шектеу жойылып, сотталған адам жыл сайын еңбек демалысына шығатын болды, алайда оны беру міндетті түрде қылмыстық-атқару инспекциясының жазбаша келісімімен шешіледі.
4. Түзеу жұмыстарының белгілі бір элементі – ол сотталған адамның жазаны бұрынғы сол жұмыс орнында өтеу міндеті болып табылады. Бұрынғы қылмыстық-атқару инспекциялары белгілейтін түзеу жұмыстарын басқа жұмыс орнында өтеу тәртібі жойылған. Дегенмен, жұмыс орнында жаза өтеу міндеті, сондай-ақ жұмыс орны мен тұратын орнын таңдауға шек қояды. Сонымен бірге сотталған адамға қатысты ол жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігі кейбір шектеулер қоятын жағдайлары да кездеседі.
Мұндай шектеулер түзеу жұмыстарын өтеу ұйымдары әкімшілігі белгіленген міндеттерінде көрсетілген (ҚР ҚАК 39-бабы).
Түзеу жұмыстарын өтеу орындары әкімшілігіне мыналар жүктеледі:
– мемлекет кірісіне ұсталған ақшаларды дұрыс және уақытында ұстап отыру мен аударып отыру міндеті. Қылмыстық-атқару инспекциясы осыған байланысты мемлекет кірісіне ұсталатын ақшаның дұрыс әрі дер кезінде ұсталуы мен аударылуына бақылау жасап отыруға құқылы;
– сотталғандардың өндірістік жұмыс кезінде тәртібінің ұстінен бақылау жасап отыруға және сотталғандармен тәрбие жұмыстарын жүргізуде көмек көрсетіп отыруға міндетті. Сотталғандармен тәрбие жұмыстарын сотталған адам жұмыс істейтін орынның әкімшілігі, еңбек ұжымы, қоғамдық ұйымдары, сондай-ақ, қылмыстық-атқару инспекциясының инспекторлары жүргізеді. Сотталғандармен, соның ішінде түзеу жұмыстары түріндегі жазасын өтеп жүргендермен тәрбие жұмыстары сотталғандардың тұлғасын, тағайындалған жаза мерзімін, қылмыс жасауының мән-жайлары мен жағдайын ескере отырып бәрімен бірдей жүргізілуі тиіс. Тәрбие жұмыстарының жолдары психологиялық-педагогикалық әдістерге негізделіп жеке, топтық және жалпыға бірдей нысанда жүргізілуі мүмкін. Бұл жұмыс қылмыстық жазаның мақсатына жетуін қамтамасыз ететіндей болуы керек;
– әкімшіліктің Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару кодексінің 37-бабында көрсетілген жазаны өтеу шарттарын сақтау міндеті;
– қылмыстық-атқару инспекциясына сотталғандарға көтермелеу мен жазалау шараларын қолдану туралы, жазаны өтеуден жалтару фактілері туралы, хабарлап, сондай-ақ, сотталған адамды жұмысынан босату және басқа жұмысқа ауыстыру туралы ниеттерді алдын ала қылмыстық-атқару инспекциясына ескертіп қою міндеті.
5. Қылмыстық жазаны өтеудің қалдыратын зардабы – соттылық. Дәл осы соттылық пен одан туындайтын кейбір құқықтық шектеулер қылмыстық жазасын өтеп шыққан адамдарға ыңғайсыздық тудырып, кейбір жағдайларда олардың мүдделеріне нұқсан келтіреді.
Бұл жерде сотталған адам үшін соттылық заңдық факті реті жағымсыз рөл атқарып қана қоймай, тиісті жазасын өтеп шыққаннан кейін моральдық жағынан да белгілі бір дәрежеде өміріне әсер ететінін есте сақтау керек.
ҚР ҚАК 38-бабы түзеу жұмыстарының мерзімі сотталған адам жұмыс істеген және оның табысынан ақы ұстап қалған айлармен және жылдармен есептелетінін белгілейді. Сотталушының жұмыс істеген күндерінің саны соттың жаңа мерзімін белгілеген әрбір айындағы жұмыс күндерінің санынан кем болмауға тиіс. Мысалы, 2002 жылғы жұмыс уақытының балансы 41 сағаттық бес күндік апта бойынша жылына 257 күнді құраса, алты күндік бойынша 308 күнді құраған және 36 сағаттық апта бойынша да сондай. Сондықтан, 2002 жылы түзеу жұмыстарында жұмыс істеген сотталғандардың жұмыс күндерінің қосындысы белгіленген мөлшерден аспауы тиіс. Егер сотталушы көрсетілген күндер санында жұмыс істемесе және жұмыс істелмеген күндерді жаза мерзіміне есептеу үшін Кодексте белгіленген негіздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиісті жұмыс күндерінің сапында толық жұмыс істегенге дейін жалғастырады. Осылайша, егер сотталған адам орынсыз себептермен жұмыс істемеген болса, онда сол жұмыс істемеген күндері жазаны өтеу мерзіміне қосылмайды да, ол сол күндерін толтыру үшін жұмысын жалғастырады. Сондықтан, мысалы 12 жылға сотталған адам осы жылдар ішінде 45 күн жұмыс босатса, сол күнді толтыру үшін тағы да қалдырылады.
Түзеу жұмыстары түріндегі жаза мерзімінде мыналар есепке алынбайды:
– сотталған адамның жұмыс істемеген күндері (ауырып қалуы, жүктілігі мен бала тууы, ауру туған-туыстарын күту сияқты орынды себептерден басқа);
– алкогольдік, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңдаудан болған немесе соларға байланысты іс-әрекеттерден болған ауру уақыты;
– жазаны өтеу кезінде басқа іс бойынша бұлтартпау шарасы тәртібінде қамауда болған уақыты.
Түзеу жұмыстарына сотталған адамдардың жалақысынан ақы ұстау кезінде ақы олардың басқа да қосымша табыстарынан емес тек қана жалақы мөлшерінен ұсталатынын есте сақтау керек (ҚР «Атқару ісін жүргізу және соттық атқарушылардың мәртебесі туралы» 1998 жылғы 30-маусымдағы Заңын қараңыз).
Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны тиісінше жүзеге асыру үшін қылмыстық-атқару заңнамасы жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін және жазаны өтеуден әдейі жалтарғаны үшін жауаптылықты белгіленген. ҚР ҚАК 42-бабы мұндай заң бұзушылыққа мыналардың жататынын белгіленген:
– жазбаша ескертуден кейін дәлелді себептерсіз қылмыстық-атқару инспекциясына келмеу;
– жазбаша ескертуден кейін ҚАК белгіленген міндеттерді бұзу (ҚР ҚАК 9-бабының 1-бөлігі);
– жұмысқа келмеуі немесе мас күйінде немесе нашақорлық не уытқұмарлық масаң күйде келу.
Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу кезінде осы аталған тәртіп пен ережелерді бұзғаны үшін сотталған адамға түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрімен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түріндегі жаза қолданылады.
Егер осы аталған тәртіп пен ережелердің кез келгенін бұзғаны үшін жазбаша ескерту хабарланғаннан соң түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеудің тәртібі мен ережелерін қайталап бұзуға жол берген, сондай-ақ тұратын жерінен жасырынған, жүрген жері белгісіз адам түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден қасақан жалтарушы деп танылады.
Мұндай сотталғандарға қатысты жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы түзеу жұмыстарын ҚР ҚК 43-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық жазаның басқа түріне ауыстыру туралы сотқа өтініш түсіреді.
Егер сот түзеу жұмыстарын бас бостандығынан айыру түріне ауыстырған жағдайда тергеуші түзеу жұмыстары жазасын өтеуден әдейі жалтарған адамға қатысты өзінің шешімімен іздестіру шараларын хабарлайды, жаңа жазаны атқарудың заң жүзіндегі кепілі болып саналатын қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау жөнінде қаулы шығарады.
Егер, сотталған адам, түзеу жұмыстарын өтеп жүрген кезде жаңа қылмыс жасайтын болса, онда сот ҚР ҚК 60-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тағайындаған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады. Бас бостандығынан айыру жазасы мен түзеу жұмыстары түріндегі жазаны қосқанда, бас бостандығынан айырудың бір күні түзеу жұмыстары жазасының үш күнімен теңестіріледі.
9 лекция.
ҚР-да бас бостандығын шектеу жазасын орындаудың ережелері.
1.ҚР-да бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаудың құқықтық негіздері.
2.Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды орындау тәртібі мен жағдайы.
1. ҚР және ШЕ-де бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаудың құқықтық негіздері.
ҚР Қылмыстық кодексінің 45-ші бабының 1 бөлігіне сәйкес бас бостандығын шектеу соттың сотталған адамға оның бас бостандығын шектейтiн белгiлi бiр мiндеттер жүктеуiнен тұрады және қоғамнан оқшауламай бiр жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге қылмыстық-атқару инспекцияларының қадағалауымен оның тұрғылықты жерi бойынша өтеледi. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары қылмыстық-атқару инспекцияларына бас бостандығын шектеуге сотталған адамдардың еңбекке орналастырылып, тұрмыстық жайластырылуына жәрдемдесуге мiндеттi. Өзге жаза (қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту) бас бостандығын шектеуге ауыстырылған жағдайда, ол бiр жылға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушiлердi қадағалауды қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады және сотталған адамдарға олардың тұратын жерi мен жұмыс орны бойынша, сондай-ақ жұмыстан бос уақытында байқау мен бақылау жасауды қамтамасыз етедi. Қылмыстық-атқару инспекциясының қадағалауды жүзеге асыру жөнiндегi қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының ІІМ айқындайды.
Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлiгi бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға ауыстырылған сотталған адамдар күзетте ұстаудан босатылады және жазасын өтеу орнына мемлекет есебiнен өздерi барады. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталған адамға оны есепке қою үшiн қылмыстық-атқару инспекциясына бару бағыты мен уақытын көрсете отырып, жазаны өтеу орнына бару туралы нұсқама бередi.
Сотталған адам жазасын өтеу орнына белгiленген мерзiмде бармаған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотталған адамның орналасқан жерi анықталмаса, сотқа iздестiру жариялау туралы ұсыныс енгiзедi.
Еңбек демалысынан немесе демалыс және мереке күндерi демалыс өткiзу орнынан дәлелсiз себептермен дер кезiнде келмеу, қылмыстық-атқару инспекциясы қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындаудан бас тарту, сол сияқты оларды қорлау не оларға қатысты күш қолданамын деп қорқыту, сондай-ақ тұрғылықты жерiнен, жұмыс немесе оқу орындарынан өз бетiнше кетiп қалу бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтару болып табылады.
Тұрғылықты жерiнен, жұмыс немесе оқу орындарынан өз бетiнше кетiп қалған сотталған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару инспекциясы бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздеу жариялау туралы ұсыныс енгiзедi.
Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда Қылмыстық-атқару инспекциясы осы жаза тағайындалған адамдарға қатысты бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселелердi шешу үшiн сотқа материалдарды табыс етедi, сот бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен ауыстыра алады. Бұл ретте бас бостандығын шектеудi өтеу уақыты бас бостандығын шектеудiң бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiнен бас бостандығынан айыру мерзiмiне есептеледi.
Жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталған адамды iшкi iстер органы жалтару себептерiн анықтау үшiн соттың санкциясымен он тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iшкi iстер органы ұсталған адамды жазаны өтеу орнына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар үшiн белгiленген тәртiппен жiбередi және жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны туралы деректер болған жағдайда, қылмыстық-атқару инспекциясы сотталған адамның бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу үшiн материалдарды сотталған адамның ұсталған жерi бойынша сотқа бередi.
Бас бостандығын шектеу 1)ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталғандығы бар адамдарға, 2)әскери қызметшiлерге, 3)тұрақты тұратын жерi жоқ адамдарға қолданылмайды.
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаның мерзiмi қылмыстық-атқару инспекциясының үкiмдi орындауға қабылдаған кезiнен бастап есептеледi. Сотталған адамның жұмыста немесе тұрғылықты жерiнде бiр тәулiктен артық өз бетiмен болмаған уақыты жаза мерзiмiне есептелмейдi.