Дәріс 10. Педагогикалық диалог қалыптастырудағы шешендік мәдениет
Қазақ шешендік өнерінің тарихы сөйлеу әрекетінің қоғамдағы мәні жоғары болғандығын дәлелдейді. Кез келген сөйлеу әрекеті пікіралмасуға құрылады. Ақылдасу, кеңесу диалог арқылы жүзеге асады, сол себепті диалог істің тетігі болып саналады. Диалог талқыланатын мәселелердің мазмұнына қарай түрліше болады. Онда тұрмыстық, іскерлік, әлеуметтік, саяси, сотісі, ғылыми, діни, әскери, оқу ағарту, т.б. толып жатқан мәселелер қамтылады. Әрбір диалогта әртүрлі сөйлеу түрлері қолданыла береді. Әрбір диалогтың тақырыбына сәйкес мақсаты болады. Мысалы:
1. Тұрмыстық диалог әлеуметтік тұрмысқа қатысты игіліктерді жақсартуды;
2. Мемелекеттік диалог мемлекет игілігіне күш жұмсауды;
3. Әскери диалог қарулы күштердің рухын көтеруді;
4. Мәмлегерлік диалог мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайтуды;
5. Сот ісіндегі диалог қоғамда орын алып отырған қылмыстық іс әрекеттерді әділетті шешуді;
6. Ғылыми диалог ғылымдағы жаңалықтарды талдауды;
7. Іскерлік диалог материалдық құндылықтарды жасау мен қолдануды;
8. Оқу -ағарту диалогы білім беру мен тәрбиені;
9. Діни диалог дінге сенімділік пен имандылықты насихаттауды көздейді.
Шешендердің қалыптасуындағы оқу- ағарту мақсатындағы диалогтің рөлі өте үлкен. Мұндай диалогтар күнделікті іс-әрекетте үнемі жүзеге асып отырады. Оқу-ағарту мақсатындағы диалогтар адамның рухани дүниесін қалыптастыруға бағытталады. Олардың үш түрі бар. 1) білім беретін диалог, - білім нормаларына жетектеу; 2) тәрбие беретін диалог, - мақсаты рухани дүниесі мен іс-әрекетіне үңілдіру; 3) насихат түріндегі диалог – мақсаты жаңа мәліметтер беру негізінде мінез-құлықты өзгерту. Оқу-ағарту мақсатындағы диалог ғибрат, өнеге береді, өмір сүруге бейімдейтін бағыт-бағдар сілтейді, әдет-дағды қалыптастырады. Аталған диалогтардың бірі іскерлікке жетелесе, екіншісі батылдыққа итермелейді, үшіншісі азамат қалыптастыруға көмектеседі. Осы диалогтар пікірталас майталмандарын, үздік шешендерді қалыптастырады. Қоғам тарихында көшбасшы шешендер араласпаған бірде-бір іс жоқ. Бүгінгі қоғамымызда да ұлы істен бастап, ұсақ істерге дейін үгіт-насихат, диалог түріндегі келіссөздер керек. Олай болса бүгінгі қоғамда көпшілік арасынан топбасшы шешендер даярлау маңызды іс.
Сөйлеу әрекетінде диалогтың мазмұндылығы және оның тиімділігі пікірталас өнерінде қолданылатын диалог заңдарына қатысты болып келеді. Мысалы:
1. Уақытқа қатысты алғанда мына заңдылықты ескеру керек: белгілі бір істің төңірегіндегі диалогты сөйлеудің бір түрінде ұзақ қайталай берсе, ол іс нәтиже бермейді, себебі мұндай жағдайда сөйлеудің танымдық мәні жоғалады, деректер ескіреді.
2. Аудиторияға қатысты алғанда екінші бір заңдылық келіп шығады. Ол аудитория құрамын үнемі толықтырып, жаңартып отыру да тақырыптың мәнін жояды, себебі әрбір жаңа адам сол істің төңірегінде жаңа ой айтады. Нәтижесінде әр алуан пікірлер тақырыптың төңірегінде шу туғызады, нақты пікірге келе алмайды.
3. Аудитроияның біліктілігіне қатысты алғанда келесі бір заңдылық туындайды. Талқылауға қатысушылардың тақырып жайындағы білімдерінің аздығы мәселенің құндылығын ашып көрсете алмайды.
4. Қатысушылардың мүддесіне қатысты алғанда мына бір заңдылықты ескеру қажет. Аудиторияның қызығушылын, ынта-ықыласын ескермесе, қандай да болмасын маңызды диалог әрі қарай өрбімейді шешімін де таппайды. Себебі мұнда қатысушылардың мүддесі тілге тиек болмайды. Оларға қажетті мәселелер қарастырылмайды.
Бұл айтылғандардан туындайтын тағылымдар:
- Диалогтың маңызын түсіне отырып, оның мазмұндылығына талдау жасай білу;
- Диалог мазмұндылығын анықтауға мүмкіндік туғызатын тілдік жағдаяттар туғызу;
- Тілдік жағдаяттардың әлеумет өміріне, қоғамдық мәселелерге қатысты болуын көздеу;
- Диалог тиімділігін арттыратын заңдылықтарға көз жеткізу;
- Диалог түрлерін анықтату мақсатында әр түрлі тақырыптарға пікірталасқа түсу;
- Диалог түрлеріне байланысты сөздік қолданыстарда айырма болатынын аңғару.
Дәріс 11. Сөйлеу және сөз қолдану мәдениеті.
Сөйлеу техникасы
- Шешен сөйлеуге жаттығу жолдары
- Дикциямен жұмыс істеу.
Тіл байлығы – сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексиконындағы қолданылатын сөздердің сонымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парқын, мән – мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның творчестволық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттың баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдік ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр сөзбен қарап қадағалап отыру керек.
Тіліміздің лексикалық қабатының ең бір өнімді жолы - сөзге қосымша қосу. Бұл ретте сөз тудырушы қосымшалардың ролі басым. Қосымшаларда дербестік болмағанмен, өзіне тән білдіретін мағынасы, қолданылатын аясы, шегі бар. Мағыналы мүмкіншілігіне қарай жұрнақтар жаңа сөз жасаудың, сөздік қорды байытудың ең өнімдісі іболып отыр. Әсіресе ғылым мен техниканың саласынан енген сөздерге балама жасауда қазақ тілінің ішкі мүмкіншілігі өте мол. Осыған орай, көптеген қосымшалардың қолданылу аясы кеңіп, олар термин жасауда үлкен роль атқарып отыр. Сөз тудыратын қосымшалардың негізгі бір ерекшелігі – кез келген түбірге жалғана бермейді, олар белгілі бір сөз табына, сөз тобына тән болып келеді. Қосымшаның бір талғампаздық қасиеті кейде ескерілмей, орынсыз қолдану – грамматикалық нормадан жөнсіз ауытқуға әкеледі.
Жарыспалы вариант сөздерге де үлкен ұқыптылықпен қарау керек. Тіл – халық мүлкі, байлығы, оны пайдаға аспайтын басы артық дүние десек те бейнормалық элементтерді көркем әдебиет тілінде көл – көсір жұмсай беруге болмайды. Өткені әдеби тіл жалпы халыққа түсінікті, ортақ, екшелген, сұрыпталған ең асылы, тазасы.
Сөз қолдану мәдениеті сөзді мағынасына сай дұрыс қолданумен қатар оны әсем де әсерлі, көркем, образды етіп жұмсауды талап етеді.
Сөз мәнерлілігі сөйлеген кезде орфоэпия заңдылықтарын сақтаудан, сөздің екпінін, интонациясын дұрыс қойып айтудан көрінеді,
Ал бейнелеу тәсілдері тілімізде сан алуан. Тіліміздің көркемдегіш тәсілдері негізінен көркем әдебиет тіліне тән. Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық бояу нақышымен, сыр-сипатымен, құпия астарымен, құдірет қасиетімен көрінеді. Теңеу, әсірелеу, метафора, поэтикалық тіркестер, синекдоха, мақал – мәтелдер, тұрақты тіркестер – жазушының негізгі қаруы.
Сөз қолдану мәдениеті сөзді әсерлі қолданумен қатар, сыпайы жұмсауды да талап етеді. Өйткені жазушы болсын, сөйлеуші болсын, өзін қалың жұртшылыққа арнайды. Ал мұндай сөздің тыңдаушының сезіміне тұрпайы тимеуіне, құлаққа жағымды естілуіне қатты көңіл бөлу керек. Көркем әдебиет өмірді шынайы бейнелей отырып, оқырманның ойын, эстетикалық талғамын ұштап, сезім мәдениетін арттыратындай әсер етуі керек. Өмірдегі шынайы, келеңсіз фактілердің тігісін жатқызып, тілдік әдіс – тәсілдер арқылы сыпайы жеткізуге болады. Ол жазушының сөз қолдану мәдениетімен қатар, өз мәдениетіне, ой - өрісіне, тәрбиесіне де байланысты.
Шешен сөйлеуге жаттығу жолдары.
Профессор Г. Қосымованың көрсетуінше, шешендік сөз ақыл-парасатқа негізделсе мазмұнды болады, сонымен қатар шешен сөйлеуге ой айқындылығы, тіл тазалығы, тіл көрнектілігі, сөз дәлдігі, шешенге қойылатын талаптар мен пікірталастың түрлері жатады. Ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін көтеру дегеніміз-күнделікті дайындық. Тілді шұбарламай, дәл,түсінікті,таза, образды,дұрыс,айқынды етіп жеткізу. Шешен сөйлеуге жаттығудың үлкен бір тәсілі үлкен жиындарда немесе халық алдында сөйлеген адамдардың сөздерінің мазмұнын ұғып қана қоймай ,материалдарды беру тәртібіне,тілдік шеберлігіне,шешендік әдістеріне көңіл бөлу керек.Шешен сөйлеуге қойылатын талаптар көпшілік алдында сөйлеуге дайындық, білімін көтеру, сөйлеу мәдениетін көтеру.
- Дикциямен жұмыс істеу.
Дикциямен жұмыс істеу сөйлеу этикетімен тығыз байланысты.
Сол себепті де тілдік қолданысымыздағы әдеби тілдің нормасынан ауытқудың жөнді – жөнсіз жақтарын студенттердің өздерін қатыстыра, көркем әдебиет, пулицистикалық шығармалардан мысалдар жината отырып айқындау. Тіл құбылысындағы орынсыз ауытқуларды көзімен көріп, құлағымен естіп, куәсі болған азамат тіл құдіретін жүрегімен түсініп, оның қалай болса солай қолданылуына жол бермейді.