ОҚыту мен тӘрбиелеудіҢ педагогикалыҚ жҮйесі

1.Есту қабілеті бұзылған балалардың клиникалық-психологиялық мінездемесі

2. Мектепке дейінгі арнайы білім беру ұйымдарында есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен тәрбиелеу

3. Есту қабілеті бұзылған балаларға білім берудегі коррекциялық оқыту мен тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы

4. Есту қабілеті бұзылған тұлғаларға кәсіби білім беру мен әлеуметтік бейімдеу

5. Есту қабілеті бұзылған тұлғаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту мен тәрбиелеу

Есту қабілеті бала интеллектісінің дамуында ерекше орын алады. Есту қабілеті қалыпты бала айналадағы дыбыстарды естіп, ересектердің сөзіне еліктеу арқылы өз бетінше сөйлеуді игереді. Сәби ересек адамның түсіндіргенін қабылдап, айтқандарымен танысып таным әрекетінің күрделі түрлерін меңгереді, жасына сай сөздердің мағынасын ажыратуды үйренеді. Есту қабілетінің көмегімен өзінің сөзін басқалардың сөзімен салыстыруға, өзінің сөзіне бақылау жасауға, дыбыстарды дұрыс айтуға, тілдің лексикалық-грамматикалық құрамын игеруге дағдыланады. Уақыт өткен сайын сақталған ауызша сөйлеу мен жазбаша сөйлеуді игеруге жағдай жасайды.

Есту қабілетінің бұзылу себептерін медициналық тексерулер инфекциялық аурулар, сосудтық бұзылулар, механикалық, акустикалық немесе контузиялық соққылар, тұқымқуалаушылық аурулар, туа пайда болуған жағымсыз әсерлер құрайды.

Қазіргі уақытта есту қабілетінің жағдайын дамудың ерте кезеңінде анықтаудың мүмкіндігі артуда. Есту қабілетінің бұзылу орны, деңгейі аудиометрияның көмегімен (аппаратураның көмегімен) анықталса, сөз арқылы тексеру естудің жағдайын анықтауда қолданылды.

Қазіргі уақытта есту қабілеті бұзылған балаларды классификациялауда 1961 жылы ұсынылған Л.В.Нейманның әдісі қолданылады. Мұнда «саңыраулық» диагнозы 75-80 дБ кезіндегі естудің жоғалуына қойылады. Саңыраулық сөйлеу диапазоны арқылы орташа арифметикалық жағдайда (500, 1000, 2000, 4000) анықталады.

Саңыраулық 500-ден 4000 Герц аралығында былайша анықталады.

Iдеңгейі — 50 дБ-ден аспайды;

IIдеңгейі — 50-70 дБ;

IIIдеңгейі — 70 дБ-ден артық.

Есту қабілетінің бұзылуын есту арнасының ерекшелігіне қарай төрт топқа бөледі:

Iтоп - 125-250 Гц;

IIтоп - 125-500 Гц;

IIIтоп - 125-1000 Гц;

VI топ - 125-2000Гц-тен жоғары.

Халықаралық классификация (1988ж.) бойынша естудің орташа деңгейдегі жоғалуына қарай: 500, 1000, 2000 Гц-пен төртке бөлінеді.

Iдеңгей — 26—40 дБ;

IIдеңгей - 41—55 дБ;

III с деңгей — 56—70 дБ;

1Vдеңгей — 71—90 дБ;

Саңыраулық — 90 дБ-ден жоғары.

Саңыраулық– құлақ қалқанының түбінен берілген дыбыстарды өз бетімен қабылдай алмаушылық, тұрақты түрдегі естудің жоғалуы. Бұл кезде бала айтылмайтын кейбір дыбыстарды (ысқырық, қоңырау, барабанды соғу) қабылдайды. Саңыраулық туа пайда болуы мүмкін және жүре пайда болуы мүмкін. Жүре пайда болған саңыраулық, ерте саңыраулық, сөйлеудің қалыптасқан кезеңінен кейін пайда болған саңыраулық, кеш саңыраулық деп ажыратамыз. Естудің нашарлауы– есту қалдығына сүйене отырып, сөйлеу қабілетін игерудің мүмкіндігімен анықталатын тұрақты түрдегі естудің бұзылуы. Естудің нашарлауына – күрделі түрдегі сөйлеу тілі бұзылған есту қабілеті нашар балалар жатады.

Есту қабілетінің бұзылуын ғылыми тұрғыда зерттеген Рахиль Марковна Боскис есту қабілеті бұзылған балалардың психологиялық-педагогикалық классификациясын анықтады. Аталған классификацияда есту функциясының бұзылу деңгейі, естудің бұзылуы кезіндегі сөйлеу тілінің даму деңгейі, есту қабілетінің бұзылу уақытын есепке алынған. Бұл классификацияда балалар төрт топқа бөлінеді:

· сөйлеу тілі дамымаған саңырау балалар (ерте саңыраулыққа ұшырағандар);

· сөйлеу қабілеті сақталған саңыраулар (кеш саңыраулыққа ұшырағандар);

· сөйлеу тілі дамыған есту қабілеті нашар балалар;

· сөйлеу тілінде күрделі кемшілігі бар есту қабілеті нашар балалар.

Есту қабілеті бұзылған балалардың сөйлеу тілі естудің бұзылу уақытына қарай анықталады. Егер, есту қабілеті 3 жасқа дейін бұзылса, сөйлеу тілі өздігінен қалыптаспайды. Егер, есту қабілеті 3 жастан кейін бұзылса, фразалы сөйлеу тілі сақталады, бірақ сөздіктерді айтуда, тілдің грамматикалық құрылымында, дыбыстарды айтуда кемшіліктер байқалады. Егер, есту қабілеті мектеп жасында бұзылса, бала фразалы сөйлеуді игергенімен, сөздің буындық құрамын ажыратуда, ұяң дауыссыздарды айтуда қиындықтарға кездеседі. Сөйлеу тілінің даму деңгейі тәрбие жағдайына, коррекциялық түзету жұмыстарының басталу уақытына да байланысты.

Есту қабілеті нашар баланың сөйлеу тіліне тән сөздердің түсінісксіз айтылуы, сөздердің қатты дауыспен айтылуы, сөйлеудің баяулауы сияқты ерекшеліктер болады. Ерте балалық шақтағы есту қабілетінен айырылған нашар еститін баланың сөйлеуінде тілдік жүйелердің барлығы (лексика, грамматика, фонетика) бұзылады.

Есту қабілеті нашар баланың жазбаша сөйлеуінде тіл кемшіліктерінің барлығы айқын көрініп отырады. Есту қабілеті бұзылған балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерден басқа күрделі тіл кемшіліктері (ринолалия) байқалады. Есту қабілетінің жеңіл түрдегі бұзылуы кезінде баланың қатты дыбыстарды шығарып сөйлеуі есту қабілетін белсенді күйге жеткізеді. Есту қабілетінің күрделі деңгейінде ерін қимылынан оқу, тактильді-вибрациялық сезімталдықты қалыптастыру арқылы есту қалдығын іске қосуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Есту қабілеті бұзылған балалардағы қосымша кемшіліктерге байланысты оларды былайша топтастырамыз:

- қосымша кемшілігі жоқ есту қабілеті бұзылған балалар;

- қосымша кемшілігі бар (интеллектінің, көрудің, тірек-қимылдың, эмоцияның бұзылуы) есту қабілеті бұзылған балалар.

Сонымен, есту қабілеті бұзылған балалардың тобы есту қабілетінің бұзылу деңгейі, есту қабілетінің сипаты (кондуктивті, сенсоневральды, аралас түрдегі естудің бұзылуы) естудің бұзылу уақыты, дамудағы қосымша кемшіліктер түріндеқарастырылады.

Саңырау және есту қабілеті нашар балалармен жүргізілетін коррекциялық жұмыстардың жетістігі мынадай жағымды факторларға байланысты:

- баланы оқыту жағдайының интенсивті, жүйелі, адекватты түрде жүргізілуі;

- оқыту мен тәрбие процесіне отбасының белсенді араласуы;

- баланың потенциалдық мүмкіндіктері, физикалық даму жағдайы, тұлғалық қасиеттері (белсенділігі, физикалық шыдамдылығы, жұмысқа қабілеттілігі );

- сурдотехникалық құралдардың қолданылуы;

Есту қабілеті бұзылған балаларға коррекциялық көмек көрсету жұмыстары дәстүрлі түрде денсаулық сақтау жүйесіне қатысты мекемелерде (сурдологиялық кабинеттерде, орталықтарда, бөлімшелерде, үлкен ауруханалардағы құлақ ауруларын емдейтін бөлімшелерде) жүргізіледі.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы (1995) «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған типтік ереже» бойынша реттеледі. Ерте балалық шақтағы саңырау және есту қабілеті нашар балаларға білім беру мекемелері:

- саңырау және нашар еститін балаларға арналған балабақша;

-аралас түрдегі балабақша;

- саңырау және нашар еститін коррекциялық жалпы білім беретін мектептердегі, мектеп-интернаттардағы арнайы топтарға 1,5-2 жастағы балалар тәрбиеленеді;

-мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларға арналған білім беру ұйымдары.

Аталған арнаулы білім беру ұйымдары бірінші сыныптан бастап 10-12 класс аралығында білім берумен айналысады.

Есту қабілеті бұзылған балаларды коррекциялық оқыту мен тәрбиелеудің ғылыми-әдістемелік негіздері Р.М.Боскис, Г.Л.Выгодский, Л.А.Головчиц, Г.Л.Зайцева, С.А.Зыкова, Б.Д.Корсунская, Е.П.Кузьмичева, Э.И.Леонгард, Е.А.Малхасьян, Л.П.Носкова, Н.Д.Шматко және т.б. еңбектерінде беріледі.

Есту қабілетінің бұзылуы кезіндегі коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың мазмұны бірнеше бөлімдермен анықталады. Олардың әрбіреуітәрбиелік, білімділік міндеттер сияқты, мектеп жасына дейінгі есту қабілеті бұзылған балалардың психикалық дамуын қалыптастыру ерекшеліктеріне қарай коррекциялық бағытты құрайды. Аталған бөлімдерге жеке-жеке тоқталсақ, былайша сипатталады.

«Тіл дамыту» сабақтары коррекциялық жұмыстар жүйесінде саңырау және есту қабілеті нашар балалардың сөйлеу тілін дамыту мен тілдік қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігін арттыруда жетекші бөлім болып табылады. Бұл бөлімнің негізгі міндеттері сөйлеу қабілетін дамыту, сөздік қорды байыту, сөздің мағынасымен жұмыс жасау, сөйлеу тілінің түрлі формаларын (ауызша, жазбаша сөйлеу тілі, дактиль тілі), сөйлеу әрекетінің түрлерін дамыту.

Есту қабілетін дамыту және сөйлеуге үйрету процесінде баланың есту қабілетін, сөйлеу тілін дамыту жұмыстарымен анықталатын коррекциялық міндеттердің маңызды түрлері орындалады. Саңырау және есту қабілеті нашар балалармен жүргізілетін есту қабілетін дамыту жұмыстары тілдік және естілетін дыбыстарды қабылдауға үйрету мақсатында есту қалдығын дамытуға бағытталады. Есту қабілетін дамыту және сөйлеуге үйрету жұмыстары мынадай міндеттерді шешеді:

- тілдік және естілетін дыбыстарды қабылдауға үйрету;

- ауызша сөйлеу тілінің негіздерін есту және көру қабілеті арқылы қабылдауға үйрету;

- Тілдік қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастыру.

Дыбыстарды айтуға үйрету жұмыстары ауызша сөйлеуге үйрету, шынайы сөйлеуге еліктеуге үйрету, дыбыс күшейткіш аппаратуралардың көмегімен жұмыс жасауға бағыт береді.

Есту қабілеті бұзылған балалар қалыпты балалар сияқты сан және цифр, көлем мен форма, заттардың кеңістіктегі орналасуы мен олардың қасиеттері, санау және өлшеу, есептеу құралдарымен танысуда математикалық біліммен қаруланады.

Есту қабілеті бұзылған балаларға мектепке дейінгі ұйымдарда ойын арқылы оқытуға аса мән беріледі. Ойын әрекетін қалыптастыру оқушылардың ойынға деген қызығушылығын арттыру, сюжетті-рольдік ойындарға араласуға, заттар мен әрекеттердің ерекшеліктерін ажыратуға үйретеді.

Бейнелеу өнеріне баулу мен конструктивті әрекетті қалыптастыру мектеп жасына дейінгі есту қабілеті бұзылған оқушылардың эстетикалық талғамын, танымдық әрекетін қалыптастырады. Бейнелеу өнеріне баулу мен конструкциялауға үйрету сабақтарында, отбасында, сабақтан тыс уақыттарда сурет салуға баулу, ермексазбен жұмыс жасау, жапсыру, конструкциялауға үйрету мақсатты түрде жүргізіледі.

Бейнелеу өнері мен конструктивті әрекетке баулу жұмыстарын ұйымдастырудағы маңызды міндеттер баланың сенсорлық қабілетін дамыту. Оқыту процесі кезінде көру арқылы қабылдау, тактильді-қимылдық қабылдау, қимылдық қабылдаудың түрлерін дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

Мектеп жасына дейінгі есту қабілеті бұзылған баланы еңбекке тәрбиелеуде ересектердің еңбегіне қызығушылық, еліктеу қабілеті дамиды. Мектеп жасына дейінгі баланың танымдық және әлеуметік дамуы қоршаған ортамен таныстыру барысында қалыптасады

Мектеп жасына дейінгі есту қабілеті бұзылған баланы тәрбиелеуде музыкалық тәрбие беру жұмыстары қатар орындалады. Дамудағы кемшіліктерді коррекциялау мен компенсациялау жұмыстары музыканы қабылдау, вокалды-интонациялық дауыс ырғағын реттеу арқылы шешіледі. Үй жағдайында тәрбиеленетін балалар үшін коррекциялық көмек түрлері мына мекемелерде ұйымдастырылады:

- денсаулық сақтау жүйесінің жергілікті жерде орналасқан сурдологиялық кабинеттерінде;

- жергілікті жердегі отолорингологиялық кабинетерде;

- мектепке дейінгі ұйымдардағы қыса уақытқа дейін тәрбиеленетін топтарда;

-медициналық-психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік реабилитациялау орталақытарында.

Есту қабілеті бұзылған балаларға коррекциялық көмек көрсету жүйесі тұрақты түрде оқыту мен тәрбиенің интеграциялану заңдылығы бойынша жүргізіледі. Аралас түрдегі мектепке дейінгі ұйымдарда интеграциялы оқытуды ұйымдастыруда интеграциялаудың түрлі формалары қарастырылған:

- уақытша интеграция, бұл формасында арнайы топтың барлық тәрбиеленушілері психикалық дамуындағы және сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерге қарамастан айына екі рет тәрбиелік шаралар бірге ұйымдастырылады;

- ішінара интеграция, жалпы білім беру стандартын игеруге қабілетсіз балаларды 1-2 баладан жалпы топтарға күннің жартысын бірге өткізулеріне жағдай жасайды;

- аралас интеграция, психофизикалық және сөйлеу тіліндегі ерекшеліктері қалыпты бала дамуымен сәйкес келетін 1-2 бала жалпы топтарда мұғалім-дефектологтың көмегімен тәрбиеленеді;

- жалпы интеграция барысында есту қабілеті бұзылған жалпы топтағы балалармен қатар тәрбиеленеді;

- мектепке дейінгі аралас топтар, барлық балаларға арналған топта (1-2 бала емес, 4-5 баладан құрылған аралас топ) екі тәрбиеші ғана емес, мұғалім-дефектолог та жұмыс жасайды.

Естімейтін (саңырау) балалар үш деңгей бойынша құрылған жалпы білім беру бағдарламасын арнайы (түзетім) мектебінің І түрінде білім алады.

1-ші деңгейі – бастауыш білім (нормативтік ұзақтығы оқу пәндеріне байланысты 5-6 жыл немесе дайындық сыныбын қоса есептегенде 6-7 жыл);

2-ші деңгейі – негізгі жалпы білім (нормативтік ұзақтығы 6-7 жыл);

3-ші деңгейі – орта (толық) жалпы білім (нормативтік ұзақтығы 2 жыл).

Бірінші сыныпқа 7 жастан бастап қабылданады. Мектепке дейіені балабақшада тәрбиеленбеген балалар дайындық сыныбынан өтеді. Сынып оқушыларының толымы 6 оқушы. Арнайы мектептің І түрінде кешенді түрдегі кемшілігі анықталған саңырауларға (ақыл-ой дамуы кешеуілдеген саңыраулар, ПДТ саңыраулар) арналған сыныптар болады. Мұндай сыныптардағы оқушылардың толымы 5 оқушыны құрайды.

Қазіргі сурдопедагогикада Ресейлік сурдопедагогикада саңырауларды оқытудың екі жүйесі (билингвистикалық оқыту жүйесі және сөйлеу тілі арқылы оқыту) қолданылады. Сурдопедагогиканың дамуында А.А.Комарованың анықтамасы бойынша саңырауларды оқыту жүйесінің жаңа тұжырымдамасын құру мақсаты жоспарланған.

Скандинавия, Великобритания, Швейцария, Канада, АҚШ және т.б. шет елдерде қолданылатын саңырауларды оқытудың билингвистикалық жүйесі өзінің тиімді жақтарымен танымал. Аталған жүйе Ресейде профессор Г.Л. Зайцеваның басшылығымен құрылған.

Билингвистикалық оқыту жүйесіарнайы білім беру процесінің құралдарын қолдануда бір тектілік, ұқсастық, яғни сөйлеу тілі мен ыммен сөйлеуді қатар қолдануда басшылыққа алынады.

Ыммен сөйлеу тілі – есту қабілетінен айырылған тұлғалардың өзара қарым-қатынасқа түсу тілі. Ыммен сөйлеу тілінің лексикалық және грамматикалық заңдылығы ымның семантикалық бірлігіне негізделіп, оның фугнкционалдық белгілері арқылы анықталады. Саңырауларды оқытуда ыммен сөйлеуді қолданудың тиімділігі:

- педагогтар мен оқушылар арасындағы коммуникативтік кедергілерді қалыпқа келтіру;

- балалар мен ересектер арасындағы сенімділікті тудыру;

- оқу-тәрбие процесінің эмоциялық жағын құру;

- оқу материалы бойынша ақпараттың көлемін кеңейту;

- оқу материалы бойынша ақпаратты таратудың жылдамдығы;

- оқушылардың қабылдауын дамыту;

- жалпы білім беру бағдурламасын толық көлемде игеруге мүмкіндік жасау.

Сөйлеу тілі негізінде саңырауларды оқытудың коммуникативтік жүйесіХХ ғасырдың 50- ші жылдары отандық оқымысты сурдопедагог, профессор С.А.Зыкованың басшылығымен құрылған.

Қазақстан Республикасындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған алғашқы мектеп 1931 жылы Қазақ СССР Министрлігінің бұйрығымен Алматы қаласында ашылды. Есту қабілеті бұзылған балаларға білім беру ісі күрделі және қиын жолдарды басынан өткізді. Ал қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған балаларға арнаулы білім беретін мектеп-интернаттардыңматериалдық базасы толықтырылған, жаңа заманға сай оқытудың құралдарымен, есту аппаратары және басқа да құралдармен қамтамасыз етілген. Арнаулы мектепте жүргізілетін тәрбие жұмыстары балалардың жеке ерекшеліктерін танып білуден басталады. Есту қабілеті бұзылған балалардың компенсаторлық мүмкіндіктеріне байланысты арнаулы мектептің педагогикалық ұжымы балалардың қоғамға деген қажеттілігін тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған балаларды еңбекке тәрбиелеу, кәсіби еңбекке баулу жұмысы басты мақсат болып табылады.

Сөйлеу тілі негізінде саңырауларды оқытудың коммуникативтік жүйесінің негізгі қағидалары:

- қарым-қатынасқа түсудегі қажеттіліктің пайда болуы мен дамуы ұйымдасқан түрлі педагогикалық әрекет арқылы жүзеге асады;

- белсенді сөйлеу тілін қалыптастыруда дактиль тілінің тиімділігі жоғары, ауызша және жазбаша сөйлеуге үйретудің мүмкіндігі жоғары (алфавиттегі әрбір әріпке сәйкес саусақтардың қозғалысы, олардың жағдайлары беріледі).

Л.П.Носкованың зерттеулерінде тілге оқытудың арнайы құрылымдық-семантикалық қағидасы негізінде генетикалық тұрғыда саңырау баланың сөйлеу тіліндегі жетістіктер компенсация процесіне сәйкес қолданылады.

Әрекет қағидасы оқушылардың сөйлеу мен тілді игерудегі қажеттіліктерін орындаудағы заттық-практикалық әрекетінің орындалуына жағдай жасайды. Оқушылардың заттық-практикалық әрекеті сөйлеудің қарым-қатынас құралы, өз бетінше белсенді сөйлеуге үйрену, өзінің әрекетін жоспарлау деген негізгі түсініктердің қалыптасу базасына айналады.

Техниканың мүмкіндіктерін пайдаланудағы есту қабілетін протездеу саңыраулардың сөйлеуін, есту қалдығын дамытуда өзінің тиімділігін анық көрсетіп келеді.

Есту қабілетін ерте жастан бастап диагностикалау жұмыстарының негізі Т.А. Власова , Е.П. Кузьмичева Э.И. Леонгард, Ф.Ф. Рау, А.Д.Салахова, Н.Д. Шматко, Т.В. Пелымская және т.б. зерттеулеріне сүйене отырып, Батыс Европа елдерінде 1950-ші жылдардың аяғынан бастап саңырау балаларға ерте педагогикалық көмек көрсету, саңыраулықты ерте диагностикалау жүйесі, яғни ерте жастағы балалардың есту қабілетін протездеу жұмыстары қолға алына бастады. Осы ретте Хорватияда сурдотехниканың жетістіктеріне сүйене отырып құрылған оқытудың педагогикалық жүйесі, яғни саңыраулардың есту қабілетін және сөйлеу тілін дамытуға арналған оқытудың верботональдық жүйесі құрылды.

ІІ түрдегі коррекциялық білім беру кеш саңыраулыққа ұшыраған нашар еститін балаларға арналған білім беру жүйесін жүзеге асырады. ІІ түрдегі оқушылардың жалпы білімді игерудегі цензалы деңгейі мемлекеттік жалпы білім беру стандартының нормативтік талаптарын орындайды. Нашар еститін оқушылар мен кеш саңыраулыққа ұшыраған балаларды оқытуды саралау жұмысы екі бөлімнен тұрады.

1-ші бөлім - жеңіл түрдегі тіл кемшілігі анықталған, есту қабілеті нашар балалар. Сыныптағы оқушылардың толымы 10 оқушыны құрайды.

2-ші бөлім - күрделі тіл кемшілігі анықталған, есту қабілеті нашар балалар. Сыныптағы оқушылардың толымы 8 оқушыны құрайды.

Білім беру процесі жалпы білім беру бағдарламасына сәйкес үш деңгейде бастауыш білім, орта (толық) білім, жалпы білім ұйымдастырылады. 1-2 бөлімдердің сыныбына 7 жастан бастап қабылданады, 2-ші бөлім дайындық сыныбынан басталуы мүмкін. Білім беру барысындағы педагогикалық процесс коррекциялық-дамыта оқыту принципіне сәйкес мазмұнды және әдістемелік бағыттардан тұрады.

Есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы білім беру мазмұнындағы өзіндік ерекшеліктері тұлғаның ортаға бейімделуін, шығармашылық әрекетін, эмоциялық-ерік сферасын дамытуға бағытталған. Мұндай жағдайлар саңырауларға полисенсорлық негізде арнайы сабақтар жүргізу арқылы ұйымдастырылады:

- ерін қимылынан оқу дағдысын қалыптастыру;

- сөйлеу техникасын игерту (сөйлеу кезіндегі қимылдық база);

- есту қалдығын қолдану және дамыту.

Сенсорлық жүйеде оқыту теориясы Л.С.Выготский, Б.Г.Ананьев, С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, А.В.Запорожец, Л.А.Венгер және т.б зерттеулерінед есту қабілетінің дамуы сәйкес сезу мен қабылдау қасиеттерінің көмегімен орындалып, анализаторлар жұмысының белсенділігін арттырады. Аталған теория негізінде саңыраулларды тілге оқыту есту қабілетінің әсерінен болған кемшіліктерді жоюға негізделеді. Мұнда сөздік қорды байыту, сөздің дыбыстық құрамын ажырату, тілдің грамматикалық құрылымын игеру, сөйлеу әрекетінің формаларын игертуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Жазу мен оқу саңырауларды тілге оқытудың негізгі құралы. Мұнда оқу материалын игертудегі қолданылатын негізгі құрал көрнекіліктер, драматизация, инсценировка, пантомимо.

Жалпы мектепте білім алатын есту қабілеті нашар балаларға арнайы сурдопедагогтың қатысуымен ұйымдастырылатын педагогикалық көмек керек. Себебі, бұл балалар оқу материалын игеруде мынадай қиындықтарға жолығады:

- оқу мен жазуды игеру;

- диктант, өз бетінше орындайтын жазба жұмыстарын орындау;

- мұғалімнің түсіндіргенін қабылай алмау.

Есту қабілеті бұзылған баланың қателіктері:

- айтылуы ұқсас дыбыстарды шатастыру;

- дыбыстарды айтудағы әуезділіктің жоғалуы;

- күрделі сөйлемдерді оқу барысындағы дауыссыз дыбыстарды тастап кету.

Есту қабілетінен айырылған бозбалалар мен бойжеткендер мынадай мамандықтарды игере алады:

- саңыраулар қоғамы бойынша оқу-шаруашылық орындарында жұмыс жасау;

- кәсіби-техникалық училишелерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында.

Есту қабілетінен айырылған тұлғалар инженерлік-техникалық мамандықтарды игере алмайды.

Есту анализаторының қалыпты дамудағы атқаратын қызметі баланың жалпы дамуында ерекше орын алады. Есту анализаторының қызметі бұзылған кезде сөйлеу тілі, баланың психикалық дамуы бұзылады, танымдық қабілеттің жалпы дамуы өзгерістерге ұшырайды, осының әсерінен, есту анализаторының бірінші кемшілігі бала дамуында қандай да бір екінші кемшіліктің пайда болуына себепші болады. Есту анализаторының дамуындағы бірінші, екінші, үшінші кемшіліктердің барлығы естімейтін баланың танымдық әрекетінің дамуын әлсіретеді.

Отандық және шетелдік статистиканың қорытындыларына сәйкес, есту органының бұзылуы немесе әлсіреуі анықталған балалардың саны артып отыр. Осыған байланысты сурдопедагогика ғылымының алдында мынадай міндеттер қойылған:

- есту қабілеті бұзылған тұлғаларды педагогикалық тұрғыдан зерттеу және олардың жеке даму ерекшеліктеріне байланысты есту, сөйлеу қабілетіндегі бұзылулардың заңдылықтарын зерттеу;

- есту қабілеті бұзылған тұлғалардың түрлі категорияларына арнайы білім беру мазмұнын жасақтау, ғылыми түрде негіздеу және тәжірибеге енгізу;

- есту қабілеті бұзылған тұлғаларды оқытуға арналған білім беру, дидактикалық және арнайы әдістемелердің ғылыми негіздерін құру;

- есту қабілеті бұзылған тұлғаларға арнайы білім берудегі ішкі жүйелерді құру, есту қалдығын дамыту, ыммен сөйлеуге, ауызша сөйлеуге, ана тілін меңгеруге, (кохлеарлық имплантация кезінде) операциядан кейінгі педагогикалық реабилитациялауға арналған білім беру технологияларын жасақтау;

- есту анализаторындағы бұзылуларды түзету мен компенсациялауға арналған техникалық құралдарды құрастыру;

- есту қабілеті бұзылған тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу, әлеуметтік-кәсіби тұрғыда бейімделуіне жағымды жағдайларды туғызу.

Есту қабілеті бұзылған тұлғаларға арналған мектептер болғанымен, кей жағдайларда олар жалпы білім беретін мектептерде білім алуға мәжбүр болады. жалпы білім беру мекемелерінде есту қалдығы сақталған балалар білім алады. Мұндай жағдайда мұғалім сыныптағы барлық дыбыстар мен айтылған сөздердің естуі бұзылған балаға естілуін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты баланың сыныптағы орны да талапқа сай сақталуы керек, яғни баланы ортаңғы қатардың бірінші немесе екінші қатарына отырғызған жөн. Одан басқа мұғалім оқу процесі кезінде балаларға берілген тапсырманы естуі бұзылған баланың естіп отыруын, орындауға мүмкіндігін көрсете білуіне үнемі назар аударып отыруы тиіс. Соның ішінде тіл сабақтарында сынақхат жазу кезінде, математика сабақтарындағы сынақхат, бақылау жұмыстары барысында есту анализаторының қызметіне сүйене отырып жұмыс жасауына жағдай туғызуы керек. Кей жағдайларда есту қабілеті нашар немесе саңырау оқушылар жалпы білім беретін мектеп бағдарламасын толығымен игеріп, өз құрдастарымен қатар білім алатын жағдайлар да кездеседі. Есту қабілеті бұзылған балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуына себеп болатын жағдайларды былайша түсіндіруге болады:

Біріншіден, тұрақты түрдегі естуі бұзылған балалардың ішінара кездесуі, оларға арналған арнайы мекемелер ірі қалаларда орналасады да, шалғай жерлерде тұратын балалардың жалпы мектепте оқуына тура келеді. Арнайы мектептердің көпшілігі интернат типінде болғандықтан, кейбір ата-аналар балаларын алысқа жіберуден бас тартады.

Екіншіден, есту қалдығы сақталған балалар арнайы мектептерде білім алу кезінде саңырау, тұрақты түрдегі саңыраулық анықталған балалармен білім алатындықтан, ол жағдайлар сөйлеу тілінің дамуына кедергі келтіреді.

Үшіншіден, кейбір балалар денсаулығына байланысты интернатта өмір сүруге дайын болмайды немесе ата-аналар тарапынан белгілі бір жағдайларға байланысты интернатта оқуына рұқсат берілмейді.

Сонымен, жалпы білім беретін мектептерде де естуі бұзылған балаларды кездестіруімізге болады. Есту қабілеті бұзылған баланы қабылдаған мұғалім алдағы уақыттағы жұмыс жоспарын құруда саңырау немесе есту қабілеті бұзылған бала дамуының, сөйлеу тілінің даму ерекшеліктерін, қарым-қатынасқа түсудегі әрекетін, естудің бала өміріндегі алатын орнын білуі керек.

Оқу жылының басында қалыпты балалардың өздері жалпы дамудың және сөйлеу тілінің түрлі даму деңгейімен мектепке қабылдананса, естуі бұзылған балаларда мұндай белглер анық байқалады. Балалардың дамуында байқалатын мұндай ерекшеліктер мынадай факторлармен, яғни баланың жеке даму ерекшелігі. Есту қызметінің жағдайы, түзету жұмыстарының басталу уақыты, түзету жұмыстарының нәтижесі, дамудағы қосымша кемшіліктермен анықталады. Жалпы білім беретін мектепке дайын келген саңырау немесе нашар еститін балаларды үш топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа есту қабілетінің аз деңгейдегі төмендеуінен сыбыр сөздердіесту қабілетінен айрылған балалар жатады. Мұндай қиындықтарды баланың өзі де, айналасындағы адамдар да біраз уақытқа дейін байқамайды.

Екінші топқа ерте уақытта басталып, жүйелі түрде жүргізілген түзету жұмыстарының нәтижесінде жеті жасқа таман сөйлеуді игерген, кітапты оқи алатын, баспа әріптермен жаза білетін балалар жатады. ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес) мамандарының қорытындысында бұл балалардың жалпы дамуы мен сөйлеу тілінің даму деңгейінің айтарлықтай жоғары екендігі көрсетіледі.

Үшінші топқа 5-6 жаста немесе одан кейінгі жаста есту қабілетінен айырылған, яғни кеш саңыраулыққа ұшыраған балалар жатады. Олардың ауызша сөйлеу тілі естудің қалыпты дамуы кезінде дамуынан, өзқұрдастарынан сөздің дыбыстық құрылымдарын ажыратуда ерекшеленіп отырады. Дегенмен, аяқ астынан есту қабілетінен айырылу, баланың өзі қоршаған адамдардың сөздерін түсіне алмауына апарады. Уақытында басталған түзету жұмыстарының тәтижесі олардың қалыпты балалармен білім алуына мүмкіндік береді.

Егер, бірінші топтағы балалар оқытудың интеграцияланған түрінде сурдопедагогтың көмегімен білім алуға дайын болса, екінші, үшінші топтағы балалар жүйелі түрдегі жұмыстың нәтижесінде жалпы білім беру мекемесінде білім алады.

Естуі бұзылған баланың жалпы білім беретін мектепте білім алу мүмкіндігін баланың жалпы дамуы мен сөйлеу тілінің даму деңгейімен ғана анықтамай, баланың қалыпты балалар арасында қарым-қатынасқа түсу арқылы білім алуға деген психологиялық дайындығын да анықтайды. Есту қабілеті бұзылған баланың түрлі жас кезеңінде психофизикалық дамуы мен сөйлеу тілінің дамуы қалыпты бала дамуына жақын болған кезде оқытудың интеграцияланған түрін ұсынауға болады. Дегенмен, саңырау немесе нашар еститін балалар интеграциялы оқыту кезінде сөйлеу әрекетіне байланысты берілген тапсырмаларды орындауда қиындықтарға кездесуі мүмкін. Ол үшін мұғалім-дефектолог тарапынан сауатты түрде құрылған түзету жұмысы қажет.

Жұмыстың мұндай формасы баланың отбасы орналасқан тұрғылықты мекен-жайдың қайда екендігіне байланысты шешіледі. Баламен жүрізілетін сурдопедагогтың қосымша жұмысы жүйелі түрде аптасына 1-2 рет ұйымдастырылуы керек немесе эпизодты түрде каникул кезінде бір немесе екі апта бойы жүргізіледі. Одан басқа, педагог-дефектолог баланың білім алатын мекемесімен тығызбайланыс құра отырып, өзінің тарапынан көрсетілетін жұмыстың түрін бақылауға алып отырады. Жалпы білім беретін мектепте оқитын естуі бұзылған балаға педагогтың ерекше көмегі қажет. Мұғалім баланың жаңа ұжымға үйренісуін қадағалап, балалармен қарым-қатынасқа түсуін бақылауға алады. Аталған жұмыстарға баулу барысында гиперопекаға жол бермеу, есту қабілеті бұзылған балаға шектен тыс көмек көрсетпей, өзіне келген қиындықты жеңе білуге үйрету керек.

Мұғалім оқу процесінің әрбір кезеңінде естуі бұзылған баланың мұғалімнің, сынып оқушыларының бет-жүзін, тақтаға шыққан оқушыны, тақтадағы жазуларды, кестелерді, сызбаларды, картаны уақытында көруін, қадағалап отыруы керек. Сондықтан есту қабілеті бұзылған бала мұғалімнің оң жағында отыруы тиіс. Сыныптағы ол орыннан балаға болып жатқан құбылыстар мен жағдайлардың барлығы көрініп отырады. Естуі бұзылған баладан сабақ кезінде барлық зейінін сыныптағы сөйлеушілерге аударып отыруын талап ету керек. Естуі бұзылған баланың сөйлеушінің өзгеріп отырғанын тез бақылай білуін қадағалап, оны бақылауға ала отырып, балаға мынадай көмекші сұрақтарды қойып отыру қажет: «Менің не туралы айтқанымды қайтала», «Айдос не деді?», «Бүгінгі сабақта не туралы айттық?».

Есту қабілеті бұзылған бала сыныптағы барлық жағдайлармен жақсы танысып, оларға қатысып, белсенділік көрсетіп отыруы тиіс. Білімді игерту барысындағы қандай да бір назардан тыс қалған тақырыптар, тапсырмалар оқу пәні бойынша игерілетін келесі бөлімдерді қабылдауда қиындықтар туғызады. Мұғалім оқушыны әркез бақылаудан тыс қалдырмай, сабақ барысында бір-екі көмекші сұрақты қойып, баланың сабақ барысында не істегені, не білгені туралы сұрап, оқу материалының мазмұнын жалпы сыныптың игеруіне жағдай жасауы керек. Оқушы білімін тексеру барысында баланың қабылдаған жаңа материалының мазмұнын анықтау үшін өз бетінше жұмыстарды орындауға (И.М.Гилевич, Э.В.Миронова, Л.И.Тигранова, Н.Д.Шматко) мүмкіндік жасау керектігі анық көрсетілген. Сынып оқушылары ауызша тапсырма орындау барысында естуі бұзылған балаға жеке тапсырма ретінде жазбаша орындалатын өз бетіндік жұмыс беріледі. Бұл дұрыс емес, себебі естуі бұзылған бала қандай да бір жұмыс түрін орындау барысында сынып оқушыларынан бөлініп қалып, олардың қандай тапсырманы қалай орындағандығын бақылай алмайды. Нәтижесінде, мұндай жағдайлардың әсерінен есту қабілеті бұзылған тұлғаларға жалпы білім беретін мектептерде білім беру жұмысының мағынасы мен мәні жоғалады.

Саңырау немесе есту қабілеті нашар баланың жалпы білім беретін мектептегі білім алуы, білім алудағы жетістіктері баланың сабақ барысындағы оқу әрекетіне қаншалықты дәрежеде қосыла алатындығына байланысты анықталады. Осыдан келіп мұғалімнің естуі бұзылған баламен жұмыс жасау кезіндегі тиімді көмек көрсете білудің ерекшеліктері анықталады. Соның ішінде орта мектепте білім алуға қажетті білім, іскерлік, дағдының мектепке дейінгі кезеңде, бастауыш мектепте қаланғаны өзінің өзектілігін жоғалтпайды.

Мектепке дейінгі шақтағы естуі бұзылған баламен жұмыс жасау ерекшеліктерін мұғалім үнемі есте ұстай отырып, оның міндетті екендігін естен шығармауы тиіс. Қазақ тілі сабақтарында дәстүрлі түрдегі міндеттерді орындай отырып, түзету бағытын ұстану қажет. Бұл сабақтарда есту органының патологиясына тән сөйлеудің грамматикалық құрылымымен жұмыс жасалады. Естудің төмендігі байқалатын балаларға мынадай тіл жаттығуларымен жұмыстың түрі ұсынылады: сөз ішіндегі орфограммаларды табу, сөз таптары мен сөйлем мүшелеріне граматикалық талдау жасау, сөз ішіндегі морфемаларды сызу. Мұғалім мұндай тапсырмаларға таңдау жасауда оқушының қаншалықты тапсырманы орындай білу қабілеті мен деңгейін, мүмкіндігін есепке ала отырып таныс мәтін ішіндегі сөз тіркестері мен сөйлемдермен жұмыс жасауды ұсынады. Осы түрдегі жұмыстарды мақсатты түрде орындау саңырау немесе нашар еститін балалардың сөйлеудің грамматикалық құрылымын игертуге, оны бекітуге, түзетуге мүмкіндік береді.

Мұғалім сөздіңбуындық құрамын ажыратуға байланысты тапсырмаларды ұсынуда баланың мүмкіндігін есепке алғаны жөн. Себебі, тапсырмаларды орындау кезіндегі туындаған қиындықтар сынақхат, мазмұндама жазу кезінде анық байқалып отырады. Егер, бала сынақхат жазу кезінде жалпы оқушыларға ілесе алмаса, уақытша балаға басқа тапсырманың түрін ұсынып, ол баламен сынақхатты жеке сабақтан кейін есту-көру негізінде қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып жүргізу керек. Есту қалдығы жақсы сақталған балалар сынақхатты қалған оқушылармен бірге жазады, бірақ алдын ала мәтіннің мазмұнымен, дыбыстық-буындық құрамы жағынан айтылуы қиын, мағынасы мен грамматикалық құрылымы түсініксіз сөздермен алдын-ала таныстыру керек.

Есту қабілеті нашар балаларды мазмұндама жазуға үйретуде де оларды арнайы дайындықтан өткізу керек. Оларға ұсынылатын мәтінді іштен оқуға ұсынып, содан кейін жалпы айтылған мәтіннің мазмұнын тыңдау ұсынылады. Балаға таныс емес сөздер кездессе, мұғалім ол сөздің мағынасын түсіндіріп, жазылуын көрсетіп дайындайды. Соның ішінде мәтіннің негізгі ядросы болып табылатын жетекші орындағы сөздермен жұмысқа баса назар аударып, ол сөздердің грамматикалық күрделі құрылымымен жұмыс жасап, ол сөздермен баланы алдын ала таныстыру керек. Одан кейін де бала мазмұндама жазу кезінде қиындықтарға кезігіп отырса, мәтін мазмұнына байланысты дайындалған сұрақтар ұсынылады.

Тіл дамыту сабақтарында есту қабілеті бұзылған балалар әдеби шығармалармен жұмыс жасаудың барысына кірісе алмайды, себебі оларға тілді игеруге байланысты қиындықтар кедергі жасайды. Мысалы, әдеби шығарманың ішіндегі түсініксіз сөздер, күрделі құрылған грамматикалық тапсырмалар, мәтіннің белгілі бөлімдерін түсінбеу, диалогты, сипаттаулардың мазмұнын түсінбеу сияқты қиындықтар туындайды. Бірақ, үйден жаңа материалдың мазмұнымен танысуға болмайды, себебі сыныпта оқушыға жаңа мәтіннің мамұны таныс болғандықтан қызығушылық жоғалады. Әдеби шығармаларды, өлеңдерді кітапта бейнеленген иллюстрациялы суреттермен қатар түсіндіру тиімді. Егер, оқушыға шығармалардың, ертегілердің, қысқа повестердің мазмұны таныс болмаса, сол сабаққа дейін балаға қысқаша мағлұмат беріледі.

Математика сабағында есту қабілеті бұзылған балалар есептің шартын түсінуде қиындықтарға кездеседі, мұндай кезде баланың жалпы оқушылармен есепті шығаруына мүмкіндік жасап, оны қалай шығарғанын бақылауға ау керек. Есепті шығару барысында математикалық терминдердің мазмұнымен (тең бөліктерге бөлу, артық, кем, соншаға артық, сонша кем) жұмысқа назар аударылады. Есептің шартымен жұмыс кезінде көрнекі-иллюстрациялық материалдарды көп мөлшерде пайдалану тиімді.

Сонымен, есту қабілеті бұзылған балаларға жалпы білім беретін мектептерде білім беру процесі - сөйлеу әрекетіндегі ерекшеліктермен айрықшаланатын күрделі процесс. Бұл кезде мұғалімнен шыдамдылық пен балаға деген махаббат қана емес, арнаулы білімнің көлемі де қажет болып табылады.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары

1.Балалық шақтағы есту қабілетінің бұзылуы бала дамуына қалайша әсер етеді?

2. «Саңырау», «Есту қабілеті нашар», «Кеш саңыраулық» ұғымдарына анықтама жасаңыз.

3. Есту қабілеті бұзылған балаларға білім беру мекемелерінде есепке алынатын факторларды атаңыз.

4. Есту қабілеті бұзылған балалармен коррекциялық-педагогикалық жұмыс жасау барысында қандай құралдар қолданылады?

5. Жалпы білім беретін мектептердегі есту қабілеті бұзылған балалармен жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың ерекшеліктерін анықтаңыз.

Наши рекомендации