Тақырып. Қазақ халқының сәулет өнері және қолөнерінің тәрбиелік мәні

Жоспар

1. Өнер мәдени феномен ретінде.

2. Моңғол шапқыншылығына дейінгі сәулет өнерінің және қолөнердің өркен жаюы (VI-ХІІ ғ.ғ.)

3. Орта ғасырдағы (ІХ-ХІІІ ғ.ғ.) және ХІV-ХVІІІ ғасырдағы сәулет өнері.

1. Өнер мәдени феномен ретінде. «Өнер» термині адам баласының жасампаздығын білдіреді де, «өндіру», «жасау», «құру» деген негізден өрбиді. Яғни, көркем шығармашылық процесін және оның нәтижелерін (сәулет өнері, бейнелеу, поэзия, әуен, би және т.с.с.) айтуға болады. Өнердің мәдениеттегі алатын орны оның басқа салаларынан гөрі ерекше. Өйткені, өнерде ғана қоғамдық сана өзін толығымен көрсете алады. Өнер арқылы мәдениет өзінің тұңғиық тереңінде болып жатқан құбылыстарын дәл бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан да өнерді «мәдениеттің айнасы» деп анықтауда негіз бар. Нақты тарихи жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер арқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз.

«Өнер – мәдениеттің айнасы» деп бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеруі барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және т.с.с. негізделген өнер түрлері қалыптасады.

Өнер деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық үлгісін айтамыз.Өнердің жекелеген түрлерін және олардың бір-бірімен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты көнеден бері толғандырып келеді. Енді соларға тоқталып өтейік. Сәулет өнері немесе архитектура. Архитектура сөзі гректің «архитектон» - құрылысшы деген сөзінен шыққан. Архитектура деп адамның рухани және материалдық қажектіліктерін өтейтін ғимараттар құрылысын айтады.Сәулет адам өмірінде эстетикалық міндетпен қатар практикалық міндетті де атқарады. Сәулет өнерінің үлгісі адамның мінәжат ететін ибадатханасы да, драматургиялық қойылымдар тамашалайтын театры да, ғылыми ізденістермен айналысатын оқу орны, кітапханасы да, баспана болар үйі де және т.с.с. болуы мүмкін. Сәулет өнерінің шығармалары өздері дүниеге келген уақыттың дәстүрін, мәдениетін, эстетикалық мұрат-талғамын танытады.Мысалы, Ақтауда Бекет ата мешіті, Драмалық театр, Фонтан т.с.с. Бейнелеу өнері. Атауынан белгілі болып тұрғандай, заттың, тұлғаның немесе табиғаттың бейнесін жасайтын өнер. Бейнелеу өнері көркем құрал-тәсілдер арқылы (бояу түсі, жағу мәнері, штрих, ою-орнек жәнс т.б.) және түрлі материалдарда (қағаз, кенеп және т.с.с.) табиғи объектінің образды бейнесін жасайды. Өнердің осы түріне енетін шығармаларды көзбен қарау арқылы түйсініп, бағалап, кеңістікте қабылдаймыз. Соның нәтижесінде, бейнелеу өнерін кейде кеңістік немесе визуалды (көріністі) өнер деп те айтады. Бейнелеу өнерінің туындалары шындықты қайталайтын, жансыз көшірме емес. Ол заманның рухани мәнін, саяси философиялық, эстетикалық,этикалық идеяларын мағыналы мазмұнға айналдыратын дүниелер. Сұлулық– адам жанын асқақтататын, көзін қуантатын, тәнті ететін, сүйсіндіретін көрініс, қимыл-әрекет, пішін немесе ой-қиялдың жемісі.

Қазақстан территориясында өмір сүрген ежелгі көшпенділер мен қазіргі қазақ халқының генетикалық байланысы бар екенін, олардың арғы ата-бабалардың мәдениетін сақтап келгендігін ғалымдардың археологиялық, этнографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Ежелгі дәуір ескерткіштерін Ә. Марғұлан өзінің «Памятники искусства Казахстана» (1971) атты еңбегінде тұтас шолып, әңгімелеген. Оның айтуынша, петроглифтер (шимай, аңшылық суреттері) неолит (тас), мыс дәуірлерінен бері бар. Олар Сарысу, Қарқаралы, Маңғыстау жерінде бизон, құлан, бұғы, тау арыстандарының суреті таңба түрінде сақталған. Саны жағынан Қытай, Үнді, Шығыс ескерткіштерінен қалыспайды. Мұны ғалым граувиридеп атаған. Көне дәуір ескерткіштерінің екінші бір түрін Ә. Марғұлан мегалиттердейді. Оған Орталық Қазақстан, Тарбағатай, Жетісуда кездесетін тас қала, минареттер (мұнаралар) жатады. Тас минареттер ертедегі тайпа, ру көсемдерінің құрметіне салынған. Оларды архитектура үлгісіне жатқызамыз. Тастан қиып жасалған апандар (дольмендер), қораптар да сол дәуірден жетуі мүмкін. Қашалған тас (плита), аса үлкен апандар (дольмендер) Орталық Қазақстаннан көп табылған. Оларды ерте дәуірлерде жасалған тас бейіт дейміз. Бұлар да тайпа көсемдерінің құрметіне соғылған болуға тиіс. Тас қорғандардың үшінші түріне кромлендержатады. Олар қазақтың киіз үйіне ұқсас, бірақ көлемі одан 1,5 есе үлкен, төбесі сүйір, сопақ тас. Архитектурасы әсем, келісті. Кромлендер Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Талдықорған жерінен табылған. Оны кейбіреулер қазылған рудник орны (такми) деп театайды. Дұрысында мола болса керек. Мегалиттер бейіті өте тереңде (төрт мыңыншы жылдар қатпарында) болған. Ондай молалар Сарысу, Нұра бойынан табылған. Мегалит түріндегі тас қорғандардың тағы бір түріне Беғазы, Ақсу, Аюлы, Бұғылыдан табылған тас қоралар жатады. Францияда мұндай тастарды циклоп (жалғыз көзді дәу) тұрған үйлер деп атайды екен. Осы тектес қорғандар Ақтоғай, Шет ауданы, Жезқазған, Жаңаарқа, Іле, Жоңғар Алатауынан көптеп табылған. Циклоп типтес қалалар Қазақстанның түстік бетінде жоқ. Беғазы қорғанының (№ 1) ені 16х16, қалыңдығы 3 метр. Граниттен соғылған қамал, сыртында бедерлері бар. Қазақстан жерін мекендеген көшпенді тайпалардың бірі – сақтар. Сақтар мал бағумен, аң аулаумен шұғылданып, жазда әсем безендірілген киіз үйлерде тұрды, ал қыста айналасы дуалмен қоршалған шикі кірпіштен салынған үйлерде тұрды. Сақтардың сәулет өнерінен дерек беретін заттарға обалар және қазба кезінде табылған ескерткіштер қалдығы жатады. Сақтар көсемдері мен атақты адамдарын жерлеген бейіт обала орнатқан. Обалар көлемі жағынан (диаметрі 150 метрдей, биіктігі 20 метрдей) өте үлкен болған. Обалардың астында қабырғалары ағаштан өрілген немесе тастан қаланған өлген адамды жерлейтін арнайы бөлмелері болған. Ол бөлмеге адам мәйітімен бірге қару-жарағы, ыдыстары, әшекейлі заттар қоса қойылған. Обалардың сыртынан шеңберлей орналастырып, тігінен жартылай жерге көмілген тас бағаналардын орнатқан қорғаны болған. Мысалы: Мұндай қорғандарға Алматы облысындағы «Бесшатыр», Қарағанды облысындағы «Отыз жеті жауынгер» обаларының сәулеттік құрылысын айтуға болады. Мыс дәуірінде адам баласы тас қашап, мыс қорыта білген. Сол негізде қолөнері, мал бағу, егіншілік кәсібі туып, еңбек бөлінеді. Соқа, балта, мыстан жасалған өзге де құралдар көбейеді. Бұдан соң темір дәуірі келеді. Енді құралдар сол темірден жасалатын болады (найза, қылыш, семсер, соқа тісі, т. б.). Мұндай құралдар қазақ жеріндегі обалардан көбірек табылған. Ә.Марғұланның айтуынша, скиф, сақ, ғұн, үйсін, оғыз, қыпшақ, қаңлы тайпаларының мәдениеті осы заманда туған. Есік маңынан алтыннан құйылған адам суреті табылып отырса, ғалымдар оны сақ дәуірінің ескерткіші ретінде бағалауда. Әйелдің алтынмен күптелген сәукелесін А.Козарев 1905 жылы Қарағанды (Қарағаш сайы) жерінен тапқан. Ол да скиф-сақ дәуірінен қалған ескерткіш болуға тиіс. Сақтардың мәдениеті, тұрмыс-салты, дүниетанымы туралы мағлұмат беретін материалдар – қазбадан табылған қолөнер бұйымдары мен әшекейлі заттар. Үй мүлкінің көбін ыңғайлы, сынбайтын материалдардан жұқа теріден, киізден, ағаштан жасаған, кейбір ыдыстарды күйдірілген балшықтан жасаған. Қару-жарақтарын, ат әбзелдерін, киіз үй жиһаздарын үй жануарлары мен жабайы аңдардың бейнесімен әшекейлеген. Оған дәлел: 1970 ж. Есік қаласы жанынан табылған «Алтын адам» олжасы. «Алтын адамның» киімі, белдігі аңдар суретімен, оюлармен бедерленген. 4000-ға жуық алтын жапсырмалармен көмкерілген. «Алтын адам» жанына оның қылышы, өте шеберлікпен жасалған қанжары, әр түрлі оюлармен әшекейленген қыш ыдыстар, шебер зергенрдің қолынан шыққан күміс кесе қойылған. Күміс кесенің түбінде әдемі ойылып жазылған жұмбақ жазу бар. «Алтын адам» киімі мен басқа бұйымдарын әшекейлеуде құю, соғу, оймалау, қалыпқа салып соғу алтын, күміс жалату сияқты, қазіргі қазақ шеберлерінің қолданатын зергерлік өнердің барлық әдістерін көруге болады. Осындай бұйымдар Қарғалы, Бурабай, Есік, Қанаттас, алтыннан жасалған арыстан басы Тақырауын, Әлек, Май қайың, Тасмола, Шілікті, Бестөбе, Тасқұдық, Ақсу, Жолымбет, Жосалы маңынан табылған. Алтын, күміс, жез қазақ жерінде аз емес. Бұлар соның көнеден жеткен көркем үлгілері. Үйсін, қаңлы тайпаларының жартылай отырықшылық өміріне байланысты сәулет өнері дамыды. Б.д.д. ІІІ ғасыр мен б.д. І ғасыр аралығындағы үйсіндер мен қаңлылар темір өндіру кәсібін дамытқан, ағаш, тері, металл өңдеу ісі кең өріс алып, қолөнер дамыды. Қарапайым өрмек тоқу құралы пайда болды. Үйсіндер мен қаңлылардың зергерлік бейнелеу өнерінде, сақтар өнерінде кездеспеген, өсімдік тектес және геометриялық үлгідегі ою-өрнектермен әшекейлеу әдістері, зергерлік бұйымдарды түрлі асыл тастармен көркемдеу кең тараған. Қазақстан жерінен табылған көшпенділер дәуірінің мәдени-өнер ескерткіштерін өзара салыстыра отырып, қазақ халқының көне дәуірдегі көшпенді ата-бабаларының жасаған сәндік-қолданбалы өнерінің классикалық үлгісіне жататынын ғалымдар дәлелдеген.

2. Моңғол шапқыншылығына дейінгі сәулет өнерінің және қолөнердің өркен жаюы (VI-ХІІ ғ.ғ.)

Біздің дәуіріміздің VІ ғасырынан бастап Қазақстан жерінде алғашқы феодалдық мемлекет Түрік қағанаты құрылды. Олар өмір сүрген VI-VIІІ ғ.ғ. – темір, алтын, күміс өндіру және өңдеу кәсібі, ісі дамыды. Кен өндіру, металл өңдеу кәсібі – қолөнершілік еңбек түрлерінің, сауданың өркендеуіне және елдің отырықшылыққа айналып, елді-мекендер, қалалар салуда сәулет өнерінің дамуына ықпалын тигізді. Археологиялық қазбалардың мағлұматтары бойынша Оңтүстік Қазақстан жерін мекендеген тайпалар ІV-VI ғ.ғ. шикі кірпіш кесек дайындай білген. Түрік қағанаты дәуірінде тас және сүйек өңдеу өнері де дамыды. Тас өңдеу өнері: тас мүсіндер, құпытастар жасау арқылы сәулет өнерінде кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу өнерінің ескерткіштерінен біздерге жеткені тас мүсіндер мен құлпытастар. Тас мүсіндер жасау VI-VIІІ ғ.ғ. – ХІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Құлпытастарәр түрлі ою-өрнектермен, суреттермен әшекейленген. Қазақстанда тасқа қашалып салынған түрлі аңдар, садақ суреті, ою-шимайлар, жылқы, түйе, күн суреттері жиі кездеседі. Ежелгі тас, мыс дәуірлерінің өнері VI-VIII ғасырлардағы Түрік қағанаты кезеңінде де қолданылған. Тастан батырдың суретін салу, тамға (таңба), тасқа түскен жазулар Орхон ескерткіштерінен мол табылған. Х-ХІІ ғ.ғ. Қараханидтер мемлекеті дәуірінде, Ұлы Жібек жолының Жетісу, Оңтүстік территорияларын басып өтетін бөлігінде орналасқан –Сайрам, Құлан, Мерке, Тараз, Сығанақ, Баласағұн, Отырар сияқты қалалардың сәулеттік құрылысы дамыды. Әсіресе, Отырар, Тараз, Сайрам, Ясы қалаларының іргесі өсіп, мәдениет пен ғылымның, қолөнер мен сауданың орталығына айналды. (Тоғыз жолдың торабы болғандықтан) Бірақ, ғасырлар бойы әр ұрпақтың өнерімен, білімімен, қажырлы еңбегімен жетіліп бой көтерген, сәулет өнерінің керемет үлгілерін өз бойын жинақтаған Отырар, Ясы, Тараз сияқты ғылым мен білімнің, өнердің, мәдени өмірдің орталығы болған көптеген қалалар, ХІІІ ғасырдағы Моңғол шапқыншылығы кезінде түгелдей қирады.

3. Орта ғасырдағы (ІХ-ХІІІ ғ.ғ.) және ХІV-ХVІІІ ғасырдағы сәулет өнері.Орта ғасырлардағы сәулет өнері құрылыстарының даму ерекшеліктерін біздің кезімізге дейін сақталған діни бағыттағы сәулеттік құрылыстардан көруге болады. Оларға:

1. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазары(ІХ-Х ғасыр) жатады. Ол Аягөз өзенінің бойында, Таңсық темір жол станциясының жанында тұр. Мазар жалпақ қырлы тастардан, орта ғасырлық дөң, кешен үлгісінде пирамида түрінде қалаған. Құрылыс қарапайым болғанымен, мыңдаған жылдарға шыдап келеді.

2. Айша Бибі(ХІ-ХІІ ғасыр) мазары тік төртбұрыш пішінде салынған құрылыс. Әр бұрышында жоғарғы жағы жіңішкеріп жұмыр мұнаралары бар.мазардың қабырғалары, төрт мұнарасының сырты түгелдей, квадрат формалы, әр түрлі оюлармен әшекейленген,

плиткалармен көмкерілген, әдемі, айшықты сәулет құрылысы. Ескерткіш бойында қазақ халқының барлық оюларының түрлері қамтылған.

3. Бабаджа қатын мазары(Х-ХІ ғасыр) күйдірілген кірпіштен қаланған, жалпы формасы куб тәрізді, 16 қырлы күмбезді құрылыс. Мазардың қас беті өзге үш бетінен қарағанда биіктеу, жоғарғы жағы кірпіштерді өрнектеп өріп қалау арқылы көркемделген. Ішкі төрт бұрышты бөлменің төбесі күмбезделіп жабылған. Жалпы бабаджа қатын мазарының сәндік әшекейлері өте қарапайым, құрылысы онша күрделі емес.

4. Алашахан мазарын– шебер кірпіштерді өрнектей қалау әдісімен қалаған. Мазардың артқы екі бүйір қабырғасы киіз үйдің қабырғасына ұқсаған ромб тектес бедерлі оюмен әшекейленген. Алдыңғы қас бетін, кірпіштердің өзіндік пішіндерін пайдаланып, тік төртбұрышты ойықтармен, бедерлермен өріп шыққан. Мазар күмбезбен жабылған.

5.Маңғыстау жеріндегі күмбезді мазардың бірі – Шақпақ атамазары (Х ғасыр). Мазар күмбезінің дәл төбесінен күн жарығы түсетін арнайы тесік қалдырылған. Шақпақ ата мазарының сыртқы қабырғалары, Маңғыстау жерінде осы күнге дейін қолданылып келе жатқан ою-өрнектермен әшекейленген. Қазақстан территориясының түкпір-түкпірінде сақталып келген сәулет өнерінің туындыларын, сол аймақта өмір сүрген халық суретшілері туғызған. Қазірге дейін Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш табылған болса, (ал табылмағаны қаншама?), соның 12 мыңнан астамы Батыс Қазақстан өлкесінде орналасқан.

Наши рекомендации