Дәріс №1. Тәрбие процесінің мәні

Жоспар:

1. Тәрбиенің анықтамасы.

2. Тәрбие процесінің ерекшеліктері.

3. Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері.

4. Тәрбиенің заңдылықтары мен принциптері.

Тәрбие - арнайы ұйымдастырылған және саналы жүргізілетін педагогикалық қызмет.

Тәрбие түсінігі мағыналық жағынан кең ауқымды категория. Тәрбиені өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа дайындау деп анықтасақ, ал бұл дайындықты арнайы ұйымдастырылған тәрбие қызметінің барысында іске асыруға болады, сонымен бірге ол балалардың күнделікті үлкендермен араласа жүріп, тұрмыстық іс әрекетке үйренумен орындалуы мүмкін. Бірақ аталған екі жағдайдағы тәрбиелік әрекеттер әртүрлі мағнаға ие болатыны сөзсіз. "Қоршаған орта тәрбиелейді" немесе "Отбасы тұрмысы тәрбиелейді" деумен жеке адам дамуы мен қалыптасуына әлеуметтік - экономикалық және тұрмыстық жағдайлардың күнделікті жоспарсыз, мақсатты бағдары болмаған ықпалын түсінеміз. Ал енді "мектеп тәрбиесі" десек, әңгіме басқаша бұл ретте арнайы ұйымдастырылған және саналы іске асырылатын тәрбиелік қызметті білеміз. К.Д. Ушинский "Педагогикадағы тәрбие - алдын-ала ниеттелген және арнайы ұйымдастырылған педагогикалық процесс" - деп тұжырымдаған.

Тәрбие - жеке тұлғаның санасына, мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін құрал. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер мен жұртшылық бірлесіп айналысқанда ғана нәтижелі болады. Тәрбиенің мәні, біріншіден, қоғам үшін - саналы, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру, екіншіден, жеке адам үшін - оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету. Олай болса, тәрбие процесідеп қоғамның талап-тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл-ойын, сана-сезімін, ерік-жігерін, мінез-құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің бірлескен іс-әрекетін айтамыз.

Қоғамда атқаратын қызметіне орай тәрбиенің өзіндік ерекшеліктері бар:

1. Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Себебі қоғамдағы әлеуметтікғ экономикалық, саяси жағдайлардың өзгеруіне қарай тәрбиенің мақсат-міндетер, мазмұны мен ұйымдастыру формалары өзгеріп отырады. Өйткені адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс дамымайды.

2. Тәрбие - мақсатты процесс. Тәрбиенің мақсаты айқын әрі нақты болғанда ғана дұрыс нәтиже береді. Тәрбиенің мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл-ауқатымен, оның саясатымен байланысты болады.

3. Тәрбие - біртұтас процесс. Жеке тұлғаның дамып қалыптасуы тұтас процесс болғандықтан, оның қасиеттерін қалыптастыру жеке дара атқарылмайды.

4. Тәрбие - ұзақ әрі күрделі процесс. Адам баласы туғаннан ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейін ол өзін-өзі тәрбиелеуге ұласады. Сонда адам өмір бойы тәрбиеленеді деуге болады. Адамның мінез-құлқы, дербес ерекшеліктері, дүниетанымы бірден қалыптаспайды, әрі тірбие мақсатының нәтижесі де бірден көрінбейді.

5. Тәрбие - көпжақты процесс. Тәрбиені отбасы, мектеп, жұртшылық бірлесіп атқарады.

Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады.

Тәрбиенің негізгі мақсаттары:

а) жастардың дүниеге көзқарастарын қалыптастыру;

ә) тұлғаның рухани және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.

Тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, тәрбиенің мақсаты қоғамның дамуымен бірге өзгеріп отырады.

Мектептегі тәрбиенің басты міндеттері:

а) теориялық білімді еңбекпен, өмірмен байланыстыра жүргізу;

ә) политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру;

б) кәсіптік бағдар беру;

Қазіргі кезде қоғамдағы әлеуметтік және саяси өзгерістерге байланысты тәрбиенің мақсаты да өзгереді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, «Білім туралы», «Жастар саясаты туралы» Заңдардың қабылдануы тәрбиенің мақсатын қайта қарастыруды талап етеді. Сонымен қазіргі кездегі тәрбиенің мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.

Заңдылық - процестің маңызды бөлшектерінің арасын байланыстырып отырады. Тәрбие процесінің заңдылықтары:

1) Тәрбиенің қоғаммен байланысы;

2) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі;

3) Іс-әрекеттің маңызы;

4) Оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру;

5) Ұжым мен жеке адамның өзара байланысы;

«Принцип»сөзі латын тілінен аударғанда ереже, талап деген мағынаны білдіреді. Тәрбие принциптері дегеніміз - тәрбие процесіне қойылатын негізгі талаптар. Тәрбиеші тәрбие принциптерін басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмыстарын жоспарлайды, ұйымдастырады. Тәрбиенің мақсаттылық, өмірмен байланыс, ұжым арқылы тәрбиелеу, тәрбиеленушінің тұлғасына қойылатын талаптар мен құрметтің бірлігі, тәрбиелік ықпалдардың жүйелілігі, беріктігі, үздіксіздігі және оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру принциптері бар.

Наши рекомендации