ХІХ-ХХ ғ басындағы Ресейдегі тәрбие мен білім беру.

Жоспар:

1. Оқу тәрбие мәселелері.

2. Педагогикалық теориялар және оларды білім тәрбие беру тәжрибесінде жүзеге асыру

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі мектеп пен білімінің мемлекеттік жүйесі.XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейдің ішкі өмірінде капитализмнің дамуына байланысты крепостнойлық құрылыстың ыдырауы күшейе түсті. Осы кезеңде таққа отырған Александр I мемлекетті билеудің ескірген жүйесін өзгертті. Оның мектепті өзгерту саясаты екі кезеңнен тұрды.

Ол 1815 жылға дейінгі мектеп ісін ұйымдастыруда ағартушылық бағытты ұстанды. 1816 жылдан бастап білім беру саясатында реакцияшыл бағыт күш алды.

1802-1804 жылдары халыққа білім беруді қайта құрудың бірінші кезеңі басталды. Бұрынғы коллегиялардың орнына бір орталыққа бағынған министрліктер құрылды. Соның бірі 1802 жылы құрылған Халық ағарту министрлігі болды. Бұл министрлік ғылым, әдебиет, баспасөз, ағарту және тәрбие ісін басқарды.

1803 жылы Халық ағарту министрлігі “Халық ағарту ісінің бастапқы ережелерін” жариялады. Бұл “Ережелер” бойынша бүкіл Ресей 6 оқу округтарына бөлінді, әр оқу округын мемлекет шенеунігі – оқу округының попечителі басқарды. Осылай халық ағарту ісін басқарудың қатаң бюрократтық жүйесі құрылды.

Ресейдегі оқу орындарының типі.1804 жылы “Оқу құралдарының жарғысы қабылданды”. Бұл “Жарғы” бойынша Ресейде жаңа оқу жүйесі 4 сатыдан тұратын болды:

- университеттер (жоғары саты);

- гимназия (орта саты);

- уездік училищелер (аралық саты);

- приходтық мектептер (төменгі саты).

Приходтық мектептер әр қала мен селолық жерлерде ұйымдастырылды. Бұлар оқу мерзімі бір жылдық мектептер еді. Бұл мектепке уездік училищелерге оқушылар әзірлеу, дін тәрбиесі мен элементарлық сауат ашу міндеттері жүктелді. Мектептің оқу жоспарында "Құдай заңы" мен ережелері, оқу, жазу, арифметиканың бастапқы төрт амалы, үй тұрмысы мен денсаулыққа байланысты оқыту пәндері қаралды. Приходтық мектептер мемлекет қарамағына алынбады, оларды ұйымдастыру жергілікті басқару органдарына жүктелді. Шаруалардың балалары бұл мектепте оқи алмады.

Уездік училищелер – губерниялық және уездік қалаларда ашылды. Бұлар оқу мерзімі екі жылдық оқу орындары болды. Училищелердің оқу жоспарына 15 оқу пәні: “Құдай заңы”, орыс тілі грамматикасы, жағрафия, тарих, арифметика, геометрия, физика, жаратылыстану, бастапқы технология, т.б. пәндер қамтылды.

Гимназиялық білім беру4 жылға созылды, оқу жоспарына латын және қолданыстағы шет тілдері, тарих, статистика, поэзия, әдебиет, математика, жаратылыс тарихы (минералогия, ботаника, зоология, коммерция, технология, сурет) енгізілді. Дін сабағы қамтылғанымен, орыс тілі оқу жоспарына енгізілген жоқ.

Білімді қайта құрудағы басты нысана университеттік жоғары білім беру болды. Мәскеу, Вильно, Дерптегі университеттер қатарына Харьков, Қазан, Санкт-Петербург университеттері қосылды.

Университеттер мемлекеттік жұмысқа шенеуніктер мен оқытушылар даярлады. Оқу орындары жарғысын даярлаған ғалымдардың талаптарына сәйкес және үкіметтің либералшыл саясатына байланысты университеттердің өзін-өзі басқару түрі қабылданды. Университеттерді сайланып қойылатын кеңес, ректорат және деканаттар басқарды.

Жарғыда оқу орындарының барлық түрінде жалпыға бірдей, тегін білім берілетіндігін жариялаған еді, бірақ қабылданған жарғының ізінше крепостной шаруалар гимназияларға алынбайды деген ескертпе жіберілді. Төменгі сословие өкілдері гимназияға қабылдану үшін бұрынғы сословиесінен шығып, онан жоғары сословиеге тіркелуі тиіс болды.

Оқу жарғысының тарихи прогресшіл жақтары да болды: оқу сатыларының бірімен-бірі тығыз байланысты болуы көзделді.

Бұрынғы гимназиялар, негізгі халық училищелерінің жаңа типті гимназия, кіші халықтық училищелер – уездік училищелер болып қайта құрылуы екі жылға созылды.

Приходтық училищелер көп өзгеріске түскен жоқ. Олардың саны қаражаттың аздығынан баяу өсті.

Осы кезеңде мемлекеттік оқу орындарымен бәсекеге түсетін жеке меншікоқу орындары да ашыла бастады. Мысалы, Одессадағы Ришель лицейі (кейіннен университет болды), Ярославтағы лицей, Мәскеудегі Лазарев шет тілдер институты, В.В.Измайловтың Мәскеу түбіндегі пансионы, Смоленск губерниясындағы Архангельск селосында шаруа балаларына арналған А.А.Ширинский-Шихматов мектебі.

Лицейлердің (мемлекеттік жабық оқу орны - дворян балаларына арналған) ашылуына байланысты жеке меншік пансионат азая бастады. Царскосельский лицейін көрнекті администратор М.М.Сперанский (1722-1839) ұйымдастырды. Бұл лицейдің алғашқы директоры ағартушы В.Ф.Малиновский (1765-1814) болды. Царскосельский лицейінің қабырғасында ұлы ақын А.С.Пушкин, ірі дипломат А.М.Горчаков, декабристер И.И.Пущин мен В.К. Кюхельбекер тәрбиеленді. Лицейді оқып бітіргендердің білімі университет бітіргендермен тең болды.

Дворяндардың ортасында әлі де отбасы тәрбиесі басым болатын. Гувернерлердің бәрі дерлік француз-эмигранттары болды. Біртіндеп дворяндық тәрбие қоғам талабын қамтамасыз ете алмайтын күйге жетті. А.С.Пушкин сол кезеңдегі дворяндардың отбасы тәрбиесін өткір сынға алды.

1812 жылғы Отан соғысы қарсаңында Ресейдің 47 губерниялық қалаларының барлығында да гимназиялар, уездік қалаларда уездік және приходтық училищелер ашылды.

Үкімет крепостнойлық-сословиелік идеологияны күшейту үшін барлық оқу орындарына діни оқуды ендірді.

1812 жылғы Ресейдегі Отан соғысы орыс халқының сана-сезімін оятуда үлкен рөл атқарды. Елде бостандық сүйгіш пікірлер өрістеді, крепостнойлық пен патша саясатына қарсы саяси күреске шыққан құпия, жасырын одақтар құрылды. Оқу орындарында бұрын тыйым салынған декабристердің шығармалары таратылды. Бұған қарсы патша үкіметі ағарту саласында керітартпа саясатын күшейте түсуге тырысты.

Александр I патшалық құрып тұрған соңғы онжылдықта қоғамның дамуында реакцияшылдық тенденция басым болды:

- 1816 жылы білім министрлігін А.Н.Голицын басқарған кезде мектеп ісі шенеуніктердің қолында болды, оқытушы өзінің жоғары басшыларының әмірін орындайтын дәрменсіз үкімет шенеунігі дәрежесінде қалды;

- халықтың білім алуын тежеуге бағытталған бірнеше жарлық қабылданды. Декабристердің басты талаптарының бірі халық және крепостной шаруалардың арасына сауаттылықты тарату болатын. Олар патша шенеуніктерінің мәдениет пен ғылымның дамуына жасап отырған кедергілерін, ғалымдар мен оқытушылар үстінен жүргізіп отырған полициялық-бюрократтық бақылау жүйесін қатаң сынға алды;

- оқу орындарындағы студенттер мен оқытушылардың үстінен полициялық бақылау қойылды. Декабристер көтерілісі күшпен басылғаннан кейін педагогикалық қоғамдар таратылды, крепостнойлық үкімет ағарту саласында реакцияшыл үстемдікті мейілінше өрістетті.

Николай I-нің (1825-1885) таққа отыруына байланысты білім беру жүйесі мен мектеп саясатына өзгерістер енді. Білім министрі болып граф Ливен бекітілді. Оның тұсында 1828 жылы “Бастауыш және орта мектеп туралы жарғы” қабылданды. Жарғыда бұрынғы төрт сатылы білім жүйесі сақталып, “Әр сословиеге өзіне тән білім деңгейі” деген ұстаным жүзеге асырылды.

1838 жылы Ресейдегі ең білімді адамдардың бірі С.С.Уваров Ағарту министрі болып тағайындалды, ол 1849 жылға дейін осы қызметті атқарды.

Ол Мәскеу университетін тексертіп, студенттер білімінің төмен болуын “еуропалық идеяның лебі” тиюі себебінен деп атап көрсетті. Тексеру қорытындысы бойынша тәрбие және білім берудің тұғыры ретінде үш ұстаным: “Православиелік, самодержавиялық, және халықтық” ұстанымдар ұсынылды. Уваровтың ұсынған ұстанымдары патшаның мүддесін қорғау, бұрынғы білім саласындағы қалыптасқан дәстүрді нығайта түсуді көздеді. Халықтық ұстанымы батыс еуропаның халық санасын ояту идеясынан туындаған еді, патша үкіметі оны да өз бойына икемдеді. 1835 жылы қабылданған Университет жарғысы попечительдердің жеке басқаруына ерік берді, сөйтіп университеттердің дербестігі жойылды.

Осыған қарамастан білім беру саласында белгілі жетістіктер де болды. 1832-1842 ж. ж. Ресейдегі білім деңгейінің бірсыпыра көтерілгені байқалды:

▪ университеттегі студенттер саны (Польша мен Финляндияны есептемегенде) 2,1 мыңнан 3,5 мыңға (соның ішінде университеттік диплом алғандар 477-ден 742-ге) жетті;

▪ түрлі оқу орындарындағы оқушылар саны – 69,3 мыңнан 99,8 мыңға жетті (шіркеу мектептері, әскери училищелер, патшайым Мария Федоровна ашқан әйелдер мектептерінен тысқары);

▪ гимназия саны – 64-тен 76-ға дейін;

▪ уездік мектептер - 393-тен 445-ке дейін;

▪ приходтық училищелер – 555-тен 1067- ге дейін;

▪ жеке меншік мектептер (пансиондарды қоса есептегенде) –358-ден 531-ге дейін;

▪ білім жүйесіндегі оқытушылар мен шенеуніктер саны – 4,8 мыңнан 6,8 мыңға дейін өсті.

1828 жылғы Жарғы бекіткен дворяндарға арналған жабық оқу орындар саны да артты. 1842 жылы губерниялық қалаларда сондай 47 оқу орны болды. Онда тәрбиеленушілердің кейбіреуі жабық оқу орнында дворяндық тәрбие алумен қатар гимназияда түрлі шендегілердің балаларымен бірге оқыды.

Министрлік қарамағындағы гимназиялар классикалық білім мектептері ретінде дамыды (жаратылыстану пәндері 1849 жылдан бастап оқу жоспарына енгізілгенімен, оны гимназиялар тегіс қабылдамады). Оқу бағдарламасында грек, латын тілдеріне ерекше мән берілді.

1849-1852 ж. ж. гимназия құрылымы өзгеріске ұшырады, үш түрлі гимназиялар ескі екі тілді (латын, грек тілдерін); жаратылыстану мен заңға кіріспе пәндерін; заңға кіріспе пәнін оқытатын гимназиялар құрылды.

Министрлік бақылауындағы жеке меншік оқу орындарының да маңызы күшейді. Университеттер ғылыми және педагогикалық орталыққа айналды. 1851 жылы Мәскеу университетінде педагогика кафедрасы ашылды.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап орыс қоғамында білім беру мен тәрбиенің батыстық және славяндық көзқарастағы топтары арасында пікірталас басталды.

Батыстық көзқарасты ұстанғандар (В.Г.Белинский, А.И.Герцен, К.Д.Кавелин, т.б.) батыстық нұсқадағы білімді қолдады, Ресейдегі крепостнойлық - сословиелық оқу-тәрбиеге қарсы тұрды, жеке тұлғаның өз мүмкіндігін іске асыру құқын сақтау қажеттігін ұсынды.

Славяндық көзқарастағылар орыстың халықтық тәрбиелік дәстүрін сақтауды көздеді.

XIX ғасырдың 60-шы жылдарындағы Ресейдегі қоғамдық педагогикалық ағымдар.XIX ғасырдың60–шы жылдарындағы Ресейдегі революциялық қозғалыс саяси, экономикалық және мәдени өмірдің барлық салаларын қамтыды. Орыс философиясы мен әдебиеті, музыкасы, бейнелеу өнері, ғылымы бұл кезеңде дамудың жоғары сатысына көтерілді.

Педагогикалық қозғалыс сол кездегі қоғамдық қозғалыстың бір бөлігін құрады. Крепостнойлық тәрбиені қатты сынау, сословиелік мектепке қарсы ерте мамандандыруға қарсы күрес, жалпы білім беру және әйелдерге білім беру үшін күрес, баланың жеке басын сыйлау, ескі діни оқуға, құрғақ жаттау мен жазалауға қарсы күрес, халық мектептерін көптеп ашуды талап ету, жоғары мектептің дербестігі - міне, осылар прогресшіл педагогика өкілдері көтерген басты мәселелер болды.

Прогресшіл педагогтар азаматтық қоғам орнату үшін ақыл-ой және адамгершілік тәрбиесіне баса назар аудару керек деп есептеді. Халыққа білім беру ғана олардың саяси құқыққа қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп көрсетті.

ХIX ғасырдың 90-шы жылдарына дейінгі Ресейдегі педагогикалық ой-пікірлер.1859 жылы Санкт-Петербургте педагогикалық кеңес құрылды. Кейіннен ол Петербург педагогикалық қоғамы болып аталды. Оның жұмысына К.Д.Ушинский, В.Я.Стоюнин, В.И.Водовозов, Д.Д.Семенов, Я.Я.Герд, т.б. көптеген педагогтар мен әдіскерлер қатысты. Көптеген қалаларда педагогикалық қоғамдар пайда бола бастады.

Еңбекші бұқараның мүддесін жақтайтын педагогиканың өкілдері прогресшіл революцияшыл-демократиялық бағытта болды. Бұл бағыттың ең көрнекті өкілдері Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, т.б. еді. Бұл бағыт жалпыға бірдей оқуды енгізуді, мектепті демократияландыруды, қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең құқықтығын қамтамасыз етуді талап етті. Тәрбиенің мақсаты крепостнойлықтың қалдықтары мен самодержавиеге қарсы күрескерді даярлау болуы керек деп есептеді.

Буржуазиялық-либералшыл педагогикалық бағыттың ең көрнекті өкілдері Н.И.Пирогов, В.Я.Стоюнин, И.А. Корф, т.б. болды.

Олар патша үкіметінің мектепті қайта құруға мүмкіншілігі бар деп түсінді; әйелдерге білім беруді қолдағанымен, олардың еркектермен бірдей тең құқықты болуына қарсы болды; халықтық мектеп ашуды қолдағанымен, жаппай оқуға тартуды қажет деп санамады; ескі оқуға қарсы бола отырып, балаларға адамгершілік тәрбие беруді жақтаумен бірге, оларды жазалауды жоққа шығарған жоқ, тек оны белгілі дәрежеде шектеу керектігін айтты.

Бұл екі бағыттың арасында аралық жағдайды ұстанған, бірақбуржуазиялық-либералшыл педагогикалық бағытқа біршама жақын көзқарастағы педагогтарға буржуазиялық-демократияшыл бағыттың өкілдері жатады. Олардың қатарында К.Д.Ушинскийді (1824-1870) , оның шәкірттері В.И.Водовозовты (1825-1886), Н.Ф.Бунаковты (1837-1905), т.б. атауға болады. Бұлар белгілі қоғамдық құрылыстың көлемінде мектептің жағдайын жақсартуға, мәдени және адамгершілік жағынан адамдарды тәрбиелеуге болады деп есептеді. Олар сонымен бірге педагогика мен тәрбиеде халықтық идеяны жақтады, шетел мектеп жүйесін қабылдауға және оған бас июге қарсы болды.

Буржуазиялық-демократияшыл бағыттағы педагогтар орта білім берудегі ертеден қалыптасып қалған классикалық бағытқа да қарсы болды.

Қоғамдағы пікірталастар қайшылығына қарамастан орыс жұртшылығы жаңа мектептер ұйымдастыруға бағытталған шаралар жүргізді.

ХIX ғасырдың 60-70 ж. ж. мектепті қайта құру.1860 жылғы ең алғашқы құжаттардың бірі “Халыққа білім беру министрлігі ведомствосының әйелдер училищелері туралы ережесі”, оның екі типі бекітілді.

Бірінші санаттағы училищедегі оқу мерзімі 6 жыл болатын, онда “Құдай заңы”, орыс тілі мен әдебиеті, арифметика мен геометрияның алғашқы ұғымдары, жағрафия, жалпы және орыс тарихы, жаратылыстану, физика және қол өнері пәндері оқытылды.

Екінші санаттағы училищедегі (оқу мерзімі 3 жыл) оқу мазмұны “Құдай заңы”, орыс тілі, жағрафия, орыс тарихы, арифметика мен қол өнерімен шектелді.

1864 жылы бастауыш және орта білімді қайта құру жұмысы қолға алынды. “Бастауыш халық училищелері туралы ереже” 1864 жылы 19 шілдеде шықты. Бастауыш халық училищелері - сословиелік емес оқу мекемесі болды. Олар халықтың діни және адамгершілік ұғымдарын қалыптастырып, пайдаға асатын білім беруге қажет деп есептеледі. Училищелер ер балалар мен қыздарды бірге оқытатын болды. Оқу тегін болғанмен, мазмұн жағынан терең білім беру көзделмеді. Мұнда оқудың орыс тілінде жүргізілетіндігі баса айтылды. Мұғалімдік жұмысқа дін иелері мен сауатты адамдар тартылатын болды.

1864 жылы 19 қазанда гимназия мен прогимназия жарғысы бекітілді, екі типті гимназия (классикалық және реалды) және прогимназия. Классикалық гимназияның ерекшелігі оқу мерзімінің 40 пайызы ескі тілдерді (грек, латын) оқытуға жұмсалды. Реалды училищелердің оқу бағдарламасында ескі тілдер болған жоқ, өйткені олар жоғары техникалық және ауылшаруашылық оқу орындарына дайындады. Прогимназияда білім беру мазмұны жағынан гимназияның бастапқы 4 сыныбына сәйкес келеді. Олардың оқу жоспарына арифметика, “Құдай заңы”, орыс, латын, грек тілдерінің грамматикасы, табиғаттану, орыс тілі сабағының құрамында әңгіме өткізу оқытылды. Прогимназиялар кішігірім қалаларда шәкірттерін орта гимназияға түсуге дайындады.

1864 жылдың I қаңтарында қабылданған Жергілікті мекемелердің ережесінде уездік және губерндік жетекші мекемелерге шаруашылықпен байланысты мекемелер, сонымен қатар оқу орындары да қарайтын болды. Жергілікті мекемелер бастауыш мектепті қаржыландыруға тиіс болды. Ондағы оқу-тәрбие жұмысы училище кеңесінде қаралды.

1870 жылы Әйелдер гимназиясы туралы ереже жасалды. Осыған байланысты барлық әйелдер гимназиясы екі топқа бөлінді. Бірі патшайым Мария Федоровнаға қарайтын, екіншісі халық ағарту министрлігіне қарайтын оқу орындары болды. Олардың оқу бағдарламаларында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Ал жаңалығы әйелдер гимназиясында қосымша, сегізінші педагогикалық- сынып ашылды.

1871 жылы Гимназия мен прогимназия туралы жаңа жарғы бекітілді. “Гимназия” атауы тек классикалық гимназияларда сақталып, реалдық гимназиялар жабылды. Оқу мазмұнында бұрынғы дәстүрлі пәндер сақталды. Университетке оқуға түсу құқы тек гимназия бітіргендерге ғана берілді.

1872 жылы Реалды училищелер жарғысыбекітілді. Бұл жаңа типті оқу орны еді, ол жалпы және арнайы білім беретін болды. Оқу мерзімі 7 жыл болып белгіленді. Оқу жоспарындағы ерекшеліктері: ескі тілдер алынып тасталды, уақыттың көп бөлігі математика, физика, химия, жаратылыстану, жаңа шет тілдеріне бөлінді.

1872 жылғы Ереже бойынша уездік училищелер де өзгеріске ұшырады. Соның негізінде оқу мерзімі 5 жылдық екі сыныптық бастауыш училище, оқу мерзімі 6 жылдық қалалық училище жұмыс жасайтын болды.

Білім және тәрбие мекемелерінің ішінде 2 жылдық шіркеулік-приходтық мектептер көп болды.

40-60 - жылдардағы қоғамның қарқынды дамуы арнайы мұғалімдер дайындайтын оқу орындарын ашуды жеделдетті.

1870 жылы Мұғалімдер семинариясы туралы ереже қабылданды. Ол ереже 1875 жылы толықтырылды. Онда семинария шәкірттерінің орыс православиелік шіркеуінің талаптарын орындауы, құдайға құлшылық жасауы, діни мазмұндағы кітаптарды оқуға міндетті екені атап айтылды.

В.Я.Стоюниннің педагогикалық идеялары (1826-1888).Владимир Яковлевич Стоюнин - педагог, білім беру қайраткері, теоретик-әдіскер. Ол 1860 жылғы қоғамдық-педагогикалық қозғалыстың ықпалымен азамат тәбиелеу, тәрбиеде гуманизм ұстанымдарын сақтау, жалпы білім беру, мектепті демократияландыру идеяларын қолдады.

В.Я.Стоюнин психология мен педагогикаға негізделген еркін шығармашылықты мектептің дамуына жағдай жасауды ұсынды.

Оның әдіскерлік идеясы тәрбиелей отырып оқыту ұстанымына негізделді. Тіл сабақтарын оқыту оқу еңбегінің рухани-адамгершілігін қалыптастыратын құрал деп санады. Ол әдебиетті оқытудың біртұтас жүйесін жасады. Ол сословиесіз ұлттық мектеп құруды қолдады. Сондай-ақ, В.Я. Стоюнин ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің өзара байланысына мән берді.

Оның “XVIII ғасырдағы Ресейдегі педагогикалық пікірлердің дамуы” (1857-1858), “ХIХ ғасырдың басындағы тәрбие тарихынан” (1878), “Біздің отбасы және оның тарихи тағдыры” (1884) атты еңбектері Ресей педагогикалық ой-пікірінің дамуына айырықша ықпал етті.

Наши рекомендации