Мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ойының дамуы
Білімдерді меңгеру ақыл-ой тәрбиесінің негізіне алынған. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін олардың негізгі көзі – айналадағы өмір. Бала өз бетімен және тәрбиешілердің жетекшілігімен, күнделікті өмірде және оқу сағаттарында білім алады. Балалардың өз бетімен алған білімдері көбіне, бей-берекет жүйесіз, кездейсоқ болып келеді. Көптеген балалар білімінің едәуір қорына ие бола отырып, тиісті 6-7 жастың өзінде жиынтық ұғымдарды меңгере алмайды, аса қарапайым құбылыстардың арасындағы байланыс пен тәуелділікті өз бетімен анықтай алмайды. Түрлі жастағы балаларға арналған білім көлемін, олардың сипатын және бір топтан екінші топқа күрделенуін анықтау, яғни балаларды айналадағылармен таныстыру жөніндегі бағдарламаны жасау, педагогикалық зерттеулердің аса маңызды міндеті болып табылады.
Бұл білімдердің көлемін белгілеуге алғаш рет Я.А.Коменский әрекет жасады. Ол өзінің «Ана мектебі» деген кітабында – 6 жасқа дейінгі балаларға қандай білім беру керектігін көрсетті.
Ақыл-ой тәрбиесінің негізін қалау арқылы, біз мектеп жасына дейінгі балаларға табиғатқа деген сүйіспеншілікті, өсімдіктерге, жәндіктерге қақорлық қатынасты тәрбиелейтін табиғат туралы білімдердің қалыптасуын, еңбектің қандай да бір түрлерін болса да, қадір тұтып сол еңбек нәтиелеріне қамқорлық көзқарас туғызуға тәрбиелейтін ересек адамның еңбегі туралы білімді беруді көздейді. Бұл білімді игеру негізінде балалардың туған өлкесіне, өз Отанына деген патриоттық сезімдерді қадір тұту, еліміздің қоғамдық өміріне мүдделену көзқарасы қалыптасады.
Балабақшада берілген білімдер мектеп жасына дейінгі балалардың бәріне түсінікті болып, бұл білімдер бір топтан екінші топқа өткен сайын күрделеніп, егжей-тегжейін жалпылана түседі.
Мысалы, балалар бақшасының барлық топтарында балалар транспортпен танысады. «Сәбилер» тобында – балалар қалалық транспорттың негізгі түрлерін ажыратып, олардың қандай жұмысқа пайдаланатындығын білуге тиісті болса, «Мектепке даярлық» тобында – транспорттың қаладағы түрін алыс жолға жүретін, оларда жұмыс істейтін адамдардың еңбек ерекшелігі мен қоғамдық транспортты пайдалану тәртібін білуге әртүрлі транспорт құрамдарын өзара салыстыра білуге тиіс.
Білім нақты болуға тиіс. Яғни, балалардың бойында Отанымыз туралы ұғымды қалыптастыру үшін тәрбиеші оларға Еліміздің әртүрлі халықтары, олардың әдеп-ғұрыптары, шұғылданатын еңбек түрлері мен табиғат жағдайлары туралы кітаптар оқып, әңгімелер өткізеді.
Балалар игеруге тиісті білімдердің 2 бөлімін ажыратып көрсетеміз:
Қарапайым білімдер - бұл білімдерді игеру үшін тәжірибе жүзінде арнайы оқытудың қажеті шамалы. Тек, тәрбиешілердің балалармен өткізілетін жай қарым-қатынасы ойындар, бақылаулар жеткілікті.
Күрделі білімдер – бұл білімдерді тек оқыту процесінде ғана игеруге болады.
Ақыл-ой тәрбиесінің негіздерінің бірі – білімдерді жүйелендіру. Білім жүйесі – белгілі бір заңдылықтардың, ережелердің негізінде бүтіннің бөлшектері арасындағы мәнді байланыстырады, тәртіптерді анықтау арқылы қол жететін білімдердің жиынтығы.
Балалар айналадағы ортамен танысқанда көптеген сауалдар қояды. Сұрақтар – балалардың білуге құштарлығының көрсектіші. Олар, айналадағыларға деген белсенді танымдық қатынасты білдіреді. Көп білетін балалар сауалды көбірек қояды. Балалардың жасына қарай оның қоятын сұрағының түр-сипаты өзгереді. Кейде балалар бір сұрақтан кейін, бір сұрақты тізбектеп қояды: «Шөптің не керегі бар?», «Сиыр жеу үшін бе?», «Ал сиыр оны неге жейді?», «Сүт шығу үшін бе?», «Ал сүт неге керек?», «Балаларға беру үшін бе?», «Неге балаға сүт беру керек?» – т.б.
Бұл сұрақтардың барлығына да жауап беру керек. Бірақ оны тек даяр күйінде беруге болмайды. Себебі, баланың өз бетімен ойлануын дамытпайды.
Берілген жауап дұрыс, анық, қысқа толық түсінетіндей болуы қажет. «Ия», «Жоқ» деп жауапты қысқасынан қайыруға болмайды, өйткені балалардың білім құмарлығын тудыруға жол аштырмайды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ой тәрбиесінің негізінің қалануы – тәрбиеші мен ата-анаға байланысты болады, яғни олар бірігіп жұмыс жүргізгенде іс жүзінде жүзеге аспақ.
Қорыта айтқанда, айқыл-ой тәрбиесінің негізі балаларға жан-жақты білім беруді көздейді, балалардың бойындағы дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.