Практикалық сабақ № 11

Тақырыбы: Поэзиялық және эпикалық шығармаларды оқыту

Тапсырмалар:

1) Поэзияны оқыту ерекшелігі

2) Эпикалық шығармаларды оқыту (сабақ жоспарын құру)

Практикалық сабақ № 12

Тақырыбы: Оқушылардың әдебиет сабағына қызығушылықтарын арттырудың негізі.

Тапсырмалар:

1) Интерактивтік тақтаны қолдану.

2) Әдебиет сабағындағы көрнекіліктердің маңызы.

Практикалық сабақ № 13

Тақырыбы: Сыныптан тыс әдеби жұмыстар, түрлері

Тапсырма:Әдеби кеш ұйымдастыру (сценарий құру).

Практикалық сабақ № 14

Тақырыбы: Ашық сабақ жоспарын құру.

Тапсырма:Таңдап алынған тақырыпқа ашық сабақ жоспарын құру.

Практикалық сабақ № 15

Тақырыбы: Сабақ үлгілерін, жоспарлар құру.

Тапсырмалар:

1)Мектеп бағдарламасына сай күнтізбелік сабақ жоспарын құру.

2)Драмалық шығарманы оқытуға сабақ жоспарын құру.

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістемесі пәні.

Жоспары: 1. Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән екендігі.

2. Әдебиет пәнінің мектептік пәндер жүйесіндегі алатын орны

және өзіндік ерекшеліктері.

3. Әдебиетті оқыту әдістемесі пәнінің теориялық, тарих,

әдебиеттану, біл білімі, эстетика, педагогика – психология т.б.

ғылым салаларымен байланысы.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 12, 17, 21

1. Әдебиетті оқыту әдістемесі – ғылыми пән. Өйткені, әдебиеттану ғылымынсыз, яғни әдебиет туралы ғылымсыз әдебиетші мұғалімдер әдебиетті ғылымының, әрі өнердің бір саласы ретінде оқытуы мүмкін емес. Әдебиеттен білім беру әрі әдебиет ғылымынан, әрі сөз өнерінен білім беру дегенге саяды.

2. Әдебиет – сөз өнері. Ол оқушыларға әдебиеттанудан, сөз маржандарының қыр –сырын игеруден жай білім беріп қана қоймайды, жақсылық пен ізгілікке тәрбиелейді. Әдебиет пәнінің ауқымы да, мүмкіндігі де, маңызы да ерекше. Мектепте оқытылатын қай пән болмасын, олардың білім мен дағды, тәрбие беруде өзіндік орны, атқарар маңызы бар. Дегенмен, әдебиет пәнінің атқаратын қызметі барлық пәндерге ортақ. Математиканы меңгеру үшін де сауатты оқи білу керек, оқығанын түсініп айта білу, ұғу қажет. Ең бастысы, әдебиеттің басқа пәндерден айырмашылығы – онда дәлелденген ешқандай заң жүйесінің, формулалардың, элементтердің, бұлжымас, айнымас ережелердің жоқтығы. Ол - өнер туындысы. Әдебиеттің өзіндік ерекшелігі осында.

3. Әдебиет пәні – барлық пәндермен, гуманитарлық, эстетикалық циклдағы пәндермен өте тығыз байланыста болып келеді. Ол бейнелеу өнері, музыка пәндерімен ерекше үндестікте, қазақ тілінен бөліп алып қарауға болмайтын бірлікте, тарих пәнімен тұтастықта. Әдебиет пәнінің тағы бір ерекшелігі – оның ойлы, ізденімпаз, өзіндік эстетикалық көзқарасы бар оқырман дайындауында.

1.Әдебиетті оқыту әдістемесі пәнінің мақсаты: әдебиетті адамзаттың ғасырлар бойы жасалған мұрасы сөз өнері әрі ғылым ретіндегі ерекшелігіне сүйене отырып, оны халқымыздың «Көркем тарихы» , «Өмір оқулығы» дәрежесінде оқып – үйрету:

2. Әдебиетті өмірмен байланыстыра, өзіндік табиғатын аша отырып, адамзат тарихымен тығыз сабақтастығын айқындау; әдебиетті оқыту әдістемесінің теориялық, методологиялық негіздері.

3. Тарих, тіл білімі, музыка, бейнелеу өнері, философия, әдебиеттану, эстетика т.б. ғылым салаларымен байланыстылығы қарастырылады.

Әдебиетті оқыту әдістеменің ғылыми пән ретіндегі мазмұнының негіздерін анықтау аса қажетті емес. Басқа пәндерді оқыту әдістемелері сияқты қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі де белгілі бір жүйеге негізделіп дамиды. Осы орайда әдістемеліктің бай мазмұны мен оның сан түолілігін ашатын пікірлердің де әр алуан екендігін айту қажеттігі туындайды.

«Әдебиет әдістемесі- педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның: қамтитын: объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді.Бірақ әдебиет әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін ғана өз шеңберінде алып баяндайды», — деп жазды көрнекті әдіскер-ғалым А.Көшімбаев. Бұдан әдебиет әдістемесі ғылымы мен жалпы педагогика ғылымының өзара байланыста болатынын көреміз.

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістемесінің қысқаша тарихы

Жоспары: 1. 1917 жылға дейін үш түрлі мектептің (қадым мектебі, жәдит

мектебі, медреселік білім беру жүйесі) болуы.

2. Ы.Алтынсариннің ағартушылық еңбегі.

3. Кеңестік дәуірдегі әдебиетті оқыту әдістемесінің үш кезеңі

(1917-1927, 1928-1938, 1939-1990) ерекшеліктері. Әдістемеші ғалымдар еңбектері.

4. 1990-2000 жылдардағы еліміздегі жалпы және орта білім

жүйесіндегі түбнгейлі бетбұрыс. Қазақ ұлттық мектебінің дүниеге келуі, тұжырымдамасы (1991, 1997). Оқытудың жаңа технологиясы, модульдық жүйе.

Әдебиеттер: 4, 5, 9, 10, 14

1. Қазақ жерінде 1917 жылға дейін үш түрлі мектеп болды. Олар: қадым мектебі, жәдит мектебі, медреселік білім беру жүйесі. Осы кезде Абай секілді ғұламалар Ахмет –Риза, Ғабұл –Жаппар т.б. медреселерде оқып, дін сабақтарын (олар араб, парсы тілдерінде дүрген) өткен.

2. Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсариннің еңбегі зор. Ол орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Соларға еліктеп қазақ тілінде «Қазақ хрестоматиясын» жазады. «Бұл кітапты құрастырғанда мен, - деп жазды Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, - біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс – қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім».

3. Кеңестік дәуірдегі әдебиетті оқыту әдістемесінің үш кезеңі бізге мәлім. Олар: 1917-1927, 1928-1938, 1939-1990 жылдар аралығы. Осы кезеңде әдістемеші ғалымдар әдебиетті оқыту әдістемесі бойынша көп еңбектенді. Олардың қатарына Кудряшев Н.А., Родкович Я.А., Ақшолақов Т., Қоңыратбаев Ә., Көшінбаев А сияқты әдістемеші ғалымдарды жатқызуға болады.

4. Егемен елімізде болып жатқан түбірлі жаңарулар мектептегі оқу үрдісімен жалпы білім беру жүйесіне де игі әсерін тигізіп, білім беру жүйесін қайта құру, ол үшін педагогикалық иновация талаптарына сәйкес шын ізденістерге жол ашу сияқты күрделі мәселелерді алға қоюда. Қазақ ұлттық мектебіміздің талап – мүддесіне сай білім беру құрылымын жетілдіру, оқытудың тиімді әдістерді пайдалану арқылы оқушының білімге деген қызығушылығын арттыру, белсенділігін қалыптастыру оқытудың жаңа технологиялары арқылы жүзеге асады. Осы уақытқа дейін оқушы мұғалім мен оқулыққа бағынатын тыңдаушы ғана болса, енді ол өз ойын дәлелдей алатын тұлғаға айналу үстінде.

Дәріс

Тақырыбы: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің негізін қалаушылар

Жоспары: 1. Қоңыратбаев Ә.-тұңғыш әдебиетті оқыту әдістемесінің іргесін қалаушы.

2. Қоңыратбаев Ә. Еңбектеріне талдау жүргізу.

3. Көшімбаев А.-әдебиетті оқыту әдістемесінің негізін салушы екендігі.

Қоңыратбаев Ә.-тұңғыш әдебиетті оқыту әдістемесінің іргесін қалаушы. «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері»(1962), «Әдебиетті оқыту методикасы»(1966) еңбегі. «Әдебиеттік оқудың басты міндеттерінің бірі қоғам өмірі,адам проблемасы жайында ұғым,білім берумен қатар жастардың мінез құлқын, тұлғасын жасап, идеялық адамгершілік тәрбие беру болмақ». Еңбекте әдебиеттік оқудың міндеті мен методикасы, көркем мәтін бойынша жұмыс істеу,көркем мәтін бойынша шығарманы тапдау, жанр оқытудың методикасы, жазба жұмыстар туралы айтылды. Мектептегі қазақ әдебиетінің әдебиеттік оқу сатысының әдістемесін ғылыми түрде зерттеуі, мектептегі әдебиетті оқытудың жүйесін толық қарастыруы, жазба жұмыстар жүйесін қарастыруы, «Мұны тарихи,ғылыми курс деп атауымыз бір жағынан балаға бір кезеңнің әдебиетін мен тарихы туралы мәлімет береді...» деуі, яғни оқушыларға әдебиетке заман тұрғысынан баға беруге үйрету негізгі орынға қойылған. Автордың кемшілігі:әдебиетті көркем өнер ретінде қабылдай оқытуды қарастырмағаны,жеке өлеңдер, дастандарды , ауыз әдебиеті үлгілерін, прозалық шығармаларды драманы оқыту әдістері толық ашылмаған. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуына айрықша еңбек етуі.

Көшімбаев А.-әдебиетті оқыту әдістемесінің негізін салушы екендігі. «Сегіз жылдық мектепте әдебиетті оқыту методикасы»(1958), «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы»(1969)еңбегі.Еңбекте қазақ әдебиеті әдістемесі туралы, оның ғылыми пән екендігі, мақсаты мен міндеттері,білім мазмұны, ұстанымдары,әдіс, тәсілдері,,сыныптан тыс әдеби жұмыстардың түрлері туралы айтылуы. Еңбектердің қазірге дейін маңызын жоймай, жоғары оқу орындарында оқулық міндетін атқаруы. «Әдебиет методикасы педагогикалық

ғылымдар саласына жататын ғылыми пән».Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін ғылым ретінде айқындап, ғылыми негізде дәйектеуге алғаш рет үлес қосқан ғалым.Әдістеменің міндеттері мен мазмұнын ашуы, оның қағидаларын :эстетикалық этикалық мәселелерін, ойлау мәдениетіне үйрету сияқты тұжырымдамалық пікірлерін тұңғыш рет ғылыми негізге түсіруі. Әдебиетті оқытудың жетекші ұстанымдары мен қолданылатын негізгі амал,тәсілдерін белгілеуі.

Дәріс

Тақырыбы: Жалпы білім беретін мектептегі әдебиет курсының мазмұны

мен құрылысы.

Жоспары: 1. Бастауыш (1-4), базалық білім (5-9) сыныптарда берілетін

әдеби білім көлемі, өтілу принциптері мен мақсаты.

2. 10-11 сыныптардағы тарихи - әдебиеттік курстың ғылыми

негіздері, мақсаты, әдістемелік құрылымы, кезеңдері, тарихи – хронологиялық принциптері.

Әдебиеттер: 7, 9, 10, 11, 28, 41, 49, 53

1 кезең 1-4 сыныптар (бастауыш)

2 кезең 5-9 сынптар (базалық білім)

3 кезең 10-11 сыныптар (тарихи - әдебиеттік курс)

1 кезеңнің негізгі міндеті оқуға, жаза білуге, мазмұндауға үйретуге, көркем туындыға оқушы ынтасын қалыптастырудың алғашқы баспалдағы болумен айқындалады.

2 кезеңде көркем сөздің шығармадағы ролін, маңызын танып – білу жұмыстары жүргізіледі. Көркем туындыдағы авторлық көзқарасты танып – білу үйретіледі (көркем образ, сол арқылы автор идеясына болжам жасау).

Оқу бағдарламасында оқуға ұсынылып отырған шығармалар жанрлық жағынан қамтылады. Оқушылардың көркем шығармалардың әрі жанрдан тұратынын түсініп білуі, осы кезеңнен басталады. Көркем туынды туралы өз ой- пікірлерін айтуға дағдыландыру, шағын әдеби айтысқа жетелеу, сөйтіп, әдеби талдау дағдыларын қалыптастыру, осы кезеңде жүргізіледі.

2. Келесі кезеңде әдебиетті оқыту ауыз әдебиетінен басталып, әдебиет тарихымен жалғастырылады. Оқушыларды өз бетімен көркем туындыны оқуға, талдауға баулу, әдебиет теориясынан алған білімдерін жетілдіру осы кезеңге тән. Оқулардың оқырман ретінде оқитын туындыларын өздері таңдап алу қабілеттері жетілдіріледі. Мағлұматтар тереңдетіліп беріледі. Көркем туындыға олардың сын көзбен қарауы (төменгі сыныптардағыдай тартымды, сюжетті шығармаларды оқуға қызығушылығы т.б.) қалыптасады.

Ресейлік жаңашыл ұстаз Е.Ильин айтқандай, көркем туындының ішкі, сыртқы қасиетін, табиғатын тереңдете түсінуге көмек жасау, оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулу, олардың алдына өз бетерімен шешуді талап ететін әр түрлі проблемалар қою, әрі оның жауабын тапқыза білуге жетелеу, сондай –ақ әдебиетану ғылымы мен сыннан тыс қалған, тың мәселелердің жауабын іздетуге баулу да осы кезеңнің міндеті.

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиетті оқытуда базалық білім курсы мен тарихи - әдеби

курсты жоспарлау әдістері.

Жоспары: 1. Сабақ өтуді алдын – ала жоспарлаудың оқушының

жүйелі әдеби – эстетикалық түсінігін қалыптастырудағы ролі.

2. Календарлық, тақырыптық, сабақ жоспарларын жасау

әдістемесі, құрылымы.

3. Әдебиет оқулықтары мен оқу құралдары, олардың мазмұны

мен ғылыми аппараты

Әдебиеттер: 2, 3, 4, 11, 28, 36, 53, 42

1. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы имандылыққа, инабаттылықа, парасаттылыққа, сулыққа т.б. тәрбиелеу, оқушылардың жүйелі әдеби – эстетикалық түсінігін қалыптастыру. Ольүшін өтілетін сабақты алдын - ала жоспарлау керек. Алдын – ала жоспарланған сабақ жүйелі өтіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады.

2. Бүгінгі таңда мектеп өмірінде мынадай жоспарлардың түрлері бар:

1. Күнтізбелік (календарлық, жылдық) жоспар

2. Тақырыптық (күнделікті сабақ жоспары) жоспар

Күнтізбелік жоспар оқу жоспары мен оқу бағдарламасының бірлігін сақтап жасалынатын жоспардың түрі. Онда оқылатын әр тарауға қанша сағат берілетіні, қай уақытта өтілетіні (айы, күні), көрнекіліктер, пәнаралық байланыс, әдіс – тәсілдер, әдебиет теориясынан қандай материалдар қамтитыны көрсетіледі. Бұл жоспар күнделікті сабақты дұрыс ұйымдастыруға қажет.

Тақырыптық жоспардың құрылымы сегіз кезеңнен тұрады:

1. Ұйымдастыру кезеңі

2. Үй тапсырмасын сұрау

3. Үйтапсырмасын қорыту

4. Жаңа сабаққа кіріспе

5. Жаңа сабақ

6. Жаңа сабақты пысықтау

7. Үйге тапсырма беру

8. Жаңа сабақты бекіту

3. Төменгі сыныптардың әдебиет оқулықтарында ақын – жазушылардың өмірінен қысқаша мәлімет беріліп, шығармалары үзінді ретінде беріледі.

Жоғарғы сыныптардағы әдебиет курсының құрамы төмендегідей:

9 сыныпта – Қазақ әдебиетінің үлгілері.

10 сыныпта – ХІХ ғ. Бірінші жартысы – 1916 ж.ж. әдебиет

11 сыныпта – Қазан төңкерісінен кейінгі дәуір мен бүгінгі әдеби процесс

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістері

Жоспары: 1. Әдебиетті оқытудың методологиялық принциптері.

2. Оқыту әдістері. Оқытудың ауызекі әдістері, көрнекілік әдістері,

практикалық әдістері. Скакин, Лернер, Кудряшев т.б.

ғалымдар ұсынған оқыту әдістерінің 5 түрлі жүйесі. Оқытудың

шығармашылық оқу, эвристикалық, репродуктивтік әдістері.

Әдебиеттер: 4, 5, 8, 9, 10, 18, 27, 41, 48, 53

1. Оқыту барысының нәтижелі, жемісті болуы мұғалім әдістемесіне, шеберлігіне де байланысты. Әдіс – тәсілдер деген не? Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе – мұғалім оқытуы, екінші мәселе – оқушының оқуы. Мұғалім мен оқушының осы ара қатынасы әр түрлі оқу қызметтері, оқыту әдісіне жатады. Әдебиетті оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, түсіндірмелі – иллюстративтік әдіс немесе репродуктивтік әдіс, эвристикалық әдіс, зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, проблемалық баяндау әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше.

2. И.Л.Лернер, Е.И.Скаткин, Кудряшев т.б. ғалымдар оқыту әдістемесін былай бөледі: түсіндірмелі – иллюстрациялы, проблемалық – мазмұндау, ішінара іздену т.б. әдістер.

Академик Н.Ю.Бабанский өзінің «Оқу – тәрбие процесін оптималдандыру» деген еңбегінде әдістерді мынадай үлкен үш топқа жинақтайды.

1. Оқушылардың оқу – таным қызметін ұйымдастыру әдістері.

2. Оқушылардың оқу – таным қызметін көтермелеу әдістері.

3. Оқу – таным қызметінің тиімділігін бақылау әдістері.

Әр топ бірнеше оқыту әдістерінен тұрады. Мысалы, - топтағы оқыту әдістеріне: сөздік (әңгіме, пікірлесу), көрнекілік (иллюстрация, портрет, суреттеу), практикалық ( поэтикалық талдау, көркем мәтінмен жұмыс) әдістер жатады. Сондай – ақ репродуктивтік, эвристикалық әдістерді де осы топтарға жатқызуға болады. Кейбір әдістерге тоқталайық.

Көрнекілік әдіс. Берілген білім мазмұны көрнекілікті тілеп тұрғанда, уақыт үнемдеуде, әсіресе, оқушы психологиясына әсер ету мақсатында өте тиімді.

Практикалық әдістер. Оқушылардың теориялық білімін практикада пайдалана білу дәрежелерін жетілдіреді.

Сөздік әдіс. Берілетін білім ақпараттық сипаттау болғанда, білімді қалыптастыру, соның ішінде теориялық білім беру. Жаңа ұғымды оқушыға жеткізуде бұл әдіс өте тиімді.

Зерттеу әдісі. Берілетін білімнің ғылымилығын арттыру, қосымша матеиалдармен байыту, оқушыларды іздендіру, өз беттерімен проблема шештіру мәселелерінде тиімді.

Лекция

Тақырыбы: Сабақ беру кезеңіндегі мұғалімнің мақсаты мен міндеттері.

Жоспары: 1. Әдебиет пәнінің мұғалімі және оның адамдық, азаматтық,

ұстаздық келбеті.

2. Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев,

С.Көбеев, Қ.Айтқалиев, Қ.Бітібаева т.б қайраткер ұстаздардың

мұғалімдік тәжірибелері.

Әдебиеттер: 8, 15, 18, 24, 28, 49, 53, 48

1. Мұғалім білім үйретуші, тәрбие беруші, ұлағатты ұстаз. Ол жайлы мынадай пікірлер бар.

Я.А.Каменский: «Оқытушы болу – қасиетті жұмыс»

К.Д.Ушинский: «Мұғалім жас жан үшін жаралған күн сәулесі»

Ы.Алтынсарин: «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі»

2. Ы.Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Көбеев, Қ.Айтқалиев, Қ.Бітібаева т.б. қайраткер ұстаздарымыз әдеби шығармалар мен зерттеу еңбектер жазумен қатар мұғалімдік қызметтер де атқарған. Мысалы, Ы.Алтынсарин өзі сұранып Торғай мектебінде оқытушы болады.

3. Мектепке барғанда мұғалім үш сынақтан өтеді. Олар: киім киюі, мінез-құлқы, білімі саналады. Уақыт талабына сай болу үшін мұғалім сабақ беру барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдаланғаны жөн. Мұғалімнің мынадай міндеттері бар: 1. Мұғалімнің бірінші міндеті шәкірттеріне жан-жақты білім беріп және оларды тәрбиелеу.

2. Мұғалім өз пәнін жетік біліп, басқа пәндердің де негізін білуі тиіс.

3. Мұғалім жаңа ғылыми әдебиеттермен үздіксіз танысып, оларды

оқуға тиіс.

4. Мұғалім әдебиетті оқыту әдістерін жан –жақты терең білуі тиіс.

5. Мұғалім баланың жас ерекшелігін, мінез –құлқын жақсы білетін көреген, әділ, адал адам болуы тиіс.

6. Мұғалімде педагогтық әдеп, сабырлық болуы тиіс.

7. Сабақ беру барысында мұғалім мынадай техникалық ерекшеліктерді ескеруі тиіс:

1. дауыс ырғағы

2. сыңай білдіру

3. көз тастау

4. сыпайылық, инабаттылық

5. бет құбылыс

Дәріс

Тақырыбы: Қазақ әдебиетін оқытудың тиімді жолдары

Жоспары: 1. Жаңа педагогикалық технологияны қолданудың маңызы

2. Қазақ әдебиетін меңгертуде негізгі тиімді әдіс-тәсілдер

Әдебиеттер: 6, 12 ,20, 22, 31, 33.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шындауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;... оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым- қатынасқа өту қажеттілігі туындайды.

Сондықтан да қазіргі қоғамымызда әр мұғалім өз іс- әрекетінде қажетті өзгерістерді әр түрлі тәжірибелер жөніндегі мағлұматтарды жаңа әдіс-тәсілдерді дер кезінде қабылдап дұрыс пайдалана білуі керек. Сонымен қатар мектептегі оқу- тәрбие жүйесі, мұғалім- оқушы арасындағы қарым-қатынас жалпы оқытуды ұйымдастыру талапқа сай елеулі өзгерістерді қажет етіп отыр.

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс- әрекетінің ғылыми- педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

Инновация – педагогикалық процеске оқыту мен тәрбиенің жаңа тұжырымдамаларын, оқу жоспарларын және бағдарламарын, түрлерін, әдістерін, құралдарын енгізіп,мақсатқа жету.Инновациялық үрдіссіз мектептің дамуы мүмкін емес. Инновациялық мектептердің мақсаты – жеке тұлғаны жан-жақты дамыту.

Инновациялық үрдісті зерттеу барысында жүйенің бір жағдайдан екінші бір жағдайға көшуі және жаңалықты енгізу үрдісіне басшылық жасау мәселелерін зерттеу маңыздылығы Н.В.Горбунова, М.В.Кларин, А.В.Лоренсов,М.М.Поташник,Л.И.Романова, В.И.Загвязинский,А.Я.Найн, Т.И.Шамова, О.Г.Хомерики т.б. зерттеулерінде қарастырылған.

Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып , біз оқыту технологияларының тиімді жақтарын таңдап алуымыз қажет және оқу-тәрбие үрдісінде озық технологияларды белсенділікпен енгізуіміз керек.

Еліміздің болашағы көркейіп өркениетті елдің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі білім беру саласындағы мәселе- әлеуметтік – педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру, оны өмірге пайдалану.

Мемлекеттік білім стандарты деңгеінде оқыту үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны өндіруді міндеттейді.

Жаңа технологиялардың ішінде модульдік технологияны қолданудың маңызы зор. Бұл технологиямен жұмыс барысында мұғалім структуралық бөлімдерді мазмұнмен байытады, тәжірибе жинақтайды. Жеке тақырыпты модульдік оқыту жағдайында сабақтың ақпараттық структуралық компонеттерінің мазмұны төмендегіше анықталады.

1.Сабақ мазмұнын оқу элементтеріне бөліп оған мақсат қоя білу.

2. Оқу мазмұнын оқу элементтері бойынша деңгейлеп беру.

3.Оқушының сыныптан тыс қызметін ұйымдастыру.

4.Сабақтың логикалық құрылымын белгілеу.

5.Түзету- ескертпе жасау.

Жалпы оқу процесін бүтіндей модульдік оқытуға бейімдеу ісі оқу пәнінің бүтіндей курсын тақырыптың немесе тарау, бөлім бойынша модульдеуге, сабақтың ақпараттық- структуралық компонеттерін жасауға тікелей байланысты. Сабақта электронды кітаптарды пайдаланудың да маңызы зор. Себебі, ол оқушының танымдық көзқарасын қалыптастыруға, ізденіс ұлғайтуға, шығармашылық қабілетін арттыруға, өзіндік жұмыстарды тез орындауға көмектеседі. Оқу үрдісінде жаңа технологияларды қолдану аса маңызды.

Осы технологияларды пайдаланудың тиімді тұстары:

-оқушының пәнге деген жеке қызығушылығын оятады;

- танымдық қабілеттілігін қалыптастырады;

- оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды;

-мұғалімнің уақытын үнемдейді;

- қосымша мәліметтерді береді.

Жаңа технологияларды сабақта қолданудың тиімділігін қашан да жолға қоярымыз анық. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту өте күрделі мәселелердің бірі. Мен өз сабақтарымда мынадай талаптар қоямын. Жаңа технологияны қолдана отырып, сапалы және терең білім беру оқушының ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін арттыру.

Дәріс

Тақырыбы: Көркем шығарманы оқыту.

Жоспары: 1. Мәтінді меңгертудің талдау – жинақтау арқылы жүргізілетіні.

Көркем туындыны талдаудың педагогикалық принциптері.

Образдық, тақырыптық, проблемалық, тұтас талдаулар,

олардың өзара сабақтастығы.

2. Эпикалық шығарманы оқыту, өзіндік ерекшеліктері

3. Драмалық шығарманы оқыту әдістемесі.

4. Лириканы оқыту жолдары.

Әдебиеттер: 6, 12 ,20, 22, 24, 28, 31, 33, 51

1. Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Қай көркем шығарманы оқыса да, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушы көркем туындыны өз дүниетанымы, сезімі, білім дәрежесіне байланысты қабылдайды. Әдеби талдаудың басты мақсаты оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін - әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады.

Әдебиеттану ғылымы әдеби талдауда ең басты мына мәселелерге көңіл аудартады (ғылыми талдаудың негізгі принциптері мынадай):

а) Көркем туындыдағы авторлық көзқарас

ә) көркем туындыдағы мазмұн мен форма бірлігі.

б) суреткердің көркем тәсілі, дүниетанымы, көзқарасы, олардың арасындағы байланысты ашу.

Мектепте әдеби талдаудың үш жолын пайдаланады.

1. Автор ізімен талдау, мұны тұтас талдау дейді.

2. Кейіпкерлерге талдау

3. Тақырыпты проблемалық талдау

2. Эпикалық шығармаларды оқытуда, талдауда міндетті түрде мына мәселелер басшылыққа алынады:

а) көркем шығарманың сюжеті, көтерген тақырыбы, проблематикасы

ә) көркем образдар, образдар галереясы

б) автор – көркем туындыны жасаушы, көркем туындыны жасаушы.

Автор және көркем туынды.

3. Әдебиеттің басқа жанрына қарағанда драмалық шығармаралды оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік драмалық туындылардың жанрлық табиғатына тікелей байланысты болып келеді. Себебі, әдебиеттің проза, лирика жанрларында айтатын ой, кейіпкерлер іс- әрекеті, көрініс, сахна бірінші кезекте болады. Авторлық ой, мақсаты, көзқарас бұл шығармаларда көмескі жатады. Ол әр кейіпкер сөзі, іс-әрекетінде өмір сүреді.

4. Лириканы оқыту күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым – қатынасында. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай меңгерді, қалай сезді, неге тебіренді, қандай көңіл – күйде болды, оны тексеру де мұғалімге оңай соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиет сабақтарында көркем шығармамен жұмыс істеу

кезеңдері.

Жоспары: 1. Сабақ және олардың кезеңдері. (Кіріспе сабақ, көркем

мәтінмен жұмыс кезеңі, қорытынды сабақ).

2. Жазушы өмірбаянын, шолу тақырыптарды, әдебиет теориясы

мәселелерін оқыту. Сабақта әдеби – сын мұраларды пайдалану.

Әдебиеттер: 6, 13, 20, 22, 29, 33, 34, 38, 39

1. Мұғалімнің алдына қойған оқу – тәрбие мақсаты, көркем шығарманың өзіне ерекшелігіне қарай кіріспе жұмыстары әр түрлі болып келеді. Кіріспе жұмыстары өткелі отырған тақырыпқа оқушыны қызықтыру, эмоцияларына әсер ету мақсатында жүргізіледі. Оны әңгімелеу, сол тақырыпқа байланысты қосымша материалдарды, көрнекіліктерді пайдалану арқылы немесе кинофрагменттерді көрсету т.б. жұмыстар негізінде ұйымдастыруға болады.

Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Балаға көркем туындыны оқытпай, әдебиеттен білім беру мүмкін нәрсе емес. Көркем туындыны оқуды ұйымдастыру, әрі бақылау жасауда баланы қажыттырмау, жалықтырмау керек.

Қорытынды жұмыстарда оқушылар мәтінді қайталап оқып, не болмаса уақыттың бәрін оны талдауға жұмсайды. Балалар оқыған дүниелеріне қайта айналып соғады. Қорытынды сабақтарды қалай ұйымдастыру әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне байланысты болмақ.

2. Мектепте ақын – жазушылар өмірін оқтудың маңызы зор, әрі әдебиетті оқытудың күрделі бір саласы болып табылады. Қай ақын – жазушыны алмайық, оның шығармашылығында қол жеткен табысында өзі өмір сүрген орта мен шыққан ортасы, өмір жолының ізі жатада. Қай шығарма суреткердің қай өмір кезеңіне байланысты туған, ол шығарманың жазылу себебі не, т.с.с. мәселелерге де олардың өмір жолы жауап бермек.

Шолу тақырыптар ІХ- ХІ сыныптар бойынша беріледі. Әдеби құбылыстарды тарихи – қоғамдық мәселелер ауқымында қарастыруда оның саяси - әлеуметтік бейнесімен бірге түсіндіруде бұл тақырыптардың маңызы ерекше болады.

Мектептегі әдебиет теориясынан берілетін білім көркем шығарма табиғатын танудың құралы, кілті болып есептеледі. Одан білім беру жеке қарастырылмайды, ол көркем шығармамен тығыз байланыста, оны оқып – үйрену кезінде қалыптасады. Оқушыларда оқылатын материалдар ерешелігіне байланысты әдебиет теориясы ұғымдарына түсінік беріліп отырады.

Оқу бағдарламасында әдеби сын – зерттеу еңбектерін оқытуға арнайы сағат берілген. Сын – зерттеу еңбектерін оқыту мынадай жолдармен жүзеге асады:

1. Еңбекті толық оқыту, арнайы оқыту;

2. Ең негізгі түйінін, пәнін бөліп ала отырып, оқыту;

3. Өтіліп жатқан шығармаға ғана байланысты ішінара керекті пікір,

ойларын теріп алып, оқыту

Дәріс

Тақырыбы: Әр түрлі жанрдағы шығармаларды оқыту

Жоспары: 1. Поэзиялық шығармаларды оқыту

2. Прозалық шығармаларды оқыту.

3. Драмалық, эпикалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдары.

Әдебиеттер: 6, 13, 20, 22, 29, 33, 34, 38, 39

Көркем шығарманы оқытудың, мәтінді меңгертудің талдау-жинақтау арқылы жүретіні. Талдау түрлерінің жүзеге асуы. Образды талдау, тақырыптық талдау, проблемалық талдаудың жүзеге асырылуы. Авторлық позиция мен туындының тақырыбын түсіне білуге ұмтылдыру.

Эпикалық туындыны оқытуда проблемалық оқыту, ізденушілік қызметтің мол

болуының қарастырылуы. Драмалық шығарма ны оқытуда акт, көрініс, шегініс ,монолог,диалог, ремарка, драмалық образ,оның көркемдік сипатына зер салу,сахналық қойылым, драматург, режиссер,актер, суретші еңбегі, декорация, музыкалық көркемдеу, т.б. ұғымдардың қатыстырылуы мен жүзеге асуы. Драмалық шығармалардың мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері,сценарий жазуды үйрету. Прозаны оқытуда әр түрлі талдау әдістерін қолдану мүмкіндігі.Т.Ақшолақов «Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын

таныту» кітабы. Лирикалық жанрды оқытуда лириканың ақындық тіл, сезім, авторлық пафос, суреткерлік қуат ,ой нақтылығын, табиғи бояуды есте ұстау арқылы , Лирикадағы азаматтық үн,сөз астарына үңілу,жеке сөз,сөз тіркесі мен сөйлемдегі көркемдік бояуды,эмоциялық реңкті аңғару,мазмұн мен форма бірілігін сақтау заңдылығын, бейнелеу көрнекілігін ескере отырып оқитындығы.

Дебиетті оқыту – ғылым саласымен тығыз байланысқан. Себебі, ғылымның қай саласын алсаңыз да теориялық және қолданбалы практикалық мәндес болады деп білсек, әдебиетті оқыту арқылы оқушыға көркем шығарманы оқытуды қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін бірлікте қарастырумен қатар оның өнер екендігін де ескерген жөн. Өйткені игерілуге тиісті ұғым, сөздің мәні, айтылмақ ой – түсінік оқушыға әсер етерліктей болса, ол тиісті деңгейде көңіл толқытып, тереңірек ойланады. Сондай – ақ әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі бір жағынан тұлғаны әрекетке итермелесе, екінші жағынан пәнге деген қызығушылықты арттырып, көркем шығарманы оқуға талпындырады.

Поэзиялық шығарманы оқыту міндеттері: оқушының:

- поэзиялық шығарманы оқуға деген қызығушылығын, ынтазарлығын ояту, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;

- сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем – дағдылар қалыптастыру;

- ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой – пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу.

Драмалық шығармаларды оқытқанда, оның өзіне тән ерекшелігі ескеріледі. Мұнда автордың баяндауы, суреттеулер, кейіпкерлер мінезі мен портреті берілмейді. Драмалық туындыда кейіпкер‑қатысушылар өздері сөйлейді. Пьеса оқиғасы басталмас бұрын, оған қатысушылар, олардың кім екендігі беріледі. Әрі қарай кейіпкерлер сөйлеу, өз ойларын айту, оқиғаға қатысу арқылы беріледі. Пьесадағы кейіпкерлердің көңіл‑күйі, қимыл‑қозғалысы автордың түсініктемесі (ремарка) арқылы беріледі. Қазақ драмасын қаһармандық, саяси‑әлеуметтік, тарихи‑ғұмырнамалық (Р.Нұрғали) деп бөлу оның табиғатының түрлілігінен хабар береді.

Драмалық шығармаларды өтерде мұғалім оқушыларға мынадай жұмыс түрлерін жүргіздіртуіне болады:

- мұғалім алдымен өзі оқып көрсетеді;

- оқушылар рөлдерге бөліп оқиды;

- пьесадағы негізгі тартысты анықтайды;

- басты кейіпкерлерге мінездеме береді;

- сюжет желісін бақылай отырып, әр көрініске тақырып ойлайды.

Дәріс

Тақырыбы: Әдебиет сабағы және оның мектептік пәндер жүйесіндегі

орны.

Жоспары: 1. Әдебиет сабағы және оның мектептік пәндер жүйесі.

2. Ауызша тіл дамыту жұмыстары (мәнерлеп оқу, ауызша

мазмұндау, талдау т.б.). Жазба жұмыстары арқылы тіл дамыту.

Жазу жұмыстарының түрлері (мазмұндама, шығарма).

3. Оқушы білімін есепке алу, бағалау (күнделікті, тоқсандық,

жылдық бағалау).

4. Әдебиет сабағының көрнекілігі, түрлері. Техникалық құралдар,

түрлері, тиімділігі.

Әдебиеттер: 7, 14, 19, 25, 27, 34, 35, 37, 40, 43, 46, 52

1. Мектептегі әдебиет пәні – негізгі эстетикалық пән. Өйткені - әдебиет сөз өнері. Әдебиеттегі ұлағатты адамдар адамтану құралы десе, әдебиет пәнін адамды тәрбиелеу құралы деп атауға болады. Әдебиеттің басқа пәндерден айырмашылығы – онда дәлелденген ешқандай заң жүйесінің, формулалардың, элементтердің, бұлжымас, айнымас ережелердің жоқтығы. Қазақ әдебиетінде әр зерттеуші шығарманы әр қырынан қарастырады, өзіндік пікір айтады. Бұл әдебиеттің өзіндік ерекшелігі.

2. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие алдымен сөз арқылы жүзеге асады. Сондықтан оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетшілер, тілшілер мақсаты емес, ол бүкіл мектептің басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап. Оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін арттыруда пікірталасы, сайыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар т.б. сабақтардың орны зор.

3. Оқушылардың білімін тексерудің негізгі 2 жолы бар:

1. күнделікті тексеру

2. қорытынды тексеру

Екі тексеруде де тексеру ісі ауызша және жазбаша түрде жүргізіледі. Оқушыларды күнделікті тексеруде сұрақ-жауап әдісі, есеп беру жүйесі, бақылау жұмыстары жүргізіледі. Тексеру нәтижелері сынып журналы мен оқушылардың күнделігіне қойылады.

Бағаның қалыпты үш түрі бар:

1. күнделікті баға

2. тоқсандық баға

3. жылдық баға

4. Оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда көрнекіліктердің өзіндік маңызы, орны бар. Көрнекіліктің түрлері: көруге негізделген көрнекіліктер (портрет, мүсін, сурет, макет, фотографиялар, т.б.) естуге негізделген көрнекіліктер (үнтаспаға жазылған музыка, ертегі, батырлар жыры, өлеңдер, т.б.) , көру, есту көрнекіліктерінің екеуіне де жататын көрнекіліктер (кино, телехабарлар).

Дәріс

Тақырыбы:Әдебиет бойынша сыныптан тыс сабақ және сыныптан тыс жұмыстар.

Жоспары: 1. Мерекелік даталарға арналған әдеби шаралар, поэзия кештері, әдеби конференциялар, әдебиет үйірмес, т.б. жұмыстар.

2. Сыныптан тыс оқу, жоспарлау.

Әдебиеттер:8, 18, 21, 23, 59.

1. Мектепте әдебиетті оқыту барысында сыныптан тыс жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуге тиіс.

Оқушылар еңбегін ғылыми түрде ұйымдастыру, бос уақыттарын пайдалы, тиімді өткізу де, инабаттылық, имандылық, адамгершілік сияқты биік гуманистік қасиеиттерге баулуда, ұлттық өнерді, халық өнерін қастерлеу, қорғауда да сыныптан тыс жұмыстардың жас ұрпаққа берері, үйретері көп.

Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың қабілеті, икемі, дарыны, жеке ынтасы негізінде ұйымдастырылады және бірнеше салаға бөлінеді. Үйірме жұмыстары- сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры.

Әдеби-шығармашылық үйірмелердің сонымен қатар «Шешендік өнер», «Айтыс», «Термеші» сияқты фольклорға негізделген түрлері, әсіресе, соңғы кездерде тәжірибеге көптеп енгізілуде.

2. Жас өкіндердің сөз құдіретіне деген сезімін оятуда, әдеби дүниетанымын кеңейтуде, өз беттерімен көркем шығармалар оқуға баулуда, оқырмандардың дағдысын қалыптастыруда сыныптан тыс жұмыстардың маңызы, ролі ерекше болып келеді.

Сыныптан тыс оқулардың басты мақсаттарының бірі – кітаппен жұмыс істеуге үйрету, өз беттерімен оны тыңдай білу, оқығандарының ішінен ең бастысы, ең негзгі мәселелерді еске ұстау дағдыларын қалыптастыру. Сыныптан тыс оқу сабақтарын ізденіспен өткізетін мұғалімдер кабинетте, кітапханада арнай «Сыныптан тыс» оқу бұрышын ұйымдастырады.

Ең басты мәселе, мұғалім оқушылардың сыныптан тас оқуын, сыныптан тыс оқу сабақтарын ғылыми түрде, тиімді, қызықты ұйымдастыра білуі керек.

Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың қабілеті, икемі, дарыны, жеке ынтасы негізінде ұйымдастырылады және бірнеше салаға бөлінеді. Олар: үйірме, сыныптан тыс оқу, конференциялар, викториналар, апталықтар, әдеби кештер т.б.

Үйірме жұмыстары -сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры. Оқушылардың пәнге қызығуы мен қатар белсенділігін көтеру үшін мектептерде әдебиет үйірмелері мен драмма үйірмелері жұмыс істейді. Бұл үйірмелерді көбіне әдебиет пәнінің мұғалімдері, өнерпаз ұстаздар, сынып жетекшілері жүргізеді. Үйірме жұмыстарының арнаулы органы – қолжазба журналы, газеті болады. Жұмыс жоспары жасалады. Мұндай істерге кейде жергілікті ақын – жазушылар да көмектесіп, белгілі бір секцияны басқарады. Әдеби – шығармашылық үйірмелерінің жас ақын – жазушылармен бірігіп жүргізуі нәтижелі болмақ. Әдеби – шығармашылық үйірмелердің, сонымен қатар, «Шешендік өнер», «Айтыс», «Термеші» сияқты фольклорға негізделген түрлері соңғы кездерде тәжірибеге көптеп енгізілуде.

Сыныптан тыс оқу сабағы - әдебиет сабағының жалғасы. Ол арқылы мұғалім оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді, оқыған шығармаларды есепке алады, қадағалайды, тексереді, оқушылардың қабілетін арттырады. Сыныптан тыс оқуға арналған сабақтарда оқушылар бірде сабақта аяқталмай қалған көркем шығарманы оқыса, бірде кейбір үстірт түсіндірілегн мәселеге қайта оралып, оны нақтылай, дәлелдей түседі, енді бірде оқушыларды алда болатын әдебиет сабағына дайындайды. Бұған қарап сыныптан тыс оқу сабағын қалыптағы дәстүрлі әдебиет сабағы деуге болмайды. Себебі, сынып сағатына қарағанда, мұнда оқушылардың дербес жұмысына, өзіндік ізденуіне, пікір еркіндігіне мол мүмкіндік беріледі. Сондай – ақ баланы жеке адам ретінде қалыптастыруға қажетті тәрбие жұмыстарын іске асыруда сыныптан тыс оқудың маңызы зор.

Сыныптан тыс кітап оқуды жүргізудің бірнеше әдіс-тәіслдері бар:

ü Сабақтан тыс уақытта мұғалімнің дауыстап кітап оқуы.

ü Ұйымдасқан түрде кітап оқу.

ü Топқа бөлініп кітап оқу.

ü Өз таңдаулары бойынша кітап оқу.

Оқушыларға ұсынатын шығармаларды алдымен мұғалім өзі оқып, оның мазмұнымен танысып алады. Сыныптан тыс оқу сабақтары бағдарламаның талаптары бойынша жүргізіледі, сонда көрсетілген қосымша оқуға және сыныптан тыс оқуға ұсынылған шығармалар негізге алынады. Сыныптан тыс оқуға раналған сабақтарда оқушылар, бірде сыныпта аяқталмай қалған көркем шығарманы оқып, бірде кейбір үстірт түсіндірілген мәселеге қайта тоқталып оны нақтылай, дәлелдей түседі.

Сыныптан тыс өз қалауымен оқылған кітаптарды дәптерге тізіп жазып отырған дұрыс, немесе мынадай кесте толтыруға болады.

Оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, үлгерімін жақсартатын сыныптан тыс жұмыстардың бір түрі - әдебиет апталығы. Апталықты өткізудің негізгі мақсаты - әдебиет пәні бойынша оқушылар білімін тереңдете түсу мен тиянақтандыру, оқушылардың өз бетінше ізденуі арқылы оны пайдалану дағдысын қалыптастыру. Әдебиет пәнінен өтілетін апталық аптаның алты күніне жоспарланып құрылады. Көбінесе апталықта жоспарланған істер сыныптан тыс уақыттарда жүргізіледі.

Дәріс

Тақырыбы:Әдебиет сабағында тіл дамыту жұмысы, жазба жұмысына төселдіру

Жоспары: 1. Тіл дамыту жұмыстарының маңызы

2. Оқушыны жазба жұмыстарына төселдірудің мәні

Әдебиеттер:8, 18, 21, 23, 59.

Мектепте әдебиет пәнін оқытатын мұғалімдерге қойылатын талап сынып жоғарылаған сайын күрделене береді. Оқушыларды ауызша сөйлеу мен ойын жазбаша жан‑жақты бере білуге дағдыландыру ‑ әдебиет сабағында жүзеге асады. Оқушылардың әдеби тілді меңгеруі әр түрлі тапсырмалар мен өздік жұмыс түрлерін орындату арқылы жүзеге асады. Бұл жұмыстар мәтінді талдаумен тығыз байланыста жүргізіледі. Мәселен, төменгі сыныптарда шағын, жай, хабарлы сөйлемдерге құрылған мәтіндер алынса, жоғары сыныптарда көлемдірек, суреттеме, диалогқа құрылған мәтіндер таныстырылады. Тіл ұстарту – оқушылардың әдеби тіл нормаларын сақтай отырып, көркем, айқын, нақты сөйлей алуы. Тіл дамытуда оқушыларға мәтінді дауыстап немесе іштей оқыту, мәнерлеп оқыту, мазмұндату, сұрақтарға жауап беру, көркемдік ерекшелігін талдау жұмыстарын жасайды. Одан әрі көркем шығарманың жекелеген элементтерін ажыратып, талдап, жай және күрделі жоспар түрлерін жасау жұмыстарымен жалғасады.

Тіл ұстарту жұмысының түрлері сыныптарға, оның ерекшеліктеріне сай жүргізіледі. Мәселен, ортаңғы сыныптарда төмендегідей тіл дамыту жұмыстарын жүргізуге болады:

Мазмұндау, олардың түрлері. Орта буын сыныпта әдебиетті оқытудағы негізгі жұмыстың бірі – оқушы тілін дамыту, ойын ауызша жүйелі айта білуге дағдыландыру. Мазмұндаудың бірнеше түрлері бар.

1) мәтінге жуық мазмұндау. Бұл көбіне ықшам мәтіндерге қолданылады. Мәселен, Ғ.Мүсірповтің “Ер ана” әңгімесін мәтінге жақын мазмұндау үстінде ондағы оқиға сюжет желісі сақталып, автор қолданған сөз тіркестері, қанатты сөздер, мақал‑мәтелдер тізбесі, сол сияқты пейзаж, портреттерді келтіре отырып мазмұндалады.

2) Көркем шығарманың мазмұнын қысқаша мазмұндау көлемді мәтіндерге қатысты. Онда оқушыдан өзі толық меңгерген шығарманың мазмұнын ықшамдап айту талап етіледі. Мәселен, повесть, роман жанрларының бөлімдері бойынша негізгі мәселелер жинақталып айтылады. Бұл мазмұндау оқушыларға мәтіннің негізгі түйінін ұғып, түсініп айта білуге дағдыландырады.

3) Шығарманың жағын өзгерте мазмұндау. Бұл оқушыға мәтінді жақынырақ түсінуге көмектеседі. Мәселен, С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романы, Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі бірінші жақтан баяндалған. Соны үшінші жақтан баяндатса, оқушы автор мен кейіпкер қатынасын ажыратып, кейіпкер бейнесін терең ұға алады.

Мәтiнмен жұмыс iстеу оқытушының жан-жақты iзденуiн, дайындалуын қажет етедi. Оқытушы барлық жұмыс түрлерiн қадағалап отыруы тиiс. Мысалы, оқытушы мәтiндi оқи отырып, оқушыларға таныс, бiлетiн сөздердi бөлiп алып, оларға сөз тiркестерiн, сөйлемдердi жазғызады. Оқушылар бұл тапсырманы толық орындайды. Жазған сөйлемдердi оқытушы оқытады.

Келесi кезекте мәтiндi қайтадан оқып, Оқушыларға түсiнiксiз таныс емес сөздердi тапқызып, оларды оқып, тақтаға (кейiн дәптерге) жазғызады. Бұл таныс емес сөздердiң аудармасын берiп, мағынасын түсiндiредi және мысалдар айтылып жазылады.

Оқытушы таныс емес сөздердiң айтылуын, жазылуын, мағынасын түсiндiргеннен кейiн, оқушыларға бұл сөздермен сөз тiркестерiн, сөйлемдердi құрастыруды тапсырады.

Өткен сабақта берiлген сөздердi қатыстырып, байланыстырып отыруы керек. Бұл жерде байланыстылық қағидасы сақталады.

Мәтiн бойынша сұрақтар қойып, оларға жауап бергiзу арқылы мәтiндi диалогқа (сұхбатқа) айналдыруға да болады. Мәтiн бойынша жоспар құру тиiмдi деп ойлаймын. Себебi, жоспар жасау мәтiндi жақсы түсiнуге, ойын жүйелi түрде жеткiзуге көмектеседi.

Наши рекомендации