Лмембеттің үшінші баласы Шоңай. 4 страница

Медеттің өзбек қызы әйелінен Бұлғақ туады. Одан екі бала - Асан

Үсен

Асанды Байболға береді. Бұлар Байболдың жаман балдары болып кетті. Үсенді Батырға береді. Одан жоққа жақын.

Жалпы Бәйімбет аталатын рудан Жәдігер тарайды. Одан екі бала - .... Жалпы Жәдігер өспеген ауыл, 100 шамалы үй.

Рысайдан (Сарқасқа) үш бала - Ақжігіт

Қармыс

Дарлықамыс

Сарқасқа жалпы аз ауыл, 100-150 үй шамасы. Сарқасқадан өнерлі адамдар шыққан. Белгілі Соқырша балаларының қолынан талай тамаша шеберлік келген. Олар ерші, өрікші, ұста болған. Шевченко қаласында Түркпенбаев Ноғай, Ембі ауданында Бекбаулиев Темір, Есенғараев Жайық, бәріде жоғары білімді.

Бәйімбеттің тағы бір баласы Алдаберді. Ол жастай өліп, одан Райымберді қалды. Райымбердіні Сабытай тәрбиелейді. Бәйімбет балалары енші алысқанда Райымберді жас болғандықтан Рысаймен (Сарқасқа) еншілес етедіде, Жәдігер Сабытайда қалады. Бұл тентек, соқтықпа болады.

Бұдан 120 жылдың шамасы бұрын Бейнеу станциясына жақын жерде Күйкен немесе Қызылқақ деген тоғыз ауыл Құрмантаған шабылғанда, (шабушы Хорезм ханының түркпен әскері) Адайдың көбі Маңғыстауға көшіп кетіп, аз ауыл Байбоз, Жанбоз және Көрпе сол жерде отырып қалған.

Жауға шабылатын Құрмантаған Сүгірәлі деп аталатын (негізі жетіру Жағалбайлы) Сабытайдың Жандайының қызын алып, Жандайға күйеу болсада Жандай болып кеткен. Небәрі 40 адам болып, жауды қуған. Арада 5-10 күн өткен соң ілгергі ауылдан келетін кісіні күте алмаған. Ал, шапқан түркпен 250 адам болса керек. Хорезмге жақындап, Бурабай деген шымырауда қуғыншы 40 кісі Адай жауға жетіп, бірден араласа ұрысқан. Қуғыншының жолы болып, жаудың табанда 50 адамын өлтіріп кеткен. Қуғыншыдан 4 адам өліп, 1 адам жаралы болып, жаудан жесір айырып, көп олжамен қайтқан. Жаудың оғынан өлгендер – Еснияз батыр, Қабыл - Жандайдың Көрпесі, оның Аралбайы, одан Сырлыбай болады. Сүгірәлі деген ауылдан Қабыл бетіне жаудың қылышы тиіп, жаралы болып, кейін жазылып кеткен. Жауды қууға аттанған 40 кісі туралы бір ауыз сөз. Мал мен жесір айдап кеткен түркмен жайбарақат сәскелік ас дайындап жатқан кезі екен (Шаш етіп деп Адайлар жолдағы адамның ертеңгі тамағын шаш дейді). Жаудың қарасын көріп, не болсада жапыра шабалық дегенде, Есенияз батыр Әлмен қайда деп бетіне қарағанда Әлмен дайынмын, сәті түссе сапар оңалар деп шаба араласып, бір түркпенді шаншып, боз арғымақпен жетегіне алыпты. 50 адам табанда өліп, қалғаны қашып, алас-қапас арпалыста Сүгірәлі Қабыл жараланып, жаяу қалған екен. Сонда Әлмен, аға ерте ауылға барғанда атты өзіме бересің депті. Бәріде тұқымы өскен, жапырағы жайылған ауылдар.

Бұл жөніндегі уақиғаға 120 жылдай уақыт болды дедік. Оған қандай айғақ болар екен, қазір тірі болса тұрағы Орск-Тұзтөбе, сол жаққа қоныс ауып, балаларының жұмысқа орналасу жағдайымен барған Азаматұлы Сатыбалды. Ол кісінің жылы қоян, биыл 91 жасында. 1962-63 жылдары Маңғыстаудағы туысқандарына қыдырып келді. Осыны жазып отырған мен сұрадым: Әкеңіз Азаматқа жиын бергенде мен 9 жаста едім, атқа шаптым. Сонда әкеңіз нешеде деп сұрадым. Сондағы Сатыбалды қарт: Тоғыз ауыл шабылғанда әкем 20 жаста екен, Есекем оны атқосшы етіп ертіп кетіпті. Есекей, Еснияз 63 жасында қажыға кетті. Адайға қажыға кеткен кісілерден әкем, оның туған қарындасы (Жаманадайға берілген) және Құнанорыс Мақтан келмей қалды. Молдалар шариғат бойынша өлді деп есептеп, енді ас беруге болады деп келіседі. Сол жылы Ұлу жылы еді. Сонда әкемнің жасы 69-да екен, деді. Мен қазір 75 жастамын. Сонда 115-120 жыл шамасы шығады.

Би Бәйімбет бастаған 100 кісі Адай соңынан шыққан. Аман-сау жаудан жесірді айырып, 50 кісіні табанда өлтіріп, өлген төрт адамның сүйегін алып келе жатқан 36 жорықшыға жолығып тұрып, би Бәймембет жылапты-мыс, дейді. Құдай сапарды оңғарған екен, толықсып тұрған тоғыз ауылды жазықсыз шапқан түркпеннің оңатын жері жоқ. Бұл адамның ішінде (40 кісінің) Досмамбетте бар екен. Досмамбеттің жолы қатты еді, бұл жүрген жерде жорықшының жолы болып көрген жоқ еді депті. 40 кісінің біреуі Байбоз руынан шыққан Ықылас деген кісі екен. Оның даусы зор екен, жауды көріп, көп болсада шаба жөнелгенде, атойлапты. Бұл артында тағыда адамдар бар деген ұғым береді.

Жандай аталатын ру туралы бір-екі сөз.

Жанбоздан шыққан Тілекбайұлы патша үкіметіне қарсы шыққан адам. Кейін күресіп, жеңілгесін патша үкіметіне қызмет еткен. Бұл кісіні кезінде ешкім осал деп атамайды.

Жауырыны жерге тимеген Ботақара Матайұлы, оның балалары палуан Құдабай Жұбаниязов, Еснияз батыр, Қуандық би, Аман, Сүйішбек, Қосуақ мырза және Қосан, Үбіш мырзалар қонақтарын күндіз-түн демей бар тамағын қойып ықыласпен силаған.

Мұңалдың бір баласы Бәйімбет болса, оның баласы Алдаберді-Сабытай. Енді сол Алдабердіге келеміз. Алдабердіден жалғыз Райымберді туады.

Райымбердіден үш бала, бәйбішеден - Жанақ

тоқалынан - Боқсары

Текей

Жанақтан жалғыз Болат (Маңғыстау ауданы Ералиев атындағы совхозда тұратын Сәрсенов Бүркітбай қарттың 1963-64 жылдары айтуы бойынша):

Болаттан төрт бала - Өте

Жабас

Ердер

Мойнақ

Ердерден төрт бала - Жездібай

Байқұл

Жұмабай

Мойнақ

Екінші баласы Тілеке. Үшінші баласы Батық, одан Борсық, Қарсақ, Шындықан. Төртінші баласы Можық, одан Сәт, Алатай, Қарағұл. Қонаршы баласының айтуы бойынша Жанақтан екі бала - Есінбай

Балтабек

Есінбайдан үш бала - Тілеке

Батық

Можық

Балтабектен бір бала - Болат

Можықтан үш бала - Алатай

Сәті

Шаншар (Тілек болатын Сарғұл Тәпен)

Болаттан төрт бала - Ердер

Мойнақ

Өте

Жабас

Ердерден төрт бала - Байқұл

Жанқұл

Жұмабай

Жездібай

Жұмабайдан алты бала - Еспенбет

Ермен

Қожамұрат

Есен

Оразбай

Науырша

Байқұлдан үш бала - Сарбөпе

Бащы

Балқан

Жабастан екі бала - Балға

Нияз

Қысқасы Бүркітбай Сәрсеновте, Қарақұл Қонаршаұлыда Жанақты талдай алмады. Жанақ іргелі ел, 70-80% көшіп жүретін малды, бай ауыл. Үй саны 1927 жылдары 400-ге аяғын жимай баратын еді. Сүйінқараны Хиуа ханы Аллақұлы 3000 әскермен шапқанда Абыл ақын Жанақ туралы былай дейді:

Байда өлді. Жангелді өлді інісімен,

Қырылды барып Адай білісімен.

Аллақұлы хан бітім жасаймыз деп қапыда алдап қырған. Тағыда жырлаған жыршылар Жанақты мақтай ма? Шындық па? Жанақта Жабас би өткен халқына сөзі сенімді аузына елі қараған дейді. Жалпы жұрт аузында Жанақта Жабас би дейді.

Бұдан 100 жыл шамасы бұрын Жанат Тауасардың Ақбиесі деген Кіші жүзде аяқ жетер жерде бәйге бермеген дейді.Тауасар Ақбиемен сөйлеседі-мыс, бәйге аларында нышан береді- мыс дейді. Осы заманда Жанақта қадірлі азаматтар баршылық. Азамат соғысының батыры , отан үшін аянбай еңбек етіп күрескен ардагер Шаңытбай Серіков, кәзір Шевченко қаласында тұрады-дербес пенсионер. Бүркітбай қартта 3 баласы жоғары білімді мамандар аттарын білмеймін.

Жанақ руына жататын ел Маңғыстауда көп емес, 70-100 шамалы үйі 1929-30 жылдары малдары көп бай болғандықтан көшіп Сағыз станциясы маңын мекендеген.

Райымбердінің екінші әйелінен: - Боқсары, Текей. Боқсары аз өспеген ауыл. 60-70 үй шамасы, Боқсарыдан аудандық қаржы бөлімінің бастығы Жылқыбек Айдаров бар.

Текейден бес бала: - бәйбішеден- Байшағыр. Байшағырдан төрт бала болыпты. Өспеген аз ауыл, 60-70 үй шамасы. Байшағыр бытыраңқы белгілі адам шықты деп айтпайды. Байшағырдың өзі батыр болды дейді. Оған дерек жоқ. Текейдің бәйбішесінен екінші бала:-Әтембек.

Әтембектен төрт бала- Абыз

Қазыбай

Қаратоқа

Қапан.

тоқалынан- Алуа (тоқалдың аты болуы керек).

Әтембектің Абыздан басқасы көп өспеген , соңғы төртеуі 100 шамалы үй болды.

Абыздан төрт бала, бәйбішеден – Есенжан

Жылтыр

қалмақ қызы әйелінен- Есқара

Досқара

Ел аузындағы сөзде Әтембек би, оның баласы Абыз би, оның баласы Есенжан би, оның баласы Алдар би, оның баласы Тілеген би, оның баласы Садуақақожа би , оның баласы Бәшен. Бәшен қазір 70 жасқа келіп қалды. Абыз аталатын ауылданда жоғары білім жастар Өзен қаласында әртүрлі мамандықта жасайтын- Айдаров Түкібай, Кұлбеков, Есенжанов Кәукен т.т.

Тілеген биді көрдім 1914 жылы өлді. Саз деген жерде жерленді. Басында кереге –(сағана) тамы бар. Тілеген жарлы кісі болыпты. Кіші жүз қазақтары орыс патшасына бағынғанда, Жетірудан шыққан Шолақ деген би, Жайықтан шығыс жағына қарайтын Байұлы аталатын елге билік етіпті. Орыс патшасының чиновниктерінің бұйрығы бойынша ел басқаруға Байұлы болатын Сұлтансиық, Беріш, Шеркеш, Ысық, Таз, Адай және Есентемірден бір-бірден би алыпты. Сонда Адайдан би болып Тілеген Алдарұлы барыпты.

Сол Тілеген айтыпты: құдай Шолақтай абырой мен бақ , перзент берсе, бай болу мақсат емес, дәулет адамға жолдас емес, абырой мен бақыт жолдас депті. Шынында Тілеген бай болған жоқ. Адайлар орыс патшасына көнгенде Тілеген әуелі Түпқараған, кейін Райымберді деп аталатын болысқа правитель болды. Білмеймін Александрма, Николайма екеуінің бірінің патшалық құрған кезінде көп жыл правитель болғаны үшін еңбегіне Петербургке шақырылып хорунжи, поручикпе білмеймін атағын береді (офицерлік атақпен бірге қандайда болсын орден мен медальдің біреуін берген). Бұл уақытында қазақты билеу жөніндегі саясаты болар.

Текейдің екінші әйелі Тайлақтан үш бала- Әнет

Мамыртай

Жақау

Бұданда жоғары білімді Кенжеғұл Қашақов, Мырзағұл Иманбетовте бар Мамыртай атасынан.

Әнеттен алты бала, бәйбішеден – Бабақұл

Қырымқұл

Қыдырша

Мая

Төлеп батыр.

екінші әйелінен - Жаныс (бұлар алты Әнет деп аталады).

Әнет көп ел. Бабақұлдан сегіз, Қырымқұлдан сегіз, Қыдыршадан жеті, тоқалынан 4. Қыдыршадан 11 бала, Маядан үш бала, Төлептен12-13, Жаныстан -3 бала, небәрі 41 немере көреді. Әнет шөберелерінде көрдіме дейтін аңыз бар. Әнет өлгенде Сисем атаға жерленіп кереге там салынған. Оның қасына Төлеп батыр қойылған, екеуіне қатар жазу жазылған. Әнеттің балалары мен немерелері туралы ел аузында талай аныз бар. Оның бірі Төлеп батыр туралы: Төлеп батырдың қайыны Қаратоқай, Беріш Есболайдың Итемген баласының баласы- Қара деген кісі болса керек. Төлеп қалыңдық ойнап Қараның аулында жатады (ертеде қызды жастай айттырып қойып, бой жеткен соң барып қол ұстап, 2-3 жыл қалындық ойнап жүреді. Бірінші барғанын ұрын бару дейді).

Сонда Итемгеннің көп жылқысын жау айдап алып кетеді.Ел жиналып жау қуып кеткен жылқының соңынан қуады.Қуғыншының алдынан жолда шаң көрінеді, қуғыншы қарсы келе жылқыны кейін елге қарай бір адам айдап келеді-екен, келсе манағы қалыңдық ойнап келген күйеуі Төлеп болады. Мал аман алынды. Беріштер тынышталды.Бұрын Беріштің жігіттері Төлепті жуас көріп келемеш етеді екен. Қара жастарға бұл келемеш ететін адам емес дейді екен. Бұған тамақ апарған балалар осы күйеу біртүрлі, бара жатқанда күйеумен ойнайын деп барамыз. Барған соң оның мысы басып дым айталмай қайтамыз деп өздері әңгімелейді екен. Шешелерін айтып отыр дейді, сол бойда қызын ұзатып Төлеп еліне келеді. Төлептің бәйбішесі Қараның қызынан үш бала туады.-

Мәмбетнияз

Есеннияз

Тағанияз

Атақты мырза Адайлар осы күнге дейін аузынан тастамайтын Мәмбетнияз Төлептің бел баласы, бәйбішесінен туған. Адай мен Әлім жауласып 17 жыл бойы бітім болмайды. 1838 жылы Жем өзені бойында Нарыннан Исатай , Маханбет, Әлімнен Көтібардың Есеті, екі елдің арасын бітіруге Адайдан Сүйінқараны, Шабай батырды, Мәмбетнияз мырзаны шақырып, олар барып, екі жақ өткен өрлеу, қалған салауат, сақал сипар бітім жасапты. Содан соң елде тыныштық орнап ел, ел болыпты. Ел аузында жоғары үшеуіде бейбітшілікті сүйеді екен.

Төлептің қайын атасы Қара үлкейіп келгенде, Төлеп Қараға көрісе барады. Сонда Қара Төлептен бұйым сұрайды. Бұйымын сұраған атасына, балаң қартайды, шын сұрап отырсаң балдызымның біреуін бер, депті. Қара көп ойланбай кіші әйелінен туған бір қызын Төлепке берген.

Бұл әйелінен екі бала туады - Нысанбай

Құлшар

Төлептің жас кезі болса керек, қай жылдары екені белгісіз, Мұңалдың Шоғысының (Қырықмылтық) Ыстыбай-Сарысын түркпен шауып кетеді. Артынан аз кісі болып аттанады. Балықшы Қармыс батыр өлетін сапарда жаудан жесір айырып, жауды моқатып қайтқан Төлеп батыр 4-5 әйел алған адам. Олардың бәріненде тұқым бар, 100-ге тарта үй бар. Төлептен оқыған жастар бар. Алматы қаласында Төлеп батырдың Рахмет деген баласының ақтығы Жұбаев Нұн деген жігіт бар, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ғылым Академиясының математика-механика институтында лаборатория меңгерушісі.

Әнеттің Бабақұл деген баласынан Еспенбет бай болады. Еспенбет Арқадан көшіп келе жатқанда, солдаттан қашқан екі татар жігіті келіп паналайды. Екеуініңде арапша сауаты бар екен. Ел Маңғыстауға келгеннен соң, оқитын балаларды салық қалдырып, ел қыстан кейін оралғанша 20 шамалы баланы екі татар молда өлтіріп, екі қызды алып, Хиуаға қашады. Салық тастаған үйге отын-су алуға тастаған нарлармен қашады. Бұл оқиғаны маңайда отырған ел хабарланып, бір-жар күн өткесін соңынан қуған. Итқара деген жерде оларға жетіп (Итқара Ақтөбе ауыл советінің аумағында) Сарқасқа Есенияз батыр екеуінде мергендікпен атып түсіреді. Осылай екі қызды айырып алып қалады. Балалардың өлген жері Еспенбет қырғыны деп аталады. Ол жер Шетпе станциясынан Қаратаудың құбыла бетінде 45 км жерде. Еспенбеттің кіші әйелінің баласы Сәдік деген кісіні жас күнімізде көрдік. Қарны жарық еді. Сол қырғында ол бесікте жатқан нәресте екен, аяқпен теуіп тастаған. Баласы – Қоржынқұл.

Әнеттің Қырымқұл деген баласынанда бала көп. Қырымқұлдан атақты, кезінде ел билеген Қалби деген кісі болған. Мұның аты тарихта бар адам. Сол Қалбиден үш бала туады - Қапур би

Ақай

Шәріп

Қапурдан 12 не 13 бала туған. Қалби Аллақұлы ханға би болған адам. Кейін билікті жаста болса баласы Қапурға берген.

Қапур Аллақұлы ханға бағынғаннан көрі орыс патшасына бағынудың тиімді екенін түсінеді. Тарихта кейін Қапурдың Қожа деген баласынан болған немересі Әбдіні Бұқарға оқуға береді. Әбді оқуын бітіргенше Қапурда, Қожада өледі. Әбді Бұқарда 1908 жылдары діннің жоғары мектебін бітіріп, ата мекені Мырзайыр деген жерге мешіт салып, бала оқытып отырып, 1918 жылы ішек-қарын ауруынан өледі. Осы кісінің Сәлем деген баласынан бір бала бар.

Қалбидің Шәріп деген баласынан туған Сұлтан, Бекжан деген немерелерінен Құбайдолла Сұлтанов туады. Елдің қадірлі азаматының бірі еді. 1937 жылы тұтқынға алынып, содан хабарсыз кетті. Кейін кінәсіз болғандықтан ақталды. Бірақ, ол я жолда, я лагерде қаза болған болуы керек. Сол Құбайдолладан бір бала бар еді. Аты Мақсат. Әкесіне тағылған айыптан құтылып келе жатқанда, 1956 жылы Октябрь айында, аудандық партия Комитетінің секретары Төлеген Қағазов, МТС-тің партия Комитетінің секретары Шоқай Амандықовпен бірге аң аулауға Жетібай жерінде, солардың біреуінің оғына ұшқан. Бұл қате ме, жоқ қастандық па, жаласы адамнан. Бірақ, арты қой болды, анау-мынау сөгіс сияқты шарамен тынды. 70 жасқа келген шешесі қалған еді, ерге шыққан қыздарының маңында отыр.

Қырымқұлдың бір баласы – Есеналы. Бұдан елде шеберліктен атақ алған және ақын Өмір мен Темір Қараевтар – солардың туысы Шалабай балалары қолдарынан күмбезді там салатын шеберлер. Өміров Назар, Базар, Теміров Қонарбай, Әлендер өте шебер тамшы болған адамдар. Алматы қаласында Министрлер Советінің өнеркәсіп бөлімінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, ғылым кандидаты Шалабаев Саламат деген азамат бар.

Бұдан 70 жыл бұрын қандай бай болғаны белгісіз, революцияға дейін айтары жоқ жарлы болған, тіпті Бұқарда жоғары білім алған Әбдіде жарлы адам болған. Оның Мырзайырдағы мешітін халықтың қаржысымен салды. Ол мешіт қазір құлап қалған.

Әнеттің Қыдырша деген баласынан 11 бала дедік. Солардың ішінен Шырақ, Шәбік, Досжан деген балалары Адайда ірі деген байлардың қатарынан орын алады. Кетенің бір байы Әлімнен шығатын Кете руы той жасап, қыз ұзатқанда, қызға бата бергенде алтынын кеуекке үйіп, көше алмаған. Адайда Досжан менен Шәбіктей бол депті. Қыдырша баласы іргелі бай, мал мен бас қатар өскен ауыл.

Әнеттің Мая деген баласынан атақты Бәймембет би шыққан. Бәймембет бидің аты тарихта белгілі. 1870 жылы қапыда 48 жасында қаза болған. Патша өкіметінің жазалау отрядының бастығы полковник Рукин бастаған отрядпен соғыста, Иса, Досан, Қужан, Шәбік, Ермембет (соңғы үшеуі Құл баласы), Тілеуберген Орақов (Қожа руынан), Алғи Жолмағамбетов, Дихан Өтеповтер бастаған Адайдың жасағы 40-50 солдат пен офицерін өлтірген. Сол соғыста Маяұлы Бәймембетке оқ тиіп, қаза болған. Ол арабша оқыған, сауатты кісі болған. Ол Адай елін Россияға қосуға шын ниетімен жұмыс жасаған адам. Ол Адай елі Россияға қосылса, еліне тиімді болатынын білген. Осындай жұмыс жасаған би Бәймембет Таушықтан Форт-Шевченко қаласына жүретін жолдың бойында жерленген. Маяның қасына әкелініп қойылды. Оған уақытында там салынған, бұл күнде тамы құлап қалған. Мая аталатын ел аз, өспеген ауыл. Бары Мұқыр, Сағыз станциясы маңында, 20 шақты үй.

Әнеттің кіші әйелінен туған Жанас, бұлда көп емес. 20 шақты үй, түгелдей Маңғыстауда.

Бұл жазудың басы үш жүзден басталсада, қалам Адайлар туралы көп жазып кетті. Сондықтан Адайлардың Маңғыстауға қалай келгенін әңгімелейік. Атадан атаға, одан балаға түрлі сөздер бар, әркім есіткенін хатқа жазылып келгендей, бір жобадан шығу қиын. Дегенмен ұлы жобасы. Кіші жүз аталатын рулардың Алатау жақтан келгені шындық деп айтылған сөз болмауы ықтимал. Олай болса Кіші жүз болатын тайпа 15 ғасырда пайда болды деп шамалауға дерек бар.

Кіші жүз Алатаудан Батысқа көшкенде, Сыр бойында да аздап қоныстанып отырғанына дәлел бар. Себебі: БайұлынанЖаппас руы Жеті рудан Табын, Шөмекейлер түгелдей, Әлімненде көпшілігі Арал теңізін мекендегенін көреміз. Жеті рудан Табын Тама, Жағалбайлы, Кердерілер Жайыққа қарай Елек, Қобда сулары бойын сағалаған. Одан құбылаға қарай Ойыл, Жем, Сағыз, Темір өзендерінің бойын Әлімдер жайлаған.

Байұлы Сұлтансиық болатын елдер Жайықтан оңтүстік шығысындағы Жақсыбай, Қалдығайты, Бұлдырты, Шідерті өзеншілерді , бірқатары Оралдан төменгі Жайық бойын мекендеген. Сол кезде Адайлар Бершүгір тауының маңайын , Жем өзенінің бас жағын, Арал көлінің батыс жағын көкала Аяққұмды мекендеген. Ембі деп станцияға Мұғаджар деп аталатын жерді мекендеген. Ол туралы тарих ғылымының кандидаты Марияш Тұрсынованың еңбектері дерек болады. Адайларша айтқанда ұсақ Байұлы деп аталатын Ысық, Шеркеш, Таз, Беріш, Есентемірлер Сұлтансиықпен Адайлар арасында қоныс тепкен. Сол заманда Жем өзенінің Ақбота , Сәнкібай аталатын жерлері, Қайнар , Сағыз тіпті Жайыққа дейін Қалмақтар мекендеген. Кіші жүзді найза берде жауға қойған деген мақал Қалмақтармен жауласқан, кіші жүзді рулары Қалмақты Жайықтан әрі Еділденде асырып тастап , Қалмақтар мекендеген жерді Байұлы қоныс еткен дейді. Сонымен Байұлы болатын бірқатар рулар бос қалған Нарынға қарай қоныс аударған. Бұған молырақ барған рулар: Сұлтансиықтың Қызылқұрты, мен Бай бақтысы беріштер , Адайдың Тәзікесі, Жаманадайы, Тоқтамыс пен Тоқмамбеті, Мәмбетқұл балалары.

Қалмақ қоныстан ауды Жайықтан бергі Атырау аталатын Каспий теңізінің шығыс жағалауын Ысық, Шеркеш, Таз рулары мекендейді. Мал барлары жаз көшіп Елек, Қобда, Ойылға дейін жайлап, қыс атырауына келеді. Бұлардың қысқы қонысы Қайыршақты, Әлмемқайыр, Лашатқарабайлы Былаң Жаршық, өзеніне Жылой, Қияқ, Қараөзек, Ұялы.

Әлімнің Кете аталатын руларынан және Шүрен аталатын руы Мергенөзек, Қараарна, Прорва, Қарашағыл, Қаратон, шығыс жағы Көктөбе Маяжалға дейін жаз көшіп , қыс қыстап жүрді. Ең соңғы 1927-28 жылға дейін Есентемір онша іргелі бай , басы көп ру емес, сондықтан жартысы Қызылқоға ауданының жері Қарабау, Қаракөлде, жартысы Нарынға өтіп бұрынғыша дуа берген Бекайдар деген жерді мекендеді. Байұлыда мынадай сөз бар:

Екі кісі Сұлтансиықты көрсең, бірі кербездікте,

Екі кісі Берішті көрсең, бірі ерлікте,

Екі кісі Шеркешті көрсең, бірі билікте,

Екі кісі Тазды көрсең, бірі саудада,

Екі кісі көрсең, бірі ұрлықта,

Екі кісі Есентемірді көрсең, бірі қорлықта,

Екі кісі Адайды көрсең, бірі зорлықта жүреді деген мақал бар. Сонымен Адайлар жоғарғы аталған қоныстардың бәріненде бос қалады. Адам саны өседі, мал саны өседі. Сондықтан Адайлар қоныс іздейді.

Үстірт аталатын қыр, жалпақ тегістік, жаз жайлауға өте қолайлы. Кейбір жерін мысалы: Қаратүлей, Сам деп аталатын жерлері қыстауға болатын еді. Бірақ, бұл айтылған жерлерде ел бар, бұлар өздерін түркпенбіз деп таныстырады. Егер біліп айтса, бұлар түркпеннің Есен деген тақтасы. Олар өздерін 5 Есенбіз дейді. Олар – Егдір, Шәудір, Бозашы, Мұрынжық, Абдал. Киіз үйде мал бағатын ел, қыстауы Маңғыстау, тілі түрік тұқымдас, бірін-бірі түсінеді. Қой жылы тату-тәтті, алыс-беріс аралас көшіп-қонып, белді тұқымдарымен тамыр-таныс болған. Адайлар Маңғыстауда қыстайды да жүреді. Кейін екеуінің арасында дау-жанжал шығады да, ол көбейе береді. Ақыры екеуі жауығады. Шәудір, Бозашы, Мұрынжық тайпалары жаулықты бұрын бастайды. Адайлар бұл жерде талай ел болған. Талайы кеткен. Көп болса сенде сол елдің бірі боларсың деп қарсы шығады.

Наши рекомендации