Дәріс №8. Қазіргі арнайы білім беру жүйесі 3 сағат

Жоспары:

1. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік, медициналық, педагогикалық, түзету көмек көрсету мекемелері.

2. Кемтар балаларға ерте көмек көрсету жүйесі.

3. Мектепке дейінгі арнайы білім беру жүйесі.

4. Арнайы мектептер жүйесі.

5. Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) білім беру ұйымдары.

6. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кәсіби білім алуы, оларды кәсіби бағдарлау.

7. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсету.

Түсініктер: арнайы білім беру ұйымдары, түзету кабинеттері, оңалту орталык, логопедиялық пункт, кәсіби білім, әлеуметтік көмек, әлуметтік бейімдеу

1. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік, медициналық, педагогикалық, түзету көмек көрсету мекемелері

Арнайы білім беру ұйымдарының үлгілері:

1. Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу түзету ұйымдары;

2. Түзету білім беру ұйымдары;

3. Кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білім берудің түзету ұйымдары;

4. Арнайы білім беру ұйымдары;

5. Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кемтар балаларға арналған білім беру ұйымдары.

Арнайы білім беру мекемелерінің мақсат - міндеттері, оның принциптері:

1.Арнайы білім беру мекемелерінде кемтар балаларды оқыту
жұмыстары, ол кәмелеттік жасқа толғанға дейін, жаппай кешенді
медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік тексеру
мен кәсіби диагностика жүргізу, оналтудың жеке бағдарламасын әзірлеу,
медициналық, педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік қызметтер
көрсету және еңбекке баулу арқылы жүргізіледі.

2.Арнайы білім беру мекемелерінің мақсаттары:

1) туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларды, қалыпты дамудан ауытқушылықтарды ерте бастан (туған кезден) анықтау; балалардың дамуындағы кенжелеп қалу мен бұзылыстардың алдын алу, мүгедектіктің ауыр түрлерінен сақтандыру;

2) кемтар балалардың дене, психика және өзге де кабілеттерінің орнын толтыру немесе оларды қалпына келтіру, олардың әлеуметтік құқықтарын іске асыру, неғұрлым толық әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу болып табылады.

3.Арнайы білім беру мекемелерінің міндеттері:

- кемтар балаларды анықтау мен оларды есепке алу;

- арнайы білім беру және арнайы әлеуметтік қызмет көрсету;

- кемтар балаларды әлеуметтік бейімдеу;

- кемтар балалары бар отбасыларын әлеуметтік қолдау;

- халықты әлеуметік қорғау, денсаулық сақтау ұйымдарымен арнайы білім беру ұйымдарын сабақтастыру болып табылады.

4.Арнайы білім беру мекемелердін қызметі келесі принциптерге
негізделеді;

1) кемтар балалар мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау және оңалту көмегін көрсету кепілдігі;

2) кемтар баласы бар отбасы мен арнайы білім беру ұйымдар мамандарының ынтымақтастарына;

3) балалардың қабілеттердін шектелу дәрежесіне, жасына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, ерте колдау мен білім алуға қол жеткізуіне және тең құқықтылығына;

4) әрбір балаға жеке дара колдау көрсетуді саралауға

"Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңында кемтар балаларға білім беруді ұйымдастыру келесідей көрсетілген психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысына және оқытудың жеке жоспарына сәйкес кемтар балалар мектепке дейінгі білімді - үш жастан бастап, бастауыш және негізгі жалпы білімді жеті-он жастан бастапалуына болады. Бұл ретте мемлекеттік білім беру бағдарламаларына сәйкес бастауыш және негізгі жалпы білім берудің ұзақтығы он жылдан кем болмауға тиіс.

Кемтар балалардың Қазақстан Республикасының білім туралы заңдарында белгіленген тәртіппен білім алуға құқығы бар. Мемлекет кемтар балаларды кәсіби даярлауға жәрдемдеседі.

2. Кемтар балаларға ерте көмек көрсету жүйесі

Қазақстан мен ТМД елдерінде әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезеңінен бастап ерекше демографиялық жағдай туындап дүниеге сәбилердің келу көрсеткіштерінің аса төмендеуі, халық арасындағы өлім-жетімнің көбеюі, және халықтың табиғи өсу төмендеуінең байқалды. Бұл жерде аналар денсаулығының нашарлауы, жүктілік және босану кезіндегі асқынулар да айқын әлеуметтік-экономикалық сипат алады. Осы жағдайларға байланысты соңғы жылдары елімізде мүгедек балалардың саны өсіп, мамандардың назарына түсті. (Сүлейменова Р.А., Хакимжанова Г.Д.)

Барлық экономикалық қиыншылықтарды ескере отырып, балалардың дамуындағы кемістіктерді түзетудің ең нәтижелі жолы - ерте коррекциялық көмек көрсету жүйесін ұйымдастыру. Бірқатар шет елдегі және отандық зерттеулер көрсеткендей түзетушілік әсер етуді неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым нәтижелі болады. (Ерсарина А.К., Стребелева Е.А., Сүлейменова Р.А. Разенкова Ю.А. т.б.)

Қолайлы ерте көмек көрсету маңыздылығы баланың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерімен белгіленеді. Мектепке дейінгі жастағы, мектеп жасындағы балалардың, жеткіншектердің және ересектердін денсаулығының негізі осы ерте жаста қаланады. Осы кезде ағзаның барлық морфологиялық және функционалды жүйелері құрыла бастайды.

Ерте коррекциялық көмек көрсетудің негізі- сәбилер мен ерте жастағы балалардың физиологиялық және психикалық дамуын жан-жақты зерттеу болып табылады.

Ерте коррекциялық көмек көрсету тәжірибесін іске асыру нақты түзетушілік нысаның анықтаудан басталады. Көптеген мамандардың ойы бойынша мұндай жұмыстар тек дамуында белгілі бір кемістіктері бар балалармен ғана емес, сонымен қатар болашақта әлеуметтік бейімделуі қиын болу мүмкіндігі бар балалармен жүргізілуі тиіс. Осындай кешенді көмекті талап ететін балаларды анықтаудың негізгі құралы жалпы скрининг әдістемесі болып табылады.

Балалық психоневрологиялық ауытқулықтар деректеріне отбасының ауыр қаржылық, жалпы толыққанды өмір сүру жағдайларының жеткіліксіздігін жатқызамыз. Сонымен қатар ата-аналар арасындағы ішімдік пен нашақорлыққа салыну да жағымсыз факторлар қатарына жатады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында балаларға ерте педагогикалық- түзетушілік көмек көрсетуге байланысты бірқатар құжаттар қабылданып, жүзеге асырылуда, оның ішінде ерекше орынға ие "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" ҚР Заңы. Ерте қолға алу (ерте қолдау) - психикалық-дене бұзылыстары скринингін, медициналық психологиялық-педагогикалық диагностиканы, емдеуді, дамыта оқытуды қамтитын, сәби жастағы (үш жасқа дейінгі) балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау.

Мемлекеттік ерте жастан коррекциялық-педагогикалық көмек көрсету жүйесі әзірленіп (Р.А. Сүлейменова), негізгі бес деңгей бойынша жүзеге асырылуда:

1. Сәбилердің психикалық және дене дамуын жаппай тексеру. Ерте жастан көмекті көрсетуді іске асыру үшін жаппай тексеруді (скринингті) перзентханалар мен емханаларда жүргізілуі тиіс. Скрининг-"қатер" тобындағы балаларды анықтау мақсатымен жаппай стандартталған тексеру.

2. Скрининг нәтижесінде анықталған "қатер" тобындағы балаларды ата-аналарының және өзге де занды өкілдерінің келісімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберуді қамтамасыз етеді.

3. Арнайы бала-бақшаларды жалпы үлгідегі бала-бақшалардың арнайы топтарында алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету мекемелердің түзету кабинеттерінде оңалту аймақтарында іске асырылатын түзетушілік жқмыс.

1. Ерте коррекциялық көмек көрсету жүйесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету. Бұл жұмыс барысында барлық мәліметтерді жүйелеп, компьютерге енгізу және ғылыми зерттеу бағдарламаларын әзірлеу, оларды іске асыру, нәтижелері бойынша нұсқауларды дайындау.

2. Мемлекеттік құқықтық қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасында білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғауды басқарудың орталық мемлекеттік ұйымдары жұмыс істейді.

Ғылыми жұмыстар бағдарламасының ауқымында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуді жетілдірудің өзекті мәселелерін арнайы зерттеу жүргізу тапсырмасын анықтайды. Қазіргі уақытта естуінде аутқуы бар балалар үшін ерте жастан қолдау көрсету жағдайлары қалыптасуда. Әйелдерді босандыру мекемелерінде аудиологиялық скринингті өткізіп, кейіннен сәбидің естуінде ауытқушылық пайда болуы қатері бар болған жағдайда балалар емханасында арнайы есепке алып есту қабілетін аудиологиялық орталықтарында терең тексеруден өткізу қажет. Сол кешенді тексету нәтижесінде балаға қандай тиімді шаралар қажет екені анықталады, дыбыс күшейткіш аппарат тағу, естуін жақсарту операция, әлде кохлеар имплант қолдану операция. ҚР кохлеарлық импланттау операциялары нәтижелі өткізіліп жатыр, бірақ операциядан кейін естумен сөйлеуін оңалту жұмысы жеткіліксіз болып тұр. Бұл бағыттың болашағы зор, естуінде ауытқуы бар балаларды ерте жастан қолдау көрстеу арқылы сөйлеундегі кемістіктердің алдын алып, қоршаған ортаға қиындықсыз бейімдеуге жол ашады.

Медициналық - әлеуметтік педагогикалық патронаж (МӘПП)

Патронаж - дегеніміз балаға оның ата-анасы мен оқытушыларына ерекше кемек көрсету, баланың өмірін сақтау, қалпына келтіру, емдеу, арнайы оқыту, тәрбиелеу және коғамға бейімдеу мәселелерін шешу бағытында арнайы көмек түрі.

Медициналық - әлеуметтік педагогикалық патронаж (МӘПП) дамуында ауытқуы бар баланың отбасына әр түрлі мамандардың біріге отырып, кешенді оңалту көмек шараларын ұзақ мерзімде қолдануды қалайды.

Кешенді МӘПП психологиядық, педагогикалық, медициналық, әлеуметтік мекемелер мен және қызметтермен жүзеге асырылады. Аталмыш мекемелер мемлекеттік немесе жекеменшік (қоғамдық бірлестіктер, қайырымдылық орталықтар) болуы мүмкін және олар бір бірінің жұмыстарын толықтыра отырып, дамуында ауытқуы бар балалардың әлеуметтік кеңістікте бейімделудің әртүрлі жолдарын ұйымдастырады ол отбасына әлеуметтік қолдау көрсетудің ұзақ мерзімді шараларына бағытталған.

МӘПП-ң негізіне психологиялық-педагогикалық консультациялар (кеңестер), психологиялық-медициналық әлеуметтік орталықтар диагностикалық және оңалту орталықтары, логопедтік пункттер, ерте жастан көмек көрсету кабинеттері және үйде оқыту ұйымдары кіреді.

3. Мектепке дейінгі арнайы білім беру жүйесі

Мемлекеттік мектепке дейінгі арнайы білім беру жүйесі совет одағында XX ғасырдың 20-30 жылдары құрыла бастаған. Біздің елімізде алғашқы арнайы балабақшалар өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ашылды.

70 жылдарда мектепке дейінгі арнайы білім беру мекемелердің кеңейген жүйесі құрылды. Оларға:

- бөбекжай

- балабақша

- мектепке дейінгі балалар үйлері

- сонымен бірге жалпы балабақшадағы арнайы топтар.

Сол кезде арнайы білім беру мекемелерінің ғалымдарымен машықтандыру, мектепке дейінгі жастағы балаларды арнайы оқыту мен тәрбиелеудің негізгі әдіс – тәсілдерін табу жолдары, коррекциялық оқыту әдістері қабылданған. Оның бәрін қазіргі жүйеде қолданылады.

Мектепке дейінгі арнайы мекемелердің қағидалары .

- арнайы мекемелерді дамуындағы жетекші кемістігіне қарай іріктеп жинақтау. Соған сәйкес келесі мектепке дейінгі ұйымдардың типтері бар:

1. естуінде ауытуы бар (естімейтін және нашар еститін балалар)

2. көруінде ауытқуы бар (көрмейтін және нашар көретін амблиопиясы бар балалар)

3. сөйлеу тілінде кемістіктері (сөйлеу тілінің жалпы дамымау,
тұтықпасы бар балалар)

4. зиятында ауытқуы бар (ақыл-ойы кемтар)

5. тірек-кимыл қозғалысында ауытқуы бар балаларға арналған

- арнайы балабақшаларда жалпы балабақшаларымен салыстырғанда топтардағы бала саны аз (15 балаға дейін)

- мектепке дейінгі арнайы мекемелер штатына қосымша олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, медициналық қызметкерлердің енгізу

- дефектологтар мен тәрбиешілердің сабақтарын қайта бөлу, тіл дамыту сабақтарын математикалық ұғымдарды қалыптастыру сабақтарын тәрбиешілер емес, дефектологтардың жүргізуі

- сабақтарының арнайы түрлерін ұйымдастыру (есту қабілетінің қабылдауын дамытуға, көру қабілетін дамытуға, кеңістікте бағдарлау сабақтары)

- мекемелер қызметінің тегін болуы.

Арнайы мекемелердің барлық жұмысы бір мақсатқа бағытталған отбасына дамуында ауытқуы бар баланы тәрбиелеуге көмектесу, оның потенциялды мүмкіндіктерін дамыту.

Баланы бөбекжайға тек 2 жастан, бала-бақшаға 3 жастан ғана беруге болатын. Ерте жастағы балалар тек денсаулық сақтау ұйымының зейінінде ғана балатын және ешқашан психологиялық - педагогикалық көмек ала-алмайтын.

Мамандырылған мектепке дейінгі мекемелер жүйесінің құрылуы жалпы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің ұйымдастыруына жағымды үлкен үлес қосты, бірақ арнайы мүмкіндіктерді қажет ететін балалардың топтарына бұл онша қолайлы болған жоқ еді, және олар бөлінбеген еді.

Кейін «Білім туралы» біраз заңдар қабылданғаннан кейін осындай білім беру мекемелерінде біраз өзгерістер болды және олар балаларға қолайлы еді, онда балалар мен олардың отбасы қажет психологиялық – педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек ала алады. Ең бастысы бұл - мектепке дейінгі білім беру мекемелері.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасы үшін балабақша бұл ең біріншіден баласының толық дамуына жағымды жағдай ұйымдастырылған қолайлы мекеме.

Кемтар балалардың көбі толықтырушы түрдегі балабақшалар мен аралас түрдегі балабақшалардың арнайы топтарында тәрбиеленеді. Осы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім беру дамуында ауытқуы бар балалардың категориясына қарай әзірленген ол арнайы түзетушілік –дамытушылық бағдарлама бойынша жүзеге асады.

Топтарды толықтыру баланың жасы мен кемістік түріне байланысты:

- күрделі сөйлеу бұзылыстары бар - 6 және 10 адам.

- 3 жастан жоғары фонетикалық-фонематикалық жетіспеушілігі бар балалар 12 адамға дейін.

- естімейтіндер - 6 балаға дейін

- нашар естімейтіндер 6-8 балаға дейін

- көрмейтіндер - 6 балаға дейін

- нашар көретіндер, амблиопиясы бар 6-10 балаға дейін

- тірек-қимыл аплараты бұзылған 6-8 балаға дейін

- зияты бұзылған 6-10 адамға дейін

- психикалық дамуы тежелген балалар 6-10 адамға дейін

- 3 жастан жоғары терең ақыл-ойы кем балалар 8 адамға дейін

- туберкулездік интоксикациясы бар 10-15 адамға дейін

- көп ауыратын, созылмалы аурулары бар 10-15 адамға дейін

- күрделі кемістіктері бар балалар 5 адамға дейін

- дамуында өзге ауытқулары бар 10-15 адамға дейін.

Арнайы мектепке дейінгі мекемелердің күн тәртібіне қатыса алмайтын балалар үшін қысқа мерзімдік көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Онда бала өз дамуына қажетті психологиялық-педагогикалық көмек ала-алады, ата-анасына баланы тәрбиелеу мен оқыту мәселесі бойынша кеңес беріледі.

Отандық білім беру аймағындағы өзгерістер мен елдердегі өзгерістердің салдарынан өзгеріп отырады. Дамыған мемлекеттерде арнайы мүмкіндіктері шектеулі балаларды қалыпты дамыған балалармен біріктірудің (интеграцияның) әртүрлі модельдері қолдануда. Интеграция идеясын таратушы мамандардың ойы бойынша, қазіргі жағдайда оларды қамтамасыз ету үшін мынадай жағдайлар қолайлы:

а) жалпы үлгідегі балабақшаларда мүмкіндіктері шектеулі балаларды
арнайы топтар мен бірге жалпы топтарда біріктіріп арнайы қолдау
көрсету;

б) баланы дамытушы орталықтарды белсенді ашу, онда барлық мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілермен түзетушілік жұмыс жүргізіледі.

Әр бала үшін мектепке білім алуға дайындық кезеңіне кешу дағдарыс болып саналатыны белгілі. Арнайы білім алуда ерекше қажеттіліктерді талап ететін балалар үшін мұндай қызмет түріне бейімделу тіпті қиын болып табылады. Сондықтанда «бастауыш мектеп балабақша» білім беру мекемесі дамуында ауытқуы бар балалардың білім мен тәрбие алуы үшін ең қолайлы мекеме болып табылады.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек талап ететін болатындықтан арнайы білім беру мекемелері, мектеп-интернаттар мен арнайы мектептердегі мектепке дейінгі белімдер, (топтардың) ашылылады.

Арнайы мектепке дейінгі білім берудің мазмұның мемлекеттік стандарт пен арнайы балабақшалар бағдарламары қамтиды. Бұл жерде арнайы балабақшалар бағдарламаларына жаңа өзгерітер енгізу мәселесі өз өзектіліген білдіреді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы білім беру мекемелеріне жіберу психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия арқылы жүзеге асады. Ата-аналары өз беттерімен ПМПК-ға бара апады. Бірақ көбіне олар емдік-алдын-алу мекемелер берген бағыты мен кеңесі бойынша барады.

Комиссия баланың психологиялық және дене дамуының жағдайы туралы қорытынды мен келешек кандай мекемеде білім алатыны туралы нұсқамалар береді.

4. Арнайы мектептер жүйесі

Мүмкіндіктері шектеулі мектеп жасындағы балалар арнайы білім беру стандарттарына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алады.

Кемтар балалар үшін арнайы білім беру мекемелерінің жүйесі XX ғасырдың басынан қалыптасып, дамыған. Қазіргі уақытта мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін негізгі сегіз түрлі арнайы мектеп қызмет етуде. Арнайы білім беру ұйымдарының үлгілері мен тізбесіне және қажетті орын саны бекітілген ҚР Білім және ғылым министрілігнің № 787 бұйрығында көрсетілгендей:

1.Көрмейтін балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым сыныпта - 8 бала. Бұл арнайы мектепке көрмейтін 0,04-0,08 көз өткірлігі бар балалар қабылданады.

Осы мектептің 1-сыныбына балалар 6-7, кейде 8-9 жастан қабылданады. Жалпы оқу жылы-12 жыл, онда балалар толық білім алып шығады.

2.Нашар көретін балаларға арналған арнайы (түзету), білім беру ұйым,
сыныпта - 12 бала. Арнайы мектепке көз өткірлігі 0,05-0,04 дейінгі нашар
көретін балалар қабылданады. Осы мектепте көзі қилы мен көруінде амблиопиясы бар балаларда оқи алады.

Бірінші сыныпқа 6-7 жастан қабылдайды. Жалпы оқу мерзімі -12 жыл, оқушылар толық білім алып шығады.

3.Естімейтін балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру үйым,
сыныпта - 8 бала. Бүл арнайы мектепте білім беру процесі жалпы білім
берудің 3 саты бойынша жүреді:

Бірінші сатысы - бастауыш жалпы білім беру (5-6 жыл) Екінші сатысы - негізгі жалпы білім беру (5-6 жыл) Үшінші сатысы - толық орта білім алуы (2 жыл)

Толық мектепке деңгейінгі даярлық алмаған балалар үшін дайындық сынып ұйымдастырылады 1-сыныпқа балалар 7 жастан қабылданады.

Барлық оқыту қызметі ауызша және жазбаша сөйлеуін дамыту, қалыптастыру негізінде іске асады. Осы мақсатқа байланысты есту қабылдауын дамыту мен ауызша сөйлеуцнің дыбыстану жағын қалыптастыру үшін топтық және жеке сабақтар жүргізіліп отырады. Ал күрделі кемістіктері бар балалар үшін арнайы сынып ашылады, 5 баладан аспауы тиіс.

4. Нашар еститіндер мен кейін естімей қалған балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым, екі бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлімдегі - нашар есту салдарынан сөйлеуінің жеңіл жетіспеушілігі бар балалар оқиды, сыныпта - 10 бала;

Екінші бөлімінде - нашар есту салдарынан сөйлеуінің ауыр жетіспеушіліктер бар балалар оқиды, сыныпта 8 баладан аспауы тиіс. Мұнда да білімнің 3 сатысын меңгеруге мүмкіндік бар, олар:

- Бірінші саты - бастауыш жалпы білім (1 бөліміндегі 4-5 жыл, 2 бөлімінде 5-6-7 жыл );

- Екінші саты - негізгі жалпы білім (6 жыл);

- Үшінші саты - орташа (толық) жалпы білім (2 жыл )

Бірінші сыныпқа - 7 жастан қабылданады, дайындық кезеңінен өтпеген балаларға дайындық сыныптары ұйымдастырылады.

Бұл мектепте есту және көру арқылы естіп қабылдауын дамытуға арналған топтық және жеке сабақтар жүргізіледі.

5.Сөйлеу тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған екі бөлімнен
тұратын арнайы (түзету) білім беру ұйымы:

Бірінші бөлімінде алалия, ринолия, дизартриясы бар балалар оқиды, сыныпта - 12 бала., екінші бөлімінде ауыр түрдегі тұтықпасы бар балалар білім алады, сыныпта 10 баладан аспауы тиіс.

Егер сөйлеуіндегі тіл кемістіктері түзетілген жағдайда баланы ата-анасының келісімі және ПМПК қорытындысымен жалпы мектепке ауыстыруға болады.

Бұл мектепке балалар бірінші сыныпқа 7-9 жастан, дайындық сыныпқа 6-7 жастан қабылданады. 10-11 жыл ішінде оқушылар негізгі жалпы білім алып шыға алады. Логопедиялық және түзетушілік педагогикалық көмек барлық сабақтарда және сабақтан тыс уақытта көрсетіледі. Бұл арнайы мектепте арнайы сөйлеу күн тәртібі ұйымдастырылған.

6. Тірек қимыл-қозғалысында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы
(түзету) білім беру ұйым, сыныпта - 10 бала. Бұл арнайы мектепте аталмыш
балалар білімнің 3 саты бойынша оқиды.

1 саты - бастауыш жалпы білім алуы (4-5 жыл)

2 саты - негізгі жалпы білім алуы (6 жыл)

3 саты -орта жалпы білім алуы (4-2 жыл)

Бірінші сыныпқа 7-9 жастан қабылдайды. Бұл мекемеде арнайы қимыл-қозғалыс күн тәртібі бекітілген.

7. Білім беру баланың танымдық, сөйлеу және қимыл аймағын игере отырып жүргізіледі.

8. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым, сыныпта- 12 бала. Білім беру жүйесі екі сатыны қамтиды:

1 саты – бастауыш жалпы білім алуы (3-5 жыл)

2 саты – негізгі жалпы білім алуы (5 жыл)

9.Зиятында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым, сыныпта- 12 бала.

Бұл мектептегі бағдарламаның мазмұны өзгеше болғандықтан, балалар цензді білім алмайды, оқытудың негізгі бағыты оқушыларды әлеуметтік бейімдеу мен мамандырылған-еңбекке даярлау. Бұл мектептерді бұрыннан көмекші мектеп деп атайды. Көмекші мектептегі оқу еңбек пәні бойынша емтиханмен аяқталады, нәтижелері бойынша оқушылар куәлік алады.

Ерекше жағдайларда оқушылар денсаулығына байланысты емтиханнан босатыла алады.

Бұл мектепке бірінші сыныпқа бала 7-8 жасында қабылданады.

Дайындык сыныптарында 6-8 бала, қалған сыныптарда - 12 оқушығғ дейін оқиды. Бұл мектепке оқу жылы 8-11 жылға дейін созылуы мүмкін.

Көмекші мектепте зиятында терең ауытқушылығы бар балалар үшін арнайы сыныптар ашылуы мүмкін.

Осы мектептен балаларды тек ПМПК қорытындысымен және ата-анасының келісімімен ғана шығара алады.

10. Эмоциялық-ерік-жігері бұзылғандарға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым, сыныпта - 10 бала;

11. Кемістік құрылымы күрделі балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйым, сыныпта – 6 бала.

Арнайы мектеп білім мен тәрбие беру міндеттерінен өзге психологиялық, және медициналық, әлеуметтік көмек көрсетеді.

Әр арнайы мектепте еңбек пен маман алдындағы кәсіби даярлыққа ерекше көңіл бөледі.

ҚР "Білім беру" Заңы мен нормативті-құқықтық құжаттарға сәйкес барлық арнайы білім беру мекемелері білім беру стандарттар бойынша оқытуы тиіс.

Бұл мекемелердің барлығы білім беру стандартына сәйкес , балалардың ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен оқу жоспары мен оқу бағдарламар негізінде оқу процесін ұйымдастырады.

Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балалардың басқа категорияларына да арналған мекемелер құрылуда, мысалы ерте жастағы балалар мен аутизм жағдайындағы бар балалар үшін.

Кез-келген білім беру ұйымы өз тәрбиеленушісінің өміріне жауапты.

Арнайы білім беру мекемелердін барлығының (сегізінші түрден басқалары) түлектері негізгі орта білім алуына болады. Түлектеріне мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі.

Арнайы мектепке баланы тек ата-анасының келісімімен және ПМПК қорытындысымен ғана қабылдайды.

Барлық арнайы мектептерге күрделі кемістіктері бар балалар үшін арнайы сыныптар, топтар ашылуы мүмкін.

Арнайы мектеп оқушысын жалпы мектепке ата-анасының келісімімен және ПМПК қорытындысы бойынша басқа білім беру ұйымдарына ауыстыруға болады.

Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнайы балалар үйі мен кемістігіне қарай мектеп интернаттар құрылған. Егер де бала мұндай мекемелерде білім ала алмаса, онда үй жағдайында білім алуы ұйымдастырылуы тиіс. Интернаттық ұйымдар -белгілі бір категориядағы азаматтарға тұратын орын беріп, білім алу құқығына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ететін орта білім беру жүйесінің мекемелері.

Бала оқу кезеңінде кітаптар мен мектеп кітапхана қорымен тегін қолдануға толық құқылы. Мектептің педагогтары мен психологтары ата-анасымен балаларға кеңес береді. Арнайы мектептер оқушыларын аралық және қорытынды аттестаттау өткізу үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылаудан, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өткізу ережесі бойынша бала кезінен мүгедек, I және II топтағы мүгедек балалар барлық пәндерден үлгеретін жағдайда босатылады.

Егер бала үйде білім алса, онда бұл оқытуды қаржыландыру мемлекет тарапынан ұйымдастыралады.

5. Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) білім беру ұйымдары

"Кемтар балаларды әлуметтік және медициналык-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының бабының 4 тармағын іске асыру мақсатында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін кешенді көмек көрсету жағдайларды қамтамысыз ету жолында жаңа үлгідегі арнайы түзету ұйымдар ашылған. Арнайы білім беру ұйымдарының жаңа түрлері: оңалту орталықтары (республикалық және облыс деңгейіндегі қалаларда), мектеп жанындағы логопедтік пунктер (мектепте 20 бастауыш сынып болған жағдайда), психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері (аудан орталықтарында).

Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) ұйымдар қызметтері "Бала құқықтары туралы" БҰҰ Конвенциясына, ҚР "Білім туралы", "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы", "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық - педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы". Заңдарына және басқа нормативтік құқықтық құжаттарға сәйкес және осы ережелер негізінде жүзеге асырылады.

Оңалту орталығының қызметін ұйымдастыру тәртібі. Оңалту орталығы (бұдан әрі - 00.) арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің бірі болып табылады және облыстың (республикалық маңызы бар қала, Астана) әкімдерінің шешімдерімен құрылады.

Оңалту орталығының негізгі міндеттері:

1) сөйлеу тілінде, көру, есту, тірек - қозғалыс аппаратында бұзылуы, оқып - үйрену, қарым - қатынас жасау мен жүріс - тұрысында қиындықтары бар балалар мен жас өспірімдерге психологиялық түзеу мен оңалту түрінде кешенді психологиялық - медициналық педагогикалық көмек көрсету;

2) дамуында, оқытуда, қарым - қатынас жасауда, жүріс - тұрысында проблемалары бар балалардың әр түрлі топтарына қатысты жаңа педагогикалық технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу;

3) мамандардың пән аралық тобымен (командалық бағалау) балаға қатысты мәселелерді кешенді оқып - үйрену және баланың медициналық, психологиялық, түзету - педагогикалық көмекке деген мүмкіндігі мен қажеттілігін анықтау;

4) баланың дамуының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және жасап шығару;

5) жеке, топтық сабақ түрінде түзете - дамыта оқытуды жүргізу;

6) отбасы жағдайында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата - аналарға (заңды екілдерге) ақыл -кеңес беру және оқыту;

7) жалпы білім беру және арнайы (түзеу) білім беру мекемелерінің педагогтарына мүмкіндіктері шектеулі балалардың психика және дене дамуының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері жайында әдістемелік басшылық жасау және кеңес беру.

Оқыту мазмұны түзеу мекемелерінің білім беру стандарттарымен, оқу жоспарымен және оңалту орталығында түзеу көмегін алатын әрбір баланың мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріліп, әзірленетін жеке дамыту бағдарламасымен анықталады.

ОО-да мүмкіндіктері шектеулі балалардың төмендегідей топтарына көмек көрсетіледі:

- дамуында қиындықтар кездесетін 3 жасқа дейінгі балалар. Мектеп жасына дейінгі балалар 3-тен 7 жасқа дейін

- психикалык дамуы тежелген балалар;

- ақыл- ойында әр түрлі денгейде кемістігі бар балалар;

- балалардың церебрап салмен ауыратын және тірек - қозғалыс аппаратының басқа да ауытқушылықтар бар балалар;

- жүйке жүйесінін тұқым қуалайтын - дегенеративті ауруларымен ауыратын балалар;

- сөйлеу тілінде ауыр кемістіктері бар балалар;

- естуінде ауытқушылығы бар балалар;

- балалардың ерте аутизмімен және басқа эмоциялық - еріктік бұзылулармен ауыратын балалар;

- көруінде ауыр ауытқушылықтары бар балалар.

Сонымен бірге 7-ден 15 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар:

- зиятында ауытқушылықтары бар балалар;

- аутизммен және баска эмоциялық - еріктік ауытқуылары бар балалар;

- жүйке жүйесініи тұқым қуалайтын - дегенеративті ауруларымен ауыратын балалар;

- орташа және ауыр дәрежедегі церебрал салымен ауыратын балалар;

- деменциялық әр түрлі түрлерімен ауыратын балалар;

- психикалық аурулар салдарынан оқуында қиындықтары бар балалар;

- сөйлеу тіліндс ауыр кемістіктері бар балалар;

- естуінде ауытқушылығы бар балалар;

- көру інде ауытқу шылығы бар балалар.

Оңалту орталығын маңызды ерекшелігі 15-тен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге көмек көрсету қызметі.

ОО - бірінші кезекте ақыл - ой жеке психикалық дамуында ауыр да тереңдеген ауытқушылықтары бар балаларға және әр түрлі себептермен басқа арнайы (түзеу) ұйымдарында түзеу көмегін ала алмайтын балаларға түзеу көмегін көрсетеді.

Баланы ОО-на қабылдауды психологиялық - медициналық -педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысы негізінде жүргізіледі.

ОО-дағы түзету - дамыту үрдісін ұйымдастыру оқу жоспарымен, жылдық күнтізбелік жоспармен және орталықтың әдістемелік кеңесінде әзірленетін және бекітілетін сабақ кестесімен реттеледі.

ОО-да дамуында әр түрлі ауытқулары бар ерте және мектеп жасындағы балаларға арналған тұрақты топтар құрылуы мүмкін. Бұл топтардағы жұмыс арнайы мектепке дейінгі ұжымдар қызметін реттейтін нұсқамалық -әдістемелік құжаттарға және осы Ережеге сәйкес құрылады.

ОО-да қажет болған жағдайда балалардын қысқа уақытқа болуына арналған топтар, біріктірілген топтар, дамуында ауытқушылығы бар балалар мен жасөспірімдердің ата - аналарына (заңды өкілдеріне) арналған ақыл -кеңес беру пункттері ашылуы мүмкін. ОО-да топтар бір жастағы немесе әр түрлі жастағы балалар кағидаты бойынша жинақталуы мүмкін.

Оқу – тәрбие процесін ұйымдастыру нақты түзеу көмегінің мазмұны балалардың психикалық және дене дамуы мен жеке мүмкіндіктерінің ерекшеліктеріне орай әзірленетін және 00-жағдайында дербес іске асырылатын жеке - дамыту бағдарламасымен анықталады.

Оқу – тәрбие үрдісі баланы психологиялық - медициналық -педагогикалық және клиникалық зерттеу деректерімем шарттастырылған топтарға бөліктеу және жеке ықпал жасау тәсілдерінің негізінде іске асады.

Психологиялық – педагогикалық түзеу кабинеттерінің қызметін ұйымдастыру.

Психологиялық - педагогикалық түзеу кабинеттері (ППТК) арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің бірі болып табылады және облыстың, аудан орталығында 18 жасқа дейін даму мүмкіншілігі шектеулі балалар мен жас өспірімдерге кешенді медициналық - педагогикалық және әлеуметтік -психологиялық көмек көрсету үшін құрылады ППТК міндеттері:

- сөйлеу, көру, есту қабілеті, тірек - қозғалыс аппараты, эмоциялық -еріктік саласы бұзылған, оқуында, қарым - қатынас жасауда, мінез -құлқында қиыншылықтары бар балалар мен жас өспірімдерді психологиялық -педагогикалық түзеу және оңалту түрінде кешенді психологиялық -медициналық - педагоғикалық көмек көрсету;

- баланын проблемаларын мамандардың пән аралық командасы (командалық бағалау) арқылы кешенді зерделеу және баланың медициналық, психологиялық, түзеу - педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау;

- баланың дамуының әлеуметік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және құрастыру;

- жеке, топтық сабақтар нысанында түзеу - дамыту сабақтарын жүргізу;

- отбасы жағдайында даму мұмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата - аналарына (оларды ауыстыратын тұлғаларына) кеңес беру және оқыту,

- даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың психикалық және дене жағдайымен даму мүмкіндіктері туралы жалпы білім беретін мекемелердің педагогтарына әдістемелік басшылық жасау және көмек көрсету.

ППТК-ға баланы психологиялық медициналық - педагогикалық кеңестің тұжырымы негізінде меңгеруші қабылдайды.

ППТК-ға тұрақты және уақытша тұруға мүмкіндіктері шектеулі балаларды қабылдауды жыл бойы онда бос орын болған жағдайда жүргізіледі. ППТК-да баланың орны ППТК- мен ата - ананың (заңды өкілдерінің) арасындағы шартта айтылған жағдайда сақталады.

ППТК- дан балаларды шығаруды меңгеруші ППТК- мен ата - ананың (заңды өкілдерінің) арасында айтылған шарт жағдайында немесе оның ППТК- га келуіне бөгет жасайтын баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық тұжырым негізінде жүргізді.

ППТК- ы 18 жасқа дейінгі мүмкіндіктері шектеулі балалар бөлінеді:

- 3 жасқа дейін дамуында проблемасы бар;

- психикалық даму деңгейі тежелген;

- ақыл - ойы кемтар;

- бала церебралдық сал аурулары және басқа тірек-қимыл-қозғалысында ауытқушылықтары бар балалар;

- сөйлеу тілінде күрделі ауытқушылықтары бар балалар;

- арнайы оқытуды талап ететін естуінде ауытқушылығы бар ;

- ерте жастағы балалық аутизмі және басқа эмоциялық - ерікті ауытқушылығы;

- көруінде күрделі ауытқушылығы бар;

- психикалық аурулар салдарынан оқудағы қиындықтары бар

- мектептегі дағдыларды игерудегі қиындықтары бар (оқу, жазу және санау).

Ауданда арнайы (түзеу) білім беру ұйымдары жоқ болған жағдайда ППТК-ы дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың барлық категорияларына түзеу көмегін көрсете алады.

ППТК- ы ақыл - ойы мен психикалық дамуында ауыр да тереңдеген ауытқушылығы бар балаларға ең алдымен түзеу көмегін қамтамасыз етеді, басқа арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарында түзеу көмегін ала алмайтын балаларға түзеу көмегін көрсетеді.

Түзеу көмегінің мазмұны балалардың психикалық және дене дамыуның жеке мүмкіндіктерінің ерекшеліктерінен әзірленетін және ППТК-жағдайында іске асырылатын жеке дамыту бағдарламасымен анықталады.

Жеке - дамыту бағдарламасын әзірлеу мақсатында баланың психика және дене даму жағдайын (командалық бағалау) кешенді тексеру жүргізіледі. Кешенді тексерудің негізгі міндеттері алдағы жарты жылдықта баламен түзеу жұмыстарының басым бағыттарын анықтау болып табылады. Алдыңғы кезеңде қол жеткізген нәтижелерді ескере отырып, түзеу жұмыстарының міндеттерін өзгерту қайта командалық бағалау барысында жүргізіледі, оларды өткізу мерзімі 2 жылда бір рет немесе көрсеткіштер бойынша белгіленеді.

Логопедтік пунктің қызметін ұйымдастыру тәртібі

Логопедтік пункт - логопедтің басшылығымен ауызша және жазбаша сөйлеу кемшіліктерін жою жөнінде балалармен сабақ жүргізетін білім беру ұйымы.

Логопедтік пунктті білім беруді басқару органы ашады. Әрбір логопедтік пункте топтардың сыныптардың белгілі бір саны бекітіліп беріледі. Қалалық жалпы білім беретін мектепке логопедтік пункті ашу 14-16 сыныптар болғанда, ауылдық мекемеде 9-12 сыныптар болғанда жүзеге асырылады. Бір уақытта қалалық логопедтік пунктте 20 - 30 адам, ауылдық жерде 15-25 адам оқиды.

Қалалық жерде және ауылдық жерде орналасқан білім беру мекемелерінің бастауыш мектеп - бала бақша, кешенді мектептер, гимназиялар, лицейлер, балалар оқу - тәрбие орталықтар басшылары сыныптар (топтар) санына қарамастан логопедтік пункттер ашуға құқылы.

Жалпы білім беретін мектептің логопедтік пунктына ауызша және жазбаша сөйлеуінде (жалпы сөйлеу қабілеті дамымаған, фонетико -фонематикалық дамымауы, жазу мен оқу бұзылыстары, кекештену, сөйлеудің айту жағы бұзылған (дислалия, дизартрия, ринолалия)) әртүрлі бұзылыстары бар балалар қабылданады.

Сөйлеу қабілеті жеткіліксіз балалар сөйлеу кемістігіне байланысты кейін топтар мен кіші топтарға бөлу үшін тізімде тіркеледі.

Логопедтік пунктке қабылданған әрбір балаға сөйлеу картасы толтырылады. Логопедтік жұмысты ұйымдастырудың негізгі нысаны- топтық (кіші топтық) сабақтар. Топқа бірдей балалар таңдалып алынады, ал әртүрлі жастағы балаларды топтарға жинақтау келесі талаптар бойынша:

1) сөйлеу қабілеті жалпы дамымаған (СЖД) - 3-5 адам;

2) СЖД-ға байланысты оқу мен жазу бұзылыстармен - 3-5 адам;

3) фонетико - фонематикалық жетілмегендер (ФФЖ) - 3-5 адам;

4) ФФЖ-ге байланысты оқу мен жазу бұзылыстарымен - 3-5 адам;

5) кекештенумен - 4-6 адам;

6) дыбысты айту кемшіліктерімен - 5-6 жіберіледі.

Мектептегі логопедтік пунктте сабақтар, сабақтан бос сағаттарда жүргізіледі. Мектепке дейінгі логопедтік пунктте сабақтар сабақтан бос сағаттарда немесе "Сөз дамыту және сауаттылыққа оқытуға даярлау", "Бейнелеу өнері", "Еңбек және құрастыру" бойынша сабақтар кезінде жүргізіледі.

Кейінгі уақытта, жалпы бұзылыстары бар және тіл кемістігі бар балалардың санының ескені байқалады. Бала - бақшалардың ортаңғы топтарында, тіл кемістігі бар балалар 60 % - құрайды. Олардың жартысынан көбі, I – дәрежелі тіл кемістігі бар балаларға жатпайды және арнайы тілдік топтарға бөлуге де жатпайды. Біз мұндай жағдайдан шығудың себебін логопелдиялық пунктердің ашылуы және кызмет істеуі деп білеміз.

Ауданда, қалада, облыста жалпы білім беретін мекемелер жанында бірнеше логопедтік пункт болған кезде аудандық (қалалық), облыстық, әдістемелік кабинеттерде немесе қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институттарында мұғалім - логопедтердің әдістемелік бірлестіктері құрылуы мүмкін.

6. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кәсіби білім алуы, оларды кәсіби бағдарлау

Кемтар балалар Қазақстан Республикасының білім беру туралы заң актілеріне сәйкес кәсіби білім ала алады. Кемтар балаларды еңбекке даярлау отбасында, арнаулы білім беру ұйымдарында жүргізіледі. Кемтар балалардың болашақ кәсіби кызметінің мүмкіндіктері мен сипатын айқындау үшін кәсіби-консультациялық орталықтарда, арнаулы білім беру ұйымдарында кәсіби диагностика жүргізіледі.

Кәсіби диагностика - бойындағы психикалық және (немесе) дене кемістігін ескере отырып балалардың еңбек қызметінің немесе кәсіптің дағдыларын меңгеру мен орындауға әлеуметтік мүмкіндіктерін анықтау.

Дамуында кемістігі бар тұлғаның кәсіби мамандықты тандау жағдайы шектеулі болғандықтан, кәсіби даярлау жұмысы да қиындайды.

Бұл тұлғалардың кәсіби еңбекке оналту құқықтары мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы Заңдар мен заңнамаларда бекітілген.

Жеке оңалту бағдарламасы - баланың соматикалық жай-күйі деңгейінін болжамын, психикалық-дене төзімділігін , отбасының әлеуметтік мәртебесі мен әлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескере отырып, оның қажеттіліктерінің құрылымына, ден қоятын мәселелерінің шеңберіне , құштарлықтарының деңгейіне сәйкес баланың тұрмыстық, қоғамдық кәсіби қызметке қабілетін қалпына келтіруге бағытталған медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік іс-шаралар тізбесі.

Бұл бағдарламаны әзірлеуге дәрігер, психолог, әлеуметтік педагогтар т.б. қатысады. Бұл жерде бағдарламарды жүзеге асыру мүгедектік тобын анықтауды талап егеді.

Мүгедекгтің бірінші тобына - жарақат пен даму ауытқушылығын салдарынан тұрақты ағза мүшелерінде аса ауыр кемістігі бар тұлғалар жатады. Оның нәтижесінде өзіне-өзі қызмет ету мүмкіндігі, қимыл-қозғалысы, қоршаған ортада бейімделу мүмкіндігі терең деңгейде зардап шегуі мумкін.

Мүгедектіктің екінші тобы - ауру, жарақат, даму ауытқушылығын салдарынан ағза мүшелерінде тұрақты кемістігі бар тұлғаларды айтамыз. Денсаулығындағы бұзылыстар білім және еңбек т.б. қызмет, өзін-өзі бақылау, қарым-қатынас ету мүмкіндігінің шектелуіне алып келуі мүмкін.

7. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсету

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қоғам көзқарасы өзгерген сайын оларға әлеуметтік көмек көрсетудің қолайлы түрлерін іздеуге мүмкіндік тудырады. Әлеуметтік көмек мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мемлекетгік-әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі бөлігі болып табылады. Жәбірлсген тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесінің құрамына кіреді.

ҚР "Білім туралы" Занындағы 6 бапқа сәйкес білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті- дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету. Ал білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктері бойынша даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектер және бала кезінен мүгедек балалар әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтар санатына кіреді. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарын олардың білім алуы кезеңінде қаржылау шағыстарын толық немесе ішінара өтейді. Әлеуметік көмектің мөлшерін, көздерін және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Әлеуметтік тексеру - тиісті жастағы балаларға арналған жас нормативтерін ескере отырып, дене кіріптаршығына, жинақтылығы, әдеттегі қызметпен айналысу қабілеті, экономикалық дербестігі мен қоғамға кірігу қабілеті шектелуіне байланысты болуы мүмкін әлеуметтік кемістіктер дәрежесін анықтайды. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға ұзақ уақыттық экономикалық, педагогикалық, психологияляқ, әлеуметтік және экономикалық көмек көрсетіліп отырады.

Педагогикалық тексеру арқылы тиісті жастағы балаларға арналған жас нормативтерін ескере отырып, балалардың зияты жағынан даму ерекшеліктерін және олардың ойын ойнауға, білім алу мен қарым-қатынас жасауға әлеуметтік мүмкіндіктерін анықтайды.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсету бұл ерекше қажеттіліктерді талап ететін адамдарға - үздіксіз педагогикалық ұйымдастырьшған процесте әлеуметтік тәрбие беру.

Әлеуметтік-педагогикалық қызмет адамның өмірлік жағдайларымен, экономикасымен және саясатты тығыз байланысты.

Әлеуметтік бейімдеу - нысаналы әлеуметтік және медициналық педагогикалық түзеу арқылы қолдау процесінде кемтар балалардың қоғамда қабылданған құндылықтарды, мінез-құлық ережелері мен нормаларын игеру мен қабылдауы және еңбекке даярлануы жолымен әлеуметтік орта жағдайларына белсенді түрде икемделуі.

Әлеуметтік жұмыс - жекеленген адамдарға, отбасыларына олардың толық мәнді әлеуметтік жұмыс істеуіне кедергі келтіретін бұзылған немесе жойылған функцияларының орнын толтыра отырып әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін іске асыруда көмек көрсету жөніндегі қызмет.

Әлеуметтік көмек - бұл экономикалық жағдайы төмен, әлеуметтік әлсіз, психологиялық жағынан әлсіз адамдар тобына әлеуметтік ортада қалыптасуын жақсартуына бағытталған қызмет көрсету кешені. Ол зейнетақы төлемін қосымша төлеумен, сондай-ақ ұзақ қызмет көрсетуімен (медициналық, психологиялық, құқықтық, педагогикалық және т.б.) сипатталады.

Бұл үрдіс үздіксіз жүйелі түрде ұйымдастырылады. Оның негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу. Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызмет көрсету институты толығымен ұйымдастырылмаған және әр тұлғаның жеке әлеуметпк қажеттіліктерін анықтау жұмысы толық жүргізілмейді. «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚР заңына заңға байланысты 2003 жылдан бастап мүгедек балаларға әлеуметгік көмек көрсету, оларды бейімдеу жұмысы алға басты. Заңды іске асыру жоспарына сәйкес 2003 жылдан бастап 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасында 212 бөлімі ашылуы тиіс және де сол бөлімдерде 3236 әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі уақытта әлеуметтік көмек көрсету ұйымдарында әр түрлі мамандар жұмыс істеді. Олардың арнайы бөлімдері жоқ. Әлеуметтік педагогикалық даярлау басталғанымен олардың қызметтерінің нормативтік базасы құрастырылмаған және білім беру мекемелерінде әлуметтік педагогикалық қолданудың технологиялар жеткіліксіз.

Әлеуметтік көмек көрсету жүйесінде әлеуметтік педагогикалық әрекеттін орны ерекше.

Әлеуметік- педагогикалық әрекет (мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға жәрдемдесу)- бұл мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жасына , қоршаған ортасына байланысты даму ерекшелігін ескертетін үздіксіз педагогикалық мақсатты ұйымдастырылған әлеуметтік және мәдени шартталған кеңістіктен «шығып кетуіне» (Л.С.Выготский) әкеледі

Семинарлық сабақтың сұрақтары:

1.Арнайы мектептердің түрлері, әр түрінің ерекшеліктерін ашып беріңіз.

2. Арнайы мектептегі сабақтың жалпы мектептегі сабақтан негізгі айырмашылығын көрсетіңіз.

3. Шерешевский – Тернер синдромын сипаттап беріңіз.

4. «Инфантилизм» түсінігінің анықтамасын беріңіз.

5. Клайнфельтер синдромына жалпы сипаттама беріңіз.

6. Арнайы білім беретін мекемелерде оқыту және тәрбиелеудің негізгі әдістері.

7. Көмекші мектептің негізгі оқыту – тәрбиелеу міңдеттерін атаңыз.

СОӨЖ тасырмасы:

Психологиялық гиперестезия.

Қорқыныштар, фобиялар.

Наши рекомендации