Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуы мен тәрбиесінің ерекшеліктері

Мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру аса маңызды мәселе, ол үшін жалпы және негізгі жағдайларды жақсарту басты міндет болып табылады.

Біріншіден, білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортаны жабдықтау қажет десек, ол мектепке дейінгі кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен құндылықтарын сақтайтын, баланың балалығына бағытталуы шарт.

Екіншіден, тәрбие мекемесінің басшысы мен тәрбиеші педагогтар қауымы кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдап, білімін жетілдіруге жүйелі көңіл бөліп, ұжымның шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап, оны жүзеге асыруға белсенділікпен ат салысуға және жағымды психологиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал ету қажет. Сондай-ақ, отбасының сұранысы мен талап-тілектерін қанағаттандыру және білім мен тәрбиенің балаға берілген үрдісі жайында ата-анамен үнемі бірлескен ынтымақты негізде жұмыс істеу де өте маңызды.

Үшіншіден, балабақшада еңбек етуге толық жағдай жасалып, тәрбиелеу мен білім берудің технологияларын сауатты меңгеріп, жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйесін кәсіби шеберлікпен игеріп, оны тәжірибеде пайдалануға шығармашылықпен үлес қосып отырса.

Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымының бірлескен өзара тығыз байланыста болуы.

Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Бұл мақсаттар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болады. Баланы өмірге дайындау үшін дамытудың маңызы ерекше. Даму барысы:

1. Зердесін дамыту

2. Эмоциясы мен сезімдерін дамыту

3. Күрт қиыншылықтарға төтеп бере алуын дамыту

4. Өзіне-өзінің сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, жақсы көруді дамыту

5. Танымдық үрдісін дамыту

6. Өзін-өзі алып жүре алуын, дербестігін дамыту

7. Өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі жетілдіруге ынтасын дамыту [1, 33-35 б.].

А. Едігенова бойынша баланың бүкіл өмір бойында оның даму үрдісі жүреді. Даму үрдісінде баланың таным белсенділігі арта түседі. 6 жастағы балалар заттарды түсіне, түріне, көлеміне қарап ажырата бастап, олардың құрылысын, пайдалану тәсілдерін білгісі келеді. Күнделікті өмір барысында бала шындық дүниенің құбылыстары мен заттарын анықтай білуге, адам баласының жинақтаған бай тәжірибесін үйренуге талаптанады. Балалардың бір нәрсені құмартып білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Балалар өте байқағыш, еліктегіш, әр нәрсеге үңіле қарайды, көп нәрселер оларды ойлантады.

Балалар әдетте өзіне түсініксіз оқиғалардың, құбылыстардың сырын білуге құмартады. Күн сайын олардың алдында жаңа сұрақтар туады. Сол сұрақтың жауабын олар ересектерден күтеді, өйткені, олардың түсінігінше, ересектердің білмейтіні болмайды. Мұндай ерекше сұрақтар балалардың ақыл-ой еңбегімен шұғылданудағы ниетін, ықыласын сипаттайды. Сондықтан ересек адамдар бала сұрағын жауапсыз қалдырмауға тырысқан жөн. Себебі сұрағына жауап ала алмаған бала келешекте сұрақ қоюдан жасқаншақтайды және бұл баланы дүниені тануына кері әсер етуі әбден мүмкін [2, 132 б.].

Т. Рибоның айтуынша, баланың шығармашылық қабілеті тәжірибелілігіне байланысты дамиды деп тұжырымдайды. Мектеп жасына дейінгі кезең – қиялдың тез дамитын уақыты [8]. Сондықтан қиялдың дамуын төрт ерекше кезеңдерге бөлуге болады (2 жастан 6-7 жасқа дейінгі аралықта):

1. Бірінші кезең баланың қабылдауының ерекшелігіне байланысты (бір заттан басқа бір затты көре бастауы);

2. Екінші кезең – қиялдың ойыншықтарды жандандыру құдіретінің байқалуы;

3. Үшінші кезең – ойындағы рөлдерге байланысты өзгеруі;

4. Төртінші кезең – бала қиялында өзіндік көркемдік шығармашылықтың басталуы (бейнелерді қайта құруы, жасауы).

О.М. Дьяченко мен А.И. Кирилованың тәжірибелік зерттеулерінде бала дамуында қиялдың екі түрі (сезімдік және танымдық) жүзеге асады. Танымдық қиялдың басты міндеті – ақиқат өмірдің белгілі бір түрде бейнеленуі. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда және оның құрастырудағы бір механизм болады. Е.Е. Кравцованың зерттеуінде қиялдың даму қызметінде үш түрлі компонентті бөліп көрсетті:

1. Көрнекілікке сүйену;

2. Өткен тәжірибесін қолдану;

3. Ерекше ішкі позицияны қолдану.

Осы үш компоненттің қолдануында халық ертегісінің айрықша орнын анықтап, зерттеуге мән берілді [5, 6, 15].

Наши рекомендации