Фольклорлық практиканы жүргізуші студенттер жадынамасы

Фольклорлық асыл мұра, мол қазынаны жинау ісі - барша қауымның, соның ішінде біздердің басты борышымыз. Фольклорлық практикаға шығушы әрбір студент мына жайттарды есінде сақтап, орындауы шарт:

1. Студеттер топ жетекшілерімен әрбір ауданға т. б. өлкелерге бөлінісімен, ел ішіндегі көпті көрген, түйгені мол қазыналы қарттарға жолығып, естіген - білгендерін қағаз бетіне түсіруге немесе магнитофон таспаларына жазып алуға тиісті.

2. Студент - практикант халықтың ел арасында әлі күнге дейін айтылып жүрген, бірақ баспа бетінде жарияланбаған ауызекі әдебиетінің үлгілерін: тұрмыс - салт жырларын /әдет-ғұрып/ еңбекке қатысты: төрт түлік жырлары, үй-іші салтына байланысты жырларды, аңшылық туралы, жұмбақ-жаңылтпаш, өтірік өлеңдерді: ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер бола ма, не болмаса эпостық жырлардың /батырлар жыры, лиро-эпостық, тарихи жырлар/ өзіндік жырлану ерекшелігіне байланысты вариант, нұсқалары болса, сондай-ақ айтыс жанрының үлгілерін іздестіріп, жинауға тиісті. Сонымен бірге өлке, жер-су атауларының қойылу себептері,тарихқа қатыстылығы және сол өлкеде өмірге келген әдеби мұралар, олардың авторлары туралы материалдар жинақтауы шарт.

3. Студент - практикант жинақтаған мәлімет-материалын кімнің айтуымен жазды, қай жерде, айтушы туралы да /жасы, қызметі, руы, тегі, жалпы өмірі туралы тарихынан мәлімет/ толық көрсетуі тиіс. Фотосурет болса тіптен жақсы.

4. Барлық жинақтаған материалдарын әрбір студент арнайы папкаға жинақтап тапсыруы тиіс.

Кіріспе

Сан ғасыр бел-белестерін артқа тастап, әлденеше буын өкілдерін елеп-екшеуінен өтіп бізге жеткен фольклорлық мұралардың танымдық та, тәлім-тәрбиелік те тағылымы мол. Оның ұрпақтар санасына ерлік пен елдікті, адамдық пен азаматтықты, адалдық пен пәктікті сіңіре беретін ғажайып көркем сыры, құдіретті күші бар.Фольклор халық өмірін, арман үмітін, тарихы мен мәдениетінің поэтикалық шежіресі іспетті.

Адамзат қоғамының түрлі даму сатыларының сілемдері сақталған ауыз әдебиеті тарихи прогрестерге байланысты үнемі дамып өзгереді, жаңа сипатқа ие болады. Басқаша айтқанда көне мұра халықтың дүниетанымына байланысты ұзақ эволюциялық даму жолынан өте отырып, күрделі өнер туындысына, рухани қазынаға айналады.

Тәуелсіз ел болып, ұлттық қалпымыз бен салтымызды қалпына келтіріп жатқан шақта сын-сапасы кемімейтін асыл жиһаз - ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін жинау, жариялап, зерттеудің ғылыми да, мәдени де маңызы үлкен. Кезінде хатқа түсіріліп, баспасөз бетінде жарияланып отырған ауыз әдебиеті үлгілері халықтың эстетикалық талғамын тәрбиелеуде аса зор әсер-ықпалы болмақ.Сонымен бірге ол бүкіл әлемдік өнердің алтын қорына қосылар өнер мүлкі екенін де айтуымыз керек.

Әр кезде фольклорлық мұралар жазба әдебиетінің алтын арқауына айналып, оған ерекше өрнек-реңк беріп бірін-бірі толықтырып келе жатқаны да аян. Мұның өзі де қазіргі көркемдік дамудың бір қыры деуге болады. Сондай-ақ соңғы кездері ауыз әдебиетінің кейбір жанрлары /ақындар айтысы, жыршылдық, термешілік/ серпінмен, өміршең өнер ретінде танылуда. Осының бәрін жинақтай келгенде халықтың сан ғасырлық таным-түсінігі, зейін-зердесі, өмір-тіршілік хам-харекеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жинақталған фольклорлық мұраларды жүйелі түрде жинап-жариялау маңызды іс болмақ.

Халық ауыз әдебиеті немесе фольклор – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының бірінші курс студенттеріне екінші семестрде өткізілетін негізгі курстың бірі. Оқу бағдарламасында дәріс немесе семинар сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге сессия аяқталған соң фольклорлық практикадан өтулері керек. Оған оқу жоспары бойынша 1 апта /7 күн/ уақыт бөлінген. Осы уақыт ішінде студенттер ел арасында болып, фольклорлық мұраларды жинаумен айналысады. Қайта оралған соң жинаған материалдарын тәртіпке келтіреді, картотека жасайды. Практика қортындысы бойынша жазған есептерін баяндайды, қорытынды есеп тапсырады. Фольклорлық практиканың әр жылда өтетін орны факультеттің әдістемелік Кеңесінде бекітілуі қажет. Фольклорлық практика кезінде тіл мен әдебиеттің болашақ мамандары ауыз әдебиетінің жалпы жүйесімен - жанрлық түрлерімен нақты танысып, теориялық білімдерін тереңдетеді. Сонымен бірге әдеби мұраға қамқорлықпен қарап, теориялық білімдерін іс жүзінде қолданып пайдалануды үйренеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын фольклорлық практика кезінде мынадай мақсаттар қойылады:

а/ белгілі бір аймақта кездесетін ауыз әдебиетінің үлгілерін мейілінше мол қамту, толығырақ қағазға түсіру;

ә/ ауыз әдебиетінің өсу, даму процесін, өзгеріс-құбылыс дәрежесін бақылау, анықтау. Қай жанрдың басым екенін және таралу шегін білу.

Фольклорлық мұраларды жинау барысында қыруар іс атқарылғанына қарамастан, бүкіл Қазақстан аумағындағы /және одан тыс жерлердегі/ елді мекендердің барлығы түгел қамтылды деуге болмайды. Халық әдебиетін жинаушылардың материалдарының ішінде ғылымға әлі толық белгілі бола қоймаған /мәселен, аушадияр/ деректер кездесіп қалуы да мүмкін. Мұндай тың мұралардың ғылым үшін мәні үлкен екенін естен шығармаған жөн. Кейбір күрделі проблемаларды анықтап шешуде ел аузынан жазылынып алынған материалдардың мәні ерекше. Сондықтан оны бұрмалауға, жөндеуге, өзгертуге болмайды. Мұны фольклорлық практикаға шыққан әр адам есінде ұстауы қажет.

Ұйымдастыру жұмыстары

Фольклор жинап, жазып алу үшін баратын жерлеріндегі /қала, ауыл, қыстақ/ тұрғын ел мен халықтың саны, жер жағдайы туралы дерек беретін карта немесе орналасқан орны жайлы материалдармен алдымен мұқият танысып алулары қажет, жетешілік ететін нұсқау алғандары жөн.

Фольклорист практикант жолға шығардан бұрын баратын жеріндегі бұрын халықтың тарихы мен мәдениеті, тұрмысы мен салты аздап болса да хабардар болғаны жөн. Жергілікті өлеңші, әнші, жыршы, ертекші, күйші т. б.хақында.

Күнделікті істеген жұмыс журналға тіркеліп отыруы қажет. Экспедицияның әр мүшесі күнделік жүргізіп отырады. Фольклорлық практика аяқталған соң істелген жұмыс есебі жасалады. Жиналған материалдар ретке келтіріліп, бір аптаның ішінде кафедраға тапсырылады.

Құжатқа қойылатын талаптар

1. Жиналған фольклорлық материалдар қалың дәптерге жазылады.

Дәптердің сыртқы беті төмендегідей толтырылады:

Наши рекомендации