Күдіктіден, жәбірленушіден, куәлардан жауап алудың ерекшеліктерін анықтаңыз

Куә мен жәбірленушіден жауап алу.Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында куәнiң, жәбiрленушiнiң күдіктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақтар беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәнің, жәбiрленушiнің өзiнiң, жұбайының, жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін, сондай-ақ ал діни қызметшінің тәубеге келу үстінде өзіне сырын ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куәге, жәбiрленушiге олардың көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледі. Егер куә жауап алуға заң көмегін көрсету үшін шақырылған адвокатпен бірге келсе, онда адвокат жауап алу кезінде қатысады. Жауап алу аяқталғаннан кейін адвокат жауап алудың мәні бойынша ескертулер беруге және жауап алу хаттамасына енгізілуге тиіс өтінішхат мәлімдеуге құқылы.

Күдіктіден жауап алу.Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алудың алдында күдіктіге оның қандай қылмыстық жазаланатын әрекетті жасады деп күдік келтіріліп отырғанын хабарлайды, сондай-ақ оған айғақтар беруден бас тарту құқығын түсіндіреді.Cотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған келтірілген күдіктің мәнін түсіндіре отырып, күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасауда өзін толық немесе ішінара кінәлі деп мойындайтынын не өз кінәсін мойындамайтынын анықтайды.Күдіктінің жауап беруден бас тартуы оның өз кінәсін мойындамауы ретінде бағаланады. Жауап алу күдіктiге келтірген күдік жөнінде және iс үшiн маңызы болуы мүмкін барлық басқа мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауапалу ерекшеліктері. Прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан, егер олардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы. Тергеу судьясы өтінішхатты алынған кезінен бастап үш тәулік ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын белгілейді, бұл туралы прокурорға, күдікті мен іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатына хабарлайды.

Тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы прокурордың, күдіктінің, қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде адамдардың сот отырысына қатысу үшiн келуiн қамтамасыз ету тергеу судьясына өтiнiш мәлімдеген адамдарға жүктеледi. Күдiктiнiң қорғаушысы адамды шақыру үшiн тергеу судьясына адамның жауап алуға келуiн қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтiнiш мәлімдеуі мүмкiн.
Прокурордың, қорғаушының, күдіктінің дәлелді себептер бойынша келмей қалуына байланысты жауап алуды жүргізу кейінге қалдырылуы мүмкін.Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тiркелген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қолдарын қояды.Тергеу судьясы хаттамаға ескертпелерді түскен күні қарап, олардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы қаулы шығарады. Содан кейiн сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескертпелер келтiрiлген болса, осы ескертпелер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы қылмыстық iс материалдарына қосып тiгу үшiн прокурорға жiберiледi.

Наши рекомендации