Лекция. Балалар ұжымы – тәрбиенің обьектісі және субъектісі
Жоспар:
1. Оқушылар ұжымы және оның даму жолдары.
2. Ұжымымен жұмыстар жүргізудегі мұғалімнің кәсіби іскерлік қасиеттері.
3. Оқушылар ұжымының жағдайын зерделеу әдістемесі.
Негізгі ұғымдар: ұжым, балалар ұжымы; балалар ұжымы дамуының кезеңдері мен заңдары, оқушылардың өздерін-өздері басқаруы, оқушы ұжымының қалыптасуының диагностикасы.
Оқушылар ұжымындағы жеке тұлға теориясын құрудың негізі А.С.Макаренко еңбектерінде жатыр. Ол ұжымда жеке тұлғаны тәрбиелеудің басты нәтижесі оның қоғамдық бағыттылығы деп есептейді. Ол ұжымның басты белгілерін нақты тұжырымдап берді. Олар: ұжым – басқа ұжыммен органикалық байланыста болатын қоғамның бір бөлігі; қоғамдық маңызы бар мақсаттың болуы; ұжым мүшелерінің қызметін ұйымдастыру; ұжым мүшелері арасындағы өзара жауапкершілікті қарым-қатынас орнату; өзін-өзі басқару органдарының болуы.
Балалар ұжымы алғашқы ұжымдардан (сыныптардан) тұрады; осы алғашқы ұжымда-ақ балалар жалпы мақсатын жүзеге асыруға бірігіп қатыса отырып бір-бірімен жақын араласа бастайды. Онда балалардың мүмкіндіктеріне, қызығушылықтарына, қабілеттеріне, құрбыларына деген қарым-қатынастарына қарай әрқайсысының белсенділендіруге жағдай жасалады. Сонымен бірге бұл ұжым өзінің тар мағынадағы мүдделерімен ғана шектеліп қалмай болашақ жоспарларын күрделендіріп, мүдделерін кеңейтуі тиіс. Бұл тек осы алғашқы ұжымдарды қоғаммен байланыстыратындай ұжымаралық байланыс жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Балалар ұжымы деп мақсатты бағытталған әлеуметтік маңызы бар іс-әрекет негізінде оқушыларды біріктірудің ұйымдастырушылық формасы деп түсініледі. Мұндай іс-әрекет оқушылар үшін ең алдымен оқу іс-әрекеті болып табылады.
Оқушы ұжымының бірнеше кезеңдері бар. Ұжымды дамытудың бірінші сатысы әдеттегідей оқушылардың нашар ұйымдастырылуымен сипатталады, балалар бұл сатыда алғашқы ұжымдарға формальды түрде топтастырылады. Сынып белсенділері болмайды, соған байланысты мұғалім сыныпқа тиісті талаптарды өзі қояды. Бұл мектепке немесе сыныпқа қайтадан келген балалар жинақталған “құрама сынып” оқушылары ұжымының басты ерекшеліктері. Көп жағдайда мұғалім бірге көп жылдар бойы бірге оқып келе жатқан оқушылар ұжымымен жұмыс істейді, бірақ сынып тәртібі нашар, көшбасшылар формальды түрде сайланады, бірақ мұның ұжымдық қарым-қатынасқа ешқандай ықпалы болмайды, яғни жалпы нашар ұйымдастырушылық орын алады.
Айтылған кезеңде мұғалім сабақта және сабақтан тыс уақыттарда оқушыларды әртүрлі бірігіп атқарылатын іс-әрекеттерге араластыру арқылы бір-бірін (оқушы мен мұғалім) жақсы танысуға күш салуы тиіс. Сонымен қатар, ұжымның қалыптасуы кезеңінде сынып белсенділері сайлауға, қайта сайлауға дайындалады.
Ұжымды дамытудың екінші кезеңінде талаптарды тек мұғалім ғана емес белсенді топ мүшелері де (параллель) қоя алады. Сабақта және сабақтан тыс іс-әрекеттердің түрлері көбейіп, күрделене түседі. Белсенді топ мүшелері тапсырмаларды оқушылардың мүдделерін ғана емес, ұжым қажеттіліктерін ескере отырып береді.
Балалар ұжымының дамуының үшінші кезеңінде тек мұғалім мен белсенділердің мүшелеріне ғана талаптар қойылмайды, сонымен қатар ұжымның әрбір мүшесіне де белгілі бір талап қойылады. Бұл саты қоғамдық пікірлердің ескерілуімен, оқушылардың өз-өзіні басқаруының жоғарғы деңгейде болуымен, балалардың ұжым жұмыстарымен айналысумен сипатталады. Дәл осындай ұжым оқушыларды ұжымшылдыққа тәрбиелеу құралы болып табылады. Бұл жерде әрбір оқушының тұлға ретінде дамуына барлық жағдайлар жасалады.
Ұжымның барлық даму сатыларында мұғалімнің алдында үнемі тәрбиелеу міндеттері тұрады. Оның ішіндегі ең маңыздысы: педагогикалық жетекшілік пен оқушылардың өз-өзін басқаруын дамытуды қалай бірге алып жүруге болатындығында.
Педагогикалық процестің іске асыруын қамтамасыз ететін тұлғаның салыстырмалы орнықты сапалары мен ерекшеліктерін жиынтығын педагогтың кәсіби маңызды қасиеті деп санауға болады. Сонымен, біртұтас педагогикалық процестің нәтижелілігі “педагогтар-оқушылар” жүйесіндегі өзара қатынастың, ықпалдастықтың деңгейіне байланысты. “Оқушы” жүйесі үшін педагог тұлғасы қоршаған болмысты пәндендіру арасындағы делдал, ал мұғалім оқушы мен материалдық және рухани құндылықтар арасындағы делдал болып табылады. “Оқушылар” жүйесінде қарым-қатынас “педагогтар-оқушылар” жүйесінде бар қарым-қатынас салдары ретінде жасалады.
Ұстаздың ұжымшылдығы оның оқушылармен және оқушылардың бір-бірімен дұрыс өзара қарым-қатынас жасауының негізінде балалар ұжымының қызметін ұйымдастыруға даярлығы арқылы көрініс табады. Тұтас педагогикалық процесс теориясында бұл өзара қарым-қатынас өзара ықпалдасатын тәрбиелеуші механизм болып табылады және қызмет барысындағы ынтымақтастықтың сипатына тәуелді. Қызмет барысындағы сипатын түсіну мұғалімнің құзырына кіреді. Соған байланысты мұғалім өзінің жинақтаған білімінің негізінде балалар ұжымының қызметін ұйымдастыруға дайын болуы керек.
Мұғалімге, сынып жетекшісіне оқушы ұжымын қалыптастыру бойынша тиімді жұмыстар ұйымдастыру үшін білім, біліктерді меңгерулері қажет: Оларға жататындар.
1. Оқушы ұжымының қалыптасу жағдайы мен деңгейін диагностикалай алу, біртұтас педагогикалық процестің негізгі көрсеткіштеріне диагностиканы негіздей алу, ұжым дамуын болжау үшін диагностикалық мәліметтерді пайдалану.
2. Мектепте және мектептен тыс уақыттарда алғашқы ұжымды басқа ұжым түрлерімен өзара байланыс жасауының рөлін түсіну.
3. Әрбір оқушының қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес жалпы мақсатқа (сабақта және сабақтан тыс уақытта оқушылардың ықпалдасу жүйесі) жетуге бағытталған оқудағы және оқудан тыс іс-әрекеттерін ұйымдастыру.
4. Алғашқы (сыныптық) ұжымды қалыптастыруда мұғалімнің педагогикалық жетекшілігімен ұжымда өзін-өзі басқаруды үйрету.
5. Оқушы ұжымын қалыптастыру теориясы мен тәжірибесі және оның негіздері мен даму заңдылықтары жөнінде біртұтас түсініктің болуы.
6. Педагогикалық ықпалдастырудың негізгі құралдарын білу және оларды балалар ұжымын қалыптастыру процесінде қолдану.
7. Мұғалім іс-әрекетінің заңдылықтарының, қозғаушы күштерінің және тәрбиелеу механизмдерінің объектісі ретінде педагогикалық процестің мәні мен құрылымы туралы теориялық білім.
Мұғалімдердің балалар ұжымымен кәсіби ұйымдастырылған жұмысы барысында әлеуметтік (қоғамдық) белсенділік ретінде күрделі тұлғалық қасиеттер қалыптасады. Қайта құру кезеңінде бұл қасиет ерекше маңызға ие болады, өйткені ол қоғамдық іс-әрекеттердің маңыздылығын оқушылардың санасына сіңіруін, олардың оған жауапкершілік, белсенділік, ізденімпаздық таныта отырып қатысуға дайындалуын, ұмтылуын қамтиды.
Оқушылардың қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатысуға оң көзқарас танытпайтындар да аз емес. Оның негізгі себебі ұйымдастырылатын жұмыстардың бірыңғайлығы, ондағы формальдылық, жұмыстың пайдасыздығының айқындығы, педагогтың өзінің қызығушылық танытпауы болып табылады. Соған байланысты оқушы белсенділігі мектепте ұйымдастырылатын жұмыстардың тиімділігіне, сұранысқа ие болуына, мұғалім позициясына, жеке қатынасына, жұмысты сауатты ұйымдастыра алу біліктеріне тікелей байланысты.
Тапсырмалар мұғалім тарапынан емес белсенді топ мүшелері, сынып ұжымы тарапынан берілуі тиіс.
Негізгі тапсырмалар сабақта және сабақтан тыс орындалатын жұмыстарға байланысты берілуі қажет; мүмкіндігінше ол жұмыстарды оқушылардың өздері таңдағандары орынды. Орындалған тапсырма мен оның орындалу сапасы жөнінде ұжым алдында есеп берілуі қажет.
Класс жетекшісі үнемі оқушы ұжымымен атқарылған жұмыстарды тіркеп отыруы тиіс: ұжым, белсенді топ мүшелерінің тізімі, әрбір ұжым мүшесінің сабақта және сабақтан тыс (қоғамдық) орындағын жұмыстарының тізімі (мұнда орындалған жұмыс жөнінде қашан есеп берілуі керектігі көрсетіледі), жылдық, жартыжылдық, тоқсандық, жоспар жасалады, әрбір оқушыға мінездеме жазады. Оқушылардың жетістіктерін үнемі айта отырып, оқушы тұлғасын қалыптастырудағы проблемаларға басты назар аудара отырып олармен жеке жұмыс жүргізудің маңызы ерекше.