Тақырып. Ән – халықтық педагогиканың құралы
Жоспар
1. Әннің жеке тұлғаға ықпалы
2.Бесік жыры
3. Қазақ халқының күйшілік мектептерінің зерттелу жайы мен күйшілік дәстүр жүйесі.
1. Әннің жеке тұлғаға ықпалы.Бұл күндері Қазақстанның саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени өміріндегі түбегейлі өзгерістер жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне тікелей әсер етуде. Республикамыздың егемендік алып, ұлттық сана- сезіміміздің оянуы, тіліміз бен дініміздің, мәдениетіміздің қайта жаңаруы, өзінің жаңа даму дәурін басынан кешіп отырған орта мектеп оқушыларының адамгершілікті-эстетикалық тәрбиелілігіне деген обьективті қажеттілігін артырып отыр. Қазақ әндерінің халықтың өмірімен, тарихымен тығыз байланыстылығы, көркем образдылығы, философиялық ой тереңдігі, сан-алуан жанрлылығы мен варианттылығы оқушылардың түйсік-талғамын шарықтатып, көркемдік қажеттілігін, әсемдікті қабылдай білуін, адамгершілікті-эстетикалық идеалын қалыптастыруға ерекше қолайлы жағдай жасайды. Ән - яғни вокальдық шығарма- музыка өнерінің ең көне және кең тараған жанры. Қазақ халқының ән өнері ұлттық мәдениетіміздің ауқымды бөлігі. Ән мұраларының тәрбиелік мүмкіндіктері мен әдіс – амалы ұшан-теңіз, халықтың - болмыс тіршілігімен, өмір тынысымен сабақтас бағалы қазына. Атақты Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай сал т.б. ән шығармаларын өздері шығарумен бірге, жоғары деңгейде орындай біліп, қазақи әншілік-кәсіпкерлік дәстүрді дамытушылар болды. Осы кезеңдерде қазақ халқының асқақ ойлы зиялы азаматтары Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарын рухани қазынамыздың қоғамдағы тәрбиелік роліне айрықша мән берді. Қазақтың халық әндерін жинастырып, зерттеуде аса көп еңбек сіңірген А.В.Затаевич болды. Ол жариялаған екі томдық «Қазақ халқының 1000 әні» және «500 қазақ әндері мен күйлері» қазақ фольклористикасына қосқан іргелі үлес болды. Қазіргі музыкалық-эстетикалық тәрбиені халық творчествосы арқылы жүзеге асыру мәселесіне тікелей тоқталған зерттеушілер (Ұзақбаева С.А., Балтабаев М.Х., Өтемісов Ж.З., Қышқашбаев Т.А., Дүйсембінова Р.К. т.б.) республикадағы музыкалық-эстетикалық тәрбиенің құрылуы дәне даму жолдарын сабақтарда және сыныптан тыс уақытта берілетін музыкалық-эстетикалық тәрбиенің формаларын, әдістерін, амал-жолдарын саралап, тоқталып өтеді, сонымен бірге осы бағытта шешімін таппай отырған тәрбиелік мәселелерді қозғайды. Қазақ әндерінің поэтикалық құрылымының күрделілігі, жас буынның ой-сезімі мен танымдылығына әсер етуші күштерінің сан қилы болып келуі осы өнер түрінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Халық әндері халықтың туындысы бола отырып елдің түпкір-түпкіріне хабардар жаршысы болды. Халық әнінің тағы бір ерекшелігі – оның өмірі мен жас буынның тәлім –тәрбиесімен тығыз байланыстылығы. Халық әнінің келесі ерекшелігі - оның тарихилық сипаты. Ән мазмұнынан елдің әдет-ғұрпын, салт-санасын, эстетикалық-адамгершілікті сезімдерін танумен бірге сол елдің басынан кешкен оқиғасын, тұрмыс-тіршілігін танып білуге болады. Ән мұрасының әдебиет саласындағы жанрлық сипаты.Ә.Қоңыратбаев ән фольклорын тұрмыс – салт жырлары: а). бақташылық жырлары (төрт түлік мал туралы); ә) діни әдет-ғұрып тудырған жырлар (жарапазан, бәдік); б) үйлену жырлары (той бастар, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар); в) ұлыс жырлары; г) бөбек жырлары; д) жаназалау жырлары (естірту, қоштасу, жұбату), сондай-ақ аңыздар, ертегілер, қазақ эпосы, тарихи жырлар, айтыс поэзиясы деп топтастырған. Еңбек кәсіпкерлік әндері: түлік өлеңдері, егіншілік әндері,аңшылық-саяткерлік өлеңдері, жұмысшы жыры. Нақлият әндер: алғыс , бата, тілек өлеңдер, жарапазан, тақпақ, жұмбақ өлеңдер, мысал өлеңдер. Қиял әндер: аңыз өлеңдер, өтырык өлеңдер. Сатиралық-юморлық әндер.
Музыкалық шығармашылық қазақ отбасында тәрбие мақсатында кеңінен пайдаланылған. Олар балалар мен жастардың ақыл-ойына, зерде- сезіміне әсер етіп, музыкалық-эстетикалық тұрғыдан дамытқан. Қазақ халқының ән шығармашылығының жанры сан алуан. 1) Отбасылық-тұрмыстық әндер:шілдехана, туған күн, бесік жыры, тұсау кесу сияқты елеулі сәттерге арналған әндер жатады. Бұндай өлеңдерде ата-аналардың балаға деген сүйіспеншілігі, оның тағдырына деген жауапкершілігі, бала туралы терең ой толғаныстары ашып көрсетіліп, мейірімді, ақылды азамат болуға, өз халқының лайықты қорғаны, батыры, ең бастысы – бала кім болмасын, адам болуды қалаған үміті, тілегі айтылады.
Мысалы: «Тұсау кесу» - тұсау кесуші әйел жүре бастаған баланың аяғына ала жеппен тұсау салып жатып:
Қаз, қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін, -
деп, әндете отырып, тұсау жіпті қайшымен қияды.
2) Әдет-ғұрыптық әндер:тойбастар, жар-жар, беташар, сыңсу, жоқтау әндері жатады. Тойбастар әнімен үйлену тойының басталатынын, күйеу жігітті, қалыңдықты, жалпы той иелерін мадақтап, игі тілектер айтып хабарлайды. Жар-жар – ұзатылатын қыз тойында қыз-жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулау, бара жатқан жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңменен айтылады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, абыройлы, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мысалы:
Алып келген базардан,
Қара насыр жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле
Шашың басар жар-жар-ау. (13-бет, «Жеті қазына»)
Беташар – жаңа түскен келінді беташар рәсімі жасалмай ешкім көре алмайды. Беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді.
Келін келді, көріңіз,
Көрімдігін беріңіз,
Анау-мынау демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз, - деп әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра отырып көрімдік сұрайды. Сыңсу – ұзатылып бара жатқан қыздың өз еркімен бармай, әке- шешесінің ұйғаруымен, өзіне тең емес адамға немесе жасы өзінен үлкен бай адамға әйел үстіне тоқалдыққа баруымен байланысты болған:
Заманым өтті басымнан,
Дәуренім кетті басымнан.
Айналайын, ел-жұртым,
Не болар менің заманым?
Жоқтау – өлген адамның әйелі ері қайтыс болған күннен бастап басына қара жамылып адамның әйелі ері қайтыс болған күннен бастап басына қара жамылады. Әйелі, қыздары, апа-қарындастары жыл бойы күн сайын таңертең ерте тұрып, беттерін керегенің бетіне қаратып, 1-2 сағат бойы дауыс салып жоқтау айтатын болған. Жоқтау өлеңде өлген адамның ел-жұрты, ағайын-туысқа тигізген пайдасы, қамқорлығы, ерлігі, кісілігі туралы айтылады.
Құрама жиып ел қылып,
Қосын таза сақтаған.
Тілі шайпау тентегін
Ақылымен тоқтатқан.
Елдің қамын ойлаған.
3) Еңбек әндеріарқылы халық балалар мен жастарды еңбектің түрлерімен, еңбек әрекеттерімен таныстырады, халықтың ауыр тұрмысын суреттейді, еңбектің өмірдегі қажеттілігін ашып көрсетеді.
4) Лирикалық әндерарқылы ғашық жандардың толқыныс
сезімдерімен, нәзік сұлулығымен таныстырады. Әлеуметтік-экономикалық теңсіздік салдарынан бір-біріне қосыла алмаған екі жастың қайғы-мұңын шертіп, жеке бастың күйініш-сүйінішін көрсетіп, туған жердің сұлу табиғатын бейнелейді. Мысалы: «Япыр-ай» әнінің мәнерлі музыкалық және поэтикалық бейнесінде табиғаттың сұлу көрінісі мен адамның рухани көңілі байланыс тауып жатса, «Гауһартас» әнінде сүйген жардың ажары таңғы шолпан жұлдызға теңеледі, үстіндегі киген киімі, әсерлі жүріс-тұрысы, бойындағы асыл бұйымдары салыстырмалы түрде суреттеледі.
5) Тарихи әндер –балалар мен жастарды халық өміріндегі сан қилы тарихи оқиғалармен таныстырып, ел басына күн туған кезде толарсақтан қан кешкен батырларға құрметпен қарауға тәрбиелеп, әділдік пен адалдыққа үндеп отырған. Мысалы: «Исатай», «Елім-ай» т.б. әндер. Қазақтың музыкалық шығармаларының күрделі бір саласы – күй.
2.Бесік жыры.Қазақ халқы «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп перзентін ерекше қастерлеп, нәрестеге арналған көптеген ән-жырды өмірге әкелген. Нәресте өмірге келгенде шілдіхана жасалып үш күн бойы өлең айтылып, кұй тартылып қызық-думан толастамаған. Қырқынан шыққан соң бесікке бөленген бала ана әлдиімен, бесік жырларын естіп ер жетеді. Бесік жырларының ерекше мәнерлілігі нәрестенің психикасына оңтайлы әсер етіп, көңіл-күйін орнықтырып, нерв жүйесін тыныштандырады. Бесіктегі баланы уату игі тілектермен, оның болашағына деген жарқын үмітпен айтылады. Музыкалық әуен құрылымы қарапайым, жан тербетер мамыражай болып келеді. Бөбек анасының сүйіспеншілікке толы, жанға жағымды нәзік әуеніне балқып күн санап өсе береді.
3. Қазақ халқының күйшілік мектептерінің зерттелу жайы мен күйшілік дәстүр жүйесі.Күйлерде қазақ халқының басынан кешірген қасірет-тауқыметі, тарихи оқиғалары, туып-өскен жердің табиғаты, күнделікті тіршілік қарекетінің түрлі жақтары, қоғамдық өмір құбылыстарына және өнерге деген көзқарасы бейнеленеді. Қазақ халқының күйшілік өнері өзінің дәстүрлік ерекшелігіне, орындау мәнеріне, қағыс тәсілдері мен түрлеріне қарай негізінен екі үлкен мектепке жатады. Бұлар төкпе күйжәне шерпе күйдеген атпен белгілі. Түркі тектес байырғы көшпенділер жасаған өзгеше бітімді өркениеттің тікелей мұрагері, өткен ғасырдың басына дейін негізінен, көшпенділік өмір салтын ұстанған, кейін тіршілік ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы – сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы. Күй – халқымыздың сол ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі. «Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этномузыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты психо-эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы іспетті айқын психологизм тән екендігін аңғарамыз. Әлбетте, бұл күй жанрының өзге сипатын: баяндаушылық, суреттеушілік, кейіптеушілік қасиетін жоққа шығармаса керек. Жинақтай айтқанда, күй – құрылымы жағынан шағын болғанмен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса. Күйдің қай заманнан бері тартылып келе жатқандығының нақты дерегі жоқ. Бірқатар зерттеушілер күй бағзының бағзысында, әзелгі ғұн, түркі дәуірінде пайда болған деп пайымдайды. Ал орта ғасырларда Қарақорым мен Еділ дария арасын жайлаған жалпақ жұртқа жаппай түсінікті, етене музыка тіліне айналған сияқты деген де пікір бар. Біраз күйлердің тақырыбы, лексикасынан, пішін-құрылымынан, күймен егіздете баяндалатын аңызынан архаикалық сипат, ислам дініне дейінгі наным- сенімнің табы байқалуы осы тұжырымға дәйек бола алса керек. Күйлер негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік профессионалдық өреге жеткен саласы – домбыра күйлері. Домбыра – қос ішекті құдірет. Домбыра – қазақтың жаны. Бұл аспапта «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен» өткен халықтың тарихы тұнып жатыр. Ол ұлтымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерiне тіл бiтiре алады. Осы құндылықтарымыздың сақталуына да септігін тигізіп келеді. Домбыра – тым ертеде пайда болып, уақыт озған сайын түрленіп, дамып отырған, екі ішекті, шертпелі хордофон типіндегі аспап. Осы үлгідегі және атауы да, көп ретте, осы «домбыра» сөзіне ұқсас аспаптар татар, башқұрт, өзбек, алтай, қырғыз, түрікпен, мұңғыл, қалмақ, тәжік халықтарында да сақталған (думбыра, думбара, думбрак, домбр, комуз, т.с.с.). Типологиялық және лексикалық ұқсастық аталмыш музыка аспабының әлмисақтан мәшһүр екендігінің және Орталық Азия халықтарына түгелдей дерлік табиғи болғандығының дәлелі ретінде де айтылады. Ал қазақ домбырасы – жұмсақ, қоңыр үнімен ерекшеленетін, дыбыстық диапазоны 1,5 октавадан 2 октаваға дейін жететін, мүмкіндігі мол, сонымен қатар ел-жер, орындаушылық дәстүр ыңғайына қарай сыртқы пішіні де сан түрлі болып келетін, заманында әр қазақтың дерлік үйінің төрінде тұрған аспап. Өйткені, домбыра – ұлттық болмысымызды айқындап, рухымызға рух қосады. Осыншама кең таралғандығы себепті, қазақтың дәстүрлі әндері түгелге жуық домбыраның сүйемелімен айтылады. Алайда, домбыра аспабының тембрлік, диапазондық мүмкіндіктерін шегіне жеткізе ашқан жанр – көне ықылымдарда қалыптасып, ХІХ ғасырда өз дамуының шырқау шыңына көтерілген күй жанры еді. Күй – қазақтың музыкалық шығармаларының күрделі бір саласы. Күйлерде қазақ халқының басынан кешірген қасірет-тауқыметі, тарихи оқиғалары, туып-өскен жердің табиғаты, күнделікті тіршілік қарекетінің түрлі жақтары, қоғамдық өмір құбылыстарына және өнерге деген көзқарасы бейнеленеді. Қазақ халқының күйшілік өнері Сахара аймақтарының тарихи, мәдени және жағырафиялық ерекшелігіне, аспапта орындалу техникасына байланысты, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасты. Бұл дәстүрлі мектептер Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс мектептері деп аталады. Қазақтың домбыра күйлері өзінің дәстүрлік ерекшелігіне, орындау мәнеріне, орындаушылық ерекшелігіне, қағыс тәсілдері мен түрлеріне қарай, күйдің құрылымына байланысты негізінен екі үлкен мектепке жатады. Бұлар төкпе күй және шерпе күй деп жіктеледі.