Диалектизмдер. Көнерген сөздер. Неологизмдер. Термин сөздер
Диалект (жергілікті тіл ерекшеліктері) деп тілдегі жалпы халықтық сипат алмаған белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердіңжиынтығын айтамыз. Мысалы, сіріңке – кеуірт, күкірт, шырпы, ши, оттық, шақпақ; шылапшын – леген, жам, кірлен, шылаушын, тас; кесе – самал, пиялай, кәсе, тас аяқ, шыныаяқ, ақпар, кәрлен, жанан; күрке – балағаш, балаған, шайла, шабра, кепе, аткүрке, алты аяқ, қапын, лапас, жапа, т.б.
Жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі говор деп аталады. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект ек-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немес екі-үш аудан көлеміндей жерді қамтиды. Мысалы, қазақ тілінде «Шығыс говоры», «Батыс говоры», «Оңтүстік говоры» немес «Қызылорда говоры», -«Шу говоры» дегендер бар.
Архаизмдер
Тіл - қоғамдық құбылыс дедік. Қоғамдағы әр түрлі өзгерістер тілдің сөздік құрамына әсерін тигізіп, ізін қалдырады. Өндіріс процесіне жаңа сөздер пайда болып жатса, енді бірде кейбір сөздер қолданудан шығып жатады. Тілдегі қолданудан шығып, көнерген сөздерді екі топқа бөледі: а) архаизмдер; ә) историзмдер.
Күнделікті тұрмыста, ескі әдебиеттерде кездесетін дін ұғымында, ескі әдет-ғұрыпта қолоданылатын, соған байланысты көнерген сөздерді архаизмдер дейміз. Мәселен, байрақ (ту), отарба (поезд), аэроплан (самолет), молда зікір, жаназ, підия, бата оқыр, жыртыс, сапты, аяқ, хан, ханым, ханзада, күзек, ауылнай старшын, т.б.
Егер сөздер (архаизмдер) өздері атайтын заттарымен бірге жоғалып, қолданудан шығып қалса, онда оны историзм дейміз. Мысалы, қорамсақ, сәукеле, атқамінер, шабарман, сауын айту, кит кию т.б.
Қазақ тілінде архаизмдердің мынадай түрлері бар:
1. Киім-кешек, мата, кездемеге байланысты архаизмдер: бөз, мақпал, ләстек, шайы, патсайы, шидем, шекпен, күні, жаулық, сәукеле, кебіс, кісе, т.б. 2. Ыдыс-аяқ атаулары: сапты аяқ, торсық, талыс, астау, кебеже, керсен т.б. 3.Салт-сана; әдет-ғұрыпқабайланысты архаизмдер: сауын айту, ас беру, ұрынбару, жарыс қазан, тоқым қағар, отқа салар, бесік құда, шашу, барымта, қалың мал, байғазы т.б. 4. Діни ұғымға байланысты архаизмдер: зікір, жагаза, мүпти, підия, ақырет, жайнамаз, зекет, құшыр, пітір, жыртыс, ақтық т.б.
Историзмдерді де осы бірнеше топқа бөлуге болар еді.
1.Әкім басқару ісімен байланысты туған историзмдер: патша, хан, ханша, ханзада, уәзір, бек, бекзада, ауылнай, аға сұлтан, старшын, болыс, би, қазы, шабарман т.б.
2. Қару-жарақ, әскери лауазыммен байланысты историзмдер: садақ, жақ, жебе, қорамсақ, оқшантай, сауыт, қалқан, айбалта, жасақ, сарбаз т.б.
3. Қазан революциясы кезінде пайда болған историзмдер: нарком, совет, кедейлер комитеті, партия ұясы, қызыл отау, қосшы т.б.
Неологизм
Архаизмге қарама-қарсы құбылысты неологизм дейміз. Тілдің сөздік құрамына енген жаңа сөздер: мысалы жердің жасанды серігі, космонавт, космодром, теледидар, оқулық, көрермен, оқырмен, аялдама, белмұздақ, қырғи қабақ соғыс т.б.
Неологизм негізінен мына жолдармен жасалады:
1. Бұрыннан бар сөздерге түрлі жұрнақтарды қосу арқылы: оқулық, көр-ер-мен, аял-да-ма, бал-мұз-дақ, өмір-шең, үйір-ме.
2. Жалқы есімдерді жалпы есімдерге айналдыру арқылы: суворовшылар, мичуриншілер, берсиевшілер, т.б.
3. Екі сөзді біріктіру арқылы: келіссөз, ұшаралық, жетіжылдық, бесжылдық.
4. Кейбір неологизмдер сөз тіркесінен де жасалады: агротехникалық шаралар, жергілікті тыңайтқыштар, шаруашылық дақылдары.
Жаңадан енген сөздердің тың,, жаңа екендігі аңғарылып, сезіліп тұрғанада ғана неологизм болады. Уақыт өткен сайын кейбір сөздер үйреншікті, бұрыннан да бар сөздер секілді болғанда, неологизм болудан қалады. Мәселен, колхоз, бригадир, электр, радио, партия, совхоз сөздері алғашқы кезде неологизм болса, кейін сөздік қорға еніп кетті.
Терминдер
Неологизмдер лексикалық және семантикалық болып екіге бөлінеді. Лексикалық неологизмдерге жаңа заттың ұғымның шығумен пайда болған сөздер, мысалы, теледидар, космос, космонавт, баспасөз, аялдама, жемшөп, әдіс т.б.Семантикалық неологизмдерге сөзбе сөз аудару жолымен пайда болған сөздер: мысалы, жүйе (система), шарт (догоовр), желі (жила), шөгінді (осадки), т.б. сөздер жатады.
Тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі саласында қолданылатын сөздерді термин сөздер дейміз. Терминдегі сөздердің басты қасиетті мынадай: а) термин ғылым мен техниканың әр саласында тән болуы керек. ә) Термин сөздер дара, бір ғана мағыналы болуы керек. Г) термин сөздердің көпшілігі дүние жүзі тілдерінің халықтарына ортақ болуы керек.
Термин сөздерді кейде арнаулы сөздер деп те атайды. Термин сөздер ғылымның барлық саласында кездеседі: 1. Әдебиет пен өнерге байланысты терминдер: роман, театр, филармония, консерватория, актер, образ, либретто, дирижер, режиссер т.б. 2. Лингвистикаға байланысты терминдер терминдер: лексика, лексикология, лексикография, фонетика, морфология, синтаксис, фонема, морфема, синоним, омоним, антоним, архаизм, неологизм, бастауыш, баяндауыш, т.б. 3. Спортқа байланысты терминдер: баскетбол, бокс, атлетика, футбол, волейбол, акробат, акробатика, хоккей, хоккейші, шахмат, шахматшы т.б.
Осылай бар ғылымның саласынан терминдері тізіп келтіре беруге болады.