Бап. Билiктi асыра пайдалану 5 страница
3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.
4. Өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезінен бастап ерте дегенде бiр жыл өткеннен кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.
5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда, мораторий енгізілгенге дейін олардың өтінішхат бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
48-бап 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
48-бап. Мүлiктi тәркiлеу
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз - сотталған адамның меншігіндегі, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.
2. Тәркілеуге мынадай:
1) заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен табыстарды қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған;
3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын ақша және өзге мүлiк жатады.
3. Егер осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.
4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бөлімінде көзделген жағдайларда мүлікті тәркілеу соттың шешімі бойынша қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қолданылуы мүмкін.
49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру
1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.
50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.
2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Осы Кодекстің 120-бабының үшінші бөлігінің 5) тармағында және төртінші бөлігінде, 121-бабының үшінші бөлігінің 5) тармағында және төртінші бөлігінде, 122-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 124-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 132-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 133-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 134-бабының төртінші бөлігінің 2) тармағында және 312-бабының үшінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.
3. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, егер сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкiн.
4. Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негiзгi жазаны өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл ретте оның мерзiмi бас бостандығынан айырылған, қамаққа алынған кезден бастап есептеледi. Жазаның басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiмнің заңды күшiне енген кезінен бастап есептеледi.
51-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, сотталған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бақыланатын кетуі арқылы орындалады.
2. Қосымша жаза түрі ретінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жіберу осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін және ол негізгі жаза түрі өтелгеннен кейін орындалады.
4-БӨЛІМ. ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер осы Кодекстiң 55-бабында айқындалады.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:
1) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау;
2) кінәлі адамның кәмелетке толмауы;
3) жүктілік;
4) кінәлі адамның жас балаларының болуы;
5) медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету;
6) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру;
7) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың, жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру кезінде құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы;
11) шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге белсенді түрде ықпал ету.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін.
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы;
2) қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтiру;
3) қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсендi рөл атқару;
5) кінәлі адамға психикасының бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi көрінеу белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту;
6) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшiн кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
7) кінәлі адамға жүктiлiк жағдайда екені көрінеу белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) қару, оқ-дәрiлер, жарылғыш заттар, жарылыс немесе оларды имитациялайтын құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттар пайдаланып, сондай-ақ күштеп немесе психикалық мәжбүрлеуді қолданып не жалпы қауiптi тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
11) төтенше жағдай, төтенше ахуал кезінде, сондай-ақ жаппай тәртiпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
12) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы;
13) адамның өзi берген сертін немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы;
14) кінәлі адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
15) билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
16) құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайтадан ескерілмеуі мүмкін.
3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмайды.
55-бап. Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау
1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігінің адам кінәлі деп танылған бабында немесе бабының бір бөлігінде бас бостандығынан айырудан гөрі онша қатаң емес жазаның негізгі түрі көзделсе, адамды:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркiмен өтеген, моральдық және өзге зиянды қалпына келтірген жағдайда;
2) осы Кодекстің 218, 248 және 249-баптарында көзделгендерді қоспағанда, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркімен өтеген жағдайда, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
2. Жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған
кезде - жартысынан;
2) ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екiсiнен;
3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды.
3. Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері, сондай-ақ процестік келісімнің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазаның мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан асыруға болмайды.
4. Іс-әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, кінәлі адамның рөлiне, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мінез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және іс-әрекеттiң қоғамға қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сол сияқты топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы топтың жасаған іс-әрекеттерін ашуға белсене жәрдемдескен кезде, осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен жаза тағайындалуы мүмкiн не соттың жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
5. Жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, осындай мән-жайлардың жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
6. Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, жаза осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін.
56-бап. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде мән-жайлардың себебiнен қылмыс ақырына дейiн жетпеген сол мән-жайлар ескерiледi.
2. Қылмысқа дайындалғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң жартысынан асыруға болмайды.
3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды.
4. Қылмысқа дайындалғаны үшiн және қылмысқа оқталғаны үшiн өлiм жазасы мен өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
57-бап. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау
1. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына жетудегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпалы ескерiледi.
2. Сыбайлас қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол сыбайлас қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.
58-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезiнде сот әрбiр құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу арқылы түпкiлiктi жазаны айқындайды.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығында тек қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы не жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте айыппұл түріндегі жазаның түпкілікті мөлшерін - бір мың айлық есептік көрсеткіштен, ал қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу түріндегі жазаның түпкілікті мерзімін тиісінше алты жүз сағаттан немесе тоқсан тәуліктен асыруға болмайды.