Мазмұндама жазуға дайындау жолдары.

Психолог ғалымдар: “Адамның сезім мүшелеріне әртүрлі заттар бір мезгілде әсер етіп отырады. Бірақ оның барлығы бірдей тең қабылданбайды. Қайсысына біз назар аударсақ, сол зат қана айқын, анық қабылданады да, басқалары бұлыңғыр, көмескі болып қабылданады”, - дейді. Сол тәрізді оқушылардың мәтін мазмұнын түсінуі, ондағы сөз кестелерін, түрлі суреттеулерді қабылдаулары бір мезгілде, бір деңгейде болмайды, солардың ішінен оқушы өзіне ерекше әсер еткендерін ғана толық қабылдап, соларды баса жазады. Ал оқушы назарына мәтін мазмұнына ұйытқы болып тұрған негізгі мәселелер емес, екінші қатардағы, қосалқы жайлардың көбірек ілігуі де ықтимал.

Енді осы жұмысқа баланы қалай дайындап әкелу керек?

Алдымен оқушы сабаққа қызығу керек. Әсіресе қазақ тілі сабағының кіріспе және қорытынды кезінде оқушы белсенділігі басымырақ болатын жұмыстар ұйымдастырған жөн.

1. Баланы жұмбақ, ребус шешуге үйрету керек, оның да өзіндік құпия кілті бар жұмыс.

2. Бір дыбыстан басталатын сөздерден тұратын сөйлемдер жасырын беруге болады.

3. Шағын әңгімеден мазмұнды, идеяны, тақырыпты таптыру, ойланту.

4. Кейіпкер туралы ой қозғау, өзіндік пікірін қалыптастыру, өз көзқарасын айқындауға, қорғай білуге үйрету арқылы жазу жұмысына төселдіруге болады. Дегенмен мынаны да ескерген жөн. Әуелі баланы мазмұндама жазуға үйрету керек.

Неліктен балалар мазмұндама жазуды аса ұната бермейді? Ол мұғалімнің мазмұндаманы өткізуіне байланысты (бір сарынды, қызықсыз ғып өткізсе, әрине, балалар қызықпайды), екіншіден, мазмұндаманың негізгі мағынасын сақтай отырып, жоспар бойынша басқа біреудің ойын жеткізу қиын, үшіншіден, мұғалімнің айтқанымен, дайын оймен, ұсынылған бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бұл оқушы үшін қызықсыз және баланың ешқандай шығармашылығы дамымайды, мазмұндаманы құлықсыз жазады.

Оқушыларды мазмұндама жазуға қалай құлшындыруға болады? Ол үшін мұғалім мазмұндама жазудың басқаша жолын қарастыруы керек, екіншіден, бұрынғы жаздырып жүрген үлгіден (классикалық) бас тартудың қажеті жоқ, қайта оны жаңа әдістемемен байланыстырып өткізгені жөн. Оқушылардың шығармашылығын, ынтымақтастығын, белсінділігін арттыру үшін өздері жасап шығарған ережесін жұмыс барысында басшылыққа алған абзал. Тіпті оны көрнекті жерге іліп те қоюға болады. Жұмыс жасаудың ережелері мыналар:

Жұмысқа белсенді қатысу;

Бір-бірінің сөзін бөлмей тыңдау;

Бір-бірін мұқатпау;

Сөйлеушінің (айтушының) пікірін құрметтеу.

Мысал ретінде бір мазмұдама сабағының өткізілу жоспарын талдап өтейік.

Сабақ тақырыбы: «Жаман жолдас»

Мәтінді алдын-ала бес бөлікке бөліп, сұрақтары дайындалып қойылады.

1-қадам. Балалардан «жолдас» сөзін қалай түсінетінін, осы сөзге мағыналас (синоним) сөздерді табуын сұраймыз. Балалар әртүрлі жауап береді: «бірге оқитын», «құрбы», «дос», «серік», т.б. Әр оқушы өз жауаптарын жобаға жазады.

2-қадам. Мәтіннің аты оқылады: «Жаман жолдас». Сұрақ қойылады: «Балалар әңгіме кім (не) жайлы болады?»

3-қадам. Оқушылардан әңгіменің басын тыңдау сұралады. Мәтіннің белгіленген жерге дейін I бөлігі оқылады: «Екі дос жігіт жол үстінде келе жатып, бір Аюға ұшырасыпты. Бұл екі жігіттің біреуі әлсіз, ауру екен де, екіншісі мықты екен».

Балалар мәтінді мұқият тыңдайды. Мәтіннің бірінші бөлігін мұғалім белгіленген жерге дейін оқып болған соң, оқушыларға сұрақ қойылады. (Ескерту: әңгімелесу, пікірлесу, әр бөлікпен жұмыс төмендегі сызба бойынша жүргізіледі: мұғалімнің сұрағы; жеке ойлану; жұппен талқылау; жобаға жазу; топпен талқылау).

Аю деген не?

Ол қайда өмір сүреді?

Екі достың түр-пішінін жазушы қалай сипаттайды? («Біреуін – ауру, әлсіз; екіншісін – мықты»).

Мәтіннің бұл бөліміне қандай ат қоюға болады? (Әр оқушы өз жобасына өзінің бөлімге қойған аты, ақын ойын жазады жұппен талқылайды топта айтады: «Жолдас», «Жол үстінде», «Орманда», т.б.)

Ескеретін жайт, мұғалімге тақтаға әр бөлімнің шартты атауын жазудың қажеті жоқ. Себебі тақтадағы жазылған жоспарды балалар үлгі есебінде пайдалануы мүмкін. Онда жұмыстың мұндай түрі оқушылардың ешқандай шығармашылығын, өз бетімен жұмыс жасауын дамытпайды. Олар тек мұғалімнің шешімін ғана күтіп отыратын болады.

Балалар, қалай ойлайсыңдар, тақырыптың бастамасы бойынша мәтіннің не жайлы болатынын айтуға бола ма?

4-қадам. Мәтіннің II бөлігі оқылады. «Аюды көрген кезде әлгі мықты жігіт ауру жолдасын тастап, өзі жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді.

Әңгімелесу әрмен қарай жалғасады.

Неліктен мықты жігіт ағаш басына шығып кетті?

Ауру жігіт не істейді?

Бұл бөлікке қандай ат қоюға болатынын жазыңдар.(«Қорқақ» т.б.)

5-қадам. Мәтіннің III бөлігі оқылады. «Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені болмай, жерге етбетінен түсіп, өлген кісідей, дем алмастан, жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен».

Автор неліктен ауру жігіттің жата қалуын сипаттайды?

- Шынымен аю өлген кісіге тимей ме?

Бұл бөлімге қандай ат қоюға болады?

6-қадам. Мәтіннің IV бөлігі оқылады. «Аю жатқан жігіттің қасына келіп иіскелеп, дыбысы мен демі білінбеген соң, жөніне тартып кетті. Аю кеткен соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, ауру жігіттен сұрапты:

Достым, аю құлағыңа не деп сыбырлап кетті?»

Аю жатқан жігітке неліктен тиіспеді?

Аю жігіттің құлағына не деп сыбырлады деп ойлайсыңдар?

Бұл бөлімге қандай ат қоюға болады? («Қуаныш» т.б.).

7-қадам. Соңғы бөлігі оқылады. «Сонда ауру жігіт тұрып:

Аю құлағыма ақыл сыбырлады: екінші рет тар жерде жолдасың тастап қашатын, өзінің ғана басын қорғайтын «доспен» жолдас болма деді».

Әңгіме қалай аяқталады?

Аюдың берген ақылын сендер қалай қабылдайсыңдар?

Бөлімге қандай ат қоюға болады? («Аюдың ақылы», «Кеңес», т.б.).

8-қадам. Бөлімдер бойынша мәтінді талқылап болған соң, мәтін үзіліссіз екінші рет оқылады.

Оқушылар жоспарларын таза қағаздарына көшіреді. Әркім өз жобасына өз қалауы бойынша өзгерістер енгізіп, әңгімеден алған әсерін негізге ала отырып, мазмұндама жазады.

Мәтінді бөліктерге бөліп, оқушыларды ойландыратын, ынталандыратын сұрақтар қою, әр баланың өзіндік қабылдауын байқататын жоспардың әртүрлілігі, мәтінді бөлімдер бойынша талқылау – оқушылардың мазмұндаманы ықыласпен жазуына, жұмыстың жемісті болуына көп әсерін тигізеді. Бұл жұмысты балалардың барлығы зор қызығумен орындайды. Әр оқушының әңгімеге, оқиғаға деген жеке-дара өз көзқарасы, ой-пікірі мазмұндамаларынан айқын байқалып тұрады.

- Кей бала тыңдаған мазмұныны сол күйінде қағазға түсіре алады.

- Кей бала мазмұнды тұтас бере алмайды, жекелеген бөлімдерін нақты, әдемі береді, ал кейбір жерлерін аттата, шалағайлау жазуы мүмкін.

- Кей бала тіпті мазмұнды есіне сақтай алмайды, не жүйелі жеткізе алмайды, не сөйлем құрай алмайды.

- Кейбір бала мазмұндаманың өзін түрлендіре, әсерлендіре, тіпті кейде өз ойын, пікірін қосып та жазуы мүмкін. Міне, бұл – шығарма жаза аларлық қабілетін танытқан бала. Енді сіздің жұмысыңыз екі түрлі бағыт алады.

1) жаза алмайтын баланы жаза білуге жеткізу;

2) жақсы жазатын баланы әңгімелеуге, шағын мәтін құрастыруға, шығармаға пікір жазуға баулу;

Нәтиже қай жұмыста да нәтижелілігімен бағалы. Алдындағы оқушысы ақ қағазға өз ойын, көзқарасын, пікірталасында туған шешімін түсіріп, тіпті өзіндік стиль айшығын танытып жатса, мұғалім жұмысының шынымен нәтижесі болғаны ғой.

Наши рекомендации