Сені кімге теңермін? 2 страница

Жұмыс емес, көбіне,

Сені ойлауға батырмын.

Сен қасымда барыңда,

Өнімді еді жұмысым.

Үлгере алмай ісімді,

Тарылады тынысым.

Жазғандарым ол жатыр,

Машинкаға басылмай.

Хаттар қалды үйіліп,

Конверттері ашылмай.

Ашылса да оларға,

Дереу жауап жазылмай.

Жазған жақсы кітап жоқ.

Боп жүрсем де қызылмай.

Өзің салған үлгімен,

Танды ерте атырам.

Келгендерге кетерде,

Кәмпит қана татырам.

Шай беруге шамам жоқ,

Газ жаға білмеймін.

Кейде ұмытып есіктің,

Күршегін де ілмеймін.

Міне, қалқам, Халима,

Саған бүгін айтарым.

Мамыр туа қасыңа

Тағы барып қайтамын.

Тоғызында,42 онында43,

Және Саған барамын.

Жеңіс, туған күніңді

Толқып, қарсы аламын.

Балалармен қосылып,

Шілдехана тойлаймыз.

Бәріміз де ол күні

Тек Өзіңді ойлаймыз.

Сегізінші наурызда44

Саған барып қайтқанмын.

Құран етіп өзіңе,

Абай сөзін айтамын.

Біздің енді Сен үшін

Қолдан келер осы ғой.

Өзіңді ешбір ұмытпау —

Көңіліміздің хошы ғой!

02.04.2003.

Ең кейінгі жылдарда,

Тым жиі ауырдың Сен.

«Ауруханаға жат» деп,

Өзіңнен өтіндім мен.

Бірақ, Сен, көнбедің:

—Жоқ! — деп басынды шайқадың.

—Неге? — деп сұрасам,

Айтуға тайқадың.

—Емделіп келші, — деп,

Тағы да сұрадым.

—Сені кім күтеді? — деп

Кемсендеп жыладың.

—Кім жасап береді

Үш рет тамағыңды?

Кім бағып отырады

Қасын мен қабағыңды?

Ауруханаға бармаймын,—

Дедің, — сол себептен.

Маған бір ой келді,

Бір күні кенеттен.

— Ауруханаға екеуміз

Қатар жатайық, — дедім.

Күтім, күйі жақсы,

Әм тамағы тегін.

Сен онда базар жаққа

Дедектеп жүгірмейсің.

Дүкеннен азық тасып,

Күн сайын бүгілмейсің.

Жайғасып екі бөлімге,

Жақсылап емделеміз.

Жүздесіп сағат сайын,

Жазылып, жөнделеміз.

Сен бұрын ауруханадан

Үш рет телефон соғатынсың:

Таңертең, түсте, кешке

Халімізді сұрайтынсың.

«Ашығып қалдың ба?» деп,

Мазасызданатынсың.

«Балалар аман ба?» деп,

Күйіп, жанатынсың.

Екеуміз қатар жатсақ,

Сен алаңдамайсың.

Көңілің тынышталып,

Емді дұрыс қабылдайсың.

Осыным жөн емес пе?

Әкелші қолыңды! — дедім.

Келісші, айналайын,

Кетпесін еңбегім тегін!

Менің бұл жалынғаныма,

Сен сәл күлімсіредің.

— Тамақтың тегінің қойшы,

Барсақ барайық, — дедің.

Осылай бірнеше рет,

Емделуге жатып жүрдік.

Аурухананың шипалы

Дәмдерін татып жүрдік.

Соңғы кезде Сен мүлде,

Ол жаққа бармай қойдың.

— Сол аурухананың

Жазбайтын еміне тойдым! —

Дедің де үйде бүк түсіп,

Төсекке жатып қалдың.

Үш рет орныңнан тұрып,

Қазанға тамақ салдың.

Көрсетпек көмегімді,

Сен мүлде қабылдамадың.

Маған ас ішкізіп болмай,

Бір минут дамылдамадың.

Мен жалғыз қалмасын деп,

Қозғалмай қасымда отырдың.

Үстелден бірге тұрып,

Төсекке бетіңді бұрдың.

Мен Сені аялап, аяп,

Қолтықтап, орныңа әкелдім.

Ауырсаң да оқып жатқан

Кітабыңды әпердім.

Осылай күдікті күйде,

Ілбіп жүріп жаттың.

«Ақыры не болады?» деп,

Мен сорлы қайғыға баттым.

Ақыры Өзіңнен, жаным,

Амалсыз айырылып қалдым.

Тынымсыз өмірден кетіп,

Сен тыныш деміңді алдың.

Артында қу томардай боп

Сопайып, жалғыз қалдым.

Өзің сіз еш Қадірі

Жоқ екен дүние, малдың.

Кінә жоқ балаларға,

Бәрі де күтеді мені.

Мен болсам, алабұртып

Тек қана іздеймін Сені!

03.04.2003.

Есінде ме бір жылы,

Мен Семейге барғаным?

Төлеу ақын тойынан45

Құрметпен оралғаным?

Аягөзге қонғанда,

Сен жайында айтқанмын.

Тыңдаушылардың бәрін,

Тегіс мұңайтқанмын.

Содан кейін бір әйел,

Іздеп келген Сені.

Өзің туралы айтқан,

Естіпті әңгімені.

Аштық жылы оның да,

Бал ал ар үйіне кетіп апасы,

Әркімнің қолында өсіп

Көп екен шеккен жапасы.

— Сол апам Сіз бе деп,

Үміттеніп едім, — деді.

Сен емес болған соң,

Қамығып, қайғы жеді.

Сен оған көйлек кигізіп,

Иығына камзол жаптың.

Пойыздың билетін әперіп,

Байғұстың көңілін жұбаттың.

Екі күн үйде болып,

Еліне қайтып кетті.

Шексіз ризалық пен

Алғысын айтып кетті.

Баяғы бұл оқиға

Қалайша есіме түсті?

Теледидар себеп болды,

Қисапсыз қуаты күшті.

Сыр шерттім Сен туралы,

«Ақжүніс»46 арнасынан.

«Хабардан» туысын тауып,

Талайдың бағы ашылған.

Бір кісі телефон соқты.

— Ағатай, кешіріңіз, деп.

Сұрағын: Халима апай

Қай жерде өсіп еді? — деп.

Алматы балалар үйіне

Апайым берген екен.

Туыстар көз жазып қапты,

Балалар үйінен, ауысып мекен.

Әкесі әкеммен аттас,

Аты да сол жұрт білетіндей.

Әпкемді ойлап шықтым,

Түнімен, көзімді ілмей.

Егер ол апам болса,

Барып бас иер едім.

Ақ күмбезін құшақтап,

Құлпытасын сүйер едім!

Осылай деп ол кісі,

Булығып, тоқтап қалды.

Бейтаныс адамның мұңы,

Жаныма жара салды.

Мен сорлы, қиналып тұрып,

Семейден екеніңді айттым.

Осылай деп ол байғұсты

Амалсыздан мұңайттым.

— Ағасы, ғапу ет, деп,

Ол трубканы жапты.

Өткендер ойға түсіп,

Мен тағы қайғырдым қатты.

Сол сәтте баяғы әйел

Еріксіз есіме түсті.

Адамдарды мұндас еткен,

Бұл Тағдыр неткен күшті?!

Артынан телефон соқты,

Бейбіт Құсанбек інім47.

— Сізді біреу сұрап еді,

Берместен телефонға тыным.

Апасын іздеп жүр екен,

Аштықта айырылып қалған.

Халима апайдың есімін

«Хабардан» құлағы шалған.

Ол кісі апасын тапса,

Теледидар болып себеп:

Көрермендерге қайтадан

Хабар берейік деп ек.

Мән-жайды ұғындырып,

Бейбітке рахмет айттым.

Есіме түсірді бұл да,

Сен кешкен жетімдік жайтты.

"ХАЛИМА" деген кітапты,

Баспаға әзірлеудемін.

Сен туралы айта берем,

Аянбай, біткенше демім!

03.04.2003.

Бүгін шкаф ашқанда,

Көзім түсті «Консуэлоға»48

Мен үшін ұлы кітапқа,

Ешқандай жетпейді баға!

Екі томды құшақтап,

Көкірегіме бастым.

Аңғармай қалдым, байқаусыз,

Көзіме келгенін жастың.

Іздегендей бір нәрсе,

Беттерін ашып қарадым.

Ештеңе таппай ішінен,

Қайтып қалды талабым.

Сонда да көңілім босап,

Сипадым мұқабасын.

Өйткені ол кітапты, Сен,

Талай рет ұстағансың.

... Қырық жетінші жыл еді,

Екеуміз қосылғанбыз.

Отаудың мүлкі болсын деп,

Дүние жиғанбыз.

Сонда басты мүлкіміз,

Тек қана кітап болатын.

Бір жақсы кітап алсақ,

Көңіліміз толатын.

Құмарта алушы едік,

Көбіне, классиктерді!

Жинауға ұмтылатынбыз,

Барлық кемеңгерлерді.

Бальзак, Гете, Шекспирді,

Төрімізге жинадық.

Пушкиннің бір кітабын,

Басқаға беруге қимадық.

Бір-бірлеп бас алмастан,

Соларды оқитын едік.

Абайдың асыл сөздерін де,

Көкейге тоқитын едік.

Мен жолаушы кеткен кезде,

Сен менен озып кететінсің.

Оқыған кітап мазмұнын

Маған мағлұм ететінсің.

Өстіп жүріп жинаған,

Жүз кітап тойын тойладық.

Кітабымызды тағы да,

Көбейтсек деп ойладық.

Тырмысып, тірнектеп жинап,

Мың кітап тойын өткіздік.

Айлар, жылдар өткенде,

Бес мыңға да жеткіздік.

Жақсы шкафтар таба алмай,

Кей кезде налып едік.

Он мың кітап тойына да,

Жақындап қалып едік.

Амал не, Тағдыр солай,

Мен Сенен айырылып қалдым.

Мені артында қалдырып,

Келмеске дүние салдың.

Сен маған тынымсыз жиып,

Мол байлық қалдырып кеттің:

Мыңдаған кітапқа ие,

Төрт балаға әке еттің.

Солардың бәрінен де,

Бір өзің қымбат едің!

«Аһ!» ұрып артында қалып,

Қамығып қайғы жедім.

Есіме түсесің, Сен,

Кітаптарды көрген сайын.

Өзіңді ойлағанда,

Басады сары уайым.

Сүңгіп бір тереңіне,

Түбі жоқ, теңіздей ойдың.

Қайтадан «Консуэлоны»,

Мұңайып, орнына қойдым.

05.04.2003

Сол кітаптар қуатымен,

Мен-дағы жазушы болдым.

Сенің шексіз қамқорлығыңмен,

Былтыр сексенге толдым.

Мен сексенге келген тойда,

Екеуміз «қатар» отырдық.

Ресторанның кең залын,

Дос-жаранға толтырдық.

Төрдегі жеке үстелге

Екеуміз ғана жайғастық:

Сен — портрет, мен — оригинал,

Мыңбай болды той бастық49

Портретің алдындағы,

Рөмкеге шарап құйылды.

Сенің атың аталғанда,

Жұрт жым-жырт боп тиылды.

Сені ойлап, ішім елжіреп.

Маған бір толғаныс түсті.

Артынан жұрт рөмкедегі

Шарабыңды бөліп ішті.

Әйелдер: «Апатай!» деп,

Портретіңді сипады.

Соның бәрі мен үшін

Дәрідей болды шипалы!

06.04.2003.

Сексенге келдім селкілдеп,

Сирек шашым желпілдеп.

Өзіңді ойлап жылаймын,

Көзімнің жасы көлкілдеп.

Алпыс-жетпіс жақсы екен.

Жүруші едім елпілдеп.

Қамшылаймын өзімді:

«Қайғыланба, серпіл!» деп.

Жан, жүрегім елжіреп,

Балаларға қараймын.

Олар келмей кешіксе,

Жағалайды мені мұң.

Осыларды өзгеше,

Бір бақытқа балаймын.

Сенен қалған сарқыт деп,

Сом алтынға санаймын.

Осылардың күшімен,

Саған күмбез көтердім.

Ол күмбездің суретін,

Көрді оқырман — талай мың!50

Талай адам хат жазды,

Махаббатың аян деп,

Екеумізді айтады: —

Қозы Көрпеш! — Баян деп.

Кеңсайдағы51 ақ күмбез,

Солардың бейітіңдей, — деп.

Министрдің де аузынан,52

Естіп қалдым жақсы леп!

10.04.2003

Қосағымен бір жүрген,

Адамдардың бағы бар.

Саған айтар, сәулешім,

Жаңалығым тағы бар.

«ХАЛИМАНЫ» мен жазған53

Президент те оқыды.

Сенің қасиеттеріңді

Көкейіне тоқыды

Толқытар деп кім білген,

Президенттей маңғазды!

Разылықпен ол кісі,

Маған арнап хат жазды.

Мақтады: «Тағылымы мол,

Керемет шығарма!» деп.

«Қазір жастар оқырлық,

Лайық хикая!» — деп

Бұл хатты алып қуандым.

Төбем көкке жеткендей!

Өзіңнің көз жанарың,

Алдымнан жалт еткендей!

Біраз күн масайып болып.

Мол шарап ішкендей болып.

Қуандым: бір зілдей жүк,

Иықтан түскендей болып.

Қуандым — Президенттің54

Өзі хат жазғанына.

Ақ қағаз бен қаламды,

Қолына алғанына.

Сенің адамдық ісіңе,

Ойланып, толғанғанына.

Жігер, қайрат, күшіңді

Назарға алғанына.

Қуанам: атынды Сенің,

Бар елге жеткізгеніме.

Тіпті, Президентке де,

Мәлім еткізгеніме!

Өзіңді сағынып жүріп,

Кейбір қуанышқа да қалам.

Кездесулерге шақырған,

Мектептерге де барам.

Радиодан сөз сөйлеп,

Теледидарға да шығамын.

Мұны: жастар алдындағы,

Борышым деп ұғамын.

Газеттерге мақала,

Естеліктер жазамын.

Өлген, өшкендер жайлы,

Ойдың түбін қазамын.

Осының бәрін бүгін,

Өзіңе баян етемін.

Өсте жүріп мен дағы,

Соңғы күнге жетемін.

Оған дейін, тынбастан,

Елге қызмет етемін.

Содан кейін шалқалап,

Өз қасыңа жетемін.

12.04.2003

Жас күніңде Сен,

Уыздай едің.

Қартайғанда да,

Маған қыздай едің, Халима!

Жек көрген жанға,

Суық мұздай едің.

Қол созғандарға,

Биік құздай едің, Халима

Жақсыларды

Сыйлайтын едің.

Жаманға жұртты

Қимайтын едің Халима

Өсек-аяңды

Білмейтін едің.

Алтынды көзге,

Ілмейтін едің, Халима!

Жетім, жесірге

Береген едің.

Болмайтын алды

Көреген едің, Халима!

Ойларың ұшқыр,

Сезімді едің.

Тұрмысқа қиын,

Төзімді едің, Халима!

Ұрыс-керісті

Білмейтін едің.

Орынсыз ешбір

Күлмейтін едің, Халима!

Мысқылмен мені,

Түйрейтін едің.

Ақылмен алға,

Сүйрейтін едің, Халима

Жарамсақты

Сүймейтін едің.

Байлыққа бас

Имейтін едің, Халима!

Ешкімге жайсыз

Тимейтін едің.

Парасатыңмен

Билейтін едің, Халима!

Осындай асыл

Халиман едің.

Айырылып Сенен

Қан қайғы жедім, Халима!

12.04.2003.

Ұмытылар бәрі де:

Көрген қызық, бейнетің.

Ұмытылмас сүйген жар,

Одан алған зейнетің.

Талай рет сен үшін,

Жанын берген суырып.

Саған жұмсап бар күшін,

Өзін отқа қуырып.

Сен ауырсаң бәйек боп,

Бірге ауырған сенімен.

Өсек-аяң, бос сөзді,

Жуытпайтын шеніне.

Сүйетұғын күйеуін,

Баласындай еміне.

Жылататын жан жарын,

Жүрегінің деміне.

Жаным сүйген Халима,

Осындай жар Сен едің.

Мені көкке көтеріп,

Қолтығымнан демедің.

Сен қасымда жүргенде,

Мен кімдерден кем едім?

Артқа тастап жарыңды,

Неге алысқа жөнедің?

Амалсыздан Тағдырға,

Бас иемін, көнемін.

Сенсіз Өмір сұрықсыз —

Күнде жанып, сөнемін.

Өсиетіңді орындап,

Бірте-бірте, жатырмын.

Түзде жұмсақ болсам да,

Үй ішінде батырмын.

Анда-санда балаларға,

Ұрысып та қоямын.

Оларға жан ашуды,

Қалай, қайтып жоямын?!

Қыздарымызға кінә жоқ,

Ұлдар арақ ішеді.

Алқаштарды көргенде,

Адам жаннан күседі

Солардай боп кетпесе

Екен деп мен тілеймін.

Олар арақ ішкен күн,

Өз-өзімнен жүдеймін.

Ішпегенде арақты,

Ешқандай да кінә жоқ.

Жаным судай тасиды,

Істеріне риза боп.

Анда-санда масайса,

Күйіп-жанып, сөнемін.

Айында бір аз ұрттап,

Көп ішпесе — көнемін.

–Тік жүр, дедің, — еңкеймей,55

Жағанды кір шалмасын.

Сақал-шашың ұзарып,

Бағаң кетіп қалмасын!

Алсаң, егер, жас әйел,

Өзің отқа күйесің.

Өзін емес оныңның,

Көлеңкесін сүйесің.

Ағалардың жас алған,

Жетіскен жоқ бірі де.

Боламын деп солардай,

Бостан босқа іріме.

Аппақ көңіл, ақ ниет —

Сүт қалпыңды сақтап қал!

Суретіме қара да,

Сүйгеніңді есіңе ал.

Мені ойлап, жылама,

Жұрт мазақтап, күлмесін.

Ішіндегі қайғыңды.

Сырттағылар білмесін, —

Деген өсиеттеріңді,

Орындаумен келемін.

Өлсең дағы Сен менің —

Махаббатым, өлеңім!

Қасыңдағы әйелге,

Ғашық еркек көп шығар.

Өлгеннен соң олардың,

Бәрі тегіс ұмытылар

Өмір бойы екеуміз,

Ғашық едік тіріде.

Мен ғашықпын мәңгілік,

Жан жарыма — Күніме!

Ғашықтығым Өзіңе,

Жанға қуат береді.

Өз атыңды әлпештеп —

Маған барлық керегі!

Дүние деген қызықты,

Қыздыратын шоқ екен.

Сол қызықтың ішінде,

Жардан қымбат жоқ екен!

Байлық, бақыт, қазына —

Әйелің екен өзіңнің!

Сексен жыл өмір сүргенде,

Жеткені менің көзімнің.

Жағам аппақ, бой түзу,

Айтқанындай боп келемін.

Осыны айтып, Өзіңе,

Әскерше рапорт беремін.

Алыстағы сержантқа,

Бұл дауысым жете ме?

Аға сержант болсам да,

Қол көтердім шекеме!

16.04.2003.

Білінбейді қадірі,

Қарапайым кісінің.

Сезілмейді салмағы,

Оның еткен ісінің.

Гардеробты ашқанда,

Осы ой келді басыма.

Еміреніп, тебірендім,

Сен тұрғандай қасымда.

Жемпіріңді сипадым.

Өз қолыңмен тоқыған.

Өткен күнге үңілдім,

Қарттай газет оқыған.

Бұл бұйымды тоқыдың,

Біз Подольскіге56 барғанда.

Қатарласып екеуміз,

Архив көшіріп алғанда.

Сұраған қағаздарымды,

Генерал Луцев бергізді.57

Бейне бір күзгі бақшадай,

Архивтен жеміс тергізді.

Қаһарлы майдан күндерін,

Тағы да бізге көргізді.

Қаралы цифрлардың бәрін,

Қоралы қойдай өргізді.

Жүзінші бригада мен58

Басқа дивизиялар жайлы

Керекті деректер алып,

Болды ғой ішіміз майлы!

Баукеңнің, Қайырбаевтың.

Мәншүк, Мәлік, Әлияның59

Наградной қағаздарын —

Көшірдің жалықпай бәрін.

Жүрегің ауырар деп,

Сен мені қорғаштадың.

Бес дәптер Өзің жазып,

Маған жүк аз тастадың.

Генералдар мен маршалдарға,

Мен ылғи назар аудардым.

Панфилов, Чистяковтардың60

Ұстаздығын жазып алдым.

Біздің майдан қолбасшысы

Рокоссовскийге зер салдым61

Жуковтың қолжазбасын қарап62

Одан да неге алдым.

Күндіз қатар отырып,

Осылай еңбек еттік.

Кешке архивтан шығып,

Мейманхана жеттік.

Мен төсекте жатып,

Әртүрлі кітап оқыдым.

Сен диванда отырып,

Маған жемпір тоқыдың.

Архивке рұқсат етілген,

Бір айлық уақыт та бітті.

Мен Сенің серіктігіңе,

Риза боп, қуандым тіпті.

Құшақтап, бетінен сүйіп,

Жемпіріме рақмет айттым. —

Оны қойшы, одан да, — деп,

Сен жаңа ұсыныс айттың:

— Бұл архивтен екеуміз,

Мол байлық алдық, — дедің.

Ұлттық дәстүріміздің,

Бұзылмау қамын жедің.

— Қазақтың салты бойынша,

Алғыс айтқанымыз абзал.

Генералға шапан бар,

Және бір дайын тұр камзол.

Постпредтегі люксте,63

Жақсылап күтейік оны.

Осылай біткені дұрыс,

Иігілікті істің жолы.

Әйелімен екеуін де,

«Қазақ» етіп шығарайық біз.

Осындай жақсы жандардың,

Жүрегінде қалсын бір із.

Осыным дұрыс па? — деп,

Жымия қарадың маған.

Бір жақсы іс бастадың,

Мен ешбір ойламаған.

Мәскеуге, Постпредте,

Жататын жерімізге келдік.

Ұлттық тағамдар жайып,

Оларға қонағасы бердік.

Николай Луцев пен

Сүйкімді жұбайы да,

Көрсеткен құрметімізге,

Ерекше болды риза.

Отырдық қонақтармен,

Жайдары, жайнап күліп.

Генерал аң-таң болды,

Сенің сержант екеніңді біліп.

Орнынан ұшып тұрып,

Еңкейіп, қолыңнан сүйді.

Генералша да құшақтап,

Құрметпен басын иді.

Сен әскери қызметіңе,

Ешқандай мән бермедің.

Ерекше ерлігін айттың,

Әлия, Мәншүктерді.

— Цензор боп, хат тексеріп,

Көбіне Мәскеуде отырдым.

Мақтанып айта алмаймын,

Деп бірдеңе бітірдім.

Өзіңді мақтамайтын,

Қарапайым күйде қалдың.

Кім білер, шындығында,

Қадірін қолда бардың?!

Мінеки, бұл жемпірді,

Мен иығымда тоздырдым.

Өзім артында қалып,

Сені ілгері оздырдым.

Бәлкім, қалған шығармын,

Үлгілі істеріңді айтуға.

Қарапайым адамдардың

Атағын ұлғайтуға.

16.04.2003.

Атақты Брест қаласын,64

Фашистен азат еттік біз.

Буг өзеніне тіреліп,65

Шекараға жеттік біз.

«Біз» дегенім — Бірінші

Атқыштар дивизиясы,66

Әрең алдық қамалды.

Өліп-өшіп — расы.

Егескен екі жақтың,

Айқасы мығым болды.

Менің зеңбірегімнен де,

Үш адам шығын болды.

Төрт күн бойы шайқастық,

Жұмсап барлық амалды.

Жан алып, жан берісіп,

Ақыры алдық Қамалды

Наградталды дивизионнан,

Жауынгер қырық шақты.

Комдив менің де кеудеме,

«Даңқ» орденін тақты.

...Содан қырық жыл өткенде,

Екеуміз Брестке бардық.

Көп күн Қамалда болып,

Керекті мәлімет алдық.

Қамал мұражайы бізге,

Өз ауылымыз боп кетті.

Өйткені оны қорғаған,

Қазақтар саны көп тіпті.

Сұрапыл соғыс алдында,

Сапта үш мың қазақ бопты.

Командирлер де бар екен,

Бастаған жауынгер топты.

Олардың аты-жөндері,

Жүректі елжіретеді.

Қамалды қалай қорғағаны,

Көзге жас мөлтілдетеді.

Зейнолла Ақтанғалиев!

Міне, Шәкерт Өмірханов!...

Мен мәрә-сәрә болдым

Ауылдастарымды танып.

Бұлар тізімдер ғой,

Жатқан беттері ашылып.

Олардың тағдырын оқып,

Көңілім қалды басылып.

— Бұл біздің Қалидолланың

Әкесі ме? — дедің Сен.

Екі көзім жасаурап:

— Иә, иә, — дедім мен.

Сен сонда күбірлеп қана,

Наши рекомендации