Мектеп психологының қиын балалары бар педагогтармен және ата – аналармен жүргізетін түзету-дамыту жұмыстары.

Қазақстан Республикасының «Тәлім – тәрбие тұжырымдамасы» жобасында қазақ халқының ұлттық намысы мол, елжанды, табанды, жігерлі азаматтар тәрбиелеуге ден қойылған. Көп ұлтты Қазақстанның бүгінгі жаңару бағыты жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтардан сусындаған, ұлттық дүниетанымы, мінез-құлқы қалыптасып, жан-жақты жетілген парасатты азаматтар тәрбиелеу. Баланың тәрбие үрдісіне қатысатындар, мектеп басшылары, сынып жетекшісі, сынып ұстаздары, ата-аналар. Ата-аналардың мақсаты ұстаздармен тығыз қатынаста болып солардың ақыл-кеңестерін тыңдап балаға тиянақты білім, жақсы тәрбие беруге өз үлестерін қосу, тікелей ат салысу. Ата-ана немесе жанұя-қоғамның негізі. Қоғам жанұядан басталады. Әрбір жанұя болашақ қоғам мүшелерін дұрыс тәрбиелесе қоғам мықты болады. Бұл қағида ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Себебі бала өмірі жанұяда басталады, ол бала үшін ең жақын орта. Бала жанұяда ата-тегін біліп жанұяның, әулеттің жағымды өнегелерінен мұраларынан сусындап өседі. Жанұяда басты мәселердің бірі-баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн тәртібі, міндеттері, қойылатын талаптар: оның үй еңбегіне қатысуы, оқу іс-әрекеті, бос уақытын ұйымдастыру жатады. В.А.Сухомлинский оқушылардың ата – аналарымен жұмыс істеудің мазмұнына ерекше назар аударып: «Тек ата – аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», - дейді. Олай болса, отбасы мектеппен бірге тәрбиелік ортаның тұтастай негізгі ықпал ету факторларын жасайды. Сондықтанда педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көлемінің кеңдігіне қарамастан ата – аналармен жұмыстың маңызы ерекше. Қазіргі мектепте жағдай көптеп өзгеруде: оқу және тәрбие үрдісінің құрылымы мен мазмұны, соған сай мұғалімдер мен оқушылардың көзқарастары олардың өзара қарым–қатынасы сабақтың ұйымдастыру формаларымен өткізу технологиясы көптеген оқу пәндерін оқытудағы жаңа көзқарас, сонымен қатар сыныптан тыс тәрбие жұмысын мектепті басқару ісі біртіндеп демократиялық бағытты ұстануда, яяғни педагогикалық әрекеттегі үшбұрыш – «мұғалім - оқушы – ата – анаға» қатысты жағдайда жаңа демократиялық қарым – қатынасқа ие болды. Мектеп психологы алдымен өзі жетекшілік етіп отырған мектептің ата-аналарына арналған педагогикалық білімдерді насихаттау үшін әңгімелер мен дәрістер өткізуі қажет. Олардың мазмұны ата-аналардың талаптарына, оқу-тәрбие жұмыстарының нақтылы міндеттеріне байланысты болады.Психологтың жұмыс барысында ата-аналармен әрекет етуінің табыстылығы төмендегі міндеттердің шешілуіне тәуелді:

1. Тұлғаны қалыптастырудағы жанұяның рөліне педагогтар мен ата-аналардың психологиялық бағыттылықтарын өзгерту. Баланы жанұяға қайтарып, жанұяға «үй академиясының» рөлін, ал ата-аналарға – басты тәрбиешілердің қызметін бекіту қажет;

2. Жанұяны, жанұялық тәрбие жағдайларын және ата-аналардың қажеттіліктерін ғылыми түрде зерттеу. Ол қарапайым психодиагностикалық сауалнамалардан басталып, тәрбиелеуші институт ретіндегі жанұяның толыққанды портретін құрастырумен аяқталады;

3. Психологиялық-педагогикалық дайындыққа деген ата-аналардың дәстүрлі жағымсыздықтарын жағымды арнаға бұру: бақытты жанұя өмірін үгіттеу;

4. Ата-аналардың педагогикалық мүмкіндіктерін кең түрде қолдану. Психолог ата-аналармен жұмыс істегенде жанұяның қызығулары мен мүмкіндіктерін ескеруі қажет, олардың қоғамдық ойларын қалыптастыруы керек. Қазіргі ата-аналар мектептің міндеттерін түсініп қана қоймайды, сонымен қатар оның жоспарын, жақын және алыс мақсаттарын біледі. Оларға педагогикалық әрекеттің кең таралған түрпішіндерінің технологиясын меңгертіп, өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беру қажет;

5. Жанұяға алғашқы психологиялық-педагогикалық көмекті ұйымдастыру. Ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты алаңдататын сұрақтарына нақты жауап алулары тиіс, бұл жанұялық кеңес беру, сенім телефоны арқылы жүзеге асырылады;

6. Ата-аналармен жұмысқа өміршең, тәжірибелік сипат беру. Көптеген ата-аналардың балаларын жаман тәрбиелеуі – олардың сауатсыздықтарының салдарынан емес, не істеу керектігін және қалай істеу керектігін білмейтіндіктерінің нәтижесі, бұл мәселені шешу үшін жұмыстың белсенді түрпішіндерін қолдану қажет, олар жанұялық қарым-қатынастың тәжірибелік педагогикалық іскерліктері мен дағдыларын, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық көрегендіктерін дамытуды көздейді.

Ата-аналар кодексінде: «Ата-ана ерекше жағдайда ғана емес, тәрбиемен ұдайы айналысуға міндетті. Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Тәрбие беру-ақыл айту емес. Баланы жақсы көргендігінізді мейірімді, жылы сөзбен жеткізіп отырыңыз. Мектептегі жағдайды жақсарту мақсатында ұсыныстар айтуға құқыңыз бар» делінген. Сондықтан мектеп психологы баланың толыққанды дамуы үшін мектеп ұжымымен бірлесе отырып, балалардың ата-аналарына психологиялық жағынан дұрыс бағыт-бағдар бере білсе және олармен жүргізілетін жұмыстар жүйесін арнайы тәртіпке келтіре отырып, жүйелі түрде жүргізсе мектеп пен отбасы ынтымақтастығы біртіндеп нығая түсіп, бала тәрбиесіндегі өзара байланыс одан әрі нығая түскен болар еді.

Ұлы ұстаз А.С.Макаренконың: "Баламен шыңдап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай біліңіз, кіре берістегі, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды деген", - парасатты ойы бала тәрбиесіндегі әңгімелесу әдісінің көп міндет жүктейтіндігін білдіреді. Дәннің өсіп-өнуі топырағына, күтіміне байланысты болатыны сияқты, бала ақыл-есінің, мінезінің қалыптасуы да ортасына байланысты. Соны байқаған халық «Ұлың өссе – ұлы үлгілімен ақылдас бол», «Қарағайға қарап тал өссін, қатарына қарап бала өссін» деп, ұлағатты ой айтқан. Қателігін түсіне білетін, дұрыс жүріп, күтіне білетін, үлкенді сыйлап, кішіні сүйетін, білімді жинап, дүниені шолатындай балаларыңыз жақсы болсын десеңіз өзіңіз де оған үлгі болатындай болыңыз. Халық даналығында: «Баланы 5-ке дейін патшаңдай көтер, 15-ке дейін құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сыйла» - деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алыңыз. Бала бойындағы жағымсыз мінез-құлықтар үнемі есепке алынса, ата-ана мен мұғалім бірлікте болып, баланың жақсы, жағымды істерін ылғи марапаттау қажет. Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндеті мен парызын орындайтын ұрпақ болары анық.

Наши рекомендации