Алайша Ұл тумасын Қаралы ана 4 страница

Белгісіз, қылмыстымен парқың қайда?!

Жыртқыштың езілуде тырнағында,

Қамалған қараңғыда халқыңды ойла!

Сары тау, самалды сай, салқын қайда?

Көп халық, көрген жұртың, жалпың қайда?

Сен мұнда сенделумен шермендесің,

Ойлаған халық қамын ерің қайда?

Жарасқан басыңдағы бөркің қайда?

Өзіңнің қазақ халқы – көркің қайда?

Үйіңді ай басында бір көресің,

Бірдейсің күнәлімен, еркің қайда?

Мойныңа темір қарғы таққаның кім?

Жалынып, жарамсақсып, жаққаның кім?

Моншақтай темір кілт сылдырлатып,

Қарның аш, қабақ қатып, баққаның кім?

Жүз жың ұн, он бес сомға сатқаның кім?

Біреудің мылтығымен атқаның кім?

Шайқыдай мазар баққан сен сыртында,

Күңіреніп көр ішінде жатқаның кім?

Қожаң кім, қожа қылып баққаның кім?

Өлген кім, күйзеліп ел сағынған кім?

Дәрежең, еткен ісің тең болса да,

Сен салтаң, қару-жарақ тағынған кім?

Айырылып, ер қатыннан, қатын ерден,

Сандалып сенделумен шабылған кім?

Сенген кім, сені жау деп сенбеген кім?

Шын сөзің құлағына еңбеген кім?

Қуанған кім, қуарып қаны қашып,

Қасірет, қайғы басып дендеген кім?

Жегізген ауруға дәрісін кім?

Дәріге улап өлген кәрісі кім?

«Зихаса, малыкыпи, жибамау» деп,

Зәһәрлі бұл сөзінің мәнісі кім?

Құртуға құрып қойған планың кім?

Жалаңдап арбап тұрған жыланың кім?

Езілген, еңіреген күйсіздердің,

Көтерген көңіліндегі ұранын кім?

Бит, бүрге талап, етін қасыған кім?

Таяқтан еті шіріп, сасыған кім?

Малай кім, түйеші кім, қазаншы кім?

Сушы кім, дәретхана тасыған кім?

Ағашшы, машинашы, темірші кім?

Арбакеш, ат бағушы, көмірші кім?

Не кеште, не таңертең, не бүрсүгін,

Өлген кім, өлетін кім, өлтіргіш кім?

Қайғырып, басы қатып, қаңғыған кім?

Пәлеге пақыр басы шатылған кім?

Қолына шелек ұстап, тезек теріп,

Бүрсеңдеп аттың артын аңдыған кім?

Айырылып ел-жұртынан зарлаған кім?

Көзінен қанды жасы парлаған кім?

Өзіңе тыңшы қойып, өз ішіңнен,

Өзіңді өзіңменен жалмаған кім?

Еріксіз қорлық, жаза көргендер кім?

Мал-мүлкін ықтиярсыз бергендер кім?

Көре алмай қатын, бала, ата-анасын,

Арманда қара жерге енгендер кім?

Ұмытпа осы сөзді миға сап жүр,

Сөзімді терең ойлап, сынға сап жүр.

Езген кім, еріксіз кім, езілген кім?

Кім жылап, кімдер жырғап, кім жасап жүр?

Жұмахан, мұны неге ойламайсың,

Телміріп терең сөзге бойламайсың.

У жесең руыңмен деген қайда,

Теңіңді неге тауып ойнамайсың?

Айтамын мінез, пікір құлқың үшін,

Ер болып тумадың ба жұртың үшін?

Қолыңнан іс келмесе қойныңды бақ,

Еңбек етсең болмай ма ұлтың үшін.

Тек бермес еңбек етпей, шәйін бізге,

Жың мома, қара сусын, сәйін бізге.

Еркіңнің жоқтығынан жүрсің істеп,

Белгілі айтпасаң да жайың бізге.

Бұл емес сені кекеп жазған сөзім,

Тіпті көп әлі айтылмай қалған сөзім.

Адаспай еңбек етсін жұртына деп,

Өзіңе бастан еске салған сөзім.

Ұққанға бал-шекердей сөзін татыр,

Жоймаған өз кемісін емес батыр.

Боялып халқы үшін қызыл қанға,

Білерсің былтырғылар не қып жатыр.

Бәрі де өзің сынды талапты жас,

Халқым деп тамағынан өтпейді ас.

Еркіндік, теңдік іздеп соны көрді,

Дұшпанның аранына атам деп тас.

Соны ойла, өзгені ойла, өзіңді ойла,

Өзіңнің былтырғы айтқан сөзіңді ойла.

Өткен іс өтті-кетті, оны қума,

Алдағы келе жатқан кезіңді ойла.

Ұмытпа өзің көрген осы орынды,

Қайырлы келешектен тос орынды.

Халқыңа ұл боп туып істемесең,

Аң да жүр құр иелеп бос орынды.

Қарашы суда балық, көкте құсқа,

Құмар ғой сол да еркіндік, кең тұрмысқа.

Жол салып, илеу жасап ынтымақты,

Байқашы жүрген жоқ па құрт-құмырсқа.

Жан бағып өз табымен солар да ептер,

Ішінде бар өзінше би мен бектер.

Жиналса бір жемтікке бес мың қарға,

Ішінде көріне ме жалғыз кептер!

Әрекет біз де сондай қылайық та,

Қорлыққа көріп тұрып шыдайық па?!

Дұшпанға құлдық ұрып, арын сату,

Ойлашы азаматқа ылайық па?!

Кептер кім, қарғасы кім, айырарсың,

Айырмай жесең мейлің «дайын асың».

Орнаса егер сөзім жүрегіңе,

Жастардың бетін оңға қайырарсың.

Аш қасқыр бір жорғаны кетсе жарып,

Болмай ма құмай, құзғын соған қарқ.

Қаршыға, сұңқар, тұйғын, лашындар,

Солармен жемтік жей ме бірге барып?!

Құзғын кім, сұңқар қайсы, лашындар,

Тексеріп мұны да ойлап сынарсыңдар.

Егер де нарқын танып ажыратсаң,

Қошамет жауға неге қыласыңдар?

Шықпайды негізсіз сөз босқа менен,

Сәлем айт дұшпаның мен досқа менен.

Жабайы – бәрі таудың тағылары,

Жүре ме бұғы бірге шошқаменен?

Ұқсаңшы ойланбастың залалдығын,

Кім білмес осылардың дәлелдігін.

Болса да заты хайуан, өзі сезер,

Бірі алал, тағы бірі арамдығын.

Осы сөз басқа сөздің туындысы,

Ұққанға нарқы қымбат буындысы.

Көңілсіз берген астың дәмі болмас,

Бәрібір – май мен палау жуындысы.

Бұл сөзді білмес те көп, білген де көп,

Біле тұрып көз жұмып жүрген де көп.

Аранын аңдай ашып, ардан безіп,

Сатылып тамағына жүрген де көп.

Сөзімді түсінерсің мысалдаған,

Бармайды байыбына ми салмаған.

Шала ойлап, шадыр кетіп шамданбаңыз,

«Тантықтың бұл несі, – деп, – қисаңдаған».

Бұл сөзім жалғызға емес, жалпы көпке,

Жоқ дейсің ел ішінде не жел өкпе.

Сен емес, бұл сөздердің иесі бар,

Айтты деп мұны қалай мені сөкпе.

Сөз менен, Жұмаханның кінәғасы,

Тимейді сөздің саған ана басы.

Мұқашты Молдабайдың, Ниғымет пен,

Хамиттің шәуешектік сыбағасы.

Осылар доңыз болған қойдан туып,

Сатылған ұят, намыс, арды жуып.

Ет орнына доңыздың боғын шайнап,

Жүрегі ел жағынан кеткен суып.

Оқ табылса өзінің халқын атып,

Бір сімірген араққа адам сатып.

Қарғадай түзге шыққан адамды аңдып,

Халықты бұзып болды бұтып-шатып.

Тигізбей жан пайда бір кісіге,

Демейді айтқан сөзің кірді ішіме.

Соларды шамаң келсе оңға баста,

Жүрмеші түсіп кетіп үлгісіне.

Өзіңді өзім санап сездіргенім,

Жүгіртіп жүйрік ойды кездіргенім.

Жүрсін деп дұшпандарын ажыратып,

Жан тартып, жамандықтан бездіргенім.

Бізбенен осы күні сен де бірдей,

Білемін ішің жалын, сыртың дүрдей.

Туған жер, өскен елің, еркіңді ізде,

Лағып, енді адасып жүре бермей.

Көтерді жай жатқан жоқ халқың басын,

Сен де көтер дұшпандар қалтылдасын.

Күнге күйіп, суыққа күйзелгендер,

Көбеңсіп, күнге аунап салқындасын.

Езілген барлық халық басын қосып,

Келген соң сәт-сағаты жүрген тосып.

Ет болып бірі қалмай жауға аттансын,

Жүргенді енді тастап аңша жосып.

Қарашы айналаңа көзің салып,

Оянбай жаттың қанша артта қалып.

Дабыл қақ езілген ел толғанарлық,

Көркемді көрсет нұсқа көз қанарлық.

Ұран сап жас ұланның қыздыр қанын,

Долданып долы жүрек қозғаларлық.

Ұлмысың халқың үшін істемесең,

Айырып дос-дұшпанды түстемесең,

Еркіндік саған қайдан табылады,

Орнына келмейді ісің күштемесең.

Ертеден еске алмасаң айтқанымды,

Маған кел бармағыңды тістемесең.

Жұмахан, екі-үш ауыз айттым ақыл,

Құп алып айтқанымды көрсең мақұл.

Ай туды, атты таңың, шықты күнің,

Салақсып, құр сандалмен қалма қапыл.

Сөзімді менің айтқан түсінерсің,

Түсінбесең тантыған кісі дерсің.

Кімге арнап айтқанымды аңғармасаң,

Қапа боп кей жеріне ісінерсің.

Бір оймен білген үшін қылды дерсің,

Бір ойдан неменені білді дерсің.

Есің болса көп ойлап, мақұл көріп,

Егер болсаң есірік жынды дерсің.

Өз басын жақсы болса түзетпей ме,

Болып жүр не себепті мінді дерсің.

Алты жыл абақтыда бес ай жатып,

Жүр екен түзеткелі кімді дерсің.

Қарамай өз бойының батпағына,

Тағады елге қалай сынды дерсің.

Бар болса ой ордасы өзегіңде,

Айтыпты бір жалғансыз шынды дерсің.

Мысалдап осы сөзді айттым саған,

Жұмахан, ренжіме енді маған.

Жолыңды азаматтық таңдап ал да,

Жолама, арсыз іске келсе шамаң.

Арман қып кім айтпайды жастағы ісін,

Алмасаң жыртып таста бастағы ісін.

Берейін енді жазып, мұны қойып,

Баяғы Нүптебектің ат шабысын.

1945 жыл, Үрімжі түрмесі

ГОМИНДАҢҒА

Мен үшін қырсық болып тұрғандайсың,

Тезіңді неше жерден құрғандайсың.

Әкеңді мен өлтіріп, құнды боп па ем,

Артымнан алты жылдай бір қалмайсың.

Не жеңіп, не жеңіліп қалмай тоқтап,

Жалбаңдап, жанталасып тырбаңдайсың.

Жиенім не болмаса жездем бе едің,

Қисынсыз, жөнін таппай қылжаңдайсың.

Балдызым не болмаса ойнасым ба ең,

Қызықтың сәнін бұзып ыржаңдайсың.

Егер де бұдан артық қуат бітсе,

Халықтың түгін қоймай қырғандайсың.

Қайтпасаң осы ниет пиғылыңнан,

Ойлашы қайтіп қанға былғанбайсың?!

Құзғын, құмай, қасқырмен жемтіктес боп,

Қан шоқып сауысқанша қылмаңдайсың.

Құлпырып тойған күні шықылықтап,

Жауырды ой мен қырға қуғандайсың.

Қарамай айналаңа көз жіберіп,

Дүниеге жалғыз ғана туғандайсың.

Бір ұртың у, бір ұртың қанға толып,

Өтірік әділмін деп сумаңдайсың.

Қуанып қудың сөзін қабыл алып,

Өмірі рас сөзге бір нанбайсың.

Қашан да айтқаныңды орындамай,

Бұлтаққа көп салатын қу маңдайсың.

1945 жыл, Үрімжі түрмесі

ТКЕН КҮН

Қош айтам – разы бол өткен күнім,

Тәрбие аз да болса еткен күнім.

Сенің кең құшағыңда туып, өсіп,

Жолына адамдықтың жеткен күнім.

Біле алмай қадіріңді балалықпен,

Арманда ғапыл өтіп кеткен күнім.

Сездірмей алдап өтіп кеткеніңе,

Саған көп айтатұғын өкпем бүгін.

Қош деуге саған бұрын жармаппын,

Қауіпсіз дүниеңді аралаппын.

Келгенше осыншаға қам, қиял жоқ,

Артыма бір бұрылып қарамаппын.

Өткен күн қайтып өтіп кетіп жатыр –

Ой салып, оны есептеп санамаппын.

Ер жетсең пәле бар деп айтсаң нетті,

Басқадан мені неге алалаттың?

Өзгертіп басқа заттан туғызсаңшы,

Несіне мені адамнан балалаттың?

Бір ауыз келешектен сырыңды айтпай,

Етімді мұнша неге жаралаттың?

Қыздырып бірден бірге алға ұмтылып,

Терең су, ұшпа қарды жағалаттың,

Қатардан халық сыйлап орын беріп,

Үлкенге жас басымды бағалаттың.

Жайдары, жайдақ сымал мінез беріп,

Кішіні іні, үлкенді ағалаттың.

Тұмшалап алға өмірді тұманменен,

Көзімді көрмес қылым тағалаттың.

Алып қап, көп жастардың қатарынан,

Дүниені қызыл тікен аралаттың.

Солардың қатарынан жер танытпай,

Былғатып ақ етімді қаралаттың.

Еркімді ел қатарлы қолға бермей,

Досқа күлкі, дұшпанға табалаттың.

Артымнан алты жылдай ізге салып,

Қалайша иттеріңді абалаттың?

Жалтақтап диуанадай жан қорқытып,

Етекпен екі жақты сабалаттың.

Сол үшін арманымды айтқым келіп,

Отырмын аузын ашып ала қаптың.

Жолдасым қайда қалдың жастағы күн,

Білмеген еш нәрсені мастағы күн.

Ойнаған балалармен асыр салып,

Бір сағат айырылмайтын қастағы күн.

Өмірге бұл күндегі ұқсамайды,

Көлеңке түс секілді бастағы күн.

Мың артық үстел үсті болғанымен,

Қой жайып тауда жүрген тастағы күн.

Таңертең жалғыз шыны айран ішіп,

Жүгірген кешке дейін аштағы күн.

Тай мініп, ата-ананың қасына еріп,

Жарысқан айт пенен той, астағы күн.

Ойлантып соның бәрі ішімді өртеп,

Отыр ғой ақ кіргелі шашқа бүгін.

Аһ, дүние арманда өткен бала күнде,

Қарашы көзден аққан жасқа бүгін.

Жүректе жылылық жоқ, жалыны өшіп,

Басқандай бауырымды тасқа бүгін.

Жолдастың сол күндегі бірі де жоқ,

Қасірет келдің еріп қасқа бүгін.

Елестеп көз алдыма келдің қайдан,

Түскенде қара түнек басқа бүгін.

Тайынша жайдақ мініп жарысқан күн,

Сазында көк шоқының алысқан күн.

Өреден ірімшік пен ұрлап сықпа,

Жотада жолдастармен табысқан күн.

Мінгесіп қойшыларға босқа шаршап,

Ілесіп қойын бірге бағысқан күн.

Жалаң бас, жалаң аяқ, дал-дұл болып,

Ар-ұят еш нәрсе жоқ намыстан күн.

Түнде ойнап қырық, отыздан ақ сүйекті,

Уа, қайран тасқа аяқтай қағысқан күн.

Шіркіннің арзан-қымбат нарқын білмей,

Баласын күйкентайдың бағысқан күн.

Таласып тайыншаның жүйрігіне,

Жұлысып, сары қураймен салысқан күн.

Қалыпсың күңгірттеніп, кір шалғандай,

Көз салып қарап тұрсам алыстан күн.

Балдырған мылтық атып, тойлатқан күн,

Қарғаны қаршыға қып ойнатқан күн.

Қосылып Нүсіпбек пен Әуелханға,

Мінгесіп көк өгізбен қой баққан күн.

Түрленіп тоты құстай қыз-келіншек,

Сыланып өзін-өзі бой баққан күн.

Алдыңда аңдушы мен тоспа бар деп,

Біз емес сол бір күнді ойлатқан күн.

Бұқа боп күлмен бетті шаңдатқан күн,

Көргенді көргенсіз деп таңғалтқан күн.

Таласып, аз айранды төгіп алып,

Жоғалтып сапты аяқты сандалтқан күн.

Ала жіп екі құлаш, қурай құрық,

Қуалап қозы-лақты, шалма атқан күн.

Жиылып он, он бестен өгіз мініп,

Түсіп кеп жау тоғайдан алма артқан күн.

Ат ұстап бірнешеуі, нешеу жылап,

Бірнешеу бауырымдап зарлатқан күн.

Бәрін де қалай қылсаң өзіңе жөн,

Сол екен маған қызық арналтқан күн.

Күз болса сабан өртеп лаулатқан күн,

Жалынға Бұқатанды аунатқан күн.

Баласын Жағалтайдың жалбаңдатып,

Жүгіріп өрлі-қырлы заулатқан күн.

Қыс болса кекілік пен шіл қуалап,

Ашадан ақша қарды бауратқан күн.

Көбік қар көк аяз қып етек-жеңді,

Мұздатып өзіңді-өзің жауратқан күн.

Жоғалтып, белден белбеу, қолдан қамшы,

Өтірік ата-анаға саулатқан күн.

Ес біліп, сүйтіп жүріп ер жеткен күн,

Жүрекке жалын сыймай кернеткен күн.

Молдадан сабақ алып, дәріс оқып,

Кеселін жындылықтың емдеткен күн.

Дауасы молданың да жақсы қонбай,

Жеңдіріп әуейлікке дендеткен күн.

Аң қуып, құс салатын елге ілесіп,

Көпсітіп көк дөненді жемдеткен күн.

Он күн шапсаң оймақтай олжа таппай,

Бекерге мінген атты терлеткен күн.

Қараса ішті жарып дәнеме жоқ,

Бояумен сыртты сылап өңдеткен күн.

Жақыннан, жар басынан тоят тауып,

Өзіңді сол кеселге меңдеткен күн.

Ой түсіп сұлу жігіт атанбаққа,

Бой түзеп, асты-үстіңді жөнделткен күн.

Құлжаның Күресінен тағы оқып,

Неше жыл екі арада сенделткен күн.

Оқуға сөйтіп жүріп көңіл бөліп,

Жастарды ұйқыдағы тербеткен күн.

Жеріне Россияның қашып өтіп,

Көз жасын ата-ананың көлдеткен күн.

Аралап бәйге көкпен үш жыл жүріп,

Өлеңді өрлі-қырлы селдеткен күн.

Құмар боп даусыңа, көрмей сырттан,

Ғашық қып талай қызды шөлдеткен күн.

Жасымда жиырма бір айналып кеп,

Алысқан, арпалысқан дөңбекпен күн.

Достардың жоғын жоқтап, атыс салып,

Қулыққа жылқы қуып өрлеткен күн.

Онан кеп Құлжа шәрге ұсталып қап,

Зынданда он ай жатқан ол неткен күн.

Тұрақсыз, тағы шығып елге барып,

Мал жиған, дүние құрап еңбекпен күн.

Орнына ойлағаның келмесе де,

Сындырған қара тасты шеңбекпен күн.

Аралап, сауық құрып, тамашалап,

Ән қосып домбырамен желдеткен күн.

Қасыңа сауықшылар еріп алып,

Теңіз қып дүниені көлдеткен күн.

Аралап қаздай қалқып ел ішінде,

Сұлуға не бұраң бел қол жеткен күн.

Жасшылық жалынымен булатқан күн,

Түн болса елдің итін шулатқан күн.

Ішінде қалың ағаш жалтақ қағып,

Жүректі ұшқан құрмен зулатқан күн.

Бос жортып көк шалғында күндіз-түні,

Зілдей қып екі етекті сулатқан күн.

Аң қуып қырық-отыздан айдау салып,

Көрісайды, Қызылжармен дулатқан күн.

Түн болса жиналысып, асық атып,

Манапты күпәй алып тулатқан күн.

Сарымсақ, доғалаймен қуырдаққа,

Бұғының балық етін туратқан күн.

Ішіне темекінің наша қосып,

Нұралы Әуелқанды улатқан күн.

Шықпенен таңертеңгі аяқ су боп,

Шақайды күнге тастап қуратқан күн.

Дем алмай он күн жүріп тауда жаяу,

Тынықсаң жарым сағат қуантқан күн.

Қызды ауыл сені көрсе жын көргендей,

Жеріне тиіп кеткен у жаққан күн.

Жалғыз күн үйде тыныш жатпаған күн,

Бір басың ел ішіне батпаған күн.

Ішкен ірің, жегенің желім болып,

Бір нұсқап қуған аңды атпаған күн.

Бір нәрсең сумен ағып кеткендей-ақ,

Қыр жағын қызды ауылдың жақтаған күн.

Ішінде қыз-келіншек бар қадірің,

Болмайды айтсаң назың ақпаған күн.

Қиқу сап неше жерде қуғын көріп,

Жүректі топырақпен аптаған күн.

Жолығып тосқауылға, қолды болып,

Ұстап ап жілігіңді шақпаған күн.

Күзеткен мазар басын шайықтардай,

Ойнақ қып жардың басын таптаған күн.

Аң қарау, түнде жүру – екі жұмыс,

Бір басты жалғыз атпен баптаған күн.

Бір тайпа ел сеніменен дұшпан болып,

Қаруын саған арнап саптаған күн.

Алған соң ерегесіп одан әрі,

Біріне-бірін қосып баптаған күн.

Қажыға екі барып келгендей боп,

Аңдыған босағаны аттаған күн.

Жыр болып түнде айтқаны ғашығыңның,

Аяттай күндіз сөзін жаттаған күн.

Жаулығын жайнамаздай таза сақтап,

Жүзігін таспиықтай сақтаған күн.

Сырласып, сыр айтысып, хикая қып,

Далада елік етін қақтаған күн.

Қылығын, сөздері мен жүрістерін,

Суреттеп жолдасыңа мақтаған күн.

Адам түгіл итін де ыстық көріп,

Қылжақтап қызды ауылды жақтаған күн.

Ән қосып он-он бес өгіз мініп,

Қыдырып диуанадай ақтаған күн.

Жолында жаным құрбан жарымның деп,

Сипаттап қыз мінезін мақтаған күн.

Елге айтып, өсек қылып оның сөзін,

Жолдастың көңіліне жақпаған күн.

Досың кім, дұшпаның кім айыр алмай,

Ол емес өзіңді-өзің шақтаған күн.

Жарыңның жалғыз шаршы ақ жаулығын,

Бергенге ат пен атан сатпаған күн.

Ойың сол, тірегің сол, мақсатың сол,

Қиялға басқа пікір қатпаған күн.

Қайтты екен осы күнде өзгелерге,

Болып тұр өзгергендей тақ маған күн.

Наши рекомендации