Рт ҚауіпсіздігініҢ негіздері

Рт болдырмау шаралары

Өрт адамның басқаруынан және балқуынан шыққан жану процесі болады, басқаша айтқанда өрт деп бақылауға болмайтын, арнайы ошақтан тыс болатын, материалдық шығын келтіретін жану процесін айтады. Өрт халық шаруашылығына үлкен зиян, өте зор экономикалық шығын келтіреді, кейбір жағдайларда адамдар зақымданады.

Қазіргі кезде республика көлемінде кәсіпорындарда өртке қарсы күресу шаралары кеңінен қолдануына қарамастан өрт шығу оқиғалалары жиі болып тұрады. Олардың салдарынан көптеген құнды дүние-мүліктер жойылады, адамдар жарақаттанып, өлім жағдайы тууы мүмкін. Сондықтан өртке қарсы күресу шараларын ойдағыдай ұйымдастыру мәселесіне үлкен көңіл бөлу керек.

Жану процестері

Жану дегеніміз көп мөлшерде жылу шығуы мен жарық сәуле бөлінуі қоса жүретін күрделі физикалы-химикалық процесс. Жану процесінің пайда болу және дамуы үшін үш фактордың бар болуы қажет: жанғыш зат, тотықтырғыш (ауаның оттегісі) және тұтану көзі. Мұнымен қатар жанғыш зат пен тотықтырғыш бірімен-бірі белгілі сандық ара қатыста болу керек және жанғыш заттың температурасын көтеру үшін тұтану көзінің қажетті жылу энергиясы болуға тиіс.

Жанғыш деп оттегімен қосылатын заттарды айтады. Бірақ кейбір заттардың жануы оттегімен ғана емес басқа газдармен де қосылу арқылы болады, мәселен, хлормен, күкіртпен, броммен т.б. Жанғыш заттар қатты, сұйық, газ (бу) күйінде болады. Әдетте жану процесі заттың газ (бу) күйінде жүреді. Сондықтан қатты және сұйық заттар жану барысында физикалы-зимиялық реакция арқылы жанғыш газдарға (буларға) айналып, жану процесінің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді.

Жанғыш заттардың көпшілігі ауада оттегінің концентрациясы 12-14% жоғары болса ғана жанады, ал кейбір заттар одан төмен концентрацияда да жануы мүмкін. Жану процесі басталу үшін тұтану көзінің жылу энергиясы жанғыш затты тұтану температурасына дейін қыздыра алатындай мөлшерде болу керек. Тұтану көздеріне жалын, ашық от, ұшқын, қызған дене, химиялық реакцияның жылуы, сәуле энергиясы, найзағай тағы басқалары жатады.

Жану процесінің бірнеше түрлері болады: от алу, жану, тұтану, өздігінен жану, өздігінен тұтану, жарылу. От алу деп жанғыш заттың үстінде пайда болған газдың не будың лап етіп тез жанып кетуін айтады. Мұнда заттың булану (газдану) жылдамдығы өте аз болғандықтан оның өзі жанбайды. Заттың үстінде жиналған газ не бу жанатын ең төмен температураны сол заттың от алу температурасы деп атайды.

От алу температурасы жанғыш заттардың өрт қауіптілігі жөнінде негізгі көрсеткіш болып есептеледі. Осыған сәйкес барлық жанатын сұйық заттар өрт қауіптілігіне қарай екі топқа бөлінеді: тез тұтанғыш сұйықтар (от алу температурасы То£61оС) және жанғыш сұйықтар (от алу температурасы То>61оС).

Жану дегеніміз тұтандыру көзінің әсерінен туатын жану процесі, тұтану деп жалын пайда болатын жану процесін айтады. Тұтану температурасы – тұтанғаннан кейін жанғыш заттың тұрақты жануына қажетті жанатын газ бен будың шығу жылдамдығын қамтамасыз ететін сол заттың температурасы болады. Бұл температура тұтандыру көзін аулақтағаннан кейін жану процесі тоқтамай әрі қарай жалғаса беретін заттың ең төмен температурасына тең. Сонымен зат тұрақты жану үшін оның булану жылдамдығы будың жану жылдамдығынан артық болатындай температурасы болу керек. Тұтану температурасы от алу температурасынан біршама градусқа жоғары болады.

Өздігінен жану деп жанғыш заттардың сыртқы тұтандыру көзісіз-ақ пайда болатын жану процесін айтады. Өздігімен жану процесі заттардың химиялық, микробиологиялық және жылулық факторлардың әсерінен өзінен-өзі қызуының салдарынан туады. Химиялық өздігінен жану процесі заттардың өзара әрекеттестігінен шығатын жылудың әсерінен болады. Микробиологиялық өздігінен жану процесі микроорганизмдердің тіршілік әрекетінен туады. Жылулық өздігінен жану процесі заттың жасырын не сыртқы қыздыру көзінің әсерінен пайда болады.

Өздігінен тұтану деп жалын пайда болатын өзінен-өзі жану процесін айтады. Заттың тұтануына дейін өзінен-өзі қызып, жалынды жану процесін туғызатын ең төмен температурасын өздігінен тұтану температурасы деп атайды.

Жарылу деп орасан зор жылу және газ заттарын шығарып, қирату үшін туғызатын өте тез жану процесін айтады. Жарылғыш заттар газ, бу, шаң түрлерінде болады. Бұл заттар ауада олардың тек белгілі концентрациясы болғанда ғана жарылады. Сонымен әр жарылғыш заттың төменгі және жоғарғы концентрациялық тұтану (жарылғыштық) шегі белгіленген.

Ауадағы газ, бу және шаңның ең кіші жарылу концентрациясын төменгі концентрациялық тұтану шегі, ал олардың ең үлкен жарылу концентрациясын жоғарғы концентрациялық тұтану шегі деп атайды. Неғұрлым бұл шектердің аралығы кең болса және төменгі шек төмен болса, соғұрлым заттар жарылу және өрт жөнінде қауіпті деп саналады (бензин буы 0,8-5%, метан 5-15%, сутегі 4-74%, аммияк 15,5-27%).

Жанғыш сұйық заттардың өрт қауіптілігін анықтайтын көрсеткіштердің бірі температуралық тұтану шегі болып есептеледі. Бұл ұғым қаныққан будың концентрациясы сұйық заттың температурасымен байланыстылығына негізделген. Демек, төменгі және жоғарғы концентрациялық тұтану шектері сұйықтың белгілі температурасына сәйкес болады.

Төменгі (жоғарғы) температуралық тұтану (жарылғыштық) шегі деп сұйық заттың қаныққан буының қоспасы пайда болып, оның тұтану мүмкіншілігін тудыратын төменгі (жоғарғы) температурасын айтады, мәселен, ацетон үшін -20оС және +6оС, А-76 бензин үшін -36оС және -7оС, керосин үшін +15оС және +44оС.

Көптеген химиялық заттар және олардың қоспалары ауамен немесе сумен қосылғанда өзінен-өзі қызып, оның ақырында өздігінен жануы басталады. Өздігінен жану қабілеттілігіне қарай химиялық заттар мынандай топтарға бөлінеді:

1. Ауамен қосылған кезде өздігінен жанатын заттар. Бұларға жатады: активтелген көмір, алюминий ұнтағы, сілті металдар карбиды т.б. Бұл заттардың ауада тотығуы көп мөлшерде жылу шығуымен болады.

2. Судың әсерімен жанатын заттар. Бұлар: сілті металдар және олардың карбидтары, кальций тотығы, натрийдің асқын тотығы т.б.

3. Бірімен-бірі араласқанда өздігінен жанатын заттар. Бұлар қатты, сұйық және газ түрінде тотықтырғыштар: хлор, азот қышқылы, селитра, сұйықталған оттегі, хром ангидриді т.б.

Жану процестерін білу олардың пайда болу себептерін жойып, өртті болдырмауға не оны басталу кезінде сөндіруге мүмкіншілік туғызады.

Наши рекомендации