Төртінші қарынша

Төртінші қарынша, ventriculus quartus, ромбтәрізді мидың қуысы болып табылады,алдыңғы жағынан көпір мен сопақша мидың, артқы жағынан мишықтың арасында орналасқан. Пішіні түбі мен төбесі бар шатыртәрізді болып келеді. Төбенің жоғарғы және төменгі қабырғалары дорсалды және бүйір жақтарынан қосылып, латералды қалталар, recessus lateralis, түзеді.

Төртінші қарыншаның түбі - ромбтәрізді шұңқыр, fossa rhomboidea, деп аталады. Оны көпір мен сопақша мидың артқы беттері құрайды. Ол бүйір жақтарынан мишықтың жоғарғы және төменгі аяқшаларымен шектелген. Шұңқырды орталық сызық бойымен бөлетін орталық жүлгенің, sulcus medianus, екі жағында медиалды томпақ, eminentia medialis, орналасқан. Әр томпақты латералды жағында шекаралық сызық, sulcus limitans, шектейді.Жүлге жоғарғы және төменгі шеттерінде жоғарғы және төменгі шұңқыршаларға жалғасады. Медиалды томпақтың жоғарғы бөлігінде бет нервінің төмпешігі, colliculus facialis, көрінеді, ол әкететін нерв ядросын иін түрінде қоршай орналасатын бет нервінің талшықтарынан түзілген. Медиалды томпақ төмен қарай біртіндеп тарылып, тіласты нерві үшбұрышына, trigonum n.hypogllossi, ауысады. Оның латералды жағында кезбе нерв үшбұрышы, trigonum n.vagi, орналасады.

Төртінші қарыншаның латералды қалтасының аймағында, ромбтәрізді шұңқырда вестибулярлық алаңды, area vestibularis, ажыратады.Осы алаңнан көлденең бағытта милық жолақтар, striae medullares, өтеді. Олар көпір мен сопақша мидың арасындағы дорсалды шекара болып табылады және есту жолдарына жатады.

Ромбтәрізді шұңқыр аймағында келесі: үшкіл, әкететін, бет, кіреберіс-ұлу және тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша, тіласты бассүйек нервтерінің ядролары орналасады.

Төртінші қарынша төбесі, tegmen ventriculi quarti, жоғарғы және төменгі қабырғалардан тұрады. Жоғарғы қабырғасын тақ жоғарғы ми желкені, velum medullare superius, және мишықтың жоғарғы аяқшаларының бөлігі құрайды. Мишықтың жоғарғы аяқшаларының арасында тартылып тұратын, қалыңдығы 0,5 мм-дей болатын ми табақшасы - жоғарғы ми желкені деп аталады. Оның ішінде жұлын-мишықтық алдыңғы жол талшықтарының қиылысы өтеді. Төртінші қарынша төбесінің төменгі қабырғасын төменгі ми желкені түзеді. Төменгі ми желкені, velum medullare inferius, эмбриогенездік артқы ми көпіршігінің қалдығы - жұқа ми табақшасынан тұрады. Бұл табақша ішкі жағымен IV қарыншаның тамырлық негізін, tela choroidea ventriculi quarti, түзетін мидың жұмсақ қабығымен тығыз бітіседі. Тамырлық негіз IV қарыншаның қуысына қараған жағын жауып жатқан эпителийлік табақшамен бірігіп – IV қарыншаның тамырлық өрімін, plexus choroideus ventriculi quatri, түзеді. Бұл қарыншаның төменгі қабырғасында үш тесік: орталық тесік, apertura mediana (Можанди тесігі, foramen Мagendi) және жұп латералды тесік, aperturа lateralis (Люшка тесігі, aperturа Luschka) ажыратылады. Бұл тесіктер арқылы IV қарынша қуысы мидың торлы қабықастылық кеңістігімен жалғасады, яғни ми – жұлын сұйықтығы IV қарыншадан торлы қабықасты кеңістікке (мишық – ми цистернасына) өтеді. IV қарынша қуысы жоғарғы жағында – ортаңғы мидың суқұбырына, ал төменгі жағында – жұлынның орталық өзегіне жалғасады.

Ромбтәрізді шұңқырдағы бассүйек нервтерінің ядролары.

Ромбтәрізді шұңқыр аймағында: үшкіл, әкететін, бет, кіреберіс-ұлу және тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша, тіласты бассүйек нервтерінің ядролары орналасады. Бұл шұңқырдың жоғарғы бөлігінде (көпірде) V, VI, VII және VIII, ал төменгі бөлігінде ( сопақша мида ) IX, X, XI және XII жұп бассүйек нервтерінің ядролары жатады.

Бассүйек нервтерінің V жұбы, үштік нервтің n.trigeminus, төрт ядросы бар, олардың үшеуі- сезімтал, біреуі- қозғалтқыш. Сезімтал ядролары:

1.Үштік нервтің көпірлік ядросы, nucleus pontinus nervi trigeminalis, көпірдіңартқы ( дорсалды) бөлігінде орналасқан;

2.Үштік нервтің ортанғы милық ядросы, nucleus mesencephalicus nervus trigeminalis, ромбтәрізді шұңқырдан ортанғы миға жалғасып , суқұбырдың жанында орналасады ;

3. Үштік нервтің жұлындық ядросы, nucleus spinalis nervi trigeminalis, көпірден басталып , сопақша ми арқылы өтеді де жұлынның жоғарғы сегменттерінде аяқталады ;

4. Үштік нервтің қозғалтқыш ядросы, nucleus motorius nervi trigeminalis, ромбтәрізді шұңқырдың ( көпірдің) жоғарғы болігінде жатады.

VI жұп, әкететін невтің, abducens, nucleus nervi abducentis, деп аталатын қозғалтқыш ядросы беттік төбешіктің тереңінде орналасады.

VIIжұп, бет нервінің, n. facialis, үш : сезімтал, парасимпатмикалық, қозғалтқыш ядролары бар.

1. Сезімтал ядросы : жеке ядро, nucleus solitarius, VII, IX, Xжұп нервтерге ортақ болып, көпірде және сопақша мида орналасады. Бұл ядрода дәм сезімін өткізетін аксондар аяқталады .

2. Парасимпатикалық ядросы: жоғарғы сілекей бөлетін ядро, nucleus salivatorius superior, деп аталады .

3. Қорзғалтқыш ядросы: бет нервінің ядросы, nucleus nervi facialis, көпірде тереңорналасады . Бұл ядродан шығатын нерв талшықтары жоғары (дорсалды) жүріп VIжұп нертің ядросын айналып өтіп, беттік төбешікті, colliculus facialis, түзеді.

VIII жұп, кіреберіс – ұлу нервінің, n. vestibulocochlearis, 6 ядросы бар : 2 ұлулық, 4 кіреберістік - барлығы 6 сезімтал ядросы бар. Олар ромбтәрізді шұңқырдың кіреберістік алаңында орналасқан.

Алдыңғы ұлулық ядро, nucleus cochlearis anterior, мен артқы ұлулық ядрода , nucleus cochlearis posterior, ішкі құлақтың ұлуынан шығатын есту сезімталдығы қабылданады.

Кіреберістік ядролар: кіреберістік медиалды ядро, nucleus vestibularis medialis; кіреберістік латералды ядро, nucleus vestibularis lateralis; кіреберістік жоғарғы ядро, nucleus vestibularis superior; кіреберістік төменгі ядро, nucleus vestibularis interior, ішкі құлақтың жартылай дөңгелекті түтіктері ампулалаларының қыршалары және жатырша (эллипстік қапша, utriculus ) мен дөңгелек қапшаның (sacculus) дақтары арқылы келетін дене қапының өзгеруі туралы ақпаратты ( нервтік импульсті) қабылдайды .

IX жұп, тілжұтқыншақ нервінің, n. glossapharyngeus, сезімтал, парасимпатикалық және қозғалтқыш үш ядросы бар. 1. Сезімталы - жеке ядро , nucleus solitarius, VII, IX, X жұп нервтерге ортақ болады. 2. Парасимпатикалық ядросы - төменгі сілекей бөлетін ядро, nucleus solivatorius inferior,- деп аталады. 3. Қозғалтқышы – қос ядро , nucleus ambiguus, IX және X жұп нервтерге ортақ болып келеді .

X жұп, кезбе нервінің, nervus vagus ,үш: сезімтал, парасимпатикалық және қозғалтқыш ядролары бар .

1. Сезімтал ядросы : жеке ядро, nucleus solitarius, бұл ядро VII, IX және X жұп нервтерге ортақ болады .

2. Парасимпатикалық ядросы : кезбе нервтің артқы ядросы, nucleus dorsalis nervi vagi,- trigonum nervi vagi, аймағында жатады .

XI жұп қосымша нервтің , n. accessorius, қосымша нервтің ядросы, nucleus nervi accessorii, деп аталатын қозғалтқыш ядросы, жұлынның жоғарғы 5-6 сегменттері деңгейінде, алдыңғы мүйіздің артқы бөлігінде орналасады.

XII жұп, тіласты нервінің, n. hypoglossus, тіласты нервінің үшбұрышындажататын тіласты нервінің ядросы, nucleus nervi hypoglossi деп аталатын бір қозғалтқыш ядросы бар .

Ортаңғы ми

Ортаңғы мидың, mesencephalon, құрамына ортаңғы мидың төбесі, tectum mesencephali, мен ми аяқшалары, pedunculi cerebri, кіреді. Олардың арасында ортаңғы мидың қуысы – суқұбыр, aqueductus mesencephali (cerebri), орналасады.

Ортаңғы мидың төбесінде, tectum mesencephali, төрт төбешік: екі жоғарғы төбешіктер, colliculi superiores, және екі төменгі төбешіктер, colliculi inferiores, орналасады. Төбешіктер қиылысатын көлденең және бойлық жүлгелермен бөлінген, соңғысы төменгі жағынан жоғарғы ми желкенінің жүгеншесіне, frenulum veli medullaris superioris, ауысады. Жүгеншенің бүйір жақтарынан оң және сол шығыршық нервтерінің, n.trochlearis, түбіршіктері шығады. Әр төбешіктен латералды және жоғары бағытта олардың саптары деп аталатын анатомиялық құрылым шығады. Жоғарғы төбешіктің сабы, brachium colliculi superioris, таламус жастығының астымен өтіп, аралық мидың латералды иінді денесімен, ал төменгі төбешіктің сабы, brachium colliculi inferioris, медиалды иінді денесімен байланысады.

Ортаңғы мидың төбешіктерін сыртынан жабатын мидың ақ затының жұқа табақшасының астында орналасқан сұр зат - жоғарғы төбешіктің сұр қабаты, stratum griseum colliculi superioris, және төменгі төбешік ядросы, nucleus colliculi inferioris, деп аталады. Төбешіктердің сұр затының физиологиялық маңызы әртүрлі: жоғарғы төбешіктердің сұр қабаты көрудің қыртысастылық, ал төменгі төбешіктердің ядросы естудің қыртысастылық орталықтарының бірі болып табылады.

Бұдан басқа, төбешіктер жұлынмен екі жақты байланысады, төмендеген талшықтары төбе – жұлындық жол, trz.tectospinalis, суқұбырының астында қарама – қарсы жаққа өтіп, ортаңғы мидың дорсалды қиылысын (Мейнерт қиылысын) түзеді («Орталық нерв жүйесінің өткізгіш жолдарын» қараңыз).

Ми аяқшалары, pedunculi cerebri, екі жуан, бойлық жолақтанған, буылтық түрінде көпірден (80° шамасындағы бұрышпен) шығып, аралық ми затына енеді. Әр аяқшаның медиалды жиегінің астынан көзқозғалтқыш нервтері, n.oculomotorius, шығады. Екі аяқшаның ортасында аяқшааралық шұңқыр, fossa interpeduncularis, орналасады. Бұл шұңқырда көптеген ұсақ тамырлар өтетін артқы тесіктелген зат, substantia perforata posterior, жатады.

Ортаңғы мидың көлденең кесіндісінде оның үш бөлігі көрінеді. Суқұбырдың үстінде - ортаңғы мидың төбесі, tectum mesencephali, суқұбыры мен қара зат арасында - ортаңғы мидың жамылғысы, tegmentum mesencephali, қара заттың астында – ми аяқшасының негізі ,basis pedunculi cerebri, орналасады.

Қара зат алдыңғы мидың ядроларымен, үлкен ми қыртысымен байланысады және тепе – теңдік сақтау қызметіне де қатысы бар.

Ми аяқшасының негізінде, basis pedunculi cerebri, құрамына негізінен пирамидалық жолдар кіретін төмендеген өткізгіш жолдар өтеді.

Үшінші ми көпіршігі қуысының қалдығы болып табылатын ортаңғы мидың суқұбыры, aqueductus mesencephali, диаметрі 0,3-0,5 мм болатын, эпендимамен қапталған саңылау тәрізді түтік, ол жоғарғы жағында мидың үшінші қарыншасымен, ал төменгі жағында төртінші қарынша қуысымен байланысады.

Суқұбырының айналасында орналасатын орталық сұр зат, substantia grisea centralis, төртінші қарынша эпендимасының астына жұқа сұр қабат түрінде жалғасып, төмен қарай жұлынның орталық сұр затына ауысады. Орталық сұр заттың алдында, ортаңғы мидың жоғарғы төбешіктерінің деңгейінен бастап жұлынның жоғарғы алтыншы сегментіне дейінгі аралықта медиалды бойлық буда, fasciculus longitudinalis medialis, өтеді. Бұл буда арқылы көзқозғалтқыш, шығыршық, әкететін, кіреберістік және қосымша нервтер ядролары мен жұлынның алдыңғы мүйізінде орналасқан қозғалтқыш ядролардың байланыстары жүзеге асады.Осы байланыстары арқылы медиалды бойлық буда көз алмасы мен бастың үйлесімді қимылын қамтамасыз етеді және дененің тепе – теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Медиалды бойлық буданың қасында, ми сабауы мен жұлынның вегетативтік ядроларының жұмысын үйлестіретін дорсалды (артқы) бойлық буда, fasciculus longitudinalis dorsalis, өтеді. Ортаңғы ми жамылғысының орталығында қызыл ядро, nucl.ruber, орналасады. Ол ортаңғы мидан аралық мидың артқы бөлігіне дейін өтеді. Қызыл ядро экстрапирамидалық жолдардың маңызды үйлестіруші, әрі реттеуші орталығы болып табылады, ол бұлшықеттердің санаға бағынбайтын жиырылу реттілігін (автоматты қозғалыстарды) және бұлшықеттердің тонусын қамтамасыз етеді . Одан төмендеген қызыл ядро-жұлын жолы, tr. rubrospinalis, басталады. Ол қарама – қарсы жаққа өтіп, жамылғының вентралды қиылысын (Форел қиылысын) түзеді. Бұдан басқа, қызыл ядро мишықпен, үлкен ми қыртысымен, қыртысасты ядроларымен, көзқозғалтқыш нервінің қозғалтқыш және қосымша ядроларымен, шығыршық нервінің қозғалтқыш ядросымен екі жақты байланыста болады. Ортаңғы мидың орталық сұр затында, суқұбырдың астында III және IV жұп бассүйек нервтерінің ядролары орналасқан. Жоғарғы төбешіктер деңгейінде III жұп, көзқозғалтқыш нервтің, n.oculomotorius, екі жұп ядросы: қозғалтқыш ядросы-nucleus nervi oculomotorii, және парасимпатикалық ядросы – көзқозғалтқыш нервтің қосымша ядросы, nucleus oculomotorius accessorius, (Якубович ядросы) орналасады. Қозғалтқыш ядродан шығатын нервтер көз алмасының көлденең жолақты бұлшықеттерін (қызметі санаға бағынатын), ал, парасимпатикалық ядродан шығатын нервтер көз алмасының бірыңғай салалы бұлшықеттері (қызметі санаға бағынбайтын) – қарашықты тарылтатын және кірпіктік бұлшықеттерді нервтендіреді.

Төменгі төбешіктердің деңгейінде IV жұп, шығыршық нервтің, n. trochlearis, жұп қозғалтқыш ядросы, nucleus nervi trochlearis, жатады. Бұл нерв бассүйек нервтерінің ішіндегі мидың негізінен емес, дорсалды бөлігінен – төменгі төбешіктердің артқы жағынан – шығатын жалғыз нерв. Сонымен қатар, бұл аймақта үшкіл нервтің ортаңғы милық жолының ядросы және торлы құрылым орналасады. Ортаңғы ми жамылғысында, қызыл ядроның латералды жағында жоғарылаған өткізгіш жолдар (медиалды ілмек – есту сезімі, жұлындық ілмек – ауырсыну және температура сезімі және т.б.) өтеді.

Сонымен, ортаңғы мидың жамылғысында негізінен жоғарылаған (афферентті) өткізгіш жолдар, ми аяқшасының негізінде тек төмендеген (эфферентті) өткізгіш жолдар өтеді. Көру мен естудің қыртысастылық орталықтары орналасқан және мидың басқа бөліктерімен көптеген нервтік байланыстары бар ортаңғы ми организмде күрделі рефлекстік қызметтерді (көздің, бастың, тұлғаның жарықтық және дыбыстық тітіркендіргіштерге жауабы, бұлшықеттердің жиырылу ретін үйлестіру және т.б.) атқарады.

Алдыңғы ми

Омыртқалылар эволюциясында алдыңғы мидың, prosencephalon, дамуы басты екі фактормен: сезімталдықтың әртүрінің жетілуімен (алдымен ішкі ағзалық және иіс сезу, кейін көру, есту және т.б.) – бұл организмнің сыртқы ортамен байланысының жақсара түсуін қамтамасыз етті және омыртқалылардың құрғаққа шығуында үлкен маңызға ие болатын шартты рефлекстік байланыстардың дамуымен негізделеді. Құрлықтағы омыртқалылардың алдыңғы миының морфологиялық-қызметтік күрделенуі нәтижесінде ол: аралық ми және соңғы миға бөлінеді.

Аралық ми

Аралық мидың, diencephalon, келесі бөліктерін: таламустық миды, thalamencephalon, таламусасты аймағын, hypothalamus, және аралық мидың қуысы - ІІІ қарыншаны, ventriculus tertius, ажыратады.

Таламустық миға, thalamencephalon: 1) таламус немесе көру төмпесі, thalamus; 2) таламусүсті, epithalamus және 3) таламусарты, metathalamus, жатады.

Таламус (артқы таламус), немесе көру төмпесі, thalamus, сұр заттың жиынтығы, көлемі мен пішіні бойынша кептердің жұмыртқасын еске түсіреді. Оның бүйір қарынша қуысына қараған жоғарғы беті латералды жағынан шекаралық жолақ, stria terminalis, арқылы құйрықты ядродан бөлініп тұрады; алдыңғы жағы төмпешік, tuberculum anterius thalami, түрінде тарылған ал артқы кеңейген бөлігі жастық, pulvinar, деп аталады.Екі таламустың медиалды беттерінің ортасындағы саңылау түріндегі қуыс III қарынша деп аталады, бұл қуыста таламустарды байланыстыратын таламусаралық дәнекер, adhesio intertalamica, орналасады. Таламус пен гипоталамустың шекарасында жақсы байқалатын горизонталды гипоталамустық жүлге, sulcus hypotalamicus, өтеді. Бұл жүлге алдынан қарыншааралық тесіктен басталып, ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінде аяқталады. Таламустың алдыңғы, латералды, төменгі және артқы беттерінің барлығы дерлік (жастықтан басқа) көрші аймақтардың милық затымен бітісіп кетеді. Жоғарғы және медиалды беттердің шекарасында таламустың милық жолағы, stria medullaris thalami, өтеді. Ол артқы жағында кеңейіп жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Таламуста 40-қа жуық ядролар бар, олардың ішінде алдыңғы, артқы, медиалды, латералды ядролар (nuclei anteriores, posteriores, mediales et laterales) мен торлы ядроларды (nucl.reticulares) ажыратады.

Таламустың ядроларының көбі соңғы мимен екі жақты байланысады. Жастық ядролары, латералды иінді дене ядролары және ортаңғы мидың жоғарғы төбешігінің ядролары көрудің қыртысасты орталықтары болып табылады. Медиалды ядроларда таламустың барлық басқа ядроларынан шығатын аксондардың бір бөлігі аяқталады. Сондықтан, таламус организмнің сыртқы және ішкі ортадан алатын барлық афферентті импульстерінің қыртысастылық негізгі орталығы қызметін атқарады.

Таламусарты аймағы немесе метаталамус, metathalamus, пішіні жартылай эллипстәрізді медиалды және латералды иінді денелерден тұрады. Медиалды иінді дене, corpus geniculatum mediale, таламус жастығының астындаорналасып, ортаңғы мидыңтөменгі төбешігінің ядросымен бірге естудің қыртысастылық орталығы болып табылады. Латералды иінді дене, corpus geniculatum laterale, жастықтың төменгі-бүйір бетінде, көру жолының латералды шоғырының бойында орналасып, таламус жастығы ядросымен және жоғарғы төбешіктің сұр қабатымен бірге көрудің қыртысастылық орталықтары болып табылады. Сонымен, екі иінді дене жоғарыда көрсетілгендей ( «ортаңғы миды» қара) ортаңғы ми төбешіктермен байланысады.

Таламусүсті аймағына (эпиталамус), epithalamus, томпақ дене, жүгеншік, жүгеншік дәнекері, жүгеншік үшбұрышы және эпиталамустық (артқы) дәнекер жатады.

Томпақ дене, corpus pineale, аралық мидың жоғарғы қабырғасының артқы бөлігінен дамиды, көлемі кішігірім томпақ пішінді, жоғарғы төбешіктердің арасындағы ұңғылда жатады. Ол қызметі бойынша эндокриндік бездерге жатады. Томпақ дененің алдынан екі жіңішке нерв тәждері – жүгеншелер, habenulae, шығады. Олардың томпақ дененің алдыңғы шетінде бір - бірімен қосылатын жері жүгеншік дәнекері, commissura habenularum, деп аталады. Жүгеншелердің алдыңғы шеттері көру төмпелерінің жоғарғы және медиалды беттерінің шекарасында кеңейіп, әр жағынан жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Жүгеншік үшбұрышы алдыңғы шетінде милық жолаққа, stria medullaris thalami, жалғасады.

Эпиталамустық (артқы) дәнекер, commissura epithalamica (posterior), көлденең бағытта бір ми сыңарынан екіншісіне баратын, эпифиздің алдында және төмен жағында орналасқан нерв талшықтарының жіңішке (1 мм-ге дейін) сабағы. Ол ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінің үстінде үшінші қарыншаның артқы қабырғасында орналасады. Жүгеншік дәнекері мен эпиталамустық дәнекердің аралығында томпақ дене ұңғылы, recessus pinealis, жатады.

Таламусасты аймағы (гипоталамус), hypothalamus, қызметтік мәні әртүрлі және эмбриондық шығу тегі бірдей емес құрылымдарды біріктіреді. Оған жұп емізіктәрізді денелер, сұр төмпе, құйғыш, гипофиз, көру жолы мен оның қиылысы жатады.

Емізіктәрізді дене, corpus mamillare, – артқы тесіктелген зат пен сұр төмпенің арасында орналасатын, жартылай шартәрізді жұп құрылым. Емізіктәрізді денелер мидың ақ затының қабатымен жабылған, ішінде иіс сезудің қыртысастылық орталығы болып табылатын ядро орналасады.

Сұр төмпе, tuber cinereum, – ортада орналасатын тақ құрылым. Алдынан сhiasma opticum және артынан емізіктәрізді денелер арасында жатады. Төменгі жағында қабырғасы жұқа, қуысты құрылым құйғышқа, infundibulum, жалғасады. Құйғыш жіңішкеріп барып гипофизге, hypophysis, жалғасады. Гипофиз қызметі бойынша эндокриндік жүйеге жатады. Сұр төмпе қуысы жоғарғы жағынан таламусаралық саңылаумен байланысып, екеуі бірге үшінші қарынша қуысын түзеді. Сұр төмпенің алдында көру қиылысы, chiasma opticum, орналасады. Оның алдыңғы және жоғарғы жағында фронтальды бағытта орналасып, сүйелді дененің құстұмсығына жалғасатын жұқа, шекаралық табақша, lamina terminalis, өтеді. Көру қиылысы, көру жолына, tractus opticus, жалғасады. Шекаралық табақшаға артынан – алдыңғы дәнекер, comissura anterior, жанасып жатады.

Гипоталамуста вегетативтік нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерінің қызметтерін реттейтін орталықтар - ядролар түрінде орналасады. Бұдан басқа ядролар үлкен ми қыртысы мен жұлынды бір-бірімен байланыстырып тұрады.

Үшінші қарынша, ventriculus tertius, эпендимамен қапталған жіңішке ортаңғы саңылау. Үшінші қарынша артынан ортаңғы мидың суқұбырымен, ал алдынан жұп қарыншааралық тесіктер арқылы оң және сол бүйір қарыншалармен байланысады. Үшінші қарыншаның алты қабырғасын ажыратады. Бүйір қабырғалары таламустардың медиалды беттерімен және меншікті гипоталамуспен түзілген. Оларды бір-бірінен таламусастылық жүлге, sulcus hypothalamiscus, бөліп тұрады. Меншікті гипоталамусқа ортаңғы мидың жамылғысы жалғасады. Алдыңғы қабырғасы шекаралық табақша, алдыңғы дәнекер және күмбез бағаналарынан түзілген. Күмбез бағанасы мен таламустың алдыңғы төмпешігінің арасында қарыншааралық тесік (Монрой тесігі), foramen interventriculare, орналасады. Бұл тесік арқылы III қарынша бүйір қарыншаларымен байланысады. Артқы қабырғасы тарылған, жүген дәнекерінен, артқы дәнекерден, оның астындағы ортаңғы мидың суқұбырынан түзіледі. Жоғарыда аталғандай, жүген дәнекері мен артқы (эпиталамустық) дәнекердің аралығында, эпифизге енетін кішкене томпақтық ұңғыл, recessus pinealis, жатады. Үшінші қарыншаның түбін chiasma opticum, tuber cinereum мен infundibulum, corpora mamillaria, substantia perforata posterior, жартылай pedunculi cerebri түзеді. Үшінші қарыншаның түбінде екі ұңғыл: көру қиылысы мен шекаралық табақшаның аралығында – көру ұңғылы, recessus opticus, және құйғышта –

құйғыш ұңғылы, recessus infundibuli, Жоғарғы қабырғасы үшінші қарыншаның тамырлы негізімен, tela choroidea ventriculi tertii, түзілген. Тамырлық негіздің құрамына мидың көлденең саңылауы арқылы сүйелді дене мен күмбездің астынан енетін, мидың жұмсақ қабығы және оның астында орналасқан эпителийлік табақша кіреді. Олардың ішінде тамырлы өрім, plexus choroideus ventriculi tertiі, жатады.

Соңғы ми

Соңғы ми, telencephalon, үлкен ми, cerebrum, мен оның дәнекерлерінен (сүйелді дене, алдыңғы, артқы және күмбез дәнекерлері) түзілген. Соңғы ми омыртқалылар миының эволюциясында соңынан пайда болып, ертеректе пайда болған барлық нерв құрылымдарының қызметін бақылауға алды. Ол мінез-құлықтың күрделірек түрлері мен организмнің үнемі өзгеріп тұратын сыртқы орта жағдайына бейімделуін және организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Үлкен ми, cerebrum, құрамына екі ми сыңары кіреді. Әрбір сыңардың құрамына олардың жамылғысы, pallium, (үлкен ми қыртысы), ақ зат, базалды (қыртысастылық) ядролар, бүйір қарыншалар және иіс сезу миы кіреді.

Лкен ми сыңарлары

Үлкен ми сыңарлары,hеmispheriа cerebralis, бір-бірінен бойлық саңылау, fissura longitudinalis cerebri, арқылы бөлінген. Әр ми сыңарының жоғарғы-латералды, медиалды, төменгі беттерін, төменгі-латералды, төменгі-медиалды, жоғарғы жиектерін және маңдайлық, самайлық, шүйделік шеттерін ажыратады. Төменгі-латералды жиектің бойымен, оның алдыңғы және ортаңғы үштен бір бөлігінің шекарасында үлкен мидың латералды шұңқыры, fossa lateralis cerebri, орналасады.

Адамның ми сыңарларының беттерінде, барлық жоғары сүтқоректілердегідей ұзындығы, тереңдігі және пішіні әртүрлі болып келетін жүлгелер, sulci cerebri, орналасқан. Жүлгелердің арасында үлкен ми қатпарлары, gуri cerebri, жатады. Ми қыртысының көлемін үлкейтетін қатпарлар саны мен жүлгелер тереңдігіне байланысты адамның миы басқа сүтқоректілердікінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Ең терең үш жүлге: жоғарғы-латералды бетте орналасқан – орталық және латералды жүлгелер, медиалды бетте орналасқан шеке-шүйделік жүлге әр ми сыңарын төрт: маңдайлық, самайлық, шекелік және шүйделік үлестерге бөледі. Маңдайлық үлес, lobus frontalis, артқы жағынан шеке үлесінен орталық жүлге, sulcus centralis, (Роланд жүлгесі) арқылы бөлінеді. Орталық жүлге медиалды бетте, жоғарғы жиекке жақын басталып, оны кесіп өтіп, жоғарғы-латералды беттің ортасымен төмен және алға бағытталады да, латералды жүлгеге аз жетпей аяқталады. Бұл жүлгенің ерекшелігі еш жерде үзілмейді және фронталды жазықтықта орналасады. Самайлық үлес, lobus temporalis, жоғарынан маңдайлық және шекелік үлестерден латералды (Сильвий) жүлгемен, sulcus lateralis, (Sylvii) бөлінеді. Бұл жүлге үлкен мидың латералды шұңқырынан басталып, ми сыңарының төменгі-латералды жиегіне параллелді жүре отырып, артқа және сәл жоғары бағытталады. Шүйделік үлес, lobus occipitalis, шеке-шүйделік жүлгеден, sulcus parietooccipitalis, және оның жоғарғы-латералды беттегі шартты түрде алынатын жалғасынан артқа орналасады. Шекелік үлес, lobus parietalis, алдынан – орталық, артынан шеке-шүйделік, ал төменінен – латералды жүлгелермен шектелген.

Бұдан басқа әр ми сыңарында латералды жүлге тереңінде мидың кіші бөлігі – аралшық, insula, орналасады.

Ми сыңарларының жоғарғы-латералды беті.

Маңдайлық үлес, lobus frontalis.Орталық жүлгенің алдында және оған паралеллді жүретін орталықалды жүлгесі, sulcus precentralis, аттас қатпарды, gyrus precentralis, алдыңғы жағынан шектейді. Маңдайлық жоғарғы және төменгі жүлгелер, sulci frontales superior et inferior, орталықалды жүлгесінен басталып, алдыға қарай бір-біріне және ми сыңарының жоғарғы жиегіне параллелді жүреді. Бұл жүлгелер маңдайлық үлесті жоғарғы, ортаңғы және төменгі қатпарларға, gyri frontales superior, medius et inferior, бөледі.

Самайлық үлес, lobus temporalis. Самайлық жоғарғы және төменгі жүлгелер, sulci temporales superior et inferior, латералды жүлгеге параллелді жүре отырып, самайлық үлесті жоғарғы, ортаңғы және төменгі қатпарларға, gyri temporales superior, medius et inferior, бөледі. Самайлық жоғарғы қатпардың жоғарғы бетінде (латералды жүлгенің тереңінде) қысқа самайлық көлденең қатпарлар, gyri temporales transversi, (Гешль қатпарлары) ораласқан.

Шекелік үлес, lobus parietalis. Орталық жүлгенің артында, оған параллелді өтетін орталықарты жүлгесі, sulcus postcentralis, артқы жағынан аттас қатпарды, gyrus postcentralis, шектейді. Барлық шекелік үлес арқылы, шамамен оның ортасымен, жоғарғы жиекке параллелді өтетін шекеішілік жүлге, sulcus intraparietalis, аталған үлесті (орталықарты қатпардан басқа) шекелік жоғарғы және төменгі үлесшелерге, lobuli parietals superior et inferior, бөледі. Шекелік төменгі үлесшеде латералды жүлгенің шетін айналатын жиекүстілік қатпарды, gyrus supramarginalis, және самайлық жоғарғы жүлгенің шетін айналатын бұрыштық қатпарды, gyrus angularis, ажыратады.

Шүйделік үлес, lobus occipitalis,жоғарыда аталғандай шеке – шүйделік жүлгенің артқы жағында орналасады. Оның жүлгелері мен қатпарлары тұрақсыз және өзгермелі болып келеді.

Аралшық, insula, немесе аралшықтық үлес, lobus insularis, эмбриондық даму барысында, үлкен мидың латералды жүлге тереңіне енетін жоғарғы-латералды бетінің бөлігі болып табылады. Аралшық латералды жүлгенің жиектерін ашқанда ғана көрінеді. Ол ми сыңарының басқа бөліктерінен дөңгелек жүлге, sulcus circularis insulae, арқылы шектеледі. Оның бетінде, жүлгелер арқылы бөлінген аралшықтың ұзын қатпары, gyrus insulae longus, аралшықтың қысқа қатпарлары, gyri insulae breves, орналасады.

Ми сыңарының медиалды бетінде, facies medialis hemispherii, жекелеген үлестердің жүлгелері мен қатпарларынан басқа келесі құрылымдарды ажыратады.

Сүйелді дене,corpus callosum, – екі ми сыңарының біртектес бөліктерін бір-бірімен байланыстыратын, комиссуралық нерв талшықтарынан тұратын мықты дәнекер. Сүйелді дененің буылтығын, splenium, сабауын, truncus corporis callosi, иінін, genu corporis callosi, және төмен, артқа бағытталған құстұмсығын, rostrum corporis callosi, ажыратады. Құстұмсық төменгі жағында шекаралық табақшаға, lamina terminalis, жалғасады. Сүйелді дененің көлденең талшықтары ми сыңарларының тереңіне еніп, сүйелді дене тарамдарын, radiatio corporis callosi, түзеді.

Күмбез, fornix, сагитталды бағытта жүретін доғатәрізді екі ақ тәжден тұрады және сүйелді дене астында орналасады. Ол мидың ақ затына жатады және иіс сезу миының құрамына кіреді. Оң және сол күмбез орта тұсында бір-бірімен қосылып күмбез денесін, corpus fornicis, ал алдынан және артынан екіге бөлініп, алдыңғы жағында - corpora mammillaria-мен байланысатын күмбез бағанасын, columnae fornicis, ал артқы жағында күмбез аяқшасын, crura fornicis, түзеді. Күмбез аяқшасы таламусты айналып, оң және сол бүйір қарыншалардың төменгі мүйіздеріне өтеді де, гиппокамп шашағына, fimbria hippocampi, ауысады. Күмбез аяқшаларының арасында splenium corpopis callosi деңгейінде көлденең нерв талшықтары түріндегі күмбез дәнекері, comissura fornicis, түзіледі. Бұл дәнекер оң және сол гиппокамптарды қосады. Күмбез бағаналарымен, сүйелді дене құс тұмсығының аралығында алдыңғы дәнекерді, comissura anterior (rostralis), ажыратады. Бұл дәнекер оң және сол жақтағы алдыңғы тесіктелген затты және екі жақтағы гиппокамп жанындағы қатпарларды бір – бірімен қосады.Екі дәнекер де иіс сезу миына жатады.

Мөлдір қалқа табақшасы, lamina septi pellucidi, сүйелді дене мен күмбез бағанасының арасында тартылып тұрады. Бұл табақша бүйір қарыншаның бүйір мүйізінің медиалды қабырғасын құрайды. Оң және сол табақшалар бір-бірімен тығыз жанасып мөлдір қалқаны, septum pellucidum, түзеді.

Сүйелді дене жүлгесі, sulcus corporis callosi, сүйелді денені қоршап жатады, бұл жүлге төменгі жағында гиппокамп жүлгесіне, sulcus hippocampi жалғасады. Сүйелді дене жүлгесінен жоғары және оған параллелді белдеулік жүлге, sulcus cingyli, жатады, ол артқы жағында екіге: жоғары қарай кететін белдеулік қатпардың жиектік бөлігі, pars marginalis sulci cinguli мен шекеастылық жүлгеге, sulcus subparietalis, бөлінеді. Белдеулік және сүйелді дене жүлгелерінің аралығында белдеулік қатпар, gyrus cinguli, орналасады.

Белдеулік қатпар артқы жағынан сүйелді дене буылтығын айналып, белдеулік қатпардың қылтасын isthmus gyri cinguli, түзеді де, мидың төменгі бетінде гиппокампжанындағы қатпарға gyrus parahippocampalis, ауысады. Белдеулік қатпар қылта және гиппокампжағындағы қатпар үшеуі күмбездік қатпарды, gyrus fornicatus, түзеді.

Шеке-шүйделік және жүлге, sulcus parietooccipitalis пен белдеулік жүлгенің жиектік бөлігінің аралығында сына алды ,precuneus, орналасады. Ми сыңарының медиалды бетіндегі орталықалды қатпардың орталықарты қатпарына ауысатын аймағы орталықжанындағы үлесше ,lobulus paracentralis, деп аталады.

Шүйделік үлестің медиалды бетінде горизонталды бағытта терең топшылық жүлге ,sulcus calcarinus, өтеді. Ол шекеастылық жүлгеден басталып, ми сыңарының шүйделік шетінде аяқталды. Ми қыртысының топшылық және шеке-шүйделік жүлгелерімен шектелген бөлігі сына ,cuneus, деп аталады. Топшылық жүлгенің астында тілдік қатпар, gyrus lingualis, орналасады.

Соңғы үлкен мидың төменгі беті.Бұл беттегі негізгі анатомиялық құрылымдары «Миға жалпы шолуда» сипатталды. Үлкен мидың бойлық саңылауы мен иіс сезу жүлгесінің аралығында түзу қатпар, gyrus rectus, орналасады.Оның латералды жағында көзұялық жүлгелермен, sulci orbitalis, бөлінген бірнеше көзұялық қатпарлар, gyri orbitales, жатады.

Шүйделік және самайлық үлестердің төменгі бетінде, гиппокампжанындағы қатпарды, gyrus parahippocampalis, латералды жағынан шектейтін жанама жүлге, sulcus collateralis, өтеді. Гиппокампжанындағы қатпардың алдыңғы иілген шеті ілмек, unсus, деп аталады. Жанама жүлгенің латералды жағында шүйде-самайлық медиалды қатпар,gyrus occipitotemporalis medialis, орналасады. Бұл қатпарды латералды жағынан шүйде-самайлық жүлге, sulcus occipitotemporalis, шектейді. Осы жүлгенің сыртында шүйде-самайлық латералды қатпар, gyrus occopitotempralis lateralis, жатады. Үлкен мидың төменгі-латералды жиегі аталған қатпарды төменгі самайлық қатпардан бөліп тұрады.

Наши рекомендации