Сұрақ: Мұсылмандарға намаз, зекет, ораза, қажылық қашан парыз қылынды?

Жауап:

Пайғамбарымыз 40 жасқа келгенде, оған Аллаһтан ең алғаш уахи түсіп, пайғамбарлық келді. Пайғамбарлықтың 10-шы жылы, яғни пайғамбарымызға 50 жас толғанда, Миғраж (Исра) уақиғасында Аллаһ бұл үмметке намазды парыз қылды. Бұл туралы Құранда Ол: «Құлын (Мухаммадты) бір түні өзіне белгілерін көрсетуіміз үшін, Мәсжид Харамнан, біз айналасын мүбәрак қылған Мәсжид Ақсаға апарған Аллаһ әр түрлі кемшіліктерден пәк», -деген.

Ал, «Исра» хадисі деп аталатын Миғраж уақиғасына қатысты хадистер жинағында: Пайғамбарымыз денесімен, сергек жағдайда Бураққа мінгізіліп, Жәбрейілмен бірге Меккедегі Мәсжидуль Харамнан Қуддустағы Мәсжидуль Ақсаға алып барылды. Ол жерде пайғамбарларға имам болып намаз оқыды. Бурақты мешіттің есігіне байлады. Содан кейін сол түні Бәйтуль Мақдистен бірінші аспанға көтерілді. Жәбрейіл пайғамбарымыз үшін аспан қақпасының ашылуын сұрады. Олар үшін қақпа ашылды. Ол жерде адамзаттың атасы Адамды көрді...

Онда тіпті шахидтердің Жәннәттағы орны болған Сидратул Мунтақада болды (Сидратун-жеміс ағашы. Кейбір ғалымдар, әрбір ғалымның ілімінің шекарасын, біткен жерін сидратул-мунтақа дейді, одан кейінгісін Аллаһ тағаладан басқа ешкім білмейді). Аллаһ Тағала Пайғамбарымызды Өзі қалаған нығметтерімен құрметтеді және тікелей сөйлесті. Аллаһ Тағала Пайғамбарымызды бұрын ешкім көтерілмеген деңгейге көтерді. Ол кісімен Аллаһ Тағаланың Өзі жасырын сөйлесті. Жәннат және Тозақтың жағдайларын көрсетті. Уахи қылған нәрселерін түсірді. Шариғат заңдарына күнделікті бес уақыт намазды енгізді.

Хижраның 2-ші жылы зекет пен ораза парыз етілді. Ал хижраның 9-шы жылы қажылық парыз етілді.

Cұрақ: Пайғамбарымыз намаз, зекет, ораза және қажылық парыз болғанға дейін адамдарды не нәрсеге және қанша жыл шақырды?

Жауап:

Пайғамбарымыздың өмір тарихынан белгілі болғандай, намаз парыз болғанға дейін Пайғамбарымыз таухидке, яғни «лә иләһә илләЛлаһ» калимасына шақырды. Бұл калиманың мағынасы: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ» дегенді білдіреді. «Иләһ» сөзінің араб тіліндегі мағынасы: «Оған ғана құрметпен және махаббатпен құлшылық қылынатын Зат» деген сөз. Сондықтан бұл сөзді «Аллаһтан басқа Жаратушы, Ризық беруші жоқ» деп, немесе «Аллаһтан басқа Құдай жоқ» деп аудару - дұрыс емес. Өйткені, құрайыш мушриктері (көпқұдайшылдар) Аллаһтың бар екендігін, Жаратушы екендігін, ризық Беруші екендігін білген және осыған иман келтірген.

Пайғамбарымыз да, оның сахабалары да намаз парыз болғанға дейін елін, халқын таухидке шақырумен, яғни «лә иләһә илләЛлаһ» куәлігіне сәйкес қалай өмір сүру керектігін және оның мағынасын түсіндірумен айналысқан. Біреулер Пайғамбармыз таухидке 10 жыл бойы шақырды дейді, алайда бұл дұрыс емес, Пайғамбарымыз пайғамбарлық келгеннен бастап, дүниеден өткенге дейін таухидке шақырды. Намаз парыз болғанға дейін тек таухидке шақырса, намаз, зекет, ораза, қажылық парыз болған кезде, таухидпен қатар Исламның осы рүкіндеріне (тіректеріне) де шақырған. Тіпті Пайғамбарымыз өзінің ең соңғы сөзінде де таухидке шақырып дүниеден өтті. Бұған дәлел - Ибн Исхақтың мына жеткізгені: «Салих ибн Қайсан маған әз-Зуһридың Убәйдуллаһ ибн Абдаллаһтың сөзінен естігенін жеткізген. Оған Айша анамыз былай депті: «Аллаһтың Елшісінің қара плащы бар еді, ол (ең соңғы) қатты ауырған кезде плащымен бүркеніп, бетін жауып, анда-санда ашып жататын. Сөйтіп жатып: «Өз Пайғамбарларының қабірлерін табынатын орындарына айналдырған халықтарды қарғыс атсын!» - деді. Онысы өз халқын одан аулақ болуға шақырғаны еді», - деді. (Бухари, 425).

Наши рекомендации