Күнәлардың кешірілуі.

Аллаһ Тағала Құранда бір күнәні ешкімге кешірмейтінін айтты, ол – ширк, яғни Аллаһқа ғана арналатын құлшылықты тағы немесе басқа біреуге арнау, мысалы, Аллаһтан басқадан, немесе Аллаһпен бірге тағы біреулерден сұрап-тілеу (ұл-қыз бер, жолымды аш, денсаулық бер деген сияқты) Аллаһтан өзгеге, немесе Аллаһпен бірге тағы біреуге арнап құрбандық сою, Аллаһты жақсы көргендей өзгені жақсы көру, қорқу, үміт ету, және т.б.

Дәлел: «Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосылуды (ширкті) кешірмейді де, бұдан өзге күнәларды қалағанына кешіреді. Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды». (ән-Ниса; 48)

Таухидті білу және ұстану - ең ұлық амал болып есептеледі.

Дәлел: «(Мухаммад) көрмейсің бе? Аллаһ қандай мысал берді: көркем сөз («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ») - тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді».(Ибраһим; 24)

Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бірде бір кісі келіп, Пайғамбарымыздан : «Ия, Аллаһтың Елшісі, дүниедегі ең жақсы амал қайсы?» - деп сұрады.Пайғамбарымыз :«Аллаһ пен Оның елшісіне иман келтіру», - деп жауап берді». (Нәсәи 5000).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз былай деді: «Мен және маған дейінгі Пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы сөз әрі ең жақсы дұға: «Лә иләһә илләллаһу, уәхдәһу ләә шәрикә ләһу, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ъәлә кулли шәииң қодир» («Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты құдай жоқ, Ол жалғыз, Оның серігі жоқ, барлық мүлік және барлық мақтау Оныкі және Оның құдреті барлық нәрсеге жетеді»).(«Сахих әл-жәмиъ» 5585, Ас-Суюти).

Кім шын ықыласпен сенімді түрде «Ләә иләһә илләЛлаһ» деп айтса, бұл сөз оның амал таразысында ең ауыр сөз болмақ.

Құрандағы ең ұлы аят - «Аятул-Курси». Аллаһ осы ұлы аяттың басын «Аллаһу лә иләһә иллә һуәл хайуль, қойум», -деп, таухид кәлимасымен бастаған.

Әбу Саъид әл-Худри риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтқаны жеткізіледі: «Муса Пайғамбар: «Ия Раббым, маған Сені еске алатын, сол арқылы Саған дұға жасайтын ең жақсы сөзді үйрет», - деп сұрады. Аллаһ оған: «Ей Муса, «Ләә иләһә илләЛлаһ!» - деп айт!» - деді. Муса: «Ия, Раббым, мұны құлдарыңның барлығы айтады ғой», - деді. Сонда Аллаһ оған: «Егер жеті қат аспан мен жеті қат жер және оның тұрғындары таразының бір табағына қойылса, ал «Ләә иләһә илләЛлаһ» сөзі таразының екінші табағына қойылса, «ләә иләһә илләЛлаһ» басып кетеді», - деді». (Ибн Хиббән, Хаким хадисті сахих деген, Заһәби мұнымен келіскен).

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас риуаят еткен өзге бір хадистеПайғамбарымыз былай дегені жеткізіледі: «Аллаһ Қиямет күні бүкіл адамдардың алдында үмметімнен бір кісінің 99 кітабын ашады. Әрбір кітабы көз жететін жерге дейін жететіндей ұзын болады. Сосын оған: «Сен осы кітаптардан бір нәрсені жоққа шығара аласың ба? Немесе Менің жазушы періштелерім саған зұлымдық қылды ма?» - деп айтылады. Сонда ол басын төмен салып: «Жоқ, ия Раббым», - дейді. Одан: «Сенің бір сауапты амалың бар ма?» - деп сұрайды. Ол сасып, тағы да: «Жоқ», - деп жауап береді. Сонда Аллаһ: «Сенің Менің құзырымда бір сауапты ісің бар. Саған бүгін зұлымдық жасалмайды!» - деп айтады және оған бір парақ беріледі. Ол парақта«Ләә иләһә илләЛлаһ» деген калима жазылған болады. Аллаһ: «Сол парақты алып келіңдер!» - деп бұйырғанда, әлгі адам: «Осынша кітаптардың арасында бұл парақ не болады?» - дейді. Сонда Аллаһ: «Саған зұлымдық жасалмайды!» - дейді. Сол парақты таразының бір жағына, ал кітаптарды екінші жағына қойғанда, кітаптар ұшып кетеді, ал парақ ауыр басады», -делінген.

6)Аллаһ Тағала бұл дүниені таухид үшін жаратты

Дәлел: «Жындар мен адамзатты Өзіме ғана құлшылық қылулары үшін жараттым».( әз-Зарият; 56)

Осы аятта бұл дүние емес, тек жындар мен адамдар туралы айтылған ғой делінсе, оған бұл аятты мына басқа аят түсіндіріп береді деп жауап беріледі: «Ол сондай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Содан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді».(әл-Бәқара; 29)

7) Аллаһ Тағала барша пайғамбарлар мен елшілерді тек таухидті жеткізу үшін ғана жіберді, басқа себеппен жібермеді.

Дәлел:«Расында әр үмметке: «Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар да, тағуттардан аулақ болыңдар!» - дейтін елшілер жібердік. Олардың (үмметтердің) кейбіреулерін Аллаһ оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер».(ән-Нәхл; 36);

«(Мухаммад) сенен бұрын бір Пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар!» - деп қана уахи етіп жібердік». (Әнбия; 25);

«Расында Нухты еліне елші етіп жібердік. Сонда ол: «Әй, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Шәксіз мен сендерге келетін ұлы күннің азабынан қорқамын!», - деді».(әл-Әғраф; 59)

Осы Әғраф сүресінің 65-ші аятында Аллаһ Тағала Һұд Пайғамбарды Ғад еліне, 73-ші аятында Салих Пайғамбарды Сәмуд еліне, 85-аятында Шұғайып Пайғамбарды Мәдиян еліне тура осы Нух Пайғамбарды жіберген сөзімен жібергендігін бізге баян етеді.

Сахих хадисте Пайғамбарымыздың : «Мен адамдар: «Ләә иләһә илләЛлаһ уә Мухаммад ғәбдуһу уә расулуһ (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық Құдай жоқ және Мухаммад - Оның құлы әрі елшісі)», - деп куәлік бергенге дейін олармен күресуге бұйырылдым», - дегені жеткізіледі. (Бухари)

8) Таухид біздің амалдарымыздың Аллаһтың алдында қабыл болуының ең үлкен себебі болып табылады.

Дәлел: «Аллаһтың нұсқауы осы. Құлдарынан кімді қаласа тура жолға салады. Егер олар Оған ортақ (серік) қосса (ширк жасаса) еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді». (әл-Әнғам; 88);

«Юнусты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен өзіне-өзі зұлымдық жасаушылардан болдым», - деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (Әнбия 87-88)

9) Аллаһ муаххидтың (таухидты ұстанған бірқұдайшыл адамның) дұғасына жауап береді.

Дәлел: «Расында Аллаһ тек тақуалардан қабыл етеді». (әл-Мәида; 27)

Сахих түрде жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп баяндаған: «Бірде үш кісі сапарда келе жатып, тынығу үшін бір үңгірге кіреді. Сол кезде жер сілкініп, әлгі таудағы үңгірдің аузы (таспен) бөгеліп қалады. Әлгі адамдар: «Енді шынайы ниетпен және ықыласпен істеген істеріміз болса ғана, солар көмек болып, осы тұтқыннан шығуымыз мүмкін», - дейді. Сонда біреуі тұрып: «Уа, Аллаһ! Мен ата-анамды жұбайым мен бала-шағамнан да артық жақсы көруші едім. Бірде мен табыс тауып келуге шығып, үйге кеш оралдым. Ішке кірсем, олар мені күтіп, тамақтарын да жемей ұйықтап қалыпты. Мен қолыма ыдыс алып, оған сүт құйдым да, олар оянғанша ұйқыларын бұзбай, күтіп отырдым. Мен өз бала-шағама да еш нәрсе таттырғаным жоқ. Өйткені, ата-анам (тамақтанбай) мені тосып отырды ғой. Таң атқан соң мен сүтті әуелі ата-анама, одан кейін балаларыма бердім. Уа, Аллаһ! Шын ықыласыммен істеген осы істеріме разы болған болсаң, бізді мұнда қалдыра көрме», - деді.

Сол кезде үңгірдің аузын бөгеп тастаған үлкен тас аздап қозғалып, үңгірдің ауызын азғантай ашты, бірақ одан шығатындай мүмкіндік болмайды.

Сонда екіншісі тұрып былай дейді: «Уә, Аллаһ! Менің бір туысқанымның қызы бар еді. Мен ол қызды өте қатты ұнаттым. Мен онымен көңілдес болғым келді, бірақ ол келіспеді. Біраз уақыт өткен соң ол маған келіп, қарызға ақша сұрады. Мен онымен жақындасуға келісіп, 200 динар бердім. Сөйтіп, үстіне шыға бергенімде, ол қыз: «Аллаһтан қорық! Егер шын жақсы көрсең, шариғат жолымен некемізді қидыр да, жақында», - деді. Осы сөзден кейін мен ештеңе жасамай, ақшамды тастадым да, кетіп қалдым. Уа, Аллаһ! Егер осы ісім Сен үшін болған болса, бізді мына қапастан шығара көр», - деді.

Наши рекомендации