ІІІ. Инфекция көзімен қатынаста болғандар
1. Медициналық бақылау: 7 күн
- Термометрия - күніне 2 рет
- Бактериологиялық тексеру: мұрыннан, жұтқыншақтан
сынама алу.
2. Бактериологиялық тексеру қорытындысы дайын болғанға дейін
балаларды және балалар мекемелерінде жұмыс істейтіндерді үйінде жекешелеу, ұжымнан аластату.
3. Арнайы иммунды алдын алу
- алғашқы егулері толық болмаса
(3 рет егу немесе ревакцинация – АКДС, АДС-М)
- егу туралы құжаттар болмаса – АДС-М
- егер соңғы егуден кейін 5 жыл өтсе – АД-М, АДС-М.
Күл ошағында мұрыннан, жұтқыншақтан бактериологиялық тексеруге сынама алу әдісі
Сынама алуға 2 адам қатысады. Біреуі баланы тізесіне отырғызып, бір қолымен баланың қолын ұстап тұрады, баланың аяқтарын тізесімен мықтап ұстап тұруы керек. Мұрыннан, жұтқыншақтан жұғындыны екі бөлек стерильді тұзақшамен алады. Мұрыннан жұғынды алар алдында баланың мұрнын тазалап алу қажет, тұзақшаны 2 мұрын қуысына кезегімен кіргізіп айналдыра жағып алу керек.
Жұтқыншақтан материалды аш қарынға немесе тамақтанғаннан, су, дәрі ішкеннен 2-3 сағаттан кейін алуға болады. Медицина қызметкері оң қолына шпательді алып, баланың тілін басып тұрады, сол қолына тұзақшаны алып жұтқыншақтан айналдыра жұғынды алады. Тұзақшаны түтікшеге салып, 3-4 сағаттан асырмай зертханаға жеткізу қажет.
Эпидемиологиялық мысал №1
5 жасар балаға « Күл » - диагнозы қойылған. Бала анасымен коммуналдық пәтерде тұрады. Анасы – төменгі сыныптар оқытушысы - 10 күн бұрын баспамен ауырған, дәрігерге бармаған, емделмеген, жұмысын жалғастыра берген. Көрші бөлмеде 4 адамнан тұратын басқа жанұя тұрады, оның ішінде сүт сатушысы және 2 жасар бала-бақшаға баратын бала. Бала егулерін жасына сәйкес толық алған.
Инфекция көзін анықтау. Бала-бақшада, мектепте, ошақта алдын-алу шараларын жоспарлау.
Эпидемиологиялық мысал №2
Емханаға 10 жасар бала келген, ауырғанына 3 күн болған, әлсіздікке, тамағының ауырғанына шағымданған. Диагноз - «баспа» деп, бала мектептен аластатылған. Жұтқыншақтан алынған сынамадан токсигенді күл таяқшалары табылған. Бала міндетті егулерін толық алған. Ауырардан 4 күн бұрын бала ата-анасымен көрші ауданға қонаққа барған, ондағы туыстарының балалары «ангинамен» ауырған. Жанұясында: әжесі-зейнеткер, анасы - қызметкер, әкесі - мал дәрігері, інісі 4 жаста, бала-бақшаға барады, АКДС вакцинасын толық алмаған.
Аурудың себебін анықтау. Ошақты жою шараларын жоспарлау.
Эпидемиологиялық мысал № 3
Бала бақшада күл ауруымен қатынаста болған балаларды бактериологиялық әдіспен тексергенде екі балада токсигенді күл таяқшалары табылған. Бактериятасымалдаушыларға қарсы қандай шара қолдану қажет:
1. Бала бақшадан аластату
2. Ауруханаға жатқызу
3. Бактериятасымалдаушыларды бала-бақшадан аластатпау
4. Дәрігер инфекционистке кеңес алуға жіберу.
Ызылша
Қызылша – қоздырғышы аэрогенді механизммен берілетін, қызбамен, интоксикациямен, дақты-папулезды бөртпелермен, энантемамен, жоғары тыныс алу жүйесінің зақымдалуымен, конъюнктивитпен сипатталатын антропонозды жедел респираторлы вирусты жұқпалы ауру.
Қызылша ауруын алғашқы болып VІ ғасырда араб ғалымы Разес зерттеген. Орта ғасырда дәрігерлер қызылша ауруын білген, бірақ көбіне бөртпе белгілерімен өтетін басқа аурулармен шатастырып отырған. Қызылша ХІХ ғасырда барлық елдерде таралған, барлық халық ауырып отырған. Қоздырғышын 1954 жылы Эндерс және Пиблс ашқан.
Негізінде қызылша балалар инфекциясы болып табылады. Бірақ, 1980 жылдан бастап жаппай вакцина егудің нәтижесінде 5 жастан жоғары және үлкендер арасында жиі кездесіп отырғаны (70% дейін) белгілі. 2005 жылы Ұлттық Иммунизациялау Күндері жүргізіліп, 15-25 жастағыларға қосымша вакцина егу жасалған, егумен қамту 99,7% жеткен. Егулердің нәтижесінде 2006 жылы қызылшамен сырқаттану 25 есе төмендеген, 2007 жылы мүлдем ауру тіркелмеген. Бірақ экономикасы дамымаған елдерде әлі күнге дейін 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады.
Этиологиясы– қоздырғышы Polinosa morbillivirus, парамиксовирустар тобына жататын, тек жасуша дақылдарында өсетін (адам эмбрионы немесе маймыл бүйрек жасушасында) вирустар. Қоршаған ортада төзімсіз, 60 градустан жоғары температурада, күн сәулесі, ультракүлгін сәулесі, дезинфекциялық заттар әсерінен тез өледі. Қоздырғыштар үшін қолайлы температура -15-20 градус.
Инфекция көзі- ауру адам. Ауру адам жасырын кезеңінің соңғы 2 күндері, катаральді кезеңде, бөртпе шыққаннан кейін 4-5 күнге дейін жұқпалы болады. Барлығы 9-10 күн аралығында жұқпалы болады. Вирустасымалдаушылық болмайды
Берілу механизмі – аспирациялы, берілу жолы - ауа-тамшылы. Ауруды жұқтыру науқаспен қатынаста болу уақтынан және бөлменің тығыздығына байланысты. Қызылша ауруы тек бір бөлме ішінде таралып қана қоймай, ашық есік-терезе, желдету каналдары арқылы төбедегі қабаттарға таралуы мүмкін.
Иммунитет. Жаңа туылған балаларда туа біткен баяу иммунитет 6 айға дейін сақталады. Қызылшаға қабылдағыштық өте жоғары: аурумен 1 күн қатынаста болғандардың 43%, 72 сағат қатынаста болғандардың 80%, 4 күн қатынаста болғандардың 100% ауру жұқтырады.
Қайта жұқтыру, қайта ауыру болмайды.
Диагностикасы.
- Вирусологиялық әдіс
- ГАТР
- ИФА
Патогенезі және клиникасы. Қоздырғыштар денеге тыныс алу жүйесінің шырышты қабаттары арқылы түседі, жасырын кезең ішінде қанмен лимфа жүйесіне түседі, онда жиналып қайта қанға түседі. Қан ағымымен тыныс алу жүйесіне, мұрын-жұтқыншаққа таралады, сыртқы тері мен шырышты қабаттарда бөртпе түрінде көрінеді. Инкубациялық кезеңі 8-17 күн, иммундыглобулин қабылдағандарда 21 күнге созылады. Ауру 4 кезеңде өтеді: жасырын кезең; катаралды кезең; бөртпе кезеңі; жазылу кезеңі. Аурудың бастапқы кезеңі 3-4 күнге созылады, дене қызуы - 38-39°С, ринит, жөтел, конъюктивит, көз қызарып, суланады, жарыққа сезімтал болады. Кейіннен 3 күн ішінде этапты түрде бөртпелер пайда болады: алғашқыда таңдайдың шырышты қабығында және ұрттың шырышты қабығында Филатов-Коплик белгісі (ақ түсті нүкте, айналасы гиперемия) пайда болады, кейіннен майда қызыл бөрпелер құлақ артында, бетте, мойында пайда болады, 2-3 күні кеудеге, аяққа таралады. Бөртпелер бір бірімен қосылып, үлкейеді. Бөртпелер пайда болған кезегімен қайтады, орнында дақтар қалады, кейде орны қабыршықтанады.
Алдын алу шараларыДСМ «ҚР қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит ауруларымен сырқаттанушылығын эпидемиологиялық қадағалауды күшейту» бұйрығына сәйкес жүргізіледі, Қазақстанда 2012 жылға дейін қызылша ауруын элиминациялау бағдарламасы бойынша тиісті шаралар атқарылуда.
Науқас адам көбіне үйінде жекешеленеді, ауруханаға жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткішке сәйкес. Қызылша ауруы балалар үйі, мектеп-интернат секілді жабық мекемелерде немесе жатақханада тіркелсе жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады.
Ошақта қызылшамен ауырмағандар, вакцина егілмегендер 21 күн медициналық бақылауға алынады, 8-ші күннен 17-ші күнге дейін ұжымнан аластатылады.
Медициналық бақылау барысында күнделікті дене қызуын өлшеу, сыртқы терісін, шырышты қабаттарын бөртпелерге қарсы тексеру қажет. Бала-бақшаға баратын балалар 8- ші күннен бастап жекешелендіріледі. Қызылшамен ауырған балалар, вакцина егілген балалар, үлкендер жекешелендірілмейді, медициналық бақылауға алынбайды. Балалар мекемесінде карантин -21 күн. Карантин кезінде топтан топқа ауыстыруға, жаңадан балаларды қабылдауға болмайды. Вакцина егілмегендерге және егу туралы мәлімет жоқ болғандарға шұғыл түрде вакцина егіледі. 1 жасқа дейін балаларға –иммундыглобулин егу қажет.
Қызылша ауруына қарсы ең тиімді шара – бұл вакцина егу (халық арасында тұрақты қабылдамаушылықты қалыптастыру, ауруды түгелімен жою).
ДДҰ мақсаты қызылша ауруын (ВОЗ) - 2007 жылға дейін жеңу, 2010 жылға дейін барлық елдер қызылша ауруын жою туралы сертификат алуы керек.
ДСМ «ҚР халықты жұқпалы ауруларға қарсы вакциналауды жақсарту жөнінде шаралар» бұйрығына сәйкес қызылшаға қарсы вакцина бірінші рет-12-15 айда, ревакцинация 6-7 жаста егіледі.
Вакцина бір рет егілгендерге егу 15 жасқа дейін немесе техникум, колледж, институт оқушыларына 1- 2 курста егіледі.
Егу үшін қолданады:
- ЖКВ (Россия, тірі құрғақ вакцина)
- Рувакс - моновакцина Франция
- ҚҚП тривакцинасы қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы егіледі
Вакцина 0,5 мл көлемінде, иықтың жоғары сыртқы аймағына тері астына егіледі.
Қызылшаға қарсы вакцина жапон бөденесінен алынған жасуша дақылдарында өсірілген қызылша вирусының аттенуацияланған Л-16 штамынан дайындалады. Вакцина құрғақ күйінде шығарылады. Вакцина ұзақ мерзімді иммунитет қоздырады. Препаратты қараңғы салқын жерде (температурасы 8-100С) сақтау керек, бір жаққа тасымалдағанда арнайы тәртіптегі рефрижератормен жеткізу қажет.
Егілген балалардың 5-15%-да температурасы шамалы көтерілу сияқты асқынулар болады, ал 1 млн. егілгендерде 1-2 % жағдайда энцефалит белгілері байқалады.
Қызылшаға қарсы вакцина егу - сырқаттанушылықты азайту және жоюдың ең тиімді тәсілі. Нәтижесі ойдағыдай болуы үшін 2 жасқа дейінгі балалардың 95% егумен қамтылуы керек.
Ошақтағы шаралар:
- Науқас адамды ауруханаға жатқызу немесе үйінде жекешелендіру.
- Науқаспен жанасқан балалардың егу құжаттарын, №63 «Алдын ала егу» картасын тексеру.
- Қатынаста болған бұрын қызылшамен ауырмаған, вакцина егілмеген балаларды 21 күн медициналық бақылауға алу, күнделікті дене қызуын өлшеу, бөртпеге қарсы тексеру, вакцина егу, ұжымнан аластату.
- Бұрын қызылшамен ауырғандар және қызылшаға қарсы вакцина егілгендер медициналық бақылауға алынбайды, ұжымнан аластатылмайды.
- Бөлмені жиі желдету, ылғалды әдіспен жинау.