Халықаралық байланыс жасайтын көлік түрлеріне және Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде жүргізілетін шаралар

Quot;Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау" туралы Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министінің 2004 жылғы 30 наурыздағы N 297 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 9 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 2798. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 маусымдағы N 476 бұйрығымен

Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.06.30 N 476 бұйрығымен.

Қазақстан Республикасының "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Заңының 24-25 бабына сай бұйырамын:
1. "Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау" туралы Санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормалары бекітілсін.
2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне кіреді.

Министр

Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің
2004 жылғы 30 наурыздағы
N 297 бұйрығымен бекітілген

Quot;Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау" жөніндегі Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар 1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін осы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (әрі қарай - Ережелер) Қазақстан Республикасының аумағында меншік түріне қарамастан жеке және заңды тұлғаларға арналған.
2. Осы Ережелерде мынандай терминдер қолданылады:
1) аурумен қарым-қатынаста болғандарды анықтау - медициналық-санитарлық шараларды қолдану үшін аурумен қарым-қатынаста болғандарды анықтайтын үрдіс;
2) санитарлық-карантиндік бақылау - республика аумағына жұқпалы, паразитарлық ауруларды, сондай-ақ, адам денсаулығына қауіпті деген заттарды және өнімдерді өткізбеу үшін мемлекеттік шекарадан өтетін адамдарға және жүктерге бақылау жасау;
3) жұқпалы аурулар - адамдардың өмір сүру ортасында биологиялық факторларының әсерінен пайда болатын және таралатын аурулар;
4) медициналық (санитарлық) тексеріс - медициналық-санитарлық құжаттарды, көліктерді, керек болған жағдайда экипажды (бригадаларды) және жолаушыларды медициналық тексерістен өткізу; зертханалық тексеріс жүргізу үшін сынамаларды алу;
5) медициналық бақылау - медициналық қызметкерлер арқылы жұқпалы аурулармен ауырған аурумен қарым-қатынаста болған адамдардың арасынан ауырғандарды тауып, оқшаулау үшін жүргізілетін күн сайын жүргізілетін бақылау;
6) контейнер (жүк контейнері) - тасымалдау құралдарының түрі;
7) көлікке жүргізілетін медициналық-санитарлық тексеріс - көліктерді медициналық-санитарлық тұрғыдан жүргізілетін тексеріс, мұның ішінде медициналық құжаттарды тексеру де кіреді;
8) порт - теңіздегі немесе іштегі өзен-су жолдарындағы порт;
9) оңашалау шаралары, оның ішінде карантин - жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге бағытталған шаралар және шаруашылық тұрғысынан басқа да жағдайларды қарастыратын ерекше тәртіп;
10) кеме - теңіз арқылы немесе ішкі өзен-су жолдары арқылы халықаралық қатынас жасайтын кеме;
11) көліктің түрлері - мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, тауарларды немесе жануарларды таситын жылжу құралы;
12) індет - жұқпалы аурулардың әдеттегі аурушаңдық деңгейінен күрт көп өсіп, таралуы;
13) экипаж - көлікте жұмыс атқаратын қызметкерлер.
3. Осы Ережелер мынандай ауруларды болдырмауға бағытталған: тырысқақ, оба, сары безгек (карантиндік аурулар); вирустық қызбалар: (Ласса, Марбург, Эбол, Хунин, Мачупо); менингококктық жұқпалар, энцефалопатияның спонгиолық түрлері, маса арқылы таралатын безгек және басқа да адамға деген қауіпті жұқпалы аурулар (Денге, Чикунгунья, Рифт жазығындағы, Батыс Нілдегі безгектер, жылқылардың энцефаломиелиті-батыс, шығыс американдық, венесуэлалық түрлері, энцефалиттің жапондық, калифорниялық, Сан Луилік, Мюррей жазығындағы түрлері), ИЖПС, өкпенің өзгеше қабынуы.
4. Республика аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау, 3-бапта көрсетілген жұқпалы ауруларды шет елдерден әкелуіне, ауру орын алған күнде оның таралуына жол бермей, таралу аумағын шектеп, ошақтарын жоюды қамтитын жалпы мемлекеттік шаралар жүйесіне жатады
Осы Ережеде көрсетілмеген жұқпалы аурумен ауырған адам анықталған жағдайда, барлық шаралар, оның ішінде шетелдік көліктер мен шетелдік азаматтарына байланыстылығы республика аумағындағы нормативтерге және заңдар жиынтығына сай жүргізілуі керек.
5. Қазақстан Республикасының аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау жұмыстарын жүргізу - Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде халықаралық қатынастағы көліктің барлық түрлерінде және Мемлекеттік шекарадан жаяу өтетін адамдарға іске асырылатын ұйымдастырушылық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-профилактикалау және індетке қарсы шараларды қарастырады.
6. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің уәкілетті органдары өзіне бағынышты аумақтарда, ведомстволарда (өзіне қарасты емес жүйе ішінде) халықты санитарлық тұрғыдан қорғау шараларының орындалуын медициналық қызметтер арқылы іске асырады.
7. Республика аумағын санитарлық тұрғыдан қорғау шаралары әрбір әкімшілік аумағында денсаулық сақтау органдары арқылы әзірленеді. Ол жұқпалы және паразитарлық аурулардың алдын алуға бағытталған кешенді жоспардың құрамына енеді. Эпидемиялық және жергілікті жердегі жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл жоспарға тиісті өзгерулер енгізіліп отырылады.
8. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы уәкілетті органы қолданыстағы тәртіпке сай, шет елдердегі және республика аумағындағы эпидемиялық жағдайдың өзгергендігі туралы жедел ақпаратты таратып, індетке қарсы шараларды жүргізуі үшін, оны аумақтық денсаулық сақтау органдарына, ведомстволық медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерге сондай-ақ, басқа да министрліктер мен ведомстволарға жіберіп отырады.
9. Осы ереженің талаптары орындалатын ауру бұрын болмаған шет елдік аумақтарда жұқпалы ауру пайда болғанда, ондағы консульство заңдар жиынтығына сай жұмыс атқарады.
10. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы уәкілетті органы республика азаматтары шет елге шығарда ауруға қарсы егу керектігі көрсетілген елдердің тізімін жасап, ол тізімді және оған қосылған өзгерістерді жергілікті денсаулық сақтау органдарына, ведомстволық медициналық қызметтерге, сондай-ақ, азаматтарын шет елге жіберуді ұйымдастыратын министрліктерге, агенттіктерге, комитеттерге, қоғамдық ұйымдарға, ведомстволарға жібереді.
11. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы уәкілетті органы белгіленген тәртіпке сай жұқпалы ауруларды халықаралық эпидемиологиялық тұрғыдан қадағалау жөніндегі мәселе бойынша сыртқы байланысты жасай отырып, Халықаралық медициналық-санитарлық ережелердің орындалуын жүзеге асырады; осы Ережелердің талаптары таралатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, дипломатиялық арнаулы уәкілдіктерге және аумақтағы шет ел мемлекеттерінің консульстволарына аурушаңдықтың эпидемиологиялық, эпизоотикалық жағдайлары туралы хабарлайды.
12. Осы Ережелерде қарастырылған талаптар орындалмаған жағдайда, көліктердің, жеке тұлғалар мен шет ел азаматтарының елден шығуына-келуіне, республика аумағына жүктердің, заттардың әкелінуіне, әкетуіне тыйым салынады, сондай-ақ, халықаралық пошта жұмысы шектеліп немесе мүлде тоқтатылады.
13. Қазақстан Республикасының немесе шет елдік мемлекет аумағында аса қауіпті, вирустық және паразитарлық жұқпалы аурулардың таралуы жөнінде қатер төнген жағдайда, Үкіметтің шешімі бойынша Мемлекеттік шекара арқылы қатерлі учаскелермен байланыс жасау уақытша тоқталып, Мемлекеттік шекарадан өтетін адамдарға, жануарларға, жүктерге, көліктерге карантиндік шектеу қойылады.

Халықаралық байланыс жасайтын көлік түрлеріне және Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде жүргізілетін шаралар

14. Шет елге жіберілетін халықаралық байланыс жасайтын көліктер мынандай жағдаймен қамтамасыз етіледі:
1) шетелге жіберілетін көліктерді санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан дайындау;
2) осы Ережелерде көрсетілген аурулардың алдын алу және олармен күресу мәселесі бойынша көлік түрлерінің экипаждары (бригадалары) арнайы дайындықтан өткізіледі (дайындықты медициналық ұйымдар жүргізуі керек);
3) экипаж мүшелері (бригадалар) мен жолаушылар сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету;
4) көлік түрлерін, порттың нысандары мен аумағын, стансаларды кеміргіштер және буынаяқтылардан қорғау, көрсеткіштер бойынша (әуе, теңіз және өзен кемелерінің рейстерінде, теміржол құрамында) дератизация және дезинсекция шараларын жүргізу.
15. Әуе және теңіз кемелерінің командирлері мен капитандары, автостанция, жолаушы поездарының бастықтары:
1) жолаушылар немесе экипаж мүшелерінің (бригадалардың) арасында жұқпалы ауруларға күдікті дегендері анықталғанда жоғарғы әкімшілікке, сондай-ақ, порттарға, авто және темір жол стансаларына санитарлық-карантиндік (теңіз, өзен, ауа жолдарындағы) пункттеріне, мәлімет беріп, кеміргіштер мен қосқанатты жәндіктердің болуы туралы хабарлауы керек;
2) жол жүру барысында індетті болдырмау үшін алғашқы санитарлық-эпидемиологиялық (алдын алу) шараларын жүргізіп, сонымен бірге ауруы анықталған ауру адамды уақытша оқшаулап және көліктегі адамдардың денсаулығын бақылаулары керек;
3) поездардың бастықтары мен кемелердің капитандары зарарсыздандыру, дезинсекция және дератизация шараларын жүргізіп, өліп қалған, ауланып ұсталған кеміргіштерді жинап, сақтап, жақын маңдағы портқа жеткізулері керек.
16. Жұқпалы ауруларға күдікті дегендердің негізгі симптомдары мынандай болып келеді: тырысқақ (дененің қызуы -37 0 С және одан да жоғары болуы), жөтелу, іштің өтуі, құсу, денеде бөртпенің пайда болуы, лимфалық түйіндердің үлкеюі, сарғаю, қан құйылу және қанның кетуі, сонымен қатар, міндетті түрде эпидемиологиялық көрсеткіштер ескеріледі.
17. Көлік елге келердің алдында порттың, теміржол, автокөлік стансаларының әкімшілігіне төменде көрсетілген қызметкерлері арқылы мынандай хабарды (мәліметті) береді:
1) медициналық-санитарлық декларацияның шешіміне сай - теңіз және өзен кемелерінің капитандары;
2) жалпы медициналық-санитарлық декларациясының шешіміне сай - әуе кемесінің командирлері;
3) осы санитарлық ережеде көрсетілгендегідей жолаушылардың арасында ауруға күдіктілер бар болғанда, немесе кеміргіштердің өлімі орын алғанда - жолаушы таситын поездардың бастықтары;
4) осы санитарлық ережеде көрсетілгендегідей жолаушылардың арасында ауруға күдіктілер бар болғанда халықаралық автобустардың жүргізушілері.
Порттардың, теміржол және автокөлік стансаларының әкімшілігі алынған ақпаратты тез арада шекарадан өткендердің мемлекеттік қорғауды бақылайтын медициналық ұйымдарға жеткізеді.
18. Осы ережеде көрсетілген талаптарға сай жолаушылардың арасында ауру белгілері немесе кеміргіштердің өлімі, масалардың барлығы анықталса келген көлік, оның экипажы (бригадасы), жолаушылары, әкелген жүгімен мемлекеттік шекарадан өткізу пунктінде медициналық (санитарлық) тексерістен өтеді.
19. Көліктік транспортпен келгендерді медициналық (санитарлық) тексерістен өткізу мыналарды қамтиды:
1) ауруды (ауруға деген күдіктіні) анықтау үшін, экипажды (бригаданы) және жолаушыларды сұрау арқылы жағдайын біліп, медициналық тексеріс жүргізеді;
Осы Ережеде көрсетілгендей аурулармен ауырады-ау деген күдіктілер ауру ретінде саналып, олардан жұқпаның таралмауын болдырмау үшін жүргізетін шаралар толық мөлшерде жүргізіледі;
2) теңіздегі медициналық-санитарлық декларациясын, ауа кемесінің медициналық-санитарлық бөлімінің декларациясын және дератизация (дезинсекция) жүргізілгені туралы куәліктерін немесе ондай шараларды жүргізуден босатылғаны туралы құжаттарды тексереді;
3) жол жүру маршрутын анықтау үшін (эпидемиялық көрсеткіштерге қарап) төлқұжаттары мен билеттерін тексереді;
4) көлік түрлерін, жүктерді, оның ішінде контейнерлер мен лихтерларды санитарлық тұрғыдан тексеру үшін:
жүк қабылдаушы тарапынан қаптама ашылғанда немесе қаптама бұзылған жағдайда контейнерлер мен лихтерларға Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктарында санитарлық тұрғыдан тексеріс жүргізеді. Егер контейнерлер мен лихтерларды өткізу пунктына алып келіп, ашқаннан кейін, жүк қабылдаушы оның ішінен кеміргіштерді, буынаяқтыларды немесе олардың осы жерде болғандығы туралы деректерге сүйене отырып, бұл туралы аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың мемлекеттік органына хабарлауы керек.
20. Медициналық (санитарлық) тексеріс Мемлекеттік шекараның өткізу пунктінде бірінші болып өткізіліп, басқа шаралардан бұрын жүргізіледі. Шет елден келген көліктерге медициналық (санитарлық) тексеріс жүргізілу біткеннен және індетті болдырмау шаралары жүргізілгеннен кейін шекаралық, кедендік бақылаулар жүргізіледі.
Індеттің тараламауына бағытталған шаралар транспорттан басқа жерде (анықталған ауруды уақытша вокзалдың медпунктінде ұстағанда) жүргізілсе, ауруға тиісті заттар кедендік бақылау пунктінде оның иесі бақылаудан өткізгенше санитарлық-карантиндік пунктте сақталады.
21. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде медициналық (санитарлық) тексерістерді мынандай жерлерде жүргізеді:
1) халықаралық теңіз, өзен және аэропорттарында, халықаралық автотрассаларда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аймақтық басқармасының санитарлық-карантиндік пункттерінің күшімен жүргізіледі;
2) шекарадағы теміржол стансаларында-транспорттағы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының санитарлық бақылау пункттерінің күшімен жүргізіледі.
22. Медициналық (санитарлық) тексеріс жүргізетін лауазымды адамдар жұмыс куәлігін көрсеткеннен кейін экипаж мүшелері (бригадалар) мен жолаушылар және халық денсаулығына қауіпті жүк орналасқан үй-жайларға, көлікке емін-еркін кіру құқығына ие болады.
Медициналық тексеріс жүргізілгеннен кейін, керек болған жағдайда індетке қарсы шаралар жүргізіліп болғаннан соң көлікке емін-еркін қозғалуға рұқсат беріледі.
23. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктінде көлікке, жүкке бақылау жасайтын адам шекаралық әскери, кедендік және басқа да органдар орналасқан бақылау-өткізу пункттерінде жұқпалы аурулардың белгілері анықталған ауруға тексеріс жүргізуге көмектесіп, осы пункттегі медициналық (санитарлық) тексеріс жүргізетін ұйымына әрбір анықталған ауру туралы хабарлайды.
24. Әуе кемелері мен поездар, теңіз және өзен кемелерінің басшыларынан жұқпалы аурулардың белгілері, масалар, өлген кеміргіштер туралы ақпарат түспеген жағдайда, оларға медициналық ұйымдардан емін-еркін жүруіне рұқсат беріледі.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктінде бақылау жасайтын шекаралық әскери, кедендік және басқа да органдар аурудың барлығы туралы ақпарат бермеген жағдайда, теміржол және автомобиль көліктері медициналық тексерістен өтпейді.
25. Медициналық ұйымдар эпидемиялық жағдайды анықтау үшін көліктерге таңдау арқылы медициналық (санитарлық) тексеріс жүргізеді.
26. Осы Ережелер талаптары жүретін ауруларға күдіктілерді анықтағанда індетке қарсы жүргізілетін шаралар мынандай жағдайды қамтуы керек:
1) диагнозын анықтап, артынан ауруханаға жатқызу үшін ауруды жедел түрде уақытша оқшаулауды;
2) ауруды ауруханаға жатқызбастан бұрын, оның жанында ағымдағы зарарсыздандыру жұмысын жүргізуді ұйымдастыруды;
3) кеңесші-дәрігер арқылы алдын ала қойылған жұқпалы ауруға деген күдік расталса, осы Ережелердің ІІІ, ІҮ тарауларындағы 3-бапқа сай шаралар жүргізілуі керек.
27. Көліктерде, бөлмелерде және көліктік объектілердің аумағында дератизация мен дезинсекция шаралары жүргізіледі.
28. Тырысқақ, оба және басқа да жұқпаларға күдікті белгілері бар ауру адам анықталған көліктер 3 пунктте көрсетілгендей жолаушылар және жүктерімен бірге індетке қарсы шараларды жүргізу мақсатында санитарлық айлаққа жіберіледі (санитарлық тұрақ, санитарлық алаң, санитарлық тұйық жер).
29. Санитарлық індетке қарсы (аурудың алдын алуға арналған) шаралар көлік құралдарында мүмкіндігінше тез басталады.
30. Осы ережемен қарастырылған шаралардың белгіленгені туралы санитарлық-карантин пункті көлік әкімшілігіне хабарлайды.
Мұндай шаралар әуе көлігіне қолданғанда, ол туралы мәлімет әкімшіліктің өтініші бойынша, әуе көлігінің жалпы декларациясының санитарлық бөліміне жазылады. Санитарлық-карантин пункті жолаушылардың (экипаж, бригада мүшелерінің) сұрауы бойынша келіп, кеткен уақыты және оларға қолданылған шаралар жөнінде куәлік береді.
31. Ауру жұқтырылған кеменің бортынан тысқа шықпайтын кеме жолаушылары мен экипаждарына да санитарлық індетке қарсы (аурудың алдын алу) 3 пунктінде көрсетілген шаралар қолданылады.
32. Осы Ережелерде қарастырылған медициналық тексерістен басқа, көліктің келіп тоқтаған жерде жүргізілген кез-келген шаралар келесі порттарда, егер жол жүрген кезде эпидемиологиялық маңызы бар деректер анықталып немесе жүргізілген шаралар тиімсіз болған жағдайда болмаса, қайталанбайды.
33. Кез-келген көліктің әкімшілігі санитарлық-карантиндік пункті белгілеген осы Ережелерге сәйкес шараларды орындаудан бас тартса, қозғалу еркіндігінен айырылып, кері қайтарылады, мұндай көліктің бортына отын, су және азық-түлік тиеуге ғана рұқсат етіледі.
34. Жүктер және тауарлаға да осы Ережеде қарастырылған санитарлық-карантиндік бақылауға алынады, егер олар жұқпалы аурулар таралған жерлерден келсе және санитарлық-карантиндік пункт бұл жүктердің аталған аурулар қоздырғыштарын жұқтырғаны, оны таратуы мүмкіндігі туралы мәліметтері бар болса.
35. Жолаушылардың жүктері зарарсыздандыруға немесе дизенсекциялауға жатады, егер жүктердің арасында ауруды жұқтырған материалдар немесе ауруды тасымалдаушы жәндіктер болса.
36. Халықаралық пошта арқылы жіберілген жөнелтпелерге санитарлық шаралар мынандай жағдайда, егер олармен төмендегі заттар жіберілсе:
азық-түліктер, іш-киімдер, төсек әбзелдері, киімдер, аяқ киімдер, оба және тырысқақпен ауырғандардың (ауруға күдікті) қолданған немесе ластанған төсек әбзелдері.
37. Мемлекеттен көліктің барлық түрлерімен кететін, келетін және профилактикалық екпе жүргізуді талап ететін азаматтарға тиісті санитарлық-карантиндік пункттер вакцинациядан өткендігі немесе қайта вакцинация жүргізілгендігі туралы халықаралық куәлігін тексеріп және оның мерзімінің өтпегендігін тексеруі керек.
Санитарлық-карантиндік бақылау жүргізу барысында олар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

Наши рекомендации