Ауруханың жер телімін таңдауға және оны жоспарлауға қойылатын гигиеналық талаптар.
Ауруханада гигиеналық жағынан қолайлы жағдай туғызу мүмкіншілігі аурухана учаскесінің орналасқан жеріне және басқа да ерекшеліктеріне көп байланысты. Жалпы соматикалық ауруханаларды қала ішінде, қызмет көрсететін халыққа жақын орналастыру лайықты, өйткені олар тек жоспарлы түрде ғана емес, сонымен қатар, жедел медициналық көмек те көрсетеді. Қаланың шетінде немесе сыртында режимі айрықша стационарларды (туберкулездік, психиатриялық және тері-венерологиялық ауруханаларды), науқастарды амбулаторияда қабылдамайтын, ірі, сиымдылығы 1000 төсектен артық, мамандандырылған орталықтарды, сауықтыру мекемелері мен реабилитация орталықтарын орналастырады. Аурухананы елді мекеннің шетінде немесе қала маңайында орналастырғанда, өлшемі жеткілікті, шу, шаң және басқа ластаушы көздерден алыс, көк алаптың жанындағы жер телімін таңдау оңай. Бір жағынан, қосымша емдік фактор ретінде қолайлы табиғи жағдайлар туса, екінші жағынан, кейбір аурухана мекемелерін қызмет көрсету түрлеріне байланысты бір-бірінен оқшау орналастыру жеңілдейді. Мұндай ауруханалардың селитебтік зоналардан ара қашықтығы 1000 м кем болмауы керек. Амбулаториялық–емханалық мекемелерді қаланың әрбір ықшам ауданында, адамдар жаяу жететіндей жерлерде орналастырады.
Аурухананың жер телімі шу, ауаның химиялық және биологиялық ластаушы көздерінен - өнеркәсіп кәсіпорыңдарынан, магистралды жолдардан және темір жолдардан, аэропорттардан, стадиондардан, мал шаруашылық және кұс өсіретін фермалардан, қоқыс төгетін жерлерден, ассенизация алаңдарынан, қалдықтарды пайдаға асыру және жағу зауыттарынан едәуір қашықтықта, жел жағында болуы тиіс.
Аурухана мен осы ластаушы көздердің арасындағы санитарлық-қорғаныш аймағының ара қашықтығы нормативтік құжаттарға сәйкес, ластағыштардың зияндылықтарына байланысты, 50-1000 м аралығында орнатылады. Жекеше автокөліктерге арналған тұрақтардың аурухана аумағынан қашықтығы 40 м кем болмауы керек.
Учаскені таңдау кезінде, аурухана аумағындағы шудың деңгейі күндіз - 45 дБ, түнде – 35 дБ аспауы, ал, кеңінен таралған ауаны ластаушылардың: азот оксидінің, күкірт ангидридінің, аммиактың, көмір тотығының, күйенің ауадағы концентрациясы ШРЕК-тен аспауы керек. Ауруханаларды бұрын қоқыс төгілген жерлерге, мал қорымы, зираттар және топырағы химиялық заттармен, радионуклидтермен ластанған, эпидемиялық тұрғыдан қауіпті жерлерде орналастыруға тыйым салынады.
Ауруханалардың құрылысын топырағы құрғақ, күн сәулесі жақсы түсетін, ағашты, көгалды, биіктеу жерде салған жақсырақ. Жайпақ, оңтүстікке бағытталған беткейде болған жағдайда, учаскенің инсоляциясы жақсарады, атмосфералық сулардың табиғи ағыны жеңілдейді. Грунт суларының деңгейі жер бетіне 1,5 м жақын болмауы керек. Учаскеге көлік кіріп-шығатын жолдары ыңғайлы болғаны дұрыс және аурухананы техникалық, санитарлық-техникалық жағынан (сумен және электрмен қамтамасыз ету, канализация, т.б.) рационалды жабдықталу мүмкіншілігі қамтамасыз етілуі керек.
Жер учаскесінің аумағы жеткілікті болуы керек, өйткені, аурухана ғимаратының, шаруашылыққа арналған құрылыстарының, олардың ара қашықтарының, көгалдандыру ауданының, өтпелер мен көлік жолдары ұйымдастырылуының талаптарға сәйкес орналасуы, учаскенің ауданына байланысты анықталады. Аурухананың жер учаскесі, ондағы төсек санына, құрылыс жүйесіне және саласына байланысты. Қазіргі кездегі ауруханалардың құрылыс жүйесінде 1 төсекке аумағының 100-150 м2 ауданы келу керек.Төсек саны көп болған сайын, 1 төсекке есептеліп бөлінетін жер ауданы азая береді. Орталықтандырылмаған құрылыс жүйесі, орталықтандырылған құрылыс жүйесіне қарағанда, үлкен жер ауданын (2 тарау.) талап етеді. Жұқпалы аурулар, туберкулездік және онкологиялық ауруханалар, қайта қалпына келтіріп емдеу ауруханалары өте үлкен жер учаскесін қажет ететіндіктен, оларды қала маңында орналасырады.
Жер учаскесін рационалды жоспарлау, ауруханаларды гигиеналық жағынан абаттандырудың көптеген жақтарын қамтамасыз етеді. Емдеу-алдын алу мекемесін өз жер учаскесінде орналастыру жоспары болып табылатын аурухананың бас жоспары (10.1- сурет), жобалау кезеңінде - ақ учаскені, бір-бірінен айырмашылығы бар, бірнеше функционалдық зоналарға бөлуді қарастырады:
1. емдеу корпустарының, жұқпалы емес және жұқпалы ауруларға арналған;
2. бау-саябақ;
3. әкімшілік-емхана;
4. патологиялық-анатомиялық корпустың;
5. шаруашылық-құрылыстар зонасына;
Аурухана учаскесін зоналарға бөлу қолайлы санитарлық және емдік-қорғаныш тәртібін ұйымдастыру, науқастарға психологиялық комфорт туғызу, аурухана ішілік инфекцияның алдын алу, әр түрлі бөлімшелерінің тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды жағдай болып табылады. Аурухана кешенінің құрам бөліктерін зоналарға бөлу және рационалды орналастыру формасы дұрыс тікбұрышты, ені мен ұзындықтарының арақатынасы 1:2 немесе 2:3 болатын, ұзын осі шығыстан батысқа қарай бағытталған учаскелерде ең қолайлы жүзеге асырылады. Ауруханалар селитебтік зоналарда орналасқанда, емдеу және палаталық корпустарды құрылыстың қызыл сызығынан (көшелер мен аурухана аумағының шекарасы) 30 м және тұрғын үйлерден 50 м кем емес қашықтықта орналастыруы қажет. Жұқпалы аурулар бөлімшесі учаскенің түкпір жағында, жұқпалы аурулар емес бөлімшелерден 30 м кем емес қашықтықта орналасуы керек. Басқа корпустардан дуалдар арқылы және ағаштар мен бұталар арқылы бөлінуі, өзінің бөлек, көлік кіріп- шығатын жолы болуы тиіс.
10.1-сурет. Қалалық аурухананың бас жоспары (аралас құрылыс жүйесі).1 — бас корпус; 2 — емхана; 3 — акушерлік-гинекологиялық корпус; 4 —жұқпалы аурулар корпусы; 5 —ас блогі; 6 —шаруашылық корпусы; 7 — патологиялық-анатомиялық корпус.
Патологиялық-анатомиялық бөлімшені учаскенің түкпірінде, емдеу корпустарының палаталық бөлімшелерінің терезелерінен көрінбейтін аймақта орналастырады. Салт жораларыаймағына көлік кіріп-шығатын оқшау жолы болуы тиіс. Емдеу корпустары патологиялық-анатомиялық корпустан 30 м қашықтықта орналасуы қажет.
Емдеу корпустары мен басқа ғимараттардың ара қашықтығы инсоляция, жарық түсуі, желдетілеу және шудан қорғау жағдайларын қамтамасыз етуі керек. Мысалы, корпустар мен палаталар терезелерінің арасындағы қашықтық, ең биік қарсы тұрған ғимараттың 2,5 биіктігіне тең, бірақ, 24 метрден кем болмауы тиіс.
Емхана ғимаратын, көбінесе емдеу корпустарынан оқшау 30-50 м қашықтықта, учаскенің шет жағына қарай орналастырады. Емханаға кіру жолдары бөлек болады. Емхана ғимаратын бас емдеу корпусымен топтастырып орналастыратын түрлерін де қолдануға болады. Мұндай жағдайда, егер арнайы қызмет көрсету кестесі орнатылған болса және амбулаториялық ауруларға арналған жеке кіретін есігі және күтетін орны ұйымдастырылса, осы корпуста орналасқан аурухананың зертхана және емдеу-диагностикалық бөлімшелерін стационарлық науқастар үшін де және емханаға келетін емделушілер үшін де, пайдалануға болады.
Шаруашылық ауласын аурухана ғимаратынан 30-40 м қашықтықта, ық жағында, жер бедері төмендеу жерде орналастырады. Шаруашылық ауласында сумен жылытатын орталық қазандықты, дезинфекциялық камерасы бар кір жуатын орынды, гаражды, қойма бөлмелері мен көкөніс сақтайтын қойманы орналастырады. Басқа аурухана зоналарынан шаруашылық ауласын, ені 8-10 м отырғызылған ағаштар мен бұталар жолағы арқылы оқшаулайды.
Аурухана аумағына өз алдына бөлек, көлік кіретін 3 жолы болуы тиіс: жұқпалы емес ауруларды емдеу корпустарының зонасына, жұқпалы аурулар бөлімінің зонасына, шаруашылық зонасына. Әдетте, шаруашылық зонасына көлік кіретін жолмен патологиялық-анатомиялық корпусқа өтетін жол біріктіріледі.
Аурухана кешені ғимараттарының құрылысын салуға бөлінген жер учаскесінің үлесі 15%-дан, шаруашылық ауласына, адамдар жүретін жолға және көлік жолдарына - 25%-дан артық болмауы тиіс. Жер учаскесінің ең үлкен (60%-дан кем емес) бөлігін көгөрістер құрауы тиіс, олар қорғаныс зонасы ретінде, учаскенің периметрі бойынша, ені 15 м болатын отырғызылған ағаштар және аурухана мекенінің ішінде егілген саябақ, бау, гүлзарлар, көгалдар түріндегі көгөрістер. Қорғаныс зонасына бірнеше қатар биік өсетін ағаштар және арасына бұталар отырғызылады. Бау-саябақ зонасының ауданы, 1 адамға есептегенде, 25 м2 кем болмауы керек.