Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (МДМ) жобалауға және жоспарлауға қойылатын гигиеналық талаптар.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелердің әр түрлі түрлері бар, бірақ олардың барлығын да жоспарлау мен салу кезінде келесі қағидалар ескерілуі керек:
1. топтық оқшаулауды қамтамасыз етуі;.
2. қолайлы ауа-жылу тәртібін қамтамасыз етуі;
3. жеткілікті дәрежеде табиғи жарық және күн сәулесінің түсуін қамтамасыз етуі;
4. қимыл белсенділігі үшін жағдай қамтамасыз етуі;
5. ұтымды тамақтандыру ұйымдастыру үшін жағдайлар қамтамасыз етуі.
Бұл қағидалар жер телімдерінде де, мекеме ғимараттарында да жүзеге асырылады. Топтық оқшаулау қағидасы МДМ жоспарлау мен салудың негізгі қағидасы болып табылады. Топтық оқшаулау, мектеп алдыға дейінгі және мектепке дейінгі жастағы балалар тез шалдығатын, жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған. Ал, қимыл белсенділігі, таза ауа, күн сәулесі, оңтайлы микроклимат жағдайлары және толық құнды тамақтандыру, балалардың үйлесімді өсуі мен дамуын, олардың денсаулығының сақталуы мен нығаюын және ағзасының қарсы тұру қабілеті жоғарылауын қамтамасыз ететін ең маңызды факторлар болып табылады.
МДМ арналған жер телімдердің ауданы мекеменің сыйымдылығы 100 орынға дейін болғанда, 1 орынға - 40 м2 есебінен, 100 орыннан артық болғанда - 35 м2, 500 орыннан артық кезде - 30 м2 есебінен анықталады. МДМ жер телімін бірнеше аймақтарға (зоналарға) бөледі: топтық алаңшалар, жалпы дене шынықтыру алаңшасы, бақша – жидек өсіретін жер, шаруашылық алаңшасы, көгалдандыру аймағы. Жер телімінде топтық оқшаулау, ең әуелі әрбір топтың өз бөлмелерінен шығатын есігіне максималды жақын орналасқан, өзінің топтық алаңшасының болуымен қамтамасыз етіледі. Бұл әсіресе бөбектік жастағы балалар алаңшасында өте маңызды. Алаңшалардың дене шынықтыру алаңшасымен ыңгайлы байланысы болуы керек, ал, әр топтағы балалардың жүретін жолдары шаруашылық алаңшасынан өтпеуі және бір-бірімен қиылыспауы қажет. Топтық алаңшаларды айналмалы жолмен байланыстырады. Ол жолды балалар топтары велосипед айдау, көлік жүретін жолдарда жүру ережелерін үйрену және т.б. үшін кезектесіп пайдаланады. Топтық алаңшалар өлшемдері бөбек жастағы балалар үшін 1 орынға 7,5 м2 есебінен, ал мектепке дейінгі жастағы балалар үшін - 7,2 м2 есебінен анықталады. Топтық алаңшаларды бір-бірінен бұталармен оқшаулайды. Алаңшаның бір бөлігі ашық күнде болуға арналады, бұл инсоляция үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етеді. Екінші бөлігі күн мен жауын-шашыннан қорғау үшін орнатылған көленкелік жаппамен және ағаштармен көлеңкеленеді. Көлеңке беретін жаппалардың ауданы 40 м2, 3 жағынан жабылады, едені ағаштан жасалады. Сәбилік жастағы балаларға арналған топтық алаңшалардың төсемі шөптен болуы керек. Мектепке дейінгі балаларға арналған топтық алаңшаларда жартылай шөп, жартылай тақталы жаяу жол болады. Мектепке дейінгі балалардың топтық алаңшалары жартылай шөппен, жартылай тығыздалған топырақпен немесе тротуарлық тақталармен төселуі мүмкін. Ауаның жоғары температурасында улы заттар бөлініп шығуы мүмкін болғандықтан, асфальтты төсемді қолдануға рұқсат етілмейді. Алаңшаларда қозғалмалы және тыныш ойнайтын ойындар үшін қолданылатын жабдықтар орнатылады.
Дене шынықтыру алаңшасы мектепке дейінгі жастағы балалар алаңшасына жақын орналасуы керек. Онда қозғалмалы ойындарға, спорттық ойындар: волейбол, баскетбол, бадминтон, теннис және басқаларға, сондай-ақ, гимнастика сабақтарына, жүгіруге, секіруге арналған зоналар бөлінеді. Дене шынықтыру сабақтарын жүргізуге арналған қажетті құрал-жабдықтар орнатылуы қажет. Дене шынықтыру алаңшасының жанына 0,4-0,6 м тереңдігі өзгермелі ашық жүзу су алабы (бассейн) және тереңдігі 0,25 м су шашып ойнайтын алабы орналастырылады. Қыста бұлардың территорясы мұз айдыны ретінде қолданылады. Аурулардың таралуын болдырмау үшін, дене шынықтыру алаңшасы мен су алаптарын топтар кезектесіп пайдалануы қажет.
Шаруашылық алаңшасы топтық және дене шынықтыру алаңшаларынан алыс, кір жуатын орын мен ас блогының жүк тиейтін есіктері жақта орналасуы керек. Алаңшаның төсемі қатты, топтық алаңшаларға жүрер жолдарды кесіп өтпей, көлік кіретін жеке жолы болуы керек. Қоқыс жинағыштар шаруашылық алаңшасында ғана орналастырылады.
Жер телімнің құрылыс салу пайызы 10-12% артпауы керек. Көгалдандыру ауданы 50% кем болмауы керек. Жасыл көшеттер топтық алаңшалар, топтар, дене шынықтыру және шаруашылық алаңшаларының арасында, жер телімнің периметрі бойынша отырғызылады. Ағаштар МДМ қабырғаларынан 10 м-ден жақын емес қашықтықта, ал, бұталар 5 м-ден жақын емес қашықтықта отырғызылуы тиіс. Бұталар мен ағаштар улы емес және тікенексіз болуы керек. Сонымен қатар, көгалдану аймағына көгал алаңы, гүлзарлар, бақша-жидек өсіретін жер де жатады.
МДМ ғимараттары 2 қабаттан жоғары болмауы керек, жекеленген жағдайларда 3 қабатты ғимараттың жобалануына рұқсат етіледі. Аз қабаттылығы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, серуендеу жүргізуді жеңілдетеді, балаларда жарақаттар алу мүмкіндігін төмендетеді. Ғимаратта да, жер теліміндегі сияқты топтардың бір-бірінен және әкімшілік-шаруашылық бөлмелерінен барынша оқшаулау қағидасы сақталынады. Сондықтан, жастары бір топтағы балаларға арналған жеке блоктарды бөлуге мүмкіншілік беретін және блоктар арасындағы өтпе жолдар арқылы байланысты қамтамасыз ететін, орталықтандырылған-блоктық құрылыс жүйесі гигиеналық талаптарды ең қанағаттандыратын болып табылады. Орталықтандырылған құрылыс жүйесінің қолданылуы да мүмкін.
Әр топ өзінің жеке бөлмелерінде - топтық ұяшықтарда орналасады. Сәби жасындағы балалардың топтық ұяшықтары бірінші қабатта орналастырылуы тиіс және әр топқа өзінің жеке кіретін есігі болуы қажет. Мектепке дейінгі балалардың топтық ұяшықтарын бірінші қабатта да, екінші қабатта да орналастыруға болады, бұл жағдайда кезектесіп қолданылатын, төрт топқа ортақ кіру есігі болады. Сәби жасындағы балалардың топтық ұяшықтары 1 жастан 2 жасқа дейінгі балалар үшін - 10 балаға, 2-3 жас аралығындағы балалар үшін – 20 балаға есептелінеді. Олардың ұяшықтар құрамына қабылдау орны (18 м2), ойнау бөлмесі (50 м2), ұйықтайтын бөлме (36 м2), әжетхана (12 м2) және буфет бөлмесі (3 м2) кіреді. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған топтық ұяшықтар 25 балаға есептелінген және оның құрамына шешінетін жер (18 м2), топ бөлмесі (50 м2), ұйықтайтын бөлме (50 м2), әжетхана (16 м2) және буфет бөлмесі (3 м2) кіреді. Топтық ұяшық топтың негізгі болатын орны болып табылады, мұнда сабақтар, ойындар, сауықтыру шаралары, демалу, күндізгі ұйқы, балаларды киіндіріп-шешіндіру және тамақтандыру жүзеге асырылады.
Ғимаратта, топтық ұяшықтардан басқа, балалардың жеке топтарымен кезекпен сабақтар жүргізілетін арнайы бөлмелер(гимнастика және музыка залдары, су алабы ), сондай-ақ, әр түрлі мақсатта қолданылатын басқа бөлмелер де - медициналық бөлме, ас блогы, кір жуатын бөлме болады. 4 және одан да көп топтар сыятан, барлық МДМ-де қарастырылатын гимнастика мен музыка залдары, әдетте екінші қабатта орналастырылады. Бұл бөлмелер өтпелі болмауы керек, ал олардың ауданы мен саны МДМ орын санына байланысты болады. Медициналық бөлмені бірінші қабатта орналастырады. Оның құрамына медицина бөлмесі, ем-шара бөлмесі және ауырған баланы тікелеі сыртқа шығаруға қолданылатын, жер теліміне шығатын жеке есігі бар, оқшаулау бөлмесі кіреді.
1- қабатта міндетті түрде өз бетінше сыртқа шығатын есігі бар, ас блогы орналастырылады. Бұл басқа бөлмелермен қолайлы байланысты қамтамасыз етуге және ас блогында санитарлық тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді. Топтық ұяшықтар есігі ас блогының есігіне қарама-қарсы орналастырылмауы керек. Топтар мен ұйықтайтын бөлмелер терезелері ас үйдің үстінде болмауы қажет. Зат қоятын бөлмеден әрі-бері өтуге немесе ас үйі арқылы зат қоятын бөлмеге өтуге рұқсат етілмейді. Топтарға тамақты үлестіріп беру жеке бөлмеде жүргізіледі.