Ашық кюретаждау әдісін орындау тәсілі

Ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдеп, операция жүргізілетін аймақты уақытша жансыздандырғаннан кейін тістераралық қызылиек бүртіктерінің ұшы арқылы көлденең тілік жасалады, ұрт және тіл жақтан қызылиек қиығы өтпейтін аспаппен қалта түбне дейін сыдырылады. Ашылған тіс түбірлері беттерінен қызылиек асты шөгінділер, өзгеріске ұшыраған түбір цементі және грануляциялық тін алынған соң, қалтаға өскен эпителийді өткір қайшының көмегімен қырқып тазалайды. Алынбай қалған тіс шөгінділерінің қалдықтарын ультрадыбыстық скалермен алып, түбір беттерін финирлер, полирлер және рәзіңке тегістегіштердің көмегімен тегістейді. Қажет болса сүйек құрылуын қамтамасыз ететін заттар енгізіп, қиықтарды орнына қайтарады, бөлінген қызылиек бүртіктерінің қиықтарын біріктіріп, тігіс салады. Жаралы аймақты қатаятын емдік таңбалармен 1-2 сөткеге жабады. Тігістік материалды 5-6 сөткеден кейін алып тастайды. Бұл операцияны бір қабылдауда 4-7 тістер аймағында жүргізуге болады. Кюретаждау әдісін қолдануға болатын пародонтальдық қалтаның көрінісі суретте көрсетілген.

Операция жасалған науқасқа ауыз гигиенасын сақтау, жұмсақ және сұйық тағамдар қабылдау туралы (5-7 тәулік) ақыл-кеңес береді және антигистаминдік дәрілер, қажет болса бактерияларға қарсы дәрілік заттарды тағайындайды. Қызылиек сайы 7-10 күннен кейін ғана эпителий қабатымен жабылып, қалпына келе бастайды, ал коллаген талшықтарының жетілуі 20-21 күнге созылады (В.С.Иванов, 1989).

Пародонтальдық қалталарға кюретаждау жүргізгеннен кейін туындауы мүмкін асқынулар:

· Операция жүргізілген аймақта қатты қабыну және домбығу белгілері, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит) байқалуы мүмкін. Бұлардың себептері – асептика және кюретаждау ережелерінің бұзылуы. Мұндай жағдайда ауырсыздандыратын, қабынуды, домбығуды тоқтататын дәрілер, ауызды шаюға немесе бұлауға арналған антисептиктер ертінділерін, шөптер тұнбаларын тағайындайды.

· Тіс шөгінділерін, патологиялық өзгеріске ұшыраған цемент пен дентиннің жоғарғы қабатын алғаннан кейін тістерде жоғары сезімталдық (гиперестезия) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде құрамында фтор бар препараттармен (натрий фторидінің 1-2% ертіндісі, фторлы гель) тіс беттеріне бастырма (аппликация) қояды немесе арнаулы лактармен (сырлармен) жабады және науқасқа тістерін құрамында фтор бар, кальций препараттары бар қойыртпақтармен тазалауға кеңес береді. Жоғары сезімталдығы бар тістерді композиттік материалдың құрамындағы адгезивтермен де жабуға болады.

Жабық және ашық кюретаждау әдістерін қолдануға қарсы көрсетілімдер: пародонтальдық қалталардың қабырғаларының тым жұқалығы және сүйек қалталарының болуы.

Қиықтап кесу немесе қиықтандыру операциялары(лоскутные операции)

Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясының негізгі мақсаты: альвеола өсіндісінің қызылиегі мен сүйекқабын қиықтап кесіп, сылу арқылы пародонттағы патологиялық ошақтың бетін жақсылап ашып, өзгеріске ұшыраған тіндерден тазалап, пародонтальдық қалтаны жою және сүйек тіндерін коррекциялау.

Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясы жарақат аймағын жақсы көріп, хирургиялық емдеу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Барлық қиықтап кесу операцияларының негізін қалаушы деп Видман-Нейман-Цешинский ұсынған радикалдық операцияны санауға болады. Қазіргі кезде бұл операцияның көптеп түрлендірілген техникалық тәсілдері бар.

Қиықтап кесу операциясының (лоскутная операция) негізгі мақсаты пародонтальдық қалталарды жойып, бұзылған тірек тіндерді қалпына келтіру немесе жаңа дәнекертінді құрылымды бекітуші жүйені қалыптастырып, сүйек тінін коррекциялау.

Бұл операцияны қолданып емдеудің негізгі көрсетілімдері: тереңдігі 5-8 мм пародонтальдық қалталар, тістердің I,II,III дәрежелі қозғалмалылығы, альвеола сүйегінің түбірдің ½ бөлігінен артық деңгейде сорылып, сүйек қалталарының пайда болуы.

Пародонтальдық қиықтар толық және жартылай ажыратылған болып екі түрге бөлінеді. Толық қиық жабынды эпителийден, дәнекер тіннен және сүйек қабынан (надкостница), ал ажыратылған қиық эпителийден және дәнекер тіннен ғана тұрады. Сонымен қатар қиық қарапайым (простой) немесе тұрақтанатын (операция біткен соң орнына қайта қондырылады) және көшпелі (позиционный) немесе тұрақсыз (операция біткен соң басқа аймаққа көшіріледі) болып та бөлінеді.

Наши рекомендации