Пломбыны өңдеу және әрлеу
Пломбының бетін тегістеу және әрлеу – ең жауапты кезең және тістің анатомиялық пішіні дұрыс қалыптасқан болса да жүргізілетін шаралар.
Пломбының бетін тегістеу композиттің оттегімен тежелген беткей қабатын алып тастауға және пломбының жақсы жиектік жанасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Пломбының жиектік жанасуының жақсы көрсеткіші-сүңгінің тіс бетінен пломбы бетіне ешбір іркіліссіз немесе еркін сырғуы.
Пломбының бетін тегістеуді және әрлеуді пломбы қатайғаннан кейін 7-8 минөттан кейін немесе бір тәуліктен кейін жүргізуге болады.
Бұл шаралар бірнеше кезеңнен тұрады:
Макроконтурлау – тістердің тістем қатынастарын ескере отырып пломбының пішінін келтіру. Карборунды тастармен, алмаз ұнтақтарымен жабылған борлардың көмегімен жүргізеді (міндетті түрде салқындату керек).
Микроконтурлау – пломбының бетінің тегістігін қамтамасыз ету –өте ұсақ алмаз ұнтақтарымен жабылған борлардың көмегімен сумен салқындата отырып жүргізеді.
Пломбының бетін жылтыратып әрлеу – пломбының бетіне тіс бетінен айнымайтын аса тегістік және жылтырлық беру – басына резіңке кигізілген борлардың, дискілердің, щеткалар мен қойыртпақтардың көмегімен жүргізеді. Ол үшін арнаулы абразивті құралдар жиынтығы пайдаланылады.
Пломбының жанасу беттері арнаулы штрипстермен (металлдан, пластиктерден немесе матадан дайындалған жіңішке жолақтардың бетіне абразивті ұнтақтар жабыстырылған) тегістеліп, жылтыратылады. Беті әрленіп біткен пломбыға 15-20 секөндтей уақытта әртүрлі бағытта қосымша сәуле жібереді. Мұны межелік сәулелендіру (финишное отсвечивание) деп атайды.
Қайта бондингтеу («Ребондинг»-«постбондинг»).
Қатайған және тегістелген пломбы бетін герметикпен жабу (бетіндегі өте ұсақ жарықтарды, көбінесе жиектік жанасу аймағындағы). Сол үшін кейбір фирмалар арнаулы герметиктер-лактар шығарады («Optiguard» - «Kerr» фирмасы, «Fortify» - «Bisco» фирмасы). Беткейлік герметиктер үшін кіреукеге арналған бонд-агенттерді және тістердің сайларын (фиссураларын) жабатын герметиктерді де пайдалануға болады. Қайта бондингтеу тәсілі:
пломбыны әрлеп біткеннен кейін, тісті сілекейден оқшаулап, бетіне және төңірегіндегі 2мм кіреуке аймағына 30 секөндке қышқылды гель қояды. Белгіленген уақыт өткен соң гелді сумен 15 секөнд жуып кептіріп, пломбы бетін құрғатады. Герметикті өңделген бетке қылқаламмен (кисточка) немесе арнаулы аппликатордың көмегімен жұқа қабат етіп орналастырып, сәуле жіберіп қатайтады.
Емделушіге кеңес беру.
Сәуле әсерінен басталған пломбының қатаю үрдісі өзінің межесіне бір тәуліктен кейін жететін болғандықтан, пломбы қойылған уақыттан екі сағаттан кейін ғана ас қабылдауға болатынын, ал бір тәулік өткенше аса қатты, көп шайнауды қажет ететін тағамдарды қабылдамаған дұрыс екенін және құрамында түрлі бояғыш заттар бар сусындарды қабылдамау қажеттігін түсіндіру керек.
Кейде пломбыға шайнау күшін көбірек түсірген кезде электр тогы әсер еткендей қатты ауыру сезімі пайда болуы мүмкін. Мұның себебі- қатаю кезінде көбірек отыру әсерінен пломбыда бондингсіздену үрдісі дамып, пломбының дентинге нашар жабысуы немесе толықтырғыш бөлшектері арасында электр өрісінің құрылуы. Мұндай сезімдер біртіндеп басылып кетеді. Ал егер басылмайтындай жағдай болса, пломбыны алып тастап, қайтадан қоюға тура келеді. Сонымен қатар алғашқы күні қою шәй, кофе және түсті жемістердің (қарақат, шие сияқты) шырындарын ішуге, ерінге жағатын далаптарды пайдалануға болмайтынын ескерткен жөн.
Бондингтеу техникасы (бондинг техника).
Бұл тәсіл дентинге нашар жабысатын, ылғал сүймейтін кіреуке адгезивтерін пайдаланған кезде қолданылады және тісжегі қуысының қабырғаларына цинк-фосфатты немесе поликарбоксилатты цементтен кіреуке-дентин шекарасына дейін аралық төсем салынады. Ал терең тісжегі кезінде міндетті түрде қуыс табанына жұқа қабат түрінде емдік төсем төселінеді және кіреуке жиегі ғана қышқылдың ерітіндімен немесе гельмен өңделеді. Пломбы қоюдың басқа кезеңдері жоғарыда айтылғандай.