Композиттік материалдардың жүйесі, негізгі қасиеттері
Қазіргі кезде қолданылып жүрген композиттік пломбылық материалдар (реставрациялаушы материалдар) бірнеше көрсеткіштерге байланысты жүйеленеді:
Толықтырғыштың бөлшектерінің мөлшеріне байланысты композиттердің төмендегі түрлерін ажыратады:
· Макротолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 8-45мкм), немесе макрофилдер, салмақ көлемінің 60% толықтырғыштан тұрады;
· Микротолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 0,04-0,4мкм) немесе микрофилдер, салмақ көлемінің 45% толықтырғыштан тұрады;
· Минитолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 1-5мкм) немесе минифилдер, салмақ көлемінің 70% толықтырғыштан тұрады;
· Гибридті композиттер будандастырылғаны композиттер немесе гибридтер (бөлшектерінің мөлшері – 0,04-5мкм, орташа мөлшері 1-2мкм),салмақ көлемінің 50% толықтырғыштан тұрады;
*Микрогибридтті композиттер бөлшектерінің көлемі 0,04-1мкм, орташа көлемі 0,5-0,6мкм.
*Нанотолықтырылған-нанокомпозиттер(нанотехнологияны пайдалану нәтижесінде шығарылған):
-шынайы нанокомпозиттер;
-наногибридті композиттер;
Қатаю тәсіліне байланысты:
· Химиялық тәсілмен қатаятын композиттер-Iтип
· Сәуле әсерінен қатаятын композиттер-II тип;
· Аралас тәсілмен қатаятын композиттер;
-сәулеәсерінен+химиялық жолмен
-сәуле әсерінен+жылу әсерінен
*Жылу әсерінен қатаятын композиттер-IA тип;
Консистенциясына байланысты;
· Дәстүрлі консистенциялы композиттер (традиционные композиты);
· Сұйық (аққыш) композиттер (текучие композиты);
· Нығыздалатын композиттер (конденсируемые композиты);
· Түрлендірілген (модифицированные) композиттер немесе флюкерлер (флюкеры).
Қолдану орнына байланысты;
· Азу тістерді пломбылауға арналған – «А» кластағы композиттер;
· Алдыңғы тістерді пломбылауға арналған – «В» кластағы композиттер,
· Әмбебап композиттер.
Макротолықтырылған композиттер.
Макротолықтырлыған композиттер (макрофилдер) құрамына бөлшектерінің мөлшері 8-45мкм, ал кейде 100 мкм-ге дейінгі ірілендірілген кварц, шыны және керамикадан тұратын толықтырғыштар кіреді.Толықтырғыштың салмақ көлемі 60% құрайды (1-сурет).
1-сурет. Макротолықтырылған композит Призмафил-С |
Теріс қасиеттері: пломбыны тегістеудің қиындығы, тегістегеннен кейін де бетінің кедір-бұдырлығының сақталуы, бетіне тіс қақтарының оңай шөгуі, түсінің тұрақсыздығы.
Бұл кемшіліктердің барлығы толықтырғыш бөлшектерінің мөлшеріне байланысты. Бетінің тегіс болмауы органикалық матрицаның тез бұзылуына әкеп соғады. Олар матрицадан босап шығып, үгіліп түсе бастайды және кедір-бұдырлықты одан әрі жоғарылата түседі. Осының нәтижесінде пломба абразивтік бұзылысқа ұшырайды.
Макротолықтырылған композиттер қазіргі кезде аздап шығарыла бастады, дегенмен әлі де қолданылатын қолайлы көрсетілімдер бар:
· І кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.
· Азу тістердегі V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.
· Алдыңғы тістердің таңдай немесе тіл жақ беттеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.
· Алдыңғы тістердің қатты бұзылған сауыттарын қалпына келтіріп, сыртынан микрофильді композиттермен әрлеу үшін (пломбының ядросы ретінде қолдану).
· Кіші азу тістердегі ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.
· Жасанды сауыт кигізілетін тістерді қалпына келтіру үшін.
Макротолықтырылған композиттердің өкілдері:
· бөлшектерінің мөлшері 5 мкм-ден ірілеуі–Adaptic, Evikrol, Concise, Призмафил, Nimetic, Profile, Command, Simulate, Комподент,ФолакорС.
· бөлшектерінің мөлшері 5 мкм-ден ұсақтауы – Marathon, Prisma-Fil.