Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 2 страница

Кенесарының бір тірелгені ең алдымен осы аға сұлтандар мен патша әскерінің арасына ши жүгіртіп көру. Шамасы келсе Сібір мен Орынбор губернаторларын өзімен санасатын етіп алу.

Ол үшін Кенесары барысымен соғыс ашпайды. Алдымен губернаторлармен тіл табу жолын іздейді. Өзінің бірнеше тілегін қағаз жүзінде алдарына қояды. Егер губернаторлар сол тілектерді қабылдаса, Қоңырқұлжа, Ахмет, Жамантайлардың соңынан ерген жұрт та бұнымен санасатын болады. Ондай жағдайда, алты басты айдаһар болса да Қоңырқұлжа, Ахметтерден өш алу оңайға түседі.

әрине, онымен Кенесары сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді. Абылай атасының жолын қуып үш жүздің ханы атанбай тоқтамайды. Ең болмаған күнде ата тағын алып, Орта жүзді билейді. Сондықтан бір тілектен кейін бір тілек талап етіледі, бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайды.

Ал генерал-губернаторлар алғашқы қойған тілектерін қабыл етпесе не істейді? Онда шешінген судан тайынбайды, соғыс ашады. Және ол соғысты ең қас жауы Қоңырқұлжаның ауылын шабудан, Қоңырқұлжа приказы Қараөткел бекінісін алудан бастайды.

Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар. Сол өшпендік, кешірілмес қастықтың енді ақ патша мен қазақ елінің арасындағы үлкен саясатқа да ықпалы тимек. Кенесары орнынан түрегеліп, сәл ерсілі-қарсылы жүрді де, қайтадан ой шумағын тізе берді.

«Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі саған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі соңынан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу.

Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жат-
қанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді».

Осындай шешімге келген Кенесары, кенет тізесін бүгіп беліндегі Исфаған шебері соққан наркескенін суырып алып, қылшылдаған суық жүзінен сүйді.

— Анадан қорқақ болып тумап едім, — деді кенет даусы дірілдеп кетіп, —арманыма жеткенше қорқақтық білдірсем өз қанымды өзім ішейін, осы сертіме, түсі суық наркескен, сен куә бол!

Ол наркескенін қынына салып, енді көтеріле берем дегенде, арт жағынан сыңғырлай шыққан әйел даусы естілді.

— Төрем-ау, намаз оқып жатырсың ба?

Бәйбішесі Күнімжан екенін Кенесары қарамастан таныды. Түрегеліп, тізесін қақты да, қарсы жүрді.

— Жәй әшейін, семсерді тасқа салып дүзін сынап жатыр едім.

— Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па?

— Оның да жөн.

Кенесары әйелінің сөзіне риза болып қалды.

Күнімжан биыл жиырма алтыға шыққан. Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік қос жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына төгіле түскен тоқпақтай қалың шашының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның кілең бір сомдық алтын ақшасынан қиыстырылған. Батырдың алдында өзін-өзі қымсынбай ұстауы, былқ-сылқ басып қасына бұрала келуі, ерке бәйбіше екенін аңғартады.

Расында да «жазығы қатын демесең, қыздан артық салдығы» деп Жүсіп қожа ақын айтқандай, Күнімжан Кенесарыға ақылымен де, сұлулығымен де әбден ұнаған әйелі. Шыққан төркіні де Қасым төреден салтанаты мен байлығы кем емес, арғынның шонжарларының бірі әлке Байдалы тұқымы.

Мынау үстіндегі торқа, дүрия киімдері мен алтын білезік, алтын шолпы, алтын жүзіктің бәрі де келіншек боп түскенде осы төркін берген жасауы.

Кенесары мен Қоңырқұлжаның бітіспес қас-жау болуларының да бір себебі осы Күнімжанда...

Кенесарының батыр атанып, атағы Сарыарқаға жаңа жайыла бастаған кезі еді. Ұлытауды жайлаған Жырық руының байы Сандыбайдың Ердені осы өңірге правитель болып тағайындалып, ат шаптырылып, балуан белдескен үлкен той болған. Осы тойға бір топ жігітпен Кенесары да келген. Ондағысы тар жол тайғақ күн туып, Көкшетауда бекініс салынып, көңіл қобалжи бастаған соң, Ұлытау маңын бір шолып қайту еді. Алты алаштың алғашқы басын қосқан хандарының бірі Алашахан да осы жерде қайтыс болған. Ұлы Жошы хан да осы тұсқа қойылған, Ұлытаумен іргелес Кішітаудың басында Едіге батырдың да қабірі бар, Ақмешіт әулие де осы арада жатыр. Ұлытау қазақ елінің атамекен кіндігі. Бұны көруді Кенесары да өзіне парыз санайтын. Бәйгеде сойылға ат жығылып, көкпарда кісі өлген ұлан-асыр осы тойдан қайтып келе жатып, Арғынның Алтай, Төртуыл рулары жайлап отырған Терісаққан өзеніне келіп, азырақ ат шалдыруға аттарынан түсе-түсе қалған. Астындағы сәйгүлік жүйрігін атқосшысына беріп, Кенесары қалың талды жағаға барған. Таң алдында ғана жаңбыр жауып өткен-ді. Сыңсыған тал арасы тымырсық бүк екен. Кенесары пысынап кетіп, азырақ салқындап алайын деп сылдырап жатқан суға таяғанында шағын келген Терісаққанның бергі ағымында көк толқынмен ойнап жүзіп жүрген екі қызды көрді. Ауыл көшіп жатқан кез, сірә, көшжөнекей шомылып алғысы келген тәрізді, киімдері мен шідерлеп қаңтарып қойған аттары арғы бетте. Кенесары алғашқыда айдалада пайда болған бұлар перінің қыздары шығар деп ойлап қалған. Әсіресе алдыңғы қыз бір адамның аузының суы құрығандай сұлу көрінген. Қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк тол-
қынмен ойнап жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып, еріксіз көзін тартып әкеткен. Тек арғы беттегі аттары мен үюлі тұрған киімдерін көргенде ғана Кенесары есін жинай бастаған.

— Арсыңдар ма, арулар? — деген ол қыздардың арғы жағаға қарай бұрыл-
ғанын көріп, кетіп қалады екен деп қорқып.

Алдыңғы тана көз жапалақ сары қыз «Ойбай, көтек!» — деп дауыстап жіберіп, суды екі аяғымен сабалай арғы бетке қарай жүзе жөнелді де, соңғы қара торысы мойнын бұрып кейін қарап, жағада тұрған Кенесарыны көріп тоқтап қалған. Түрегеліп жүзіп, тек судан басын шығарып:

— Бар боларсыз, мырза, — деп сәлем берген.

Сөйткенше жағаға Кенесарының жолдастары да келген. Әдеттегі қалжың-әзіл басталған. Аш денесін жігіттерге көрсетіп судан шығуға ұялып тұрған қыздар, жағадағы Кенесары екенін естіп, не қыларын білмей сасқан. Кенесары тобы әзіл-қалжыңы аралас, егер тілегімізді орындамасаңдар, қазір арғы бетке өтіп, киім-кешектеріңді алып кетеміз деп қорқытқан.

Қыздар «ағатайлап» кетулерін сұрап жалынған. Қалжың құмар желөкпе жігіттер өздерінің тілегін орындамай кетпейтіндерін айтып тұрып алған. Су сорып әбден жаураған қыздар, бұлардың кетпейтініне әбден көздері жеткен соң, жігіттердің не тілейтіндерін білгісі келген. Қара торы сұлуы Кенесарыға қарап:

— Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз? — деген.

— Қалағаным қиын болса да сөзіңде тұрасың ба, қарындас?

— Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер.

Қыз аузынан шыққан «қатын емеспін» деген сөзді Кенесары өз мағынасында түсінді. Кенет жүрегі алып-ұшып, қолға түскен торғайдай тыпырши жөнелді..

— Қатын болмасаң... Жарайды, біз кетейік. Тек соңымыздан қуып жетіңдер. Қалауымды сосын айтайын. Уәде ме?

— Уәде!

Кенесары тобы өзен жағалай кете барған. Аздан кейін қыздар бұларды қуып жеткен. Он алты-он жеті жасар уыздай екі жас қыздың суық жүрісті бейтаныс топ жігіттің қастарына қорықпай келгендеріне Кенесары таң қалған. Және берген уәделерінде тұрып алдап кетпегендеріне разы болған. Осы кездесуден бастап Кенесары мен Күнімжан бірін-бірі қатты ұнатқан. Жаңа туған айдай толықсыған арқаның жас сұлуы Кенесарыға бірден құлап түскен. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады. Сол түнде бір шөлмек сынды. Жұрттан аулақ дөңгеленген қараған түбінде даланың өжет қызы батырдың бір тілегін орындады.

Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық ұрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен. Оның үстіне Қарақойын Қашырлыға ел жайлауға шыққан шақта ұрын келем деп жақында хабар
берген.

Таңертеңіне Терісаққанның ойпаттау жағасына қонған Байболат ақсақалдың ауылына Күнімжан мен жапалақ сары қызды ерткен Кенесары нөкерлерімен келіп түсті. Күнімжанның осы түнде Кенесары батырмен көңіл қосып шыққанын ең алдымен жеңгелері, одан шешесі естіп, суық хабар бірте-бірте жыландай жылжып Байболат ақсақалдың өзіне барып жеткен. Абылайдың аруағынан, Қасым төренің қаһарынан сескеніп, не істеуді білмей, оның үстіне абыройы айрандай төгілген қызының күйігі де арқасына аяздай батып отырған Байболат ақсақалға Кенесары көп кешікпей «Күнімжанды маған берсін» деп кісі салған.

Байболат ақсақал бұл тілекті шұғыл ақылға сап, қолма-қол шешімін
айтқан:

— Үш жүзге хан болған Абылай атасына Арғынның, Қарауыл, Атығай рулары алты қызын бергенде, сол Абылайдың батыр немересіне біздің жалғыз қызды қимағанымыз болмас, алсын — деген.

Бір апта өткеннен кейін әлке Байдалы, Аққошқар Сайдалы боп үш бозды көсем жеккен күмістеген қара пәуескемен, жасау артқан тоғыз нарды бір көш етіп Күнімжанды ырғалтып-жырғалтып Көкшетаудағы Қасым төренің ауылына ұзатқан.

Мұны естіген Қоңырқұлжа намыстанып бұлқан-талқан болған. Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. Әйтсе де, байлығы өзінен артық Арғынның шонжар руы әлке Байдалымен жанжалдасуға батпаған. О баста Күнімжанды тоқалдыққа сұрағанда да Қоңырқұлжа тек қатын санын көбейтпек емес, Арқаның осы шынжыр балақ, шұбар төс руымен жақындаспақ ойы да болатын, ал сол ойдың бұзылғанына қатты қынжылса да, тайпа рулы елді өзіне жау етудің қатерлі екенін ұқты. Сондықтан Байболатқа берген қалың малына үш тоғыз айыбын қосып алды да, ұпайым түгел дегендей, көкіректегі ызаны ішке түйіп қала берді.

Бірақ Қоңырқұлжа енді Қасым балаларына әбден өшігіп алды. Ебін тауып, езуін қалай жырам деп жүргенде Көкшеден Жабайы өзенінің сағасында отырған Тарақты еліне ұзатылып бара жатқан Саржанның үлкен қызы Күнікейге жасағымен кездесіп, оны бір түн иемденіп қоя берген. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Қасым төре балаларының арасындағы осы бір намыс ызасы енді бір-біріне мәңгі кешпес қанды кекке айналған. Бақ таласы, жер таласы, ру таласы, ар таласы, қатын таласы бәрі келіп, әбден шиеленіскен қыл түйін болып қатып қалған.

Мұны тек алмас семсер, өткір қылыш қана кесіп бере алатынын екі жақ та жақсы білуші еді.

Осы таластың бас себепкері Күнімжан сұлу шыққан жері де, түскен жері де мықты болған соң өзін-өзі тым еркін ұстайтын. Күйеуіне де айтқанын істететін, мейлінше ерке...

Күнімжан қазақ әйелдерінің салты бойынша Кенесарыны күйеуім, ерім демей тек «төрем» деп қана атайды. Бұнысы бір жағы күйеуінің төре тұқымынан екенін дәріптеу болса, екінші жағынан «төрем» деп өзіне билігінің мол екенін ескертіп еркелетуі еді. Сол әдеті бойынша ол:

— Төрем, сен Құдайменді батырдың атама естірткен сұмдығынан хабардарсың ба? — деді сәл жүдей.

— Жоқ, қандай сұмдық?..

— Азнабайдың балаларын білесің ғой...

— Қай Азнабай? Баянауылдағы Қаржас Азнабай ма, әлде өзіміздің Көкшедегі Ақсары Азнабай ма?..

— Қаржас Азнабай. Біз Арқадан көшпей тұрып Тайжан деген баласын патшаға қарсы шықтың деп Омбыда атып өлтіріп еді ғой, соның ағасы Сейтен батырды да өлтіріпті...

— Топырағы торқа болсын. Есіл ер ерте кеткен екен! Менің ажалым Қоңырқұлжадан келеді деуші еді. Сол иттің өшпенділігінен мерт болды ма екен?...

— Иә, солай көрінеді. Азнабай аулымен Балқашқа қарай көшіп келе жатқанда, Мың Арал төңірегінде Қоңырқұлжаның әлгі шоқынған кіші баласы жол көрсетіп әкелген әскер қарсы шығып ұстапты...

Кенесарының күлгінденген сарғыш түсі қара қоңырланып кетті.

— Қырылғандары көп пе екен?

— Қарсыласуға мүмкіндіктері болмапты. Ойда-жоқта қолға түскен көрінеді. Бір-екі жігіт сойылға жығылыпты.

— Топырақтарың торқа болсын, есіл азаматтар. Арқаға оралар күн туса алармыз әлі өштерін.

— Сейтенмен бірге Қубеттің Ожарын да ұстапты. Ол сол Омбыда абақтыда жатқан көрінеді.

— Қай Ожар? Ана Қоңырқұлжаның шабарманы Ожар ма? Ол Азнабай аулынан ат құйрығын кескендей еді ғой?

— Қоңырқұлжамен келісе алмай, Қараөткелден қайтып өз еліне барыпты. Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, қанына тартқан ғой. Жер-суынан айырылған Қаржастың қайғысы жеңіп Сейтенге қайта қосылған екен.

— Бір көргем... Қайсар, иілімге келмейтін жігіт тәрізді еді. Қиянат оны да дұрыс жолға салған екен. Әттеген-ай, ол бейшараны да ит жеккенге айдайды ғой.

Дәл осы кезде бұлардың жанына Наурызбай келді. Бұл жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Бір әке, бір шешеден туса да, бітімі Кенесарыға мүлде ұқсамайды. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жаурын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. Қызылды-жасылды меруерт өрілген айдары самай тұсынан салбырап түсіп тұр. Жаңа тебіндеп келе жатқан қоңыр мұртты. Басында қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөркі, үстінде құйыршықтары мен тырнақты аяқтары салбыраған қара қасқа күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған. Беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан.

Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес. Оң қолында төрт жігіттің күші бар дейтін жұрт. Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген. Және жауға шапқанда қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақ жарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой. Ал қазір Наурызбайдың қалың қабағынан қынжылған рең байқалады. Көзі тереңдей, қас-қабағы кіртие қалған.

Оған себебі де бар еді.

Наурызбай соңғы кезде өзі туып-өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын бол-
ған. Мұндай кездерінде Арқаның жасыл шалғынды, көк майсалы даласы, жақпар-жақпар құз тасты, өн бойы өрби біткен қалың қарағай басқан түйе өркеш шағын таулары, көк толқыны жар кемерін тынбай соғып жатқан шалқар көлдері, мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кенет Бурабайдың көз жасындай көгілдір толқыны шулағандай, кереге қанат қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай, дымқыл иісі аңқыған Кенесары үңгірі күңіренгендей құлағына бір қайғылы үн келетін. Сол үн өзін шақырғандай болатын. Наурызбай мұндай кезінде көктем сәнін, жұбайы әнін аңсаған жыл құсындай, іші-бауыры елжірей, туып-өскен Көкшетауын сағынатын. Өйткені асыр салған балалық шағы, жігіт болып махаббат дегеннің не екенін білген алғашқы бақытты түні, бәрі де осы Көкшенің көгілдір құшағында өткен. Наурызбайға Көкше деген құр ғана туған жер емес. Ол кейде өзінің жылқұсы болып жаратылмағанына өкінетін. Егер жылқұсы болса сол Көкшені әр көктемде бір шарлап ұшпас па еді! Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды. Сол бақыттан, сол қуанышынан айыр-
ған сонау темір киген дұшпандарымен алыса түскісі келеді. Әттең не керек, Наурызбай да бір, тұғырда тұрған бала бүркіт те бір, ұшарға қанаты бар, бірақ аяғындағы жібек бау жібермейді, құр қайрат мезеп шаңқ-шаңқ шақыруға ғана дәрмені келеді.

Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйіттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.

Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:

— Кіші төрем, неден жүдей қалғансың? — деді, — бір жерің ауырғаннан саумысың?

Наурызбай қапалана жауап қайырды.

— Ауру екенім рас, жеңеше... Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады...

Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ. Күнімжан енді жігер бере сөйледі.

— Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.

— Қашан?!

— Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.

— Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бөрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір...

Кенесары кенет інісіне қарады.

— Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан...

— Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.

— Кейде жауын да мерт етпей ме?

— Маған ондай ит-жығыстың керегі жоқ, — Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі, — маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.

Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып;

— Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды, — деді, — алдыңда ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.

Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:

— Құба-құп, — деп төмен қарады.

Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.

Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:

— Ойпырмай, мынау Ағыбай болмаса етті, — деді кенет қобалжи, — астындағысы Ақылақ тәрізді...

Наурызбай да тесіле қарады.

— Иә, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.

— Иә, солар.

Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айқайы да естілді.

Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.

Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.

Наши рекомендации