Арықшалар жүйесі

Ежелден келе жатқан әдіс, ол көкөністерді жазық жерге өсіру, бұл әдіс әлі де кең тараған. Бірақта соңғы кезде бау бақша өсірумен шұғылданатындар терең арықшалар жүйесін қолданып жүр және осы жүйеге өсімдіктерді топ топқа бөліп өсіруде.

Бұл әдістің мақсаты өте қарапайым. Өсімдіктерді бір қатардың бойына орналастырып, жанына басқа өсімдік түрлерін де бір қатардың бойымен егеді. Екі қатардың аралығын бос тастап (30 – 60 - 70 см өсімдіктің түріне байланысты), оны өсімдікті суғаруға, шөптеуге, өнімін жинауға пайдаланады.

Осылай орналасқан өсімдік қатарлары қарасаң көз тоймайтындай әр түрлі әдеміліктерімен, бойларымен өрнек сияқты көрінеді. Әрине, қатараралық еккеніміздегі мақсат әдемілік емес. Осылай орналасқанда барлық өсімдікке ауа мен күн шуағы жеткілікті болып, қатардың аралығы екі жағынан да жақсы көрініп тұрады, бұл күтімді көп жеңілдетеді. Қатарлардың арасынан аурған, әлсіз өсімдіктер тез байқалады және де аурулар мен зиянкестерге қарсы жұмыс жүргізуге, өнім жинауға ыңғайлы. Бұларды түнгі салқындықтан сақтау үшін пленкамен т.б. нәрселермен жабу оңай. Бір сөзбен айтқанда осы көне әдіс әлі күнге шейін ыңғайлы болып келеді.

Осы әдістің кемшіліктерін де айтпай кетсек жөн болмас. Ең басты кемшілігі – жалғыз аяқ жолға көп жер қалып қалады және осы жолдар тығыздалып істен шығады. Бұл жері аздарға үлкен мәселе. Сондай – ақ көкөністерге жасалған тамаша жағдай арам шөптерге де ортақ, сондықтан да арам шөптермен күнделікті күресу керек. Бұған шыдамдылық және еңбеккорлық қажет.

Қатарларды күзде көң шашып (қалыңдығы 20 – 30 см) қазып тастау керек, сонда топырақ жаз бойы борпылдап бос болып, ауа алмасуы мен қоректік заттардың біркелкі таралуына, сумен топырақтың шайылуына жол бермейді. Ылғалды үнемі сақтау және арам шөптерді өсірмеу үшін қатардың аралықтарына ескі тақтайларды салып тастау керек.

Бақшаны тілікке бөлгенде көпшілігі енін 3,6 м қылып ұзыннан тіледі. Осы екі тіліктің аралығынан жол тастап кетеді. Кейінгі жылдары қатараралық арық жүйесіне көшкелі, терең арық жүйелерінің ені 1,2 м, ал ұзындығын 3,6 м қылып кесіп, араларынан жалғыз аяқ жол тастап отырады. Осылай бөлгенде өсімдіктің қай жағынан да болмасын келіп күтіп – бағып, суғарып өнімін жинап ала беруіңізге болады.

ТОПЫРАҚ

Сіздің жеріңіздегі ең бағалы – топырақ, сондықтан да оған сәйкес күтім де керек. Кімге топырағы құнарлы жақсы жер тиді, онда оның жолы болғаны. Бірақта көпшілігіне сапасы орта жер бұйырған, ал енді біреулері сорлап қоқыс араласқан, сапасы өте төмен керіш, саз жерлерге ие болған. Тіпті қара топырақты жерлер де күтімді керек етеді, ал сапасы төмен жерлер күтімді екі есе артық тілейді. Ерінбей еңбек етсеңіз, еңбегіңіз еш кетпейді – қарымтасына сіз керемет тамаша жерге ие болып, ол жер сізді мол өнімімен марапаттайтын болады.

Көпшілік бау бақша өсірушілерде көң, бақшаның қалдықтары, сабан, шөп т.б. тірі заттың ыдыраған қалдықтары құрметті орында. Тас пен ірі құм сазды жерге қолданылады. Осыларды сазды жердің топырағына араластырса су мен ауа алмасуы жақсарады.

Топырақ туралы не білесіз?

Аудан, ауыл көлемінде ғана емес, топырақтың аула көлемінде де өзіндік өзара айырмашылықтары болады. Көкөністеріңіздің қалай өсіп жатқанын бақылаңыз, жауыннан кейін немесе суғарғаннан кейін судың қалай сіңетінін байқаңыз. Топырағыңыздың құрамын, қышқылдығын анықтаңыз. Топырақтың ең басты қасиеті оның құрамы мен құрлысында яғни қара шіріндінің (гумус) мөлшерінде.

Топырақты өңдеу

Қара шіріндімен қаныққан топырақ өте сирек кездеседі. Жер иелеріне көбінесе жұтаған немесе керіш болып қатып қалған жерлер бұйырған. Егер сіздікі қара топырақты жер болса да арқаңызды кеңге салмаңыз! Осыған атүсті немқұрайлы қарасаңыз бәрінен айырылып қалуыңыз оп – оңай. Уақыт өте келе топырақ шаршап тозады, қара шіріндісі азаяды да құрамы бұзылып керішке айланып кетеді.

Сіз топырақпен алғашқы күннен бастап жұмыс жасауға тиіссіз. Табанды түрде жыл артынан жылдар бойы, сонда ғана еңбегіңіздің жемісін жеп көретін боласыз. Мүлдем жарамайтын топырақ болмайды, немесе өте сирек кездеседі.

Ең жақсы өнім

Ең жақсы өнім – бұл мол ірі жемісті көкөністердің көп болуы. Кеуіп кеткен арық жүйесінде өскен өсімдіктер әлжуаз, ащы болады. Малдың көңі, шөптердің шіріген қалдықтары ылғал сақтауға көмектеседі, бұл дегеніңіз бірнеше тәулік өсімдіктерді суғармаса да болады және өсімдіктерді жиі отырғызуға да септігін тигізеді. Есіңізде болсын дені сау өсімдікпен салыстырғанда, әлжуаз, шибиген аш өсімдіктер ауруларға төзімсіз, зиянкестердің шабуылына тез ұшырайды.

Малдың көңінен керемет нәрсе жоқ

Қандай болмасын тірі заттан шыққан құрылым – топырақты жақсартудың ең сенімді жолы. Өзі арзан, бұл өзі ауылды жерде тұратын ағайындарға тікелей қатысты. Біздің ауылды жерде тұратын ағайындардың кейбіреулері қыс бойы жиналған малдарының көңдері мен шөптерінің сағдарын, талдардың жапырақтарын ай далаға апарып тастайды, оған ерінсе өртеп жібереді. Бұл дегеніңіз өзі жейтін және бала шағасының несібесін жою, онымен қоймай үйінің жанындағы алақандай жерді де аш қалдыру, жұтату немесе жердің қасиетін басқа тебу.

Осы баға жетпес байлық көңді, шөптің, сабанның қалдықтарын, ағаштардың жапырақтарын қалай пайдалану керек? Ең басты қойылатын талап көң де, басқа қалдықтар да толық шіруі керек. Шөптің, сабанның қалдықтары толық шірімесе арам шөптердің тұқымдары өлмейді және толық шіріп ыдырамаған қалдықтарда азоттың қоры аз болады. Сондықтан да малдың көңін және шөптің сағдарын бір жерге үйіп жинап екі жыл сақтап барып қолдану керек. Осы екі жылда олар біртұтас қойыртпаққа айланып баға жетпес тыңайтқышқа айланады. Әр жылдың қалдықтарын біріне бірін қоспаңыз, мерзімі келгенде алдыңғы жылғыны пайдаланып келесі екі жылға екі үйме дайын қор жасап отырыңыз. Сонда Жер – Ананың өзіңізге деген алғысында шек болмайды.

Наши рекомендации