Ауа қозғалысының гигиеналық маңызына түсініктеме беріңіз

Атмосфералық ауа қоршаған ортаның маңызды құрам бөлігінің бірі болып табылады. Ауасыз адамның да және басқа да тірі ағзалардың өмір сүруі мүмкін емес. Жердегі тіршілікті сақтаудағы ауа ортасының атқаратын маңызды рөлі, алдымен, оның құрамындағы оттегімен байланысты, өттегінің арқасында ағзада аралық алмасу мен тіндік тыныс алу үрдістері жүріп отырады. Сонымен қатар, ағзамен қоршаған орта арасында жылу алмасу үрдістерін қамтамасыз етуде де ауаның мәңызы аз емес, себебі ауа, адам ағзасындағы жылу өндірілуімен және одан жылу берілуіне әсер етіп, адам ағзасының жылылық жағдайын анықтайды.

Адам ағзасы мен оның тіршілігіндегі санитарлық жағдайына атмосферадағы болып жатқан физикалық үрдістер де елеулі әсер етеді, олар басқа факторлармен әрекеттесіп жергілікті жердің ауа райы мен климатын қалыптастырады. Күн сәулесінің биологиялық нысандарды жоятын әсері бар қысқа толқынды ультракүлгін сәулелері мен ғарыштық радиация атмосфералық ауа арқылы өткенде, олардың шашырауы және сіңірілуі жүреді. Тіршілік үшін маңызды жер бетіне жететін күн радиациясының саны мен сапасы да көп жағдайларда атмосфераның жағдайына байланысты. Атмосфера, адамның, жануарлардың және өсімдіктердің зат алмасуынан пайда болған газ туріндегі өнімдері, патогенді микроағзалар, табиғи және техногенді текті химиялық және радионуклидтік ластаушылар түсіп отыратын, резервуар болып табылады. Соның нәтижесінде, ауа жұқпалы және паразиттік аурулар берілетін фактор болуы, сондай-ақ, адам денсаулығы мен тұрғындардың санитарлық-тұрмыстық жағдайына қолайсыз әсер етуі мүмкін.

Ауа массасының тез араласатын және үлкен қашықтықтарға көшетін қабілеті жергілікті ластанулардың тез таралуына және олардың жаһанданық ластануға айналуына ықпал етеді. Сонымен бірге, атмосфераның үнемі болып отыратын айналымы және басқа да сфералармен, әсіресе, мұхитпен байланысы, оның өздігінен тазаруына жоғары қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Адам ағзасындағы жылу алмасу үрдістеріне ауа массаларының қозғалуы да үлкен әсер етеді. Оның әсер ету сипаты ауаның қозғалу жылдамдығына, температурасына және ылғалдылығына байланысты. Ауаның температурасы төмен болғанда, ауа қозғалысы конвекция жолы арқылы жылу беруді күшейтеді, себебі ол суық ауаның жаңа ағындарын үнемі теріге жанастырып отырады. Бұл кезде орташа (6-7 м/сек) желдің өзі де дененің салқындануына, ал өте күшті жел (9 м/сек асатын) үсуге әкелуі мүмкін. Сондықтан қыс кезінде желсіз ауа райы қолайлы болып табылады. Ауаның температурасы жоғары және ылғалдылығы төмен кезінде, әлсіз (1-5 м/сек) соққан жел, тердің бөлінуін жылдамдатып, жылу берілуін күшейтеді. Егер де, температурасы жоғары кезде, ауа су буларымен қаныққан болса, онда ауаның әлсіз қозғалысының, буланудың қиындауы салдарынан, салқындататын әсері болмайды. Жел жоқ кезде, ауаның жоғары температурасы, әсіресе, ол жоғары ылғалдылықпен бірге әсер еткен кезде, ыстық өтуіне әкеп соғуы мүмкін. Температурасы дене температурасынан асатын, күшті ыстық жел ауаның кез-келген ылғалдылығы кезінде қыздыратын әсер береді. Бұл әсері, булану арқылы жылу берілуінің күшейуінен салқындататын эффектісі қызған ауаның қарқынды ағындарымен жойылуына байланысты. Ауаның қозғалысы адамның жылылық жағдайына ғана әсер етіп қоймайды. Үзіліссіз, күшті соққан жел, тыныс алуды қиындатып, оның қалыпты ырғағын бұзады, жүрек қан тамырларының аурулары мен тыныс алу жолдарының аурулары бар науқастардың жағдайын нашарлатады. Адам ағзасының жүйкелік-психикалық сферасына да желдің әсері едәуір болуы мүмкін. Орташа, термиялық бейтарап жел, сергітетін әсер етеді, ал өте күшті соққан жел депрессиялық жағдайлардың дамуына әкелуі мүмкін.

Ауа қозғалысының гигиеналық маңызы адамның қоршаған ортамен жылу алмасуы үрдістеріне қатысуымен ғана анықталмайды. Ауаның қозғалысы атмосфералық ауаға түскен ластаушы заттарды жоюда, елді мекендерді аэрациялауда және бөлмелерді табиғи желдетуде үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, ауаның қозғалысы ластаушы заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына да мүмкіндік түғызады.

Сондықтан елді мекендерді, ауруханаларды, мектептерді және бала бақшаларды, өндірістік мекемелер мен басқа да нысандарды жоспарлау және салу кезінде, берілген жергілікті жерлердегі желдің басым соғатын, жиі қайталанатын бағыттарын білуі өте маңызды. Ол желдің қай бағыттан соғатындығымен анықталады. Осы мақсатта, әрбір жергілікті жерлер үшін «жел раушаны» деп аталатын (3.1.-сүрет) әр түрлі бағыттар (румбалар) бойынша жыл бойына желдің туру жиілігінің графигі құрастырылады.

Наши рекомендации