Орғасын қосылыстарынан улану
Қорғасын (Plumbum), Рb – ауыр металл, атомдық салмағы 207,2г. Табиғатта қорғасын және оның қосылыстары галений минералы және қорғасын алуда қолданылатын күкіртті қорғасын (РbS) немесе қорғасын жылтыры түрінде кеңінен таралған. Қорғасын бу немесе шаң түрінде атмосфераны ластап, жануарларды уландыру көзі болып табылады. Қорғасынды балқытқанда, электр желілеріне қорғасын қап дайындағанда, қорғасын бояуын өндіру өнеркәсіптерінде жұмыс істейтін адамдар арасында да улану байқалады. Қорғасын техника саласында кеңінен қолданылатын, зор маңызы бар металл, жақсы зерттелген өндірістік у. Қорғасын туындылары ішіндегі уыттылығы төмендері- қорғасын металы, сурик, қорғасын ацетаты т.б., уыттылығы ең жоғарғылары белгілі инсектицид - қорғасын арсенаты. Сонымен қатар, қорғасын тотығы, мышьяк қышқылды қорғасын секілді қосылыстары да ағзаны уландыра алады. Дүние жүзінде қолданылатын тағы да бір уытты препараты - тетраэтилқорғасын (ТЭҚ), ағзаға тері арқылы еніп, уланудың жүйкелік белгілерін көрсететін улы зат. Ол жанар май құрамына жанғыш зат қоспасы- антидетанатор ретінде қосылады.
Тетраэтилқорғасын - ұшпалы сұйық, өте уытты заттар қатарына жатады, кумулятивті әсер етеді. Органикалық ерітінділерде, липидтерде, майларда жақсы ериді.
Патогенезі. Қорғасын препараттарының тұтқыр, антисептикалық, күйдіргіш қасиеттері бар. Ағзаға қорғасын препараттарының ерімеген, ұшпалы препараттары өкпе арқылы, ал ерітінділері ас қорыту жолдарының кілегейлі қабықтары және тері жабындылары арқылы енеді. Тетраэтилқорғасын бүтін молекула ретінде әсер етеді. Қорғасын- эритроциттердің резистенттілігін төмендетеді, торша қабықшасының өткізгіштік қабілетін жоғарлатады, сол себепті ағзадағы су және калий –80(-ға дейін кемиді. Эритроциттер гемолизденеді. Гемоглобиндердің бүлінуі нәтижесінде билирубиндер жинақталып, ми торшаларындағы фосфорлық тотығуды бұзады. Гемоглобиннің синтезделуі нашарлап, ферменттер жүйесінің аминдік, сульфгидрильдік және карбоксильдік топтары азаяды.
Қорғасын – бүйректе, бауырда, сүйекте, өңеште және т.б. мүшелерде жинақталады. Улану жіті және созылмалы түрлерде өтуі мүмкін. Қабыну нәтижесінде бүйрек бүрісіп қалады.
ТЭҚ әсерінен тиамин жетімсіздігі, холинэстераза ферментінің белсенділігінің төмендеуі байқалып ағзада ацетилхолин көп мөлшерде жинақталады, кокарбоксилаза ферментінің түзілуі қиындайды.
Н.В.Лазаревтың мәліметтері бойынша қорғасынның жалпы 41%-ы сүйекте, 22%-ы бауырда, 11%-ы бүйректе болады. Оның ағзадан шығуы өте баяу жүреді.
Қорғасын қосылыстары ағзаға түскеннен кейін, әртүрлі макромолекулалардың, яғни, ферменттермен сульфгидрильдік тобымен химиялық байланысқа түсетін уытты тиол тобына жатады. Сондықтан, қорғасын қосылыстарымен уланудың патогенезі өте күрделі, улану ауыр түрде өтеді.
Қорғасын қосылыстарына- ірі қара, ит, қой, құстар өте сезімтал болып келеді. Ал жылқылардың сезімталдығы төмен. Қорғасынның судағы уытты мөлшері-0,2-1 мг/л, осыған орай су көздеріндегі оның мөлшері 0,1 мг/л аспауы керек.
Клиникалық белгілері. Ірі қара малының жіті улануы кезінде жүйке жүйесінің зақымдалуы байқалады. Жасырын кезеңі 34-90 күн, малда іш өту, іші кебу, сілекейінің ағуы, шөлдеуі, азыққа тәбетінің болмауы және қандағы жалпы ақзат деңгейінің төмендеуі байқалады. Уланудың жітілу түрінде- жасырын кезеңі ұзаққа созылады, құрсақ қуысының ауырсығаны және тырысу белгілері байқалады, қалтырайды. Ұйқы басады, жалпы әлсіздік, температурасының жоғарылауы, жүрек соғуы жиілейді, тыныс алуы нашарлайды.
Созылмалы улану кезінде жасырын кезеңі өте ұзаққа созылуы мүмкін. Малда жалпы әлсіздік сезіледі, арықтайды, буындарының ісуі, ішінің өтуі, кебуі, қатуы, жүрмей қалуы, терлеу секілді белгілерді байқауға болады.
Қой мен қозыларда улану жалпы малдың әлсіреуімен, тынышсыздануымен, іші өтуімен, іш тастауымен сипатталады.
Жылқыларда - кілегейлі қабықтарының бозаруы, құрсақ қуысының ауырсынуы, ішінің қатуы байқалады. Зәрі қоюланып, температурасы жоғарлайды, тыныс алуы жиілейді, жүрек соғуы жылдамдайды. Ал тауықтардың улануы- арықтауымен, шөлдеуімен, бұлшық еттерінің әлсіреуімен сипатталады.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Жіті улану кезінде малдар арықтайды, асқазанының кілегейлі қабығы және ащы ішектің гиперемиясын, ісінуін, нүктелік қанталаулар көруге болады.
Бауыр босаңсыған, қабықшасының астында қанұюлар, сарғайған нүктелерді байқауға болады. Тамақ плеврасының, қабықшасының астында, эпикардта нүктелі және жолақты қанталаулар бар, жүрек еті- бозарып кеткен, босаңсыған, піскен ет сияқты.
Құстарда- ішекте және асқазанда кілегей қабықтарының қабынуы және өліеттенуі байқалады. Бауыры сарғайып, эпикард астында көптеген қанұйылуларды көруге болады.
Жануарлардың жітілеу және созылмалы уланулары кезінде ас қорыту жолдарының кілегейлі қабықтарының қабынуы және асқазан жарасы, түсі сұр және қара өліеттенулер көруге болады.
Балау. Балау үшін анамнездік деректері, сонымен қатар, клиникалық белгілері, патологиялық анатомиялық сою қорытындысы және химиялық-токсикологиялық талдау әдістері ескеріледі. Қорғасыннан уланған кезде-эритроциттердің базофильді түйіршіктенуін ескерген жөн. Балаудың негізі бауырдан- 10 мг/кг, бүйректен-25 мг/кг жоғары қорғасын қосындыларын табу болып табылады.
Емі. Уланған малдардың тез арада асқазанын таза жылы сумен жуып-шаю керек. Ішке натрий немесе магний сульфатын береміз. Ірі қара малына –300-400г, ұсақ жануарларға 30-40г. Осы кезде қорғасын қосылыстары ерімейтін тұздарға айналып, ағзадан ішек арқылы шығып кетеді.
Парентальды түрде егу үшін унитиол және тетацин- кальцийді 10-30 мг/кг, ішектің түйілуі кезінде атропин сульфатын -0,5 мг/кг тері астына егеді. Унитиолдың бір реттік емдік мөлшері сиырлар үшін –10мг/кг, қойларға-15 мг/кг, аңдарға-20мг/кг, тауықтарға 30мг/кг құрайды. Күйіс қайыратын малдарға униталды күре тамырына және құрсақ қуысына, ал басқа жануарларға тері астына және бұлшық етке егу керек.
Ауыз арқылы ішке бергенде, унитиолдың мөлшерін қанша жоғарлатықанымен де өте төмен нәтиже береді. Қойлар мен бұзауларда тері астына еккенде сол жерде қабыну процессі жүреді. Қорғасыннан уланған кезде тетацин- кальциді қолданған өте тиімді.
В2 витаминін, кокарбоксилаза, несеп айдағыштар, тыныштандырғыштар қолданып, күре тамырға глюкозаның, аскорбин қышқылының ертіндісін егуге болады.
Уланудың алдын алу. Қорғасын қосылыстарынан уланудың алдын алу үшін ең алдымен қорғасынның және оның қосындыларының мал ағзасына азық - су,ауа арқылы түсуіне жол бермеу керек. Малдардың, соның ішінде жас малдарды үлкен жол жағасында құрамында 200 мг/кг қорғасын бар топырақты жерлерде жаюға болмайды.
Натрий сульфатының немесе магний сульфатының ең аз мөлшерінің өзі (50-100 мг/кг) аптасына 2-3 рет мал ағзасына түссе, қорғасын қосындыларымен әрекеттесіп, оны ерімейтін тұздарға айналдырады.
Құрамында өте уытты зат тетраэтилқорғасын бар этилді жанармайларды (бензин) қолдану ережесін қатаң сақтаған жөн.
Тетраэтилқорғасынның уытты әсерін басу, төмендету үшін хлорлы әк қолданылады.