Химиялық анализдің маңызы және қолданылу аясы

Аналитикалық химия басқа ғылым салалары сияқты ғылы­ми және қолданбалы деп бөлінеді. Қолданбалы аналитикалық химия – химиялық анализ немесе аналитикалық қызмет деп те аталады. Бұл екі сфера арасында олардың генетикалық байланыстарымен қатар олардың зерттеу аудандары да тығыз байланысты, яғни олардың ортақ мәселелері мен өзара ортақ сұрақтары да бар.

Көптеген мемлекеттерде аналитикалық қызмет жекелеген мекемелердің аналитикалық қызметінің жиынтығын құрайды, мысалы: өнеркәсіп саласында, геологияда, ауыл шаруашылығында, табиғатты қорғау мен денсаулық сақтау мекемелерінде және т.б. Америка Құрама Штаттарында мемлекеттік деңгейдегі аналитикалық қызметтер бар, мысалы қоршаған ортаны қорғау агенттіктерінде, аэронавтика мен космостық кеңістікті зерттеу бойынша; одан әрі олар бөлімдерге, қызмет көрсетуші корпорацияларға бөлінеді: кейде қызмет көрсетуші аналитикалық орталықтар жоғары оқу орындарында ашылады.

Өнеркәсіпте аналитикалық қызметті технологиялық үдеріс­терді бақылау және шикізат пен дайын өнімді бақылау деп екіге бөледі. Біріншісі, әдетте міндетті түрде жедел болуы керек, көп жағдайда үздіксіз болуы және мүмкіндігінше автомат­тандырылған болуы керек. Екіншісі, кейде үздіксіз бола отырып (мысалы, шикізатты транспортер лентасында оның құрылысын бұзбай ядролы-физикалық әдістермен анализдеу), көп жағдайда әрине дискретті, таңдамалы, бірақ дәлдікті және бірнеше компонентті анықтауды қажет етеді, әрі лабораторияда орындалады.

Кәсіпорындардың аналитикалық лабораторияларының қызметі мемлекет үшін өте маңызды.

Өндірістік лабораториялардың басты мақсаты – өндіріске күнделікті қызмет көрсету. Көптеген лабораториялар әдісте­мелік жұмыстарды да атқарады. Тиімді жұмыс атқару үшін аналитикалық-бақылау лабораториялары жаңа әдістер, реактив­тер және әртүрлі құралдар алып, үнемі толықтырылып отыруы қажет. Білікті мамандар мен заманауи жабдықтары бар көптеген қолданбалы лабораториялар ғылыми жұмыстарға да араласады. Ірі лабораторияларда негізгі мақсаты кәсіпорынның талап­тарына немесе әдістерді ұйымдастыру мен анализдеу тәсілдеріне сәйкестендірілген әдістерді жасау, іздеу, жақсарту болып табылатын арнайы әдістемелік топтар құрылады. Осындай ғылыми базаларды кәсіпорындарда жетілдірудің, өндірістік лабораторияларды аналитикалық химия саласындағы зерттеу орталықтарына айналдырудың қазіргі кезде маңызы өте зор.

Зауыттар лабораторияларындағы ғылыми зерттеулерге көмек көрсету үшін ең алдымен ғылыми-зерттеу институт­тарының осы сияқты лабораториялары, сонымен бірге жоғары оқу орындары мен академиялық ғылыми мекемелері жұмылдырылуы қажет. Лабораториялар арасында, әсіресе әр сала бойынша тәжірибе алмасу өте маңызды. Зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу – лаборатория қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың ең жақсы жолы екенін ұмытпау керек.

Өнеркәсіптегі барлық химиялық анализдерді нәтижені жазып-тіркеуші және оперативті немесе экспресті анализ деп бөлуге болады. Нәтижені жазып-тіркеуші анализдердің мәліметтерін технологиялық үдеріске тікелей түзету енгізуге қолдануға болмайды, дегенмен мұндай анализдердің нәти­желерін жинақтау технологияның «созылмалы» кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижені жазып-тіркеуші анализ­дердің мәліметтерін, анализденетін үлгі сияқты, сақтауға, өңдеуге, қайта тексеруге болады. Экспресс анализдердің жөні басқа. Әдетте мұндай анализді қайталау мүмкін емес, бірақ, ең бастысы, нәтижелі мәліметтер қажет болған жағдайда, технологиялық үдеріске өзгеріс енгізу үшін қолдануға болатындай тез алынуы керек. Өндірістік бақылаудың, әсіресе экспресті бақылаудың маңызды мақсаты – оны автоматтандыру.

Өндірістік аналитикалық бақылаудың тағы да бір маңызды аспектісі бар, ол оның экономикасы. Аналитикалық бақылаудың құны әдетте өте үлкен емес. Металлургияда ол өнім құнының 1%-нан аспайды, көбіне 0,3-0,7%-ды құрайды. Химиялық бақылауға кететін қосымша шығын өнім сапасын арттырумен, технологиялық үдерістердің жоғары тұрақтылығына жетумен өтеледі.

Аналитикалық бақылауды ұйымдастырудағы кемшілік­тердің бірі – анализ нәтижелері бойынша қабылдануы қажет болатын шешімдердің екі ұшты және анық болмауы, осыған байланысты анализдердің қайда және қашан, қаншалықты міндетті екендігі де толығымен анық болмайды. Аналитикалық бақылау жаңа өндірісті ашу мен оны игеру кезінде кең көлемде қажет болады. Технологиялық үдерістер игеріліп және тұрақ­талған сайын сынама алу нүктелерінің саны мен анализ жиілігі қысқару керек. Негізінде, бақылау қандайда бір себептерге байланысты заттардың құрамында ауытқулар болған нүктелерде сақталуы керек.

ТАРАУ

Аналитикалық анықтаулардың

Жалпы схемасы

Наши рекомендации