Хлорорганикалық қосылыстардың ароматты көмірсутектері

Гексахлорбензол- суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы еритін, жағымсыз иісті, сұрғылт кристаллды ұнтақ. Уыттылығы төмен болғанымен өте кумулятивті, кілегей қабықтарды тітіркендіріп әсер етеді. Көбінесе дәндерді өңдейді (2-4 кг/т).

Гептахлор - ақ түсті, кристаллды, суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы еритін, сыртқы орта әсеріне төзімді, өте уытты инсектицид. Қояндарға терісі арқылы өлтіре әсер етеді (ЛМ100-500 мг/кг). Гептахлор еркек малдарға қарағанда, ұрғашылардың организмінде 8-есе көп мөлшерде жинақталады. Азық-түлік құрамында бұл препараттың болмағаны дұрыс.

Полихлорпинен (стробон және хлортен) - ашық сары немесе ашық қоңыр түсті, иісі скипидардың иісі секілді, органикалық еріткіштерде жақсы еритін сұйық акароинсектицид. Құрамында 66 %-ға дейін хлор бар, шырын секілді сұйық. Қызылшаның ұзын тұмсықтарына және колорада қоңызына қарсы қолданылады. Орташа уытты, теріні, кілегейлі қабықтарды тітіркендіріп, гепатотропты әсер етеді. Сыртқы ортада белсенділігі 2-3 жыл сақталатын төзімді зат. Полихлорпипеннің әсерінен бүйрек үсті безінің милы қабаты зақымданады, әртүрлі торшалар дистрофияланып, ісінулер, қан қоюланулар байқалады, қан құрамындағы холестериннің деңгейі көтеріледі. Сулы эмульсиясы қолданылады.

Полихлоркамфен (токсофен, фенотокс) - суда ерімейтін, ал органикалық еріткіштерде жақсы еритін, құрамында 66-69 % хлор бар, қою сұр, қолдану аясы өте кең инсектоакарацид. 1 %-ды сулы эмульсиясы түрінде картопты, қант қызылшасын, бұршақты, көп жылдық шөптерді өңдеу үшін, сонымен қатар, малдың эктопаразиттерін жою үшін қолданылады.

Дихлордифенилүшхлорметан (ДДҮ) - 1873 жылы синтезделініп алынған, алғашқы ХОҚ-дың бірі. Инсектицидтік әсері 1937 жылы анықталды. 1940 жылы кеңінен қолданыла бастады. Ал 1970 жылдан мал шаруашылығында қолдануға тиым салынған. Бірақ шет мемлекеттерде (Жапония) әлі де кеңінен қолданылады. Азықтағы шектеулі қалдық мөлшері: 0,05 мг/кг. ДДҮ- ақ түсті суда ерімейтін, органикалық ерітінділерде жақсы еритін, минералды қышқылдарға, жарыққа өте төзімді, техникалық түрі ашық қоңыр түсті кристаллды ұнтақ. Дуст, эмульсия түрінде қолданылады. Топырақта ұзақ сақталатын инсектицид. Кенелер ДДҮ-ға төзімді. Азықтағы шектеулі қалдық мөлшері 0,05 мг/кг, ал уытты мөлшері малдар үшін: күре тамырға енгізгенде 55 мг/кг, ішке 550 мг/кг.

Дихлордифенилекіхлорэтан (ДДЕ) - органикалық ерітінділерде жақсы еритін ұнтақ, ДДҮ-ның негізгі метаболиттерінің бірі. ДДД бүйрек үсті безі милы қабатының жұмысын нашарлатып, сөл бөлу қызметін төмендетеді. Тыныс алу ферменті- цитохромоксидазаның жұмысына әсерін тигізіп, гипоксия және асфиксия қалыптастырады. Стероидті гормондардың гидроксилденуі малдардың өнімділігін төмендетіп әсер етеді. Азықтағы қалдық мөлшері: 0,05 мг/кг аспауы керек.

Патогенезі. Хлорорганикалық қосылыстар теріні, кілегейлі қабықтарды тітіркендіріп әсер етеді. Тері асты және ішкі майларда, орталық жүйке жүйесінде, бүйректе, бауырда, бездерде жинақталып, кумулятивті әсер етеді. ХОҚ-мен қайталап жанасу созылмалы улануға әкеп соқтырады.

ХОҚ-тар негізінен орталық жүйке жүйесіне, бауырға уытты әсер етіп, миды тітіркендіреді, жүйке ұштарындағы медиаторларда жинақталып, орталық және шеттік жүйке жүйесі қызметін бұзады. Осының нәтижесінде, жүйке жүйесімен мүшелер арасындағы байланыс бұзылып, әртүрлі дірілдер, тыныс алу жүйесін, жүректің, ішкі мүшелердің жұмыс істеу қабілетінің нашарлағаны байқалады. Бауырға енген ХОҚ, мығым орналасып, оның белок түзу және уға қарсы (антитоксиндік) функциясын зақымдайды.

Хлорорганикалық қосылыстардың метаболиттерінің мал ағзасын уландыруда маңызы зор. Мысалы, дихлорэтан қан арқылы тарап, орталық жүйке жүйесінде, бауырда, бүйрек үсті безінде, іш майларында жинақталып, бауырда хлорсызданады (дехлорлану). Нәтижесінде оның өте уытты метаболиттері хлорэтанол және монохлорлы сірке қышқылы түзіледі. ХОҚ орталық жүйке жүйесіне наркотикалық әсер етіп, бауырдың және жүрек қан тамыр жүйесін зақымдайды. Олар қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатып, организмнің сусыздануына, бауыр торшаларының дистрофиясына, ақзат синтезінің төмендуіне әкеп соқтыратын гепатоцид мембранасындағы және эндотелий торшаларындағы липидтердің қайталап тотығуын үдетеді. Белоктармен, соның ішінде, микопротеидтер, гликопротеид және альбуминдермен кешенді әрекеттесіп тиол ферменттерінің белсенділігін төмендету, торшаның биомембранасының өткізгіштік қасиетін бұзу- ХОҚ-ға тән көрініс.

Клиникалық белгілері. Ағзаға түскен удың мөлшеріне, жанасу ұзақтығына байланысты жіті және созылмалы түрде өтеді.

Жіті түрінде ағза жалпы қозады, алғаш рефлекторлы сезімталдық жоғарылап,кейіннен керісінше төмендейді. Тыныс алу жиілеп, сілекей ағады, мойнының, дененің және аяқтардың бұлшық еттері тартылып, қозғалыс координациясы бұзылып, көздің көру мүмкіндігі нашарлайды. Күйісті малдарда ентігу, таз қарынның кебуі (тимпания) байқалады, жатаған келеді. Қандағы ацетилхолин мөлшері 80 %-ға дейін көтеріліп, ацетилхолинэстераза ферментінің белсенділігі 35%-ға дейін төмендейді. Әртүрлі дірілдер қалыптасып, ауа жетіспей, нәтижесінде тыныс алу тоқтайды.

Гексахлоранмен уланған бұзауда 30-45 мин. кейін улану белгілері байқала бастайды. Бұзау ыңырсып, қатты мазасызданады. Бұлшық еттері дірілдеп, сілекей ағады, іші кебеді. Арқа омыртқалары иіліп, тыныс алуы нашарлаған мал өледі. Өлтіре әсер ететін мөлшері 5-10 мг/кг.

Кельтонмен жіті жән созылмалы түрде уланған тауықтардың қанында гемоглобин мен эритроцит мөлшері көбейіп, бауырдың ақзат түзу функциясы бұзылады. Жүректің биоэлектрлік белсенділігі өзгереді.

Уланудың созылмалы түрі ағзаның жалпы күйзелуімен, тәбетінің төмендеуімен, бұлшық ет тонусының әлсіреуімен және жиі-жиі несеп, нәжіс бөлуімен сипатталынады. Уланудың ауыр түрінде атаксия, салданулар байқалады.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Жіті улану кезінде ішек-қарын жүйесі кілегейлі қабықтары қабынып, паренхиматозды мүшелерге қан толуымен сипатталынады. Кеңірдек және бронхтар көпіршікті сұйыққа толы, өкпе ісінген, тыныс алу жүйесі, кілегейлі қабықтары, эндокард, эпикард, бауыр мен бүйрек және т.б. ұлпалар қанталаған. Күйісті малдардың қарыны газға толған.

Созылмалы улану кезінде құрсақ қуысы мүшелерінде және өкпеде қан іркілу, майлы дистрофия, бауыр мен бүйректе қан толу, көлемінің ұлғаюы, ми ұлпасының ісінуі секілді белгілер байқалады. Сонымен қатар, жекелеген мүшелер мен ұлпалар ісініп, жүйке бұлшық еттері мен бауыр өлі еттенеді.

Балау. Анамнездік деректер, клиникалық белгілер, сою және химиялық - токсикологиялық талдау нәтижелеріне сүйене отырып баланады. Балаудың зертханалық әдісінде, ХОҚ-дың өте көп жиналатын деполық мүшелері - тері асты және іш майларын, бауыр, бүйректі ми мен жұлынды патологиялық - анатомиялық тексеру үлкен нәтиже береді.

Емдеу. Хлорорганикалық қосылыстардың қанға өтуін тежеп, қарынды уытты заттардан босату қажет. Бұл үшін тұзды іш өткізгіштер, сорғыш және құстырғыш дәрілерді қолданады. Ішке белсендірілген көмір, күре тамыр арқылы натрий хлорлы натридің гипертониялық ерітіндісін, 40 % глюкоза,

10% кальций хлориді немесе 0,5-1 мл/г кальций глюконатын береді. Дірілдерге (судороги) қарсы ұйқы келтіретін және тыныштандыратын препараттар қолданылады. 7 % хлоралгидрат ерітіндісін күре тамыр арқылы жылқыға 100-200 мл, мүйізді ірі қараға 50-75мл енгізу дұрыс нәтиже береді. Спецификалық антидот ретінде ацетилцистейн және цистесан, организмді қалпына келтіру үшін метионинді 25 мг/кг, аскорбин қышқылын 5 мг/кг және глюкоза, калий, натрий хлориді ерітінділерінің қоспасын кешенді түрде қолданылады.

Сульфаниламид препараттарын қолдануға болмайды, өйткені олар, керісінше, ХОҚ-дың уытты әсерін 1-2-3-есе арттырып жібереді.

Алдын алу шаралары. Малдарды өңдегенде ХОҚ-ды қолданылатын мөлшерінен асырмаған абзал. Азықтардағы шектеулі қалдықтың мөлшерін бақылап тұру қажет. Тасымалдағанда және қолданғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, ХОҚ-мен өңделген жайылымдарға малдарды көрсетілген уақытында (21 күннен кейін) жіберген жөн. ХОҚ-тың азықтардағы қолдануға болатын шектеулі мөлшері: ДДҮ изомерлерімен метоболиттері- 0,05 мг/кг; гептохлоркамфен- 0,05- дейін; дилор-0,1 дейін; полихлоркамфен және полихлорпинен-0,25 мг/кг дейін.

ДДҮ және гексахлораннан созылмалы түрде уланған мал етінде бұл пестицидтер 9-10 айға дейін сақталынады, еттің сапасы өзгереді, қышқылдық-сілтілік тепе-теңділік бұзылады.

Жасанды пиретроидтар

Пиретроидтар – құрамында циклопропан карбон қышқылының цинерин, пиретрин секілді әсер етуші туындылары бар күрделі эфир. Синтетикалық жолмен хризантема өсімдігінен алынады. Біздің дәуірімізге дейін пиретроидтар дәрілік түймедақ гүлінің ұнтағы ретінде қолданып келген. Ал химиялық құрамы тек өткен ғасырдың 50-ші жылдары ғана белгілі болды.

Цинерин мен пиретрин - өзіне тән иісі бар, тотығу және гидролиздену нәтижесінде белсенділігін тез жоятын сұйықтық. Оларды синтездеу өте қиын. Сондықтан, қазіргі уақытта оларды жасанды жолмен алып, алынған күрделі эфирді - жасанды пиретроидтар дейді. Жасанды пиретроидтар қазіргі уақытта өте жиі қолданылады. Өздерінің күшті инсектицидтік және акарицидтік белсенділігімен ерекшеленеді. Әсері ФОҚ-ға қарағанда күштірек және әр гектар жерге жүз граммға дейін ғана қолданылады.

Пиретроидтардың сыртқы ортаға төзімділігі төмен. Бірақ ауыл шаруашылығында және ветеринарияда дұрыс қолданбау - адамдар мен жануарлар арасында улану тудырады. Пиретроидтардың уыттылығы әр малға әр түрлі. Оның ішінде жоғары уытты, орташа уытты және уыттылығы әлсіз препараттары болады. Жылы қанды жануарлар үшін децис, сумицидин секілді пиретроидтар өте улы. Барлық пиретроидтардың кумулятивті әсері төмен.

Ровикурт- әлсіз иісі бар, органикалық еріткіштерде жақсы, суда нашар еритін, ашық түсті майлы сұйықтық. Құрамындағы әсер етуші зат - перметрин. Мал дәрігерлігінде перметрин (амбуш, корсар) түрінде қолданылады. Ол құрамында 25% әсер етуші заты (перметрин) бар эмульсия түрінде шығарылады. Өндірісте сонымен қатар, құрамында перметрин бар стомазан, креопир, анометрин және пирвол қолданылады.

Перметринді астық тұқымдастарды, көкөніс өнімдерін, жүзімдіктерді, дәрілік өсімдіктерді өңдеу үшін зиянкестер мен кенелерге қарсы 0,01-0,02 %-ды эмульсия түрінде 0,1-0,2 кг/га мөлшерінде бүрку арқылы қолданылады. Малдарды 0,05-0,1%-ды сулы эмульсиясымен шомылдырылады. Сауын малдарға қолдануға болмайды. Бұл пестицид аралар мен балықтарға өте улы әсер етеді.

Пирволдың 0,05%-ды сулы эмульсиясымен өңделген қой етінен 3 күннен кейін 0,051, бауырынан-0,045, бүйрегінен-0,043 мг/кг перметрин кездестірген. Ал 10 күннен кейін бұд өнімдердің перметриннен толық таза болатыны анықталды. (Э.К.Рахматуллин, 1997).

Арриво, инта-вир, цимбуш, циперкил, циракс, щерпа, циткор, ципершанс- құрамында әсер етуші зат циперметрин бар, әлсіз иісті түссіз сұйық түрде қолданатын заттар. Органикалық еріткіштерде жақсы, суда нашар ериді. Эмульсия және таблетка түрінде шығарылады. Астық және жүзім алқаптарын, қылқан жапырақтарды, мәдени өсімдіктерді, астық қоймаларын зиянкес жәндіктер мен кенелерден қорғау үшін, бүрку арқылы қолданады. Құрамында циперметрин бар пиретроидтар қауіпті емес. Атжалман үшін ЛМ50 - 250-300 мг/кг. Бірақ аралар мен балықтар үшін улы (ЛМ50-0,0012).

Бұл препараттармен қатар, өндірісте децис, биорин, дельтацид, буфетрин (құрамында әсер етуші зат- дельтаметрин бар), бутокс (әсер етуші зат-0,005% декаметрин), данитол (фенпропатрин), зета және фюри (зета- циперметрин), фенакс (фенвалерат) сияқты пиретроидтар қолданылады. Пиретроидтардың кемшілігі: жиі қолдану барысында жәндіктер мен кенелер бейімделіп алады.

Токсикодинамикасы.Пиретроидтар (децис, сумицидин, цимбуш) орталық жүйке жүйесіне уытты әсер етеді. Бауырдағы және қан сарысуындағы холинэстеразаның, сілтілік фосфатазаның, жалпы ақзаттың және мочевинаның деңгейін төмендетеді.

Клиникасы. Пиретроидтардан мүйізді ірі қараның, қойлардың, шошқалардың улануы тіркелмеген. Ал улана қалған малдар жалпы әлсірейді, кейінен қозады, тремор, әртүрлі дірілдер қалыптасады. Сілекей ағады, терінің сезімталдығы төмендейді.

Ағзадан пиретроидтар несеп, нәжіс арқылы бөлініп шығады.

Патологиялық – анатомиялық өзгерістер.Зертханалық жануарларға пиретроидтардың өлтіре әсер ететін мөлшерін еккенде мида зат алмасудың бұзылуы, эпикард пен эндокардта нүктелі қан талаулар, ішек-қарынның кілегейлі қабығында катаральды қабынулар байқалады.

Емдеу. У қайтарғыш (антидот) жоқ. Улану кезінде ішке бесендірілген көмір, іш өткізгіш, құстырғыш заттар береді.

Наши рекомендации