Бап. Тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Құқығы тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге, егер мұндай учаскеге құқық жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін туындаса және мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылмаса, жер учаскесіне құқықтарын тіркеусіз жол берілмейді. Жер учаскесіне және жылжымайтын мүліктің көрсетілген объектілеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеу бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Құқықтық кадастрда құқығы тіркелмеген және бұрын туындаған құқық ретінде мемлекеттік тіркеусіз жарамды жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге бұрын туындаған құқықтарды жүйелі тіркеу үшін осы Заңның 6-тарауында белгіленген ережелер бойынша жер учаскесіне құқықты есептік тіркеу бір мезгілде жүргізілген жағдайларда жол беріледі.
3. «Байқоңыр» кешенінің мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіліп берілген үйлеріне (құрылыстарына, ғимараттарына) құқықтарды мемлекеттік тіркеу жер учаскесіне байланыстырылмай жүзеге асырылады.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бап. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу
1. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін кондоминиум қатысушылары немесе олардың уәкілетті өкілі мынадай құжаттарды:
1) белгіленген нысандағы жазбаша өтінішті;
2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3) егер кондоминиум объектісі тіркелген кезге дейін жер учаскесіне құқық тіркелмеген болса, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
4) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен айқындалған ортақ мүліктегі үлестердің мөлшерін;
5) кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілінің жеке басын және өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушысы берген жағдайларда, оның кондоминиум объектісін тіркеуге өкілеттіктері өзіне меншік құқығында (өзге де заттай құқықта) тиесілі кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесімен айқындалады.
2. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілдері болып:
1) кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам;
2) алып тасталды - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3) егер ортақ мүліктегі үлестердің мөлшері тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен айқындалатын болса, кез келген кондоминиум қатысушысы танылады.
3. Кондоминиум қатысушылары келісімінің, ортақ мүлік мөлшері өзгеруінің негізінде кейінгі жылжымайтын мүлік объектілері аудандарының өзгеруіне байланысты ортақ мүліктегі үлестер мөлшерінің өзгеруі де тіркеуге жатады.
4. Кондоминиум объектісін тіркеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бап. Пәтерлерге және кондоминиум объектісінің құрамына кіретін басқа да үй-жайларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жеке (бөлек) меншіктегі (өзге де заттай құқықтағы) кондоминиум объектісінің құрамындағы әрбір кейінгі объект жылжымайтын мүліктің жекелеген объектісі ретінде қаралады, оған мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен дербес кадастрлық нөмір беріледі.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін кейінгі объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары талап етілмейді.
Кейінгі объектіге құқықтарды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жер учаскесіне құқықтардағы үлес сатып алуға жататын жағдайларда немесе оны иеліктен айырған жағдайда кондоминиум қатысушысы жер учаскесіне құқығындағы үлесін сатып алғанын растайтын құжатты ұсынуға тиіс.