Пайдаланылған әдебиеттер 2 страница

Эрозияға ең көп ұшыраған АҚШ жерлері. Соңғы 150 жылда барлығы 160 млн га жердің 120 млн га эрозияға ұшыраған, 20 млн га жер ауылшаруашылығында пайдалануға жарамсыз. Эрозияның әсерінен жыл сайын жердің қоректік заттарға 4млрд тонна құнарлы қабаты жойылып отырады.

Жерорта теңізінің жағалауларына орналасқан елдердің топырақтары қатты бұзылған. Пиреней шөлді Сиссарлары мен Солтүстік Африканың шөл далалары, Австралия, Канада, Индия, Пакистан мен Қытайдың бірқатар жерлері эрозияға ұшыраған.

Эрозия адамдардың тиімсіз тіршілік әрекеттері, жер ресурстарын дұрыс пайдаланбауы, кейбір шаруашылықтарда нашар агротехниканы қолдану нәтижесінде жүреді.

Топырақты эрозиядан қорғау.

Топырақтың эрозиясымен күресу – егін шаруашылығындағы ең негізгі мәселелердің бірі.

Эрозияға қарсы күрес шараларының ең негізгілерінің бірі – шаруашылық ұйымдастыру жұмыстары. Бұл – территорияны дұрыс ұйымдастыру. Шаруашылықтарда жерлерді су және жел эрозиясына ұшырау деңгейлеріне байланысты топырақ–эрозиялық жоспарлар жасалынып, топырақтарға сәйкес эрозияға қарсы іс–шараларын жүргізеді.

Агротехникалық шаралардан беткейлерде жерді көлденеңдеп жырту, ал өте биік беткейлерде су ұстағыш микрорельефтер жасау керек.Жауын–шашын суларын жинау үшін жырту қабатын тереңдету арқылы да қол жеткізуге болады.

Агротехникалық шараларға сол сияқты топырақты аударып емес, тек қана қопсыту, эрозияға ұшыраған жерлерде желге төзімді қабаттарды жасау да жатады. Дефляциға ұшыраған топырақтарда көп жылдық шөптерді өсіру арқылы ауыспалы егісті қолдану өте тиімді болып саналады.

Эрозияға қарсы күрес шараларының ішінде орман–мелиорация жұмыстарын жүргізу де үлкен роль атқарады. Топырақты құрғақшылық пен ыстық желдерден, эрозиядан сақтауда ормандар егудің өте қолайлы екендігін көрнекті ғалымдар А.Т. Болотов, В.В. Докучаев, Н.М.Сибирцев, т.с.с. үнемі атап көрсеткен.

Эрозиямен күресу жолдары:

1.Айтарлықтай үлкен территорияларда өсімдіктер жабынын жоюға әкелетін табиғи экожүйелерге тигізетінәсерді шектеу.Бұл әсіресе орманды пайдалануға қатысты.

2.Жайылымдарда эрозиялық процестер көбінесе шектен тыс мал жаюмен байланысты. Үлкен территорияларда шөптесін өсімдіктер жабынының зақымдануы кезінде, әсіресе топырағы жеңіл жерлерде су және жел эрозиясы болуы мүмкін. Таулы аудандарда шөптесін өсімдіктердің болмашы зақымдануының өзінде (мысалы, жалғыз аяқ жол) су эрозиясының пайда болу ошағы орын алады. Мұндай қолайсыз құбылыстарды болдырмаудың негізгі жолы – мал жаю ережелерін сақтау мен рекреациялық қысымды төмендету болып саналады.

3.Егістік жерлерді қорғау шаралары:

• ауыспалы егістерді дұрыс пайдалану;

• топырақты бекітетін тамырлары бар шөптер қоспасымен алмастыру;

• жиектік жырту (рельефтің горизонттарымен);

• өңдеуден бұрын бұзылатын құмды және құмдақ топырақтарды шығару;

• шағын егіс танаптарын табиғи ландшафтармен кезектестіру;

• танап қорғайтын орман белдеулерін жасау;

• топырақтың құрылымын түзуге мүмкіндік туғызатын органикалық тыңайтқыштарды пайдалану;

• топыраққа әсер ететін қысымды кемітетін техниканы пайдалану.

Суармалы егістердің дүние жүзіндегі ауданы шамамен 250млн га жуық. Ирригациялық эрозиямен қатар суармалы топырақтар екінші реттік сортаңдануға ұшырайды. Оның мәні танаптағы топырақ суды сіңіріп, содан соң булану мен өсімдіктерге транспирацияға қажетті судан артық су келіп түседі. Бұл су біртіндеп жер астылық грунт суларына дейін жетіп, оның деңгейінің көтерілуіне себеп болады. Мөлшерсіз, ретсіз суару кезінде қысқа уақыт аралығында жақындап, интенсивті түрде булана бастайды. Суда еріген тұздар топырақ бетінде жиналады. Мұндай тұздану екінші реттік деп аталады. Суғарудың жоғары деңгейінде және каналдардағы судың топыраққа сіңіп кетуі арқылы грунт суларының мөлшері көбейеді. Суғару каналдарынан судың фильтрациялануынан және дұрыс суармаудан топырақта тұздардың мөлшерінің көбеюі екінші реттік тұздану деп аталады. Ал бірінші реттік тұздану ретінде адамның әсерінсіз пайда болатын табиғи тұздану процесін атайды. Екінші реттік тұздану тек құрғақ аудандарға тән. Солтүстік аймақтарда шектен тыс суару топырақтың батпақтануына әкеліп соқтырады.

Топырақтың тұздануы деп – натрий, кальций, магний тұздарының топырақта өсімдіктердің өсуі мен дамуына зиянды әсер ететін концентрацияда жинақталуын айтады. Бұл құбылыс әсіресе, Египет, Ирак, Индия мен Пакистан, т.б. құрғақшылық климатты аймақтарда белең алып отыр. Жыл сайын Жер шарында тұзданудан 200-300 мың га суармалы жер қатардан шығады. Бүкіл әлемде қазіргі таңда 20-25млн га жер тұзданып, өнім беру қабілетінен айрылған. Бұл жағдай, әсіресе Орта Азия мен Закавказье елдерінің топырақтарында көбірек байқалып отыр.

Тіпті тұзданудың аз ғана деңгейінде мақтаның өнімі 20-30%, жүгері 40-50%, бидай 50-60% қысқарады. Тұздану орташа жүрген аймақтарда мақтаның өнімі екі есе төмендесе, ал бидай тіпті өспейді.

Топырақты тұздану мен батпақтанудан қорғау

Топырақтың тұздануына себеп болатын факторлар түрліше.Олардың бірі құрғаған теңізден пайда болған тұздың жел арқылы таралуы. Суда еріген тұздар атмосфералық жауын-шашын арқылы да таралады.

Көбінесе топырақтың тұздануы грунт суларының құрамында болатын тұздар есебінен жүретіндігі жиі байқалады. Егер олар тереңде болмаса, капилляр арқылы булану нәтижесінде топырақтың жоғарғы қабатында тұздар жинақталады. Климат неғұрлым құрғақ және топырақтың механикалық құрамы ауыр болса, соғұрлым бұл процесс қарқынды жүреді.

Екінші реттік тұзданудың алдын алу шараларының бірі тереңдігі 1-1,8м етіп территорияда дренаждар жасау. Сол сияқты жаңбырлатып суғару – ирригациялық эрозияға қарсы күрес шараларының бірі. Тұзды топырақтарды натрийдің тұздарынан гипстеу арқылы тазартады.

Суарудың жетілдірілген технологияларын қолданумен қатар, жер асты суларының деңгейінің көтерілуіне байланысты грунт суларын сорып алу арқылы және топырақты шаю арқылы да тұзданумен күресуге болады. Бірақ бұл кезде де міндетті түрде грунт суларын алып кету керек. Кейбір жағдайда химиялық әдіс те жақсы нәтиже береді. Мысалы, топырақ бетінде жиналған зиянды тұздарды нейтралдау үшін гипстеу жүргізіледі. Бірақ бұл әдіс қымбат және қоршаған ортаның тазалығы үшін тиімсіздеу.

Жер ресурстарына үлкен зиян келтіретін үшінші бір фактор — жердің азуы. Оның орын алу себептері — өніммен бірге қоректік заттардың топырақтан әкетілуі. Гумустың жойылуы, су режимінің және басқа да қасиеттерінің топырақтың азуының нәтижесінде, құнарлылығы жойылып, шөлге айналды.

Өніммен бірге әкетілетін қоректік заттарды топыраққа қайтарудың ең тиімді әдісі органикалық тыңайтқыштарды қолдану, шөп себу, пар жүйесі арқылы топырақты тынықтыру. Топырақтың азуы ең алдымен органикалық заттардың, оның ішінде негізгісі – қарашіріктің кемуімен байланысты.

Топырақ құнарлылығының жойылуы топырақты интенсивті өңдеуге, ауыр ауылшаруашылық техникаларды қолдану нәтижесінде топырақтың тығыздануы, ластануға, ең алдымен “қышқыл жаңбырлар” мен минералдық тыңайтқыштарды тиімсіз пайдалануға байланысты туындап отыр.

Топырақтың ластануы

Табиғи қорғаудың түрлі аспектілерін ескермей жүргізген адамның шаруашылық іс-әрекеттері қоршаған ортаның, соның ішінде топырақтың да ластануына әкеп соғады. Нәтижесінде топырақ өндірістік, құрылыстардың қалдықтарымен, жылу электр станцияларының күлімен, пайдалы қазбалар мен құрылыс материалдарын өндіру кезіндегі жердің бетіне шығарылып тасталған жыныстар тау-тау болып үйілген, мұнай өнімдері жиналған, т.б. “индустриялық далалар” пайда болады.

“Индустриялық далалардың” топырақтарында ештеңе өспейді. Бұның себебі, ластаушы заттардың құрамында табиғи күйде топырақта өте аз мөлшерде кездесетін химиялық элементтер болады. Олар көміртек, күкірт, молибден, мыс, кадмий, мырыш, алюминий, никель, вольфрам, натрий, хлор, темір, титан, бор, барий, фтор. Бұндай жағдайда химиялық элементтердің топырақтағы қалыптасқан қатынасы бұзылады.

Топырақтың ластануы тек қана адамның индустриялық қызметтерінен емес, сонымен бірге ауылшаруашылық өндірістің нәтижесінде жүреді.

Топырақты ластаушы көздер – мал шаруашылығы комплекстері. Көбінесе сұйық көң дұрыс сақталмаған жағдайда суларды ластайды.

Мұнай өндіру және барлау жұмыстары топырақтың түрлі жуғыш заттармен ластануына себеп болады. Нәтижесінде мұнай төгіліп, топырақтың бетінде битумды заттардың түзілуіне әкеп соғады. Бұрғылау жұмыстары кезіндегі қолданылатын жуғыш заттар топырақтың тұздануына себеп болады. Әдетте, бұндай жерлерде өсімдіктер өспейді.

Көптеген жерлер тұрмыстық және өндірістік қалдықтар жиналған қалдық үйінділерімен ластанады. Бұл үйінділерде тұрғын үйлер, мекемелерден шыққан қалдықтар, әртүрлі синтетикалық материалдардан жасалған тұрмысқа қажетті заттардың қалдықтары, моншалар мен кір жуатын орындардан шыққан ағызынды сулар, жаңбыр мен қар сулары, т.б толып жатқан қалдықтардың барлығы топырақты қатты ластайды.

Топырақ эрозиясы (латынша erosіo – желіну) – топырақтың беткі ұнтақталған құнарлы қабатының жел күшімен немесе су ағынының шаюы салдарынан құнарының азаюы. Жел эрозиясы кез келген топырақ типінде кездесіп, жел күшімен топырақтың беткі қабатын, кейде өсіп тұрған өсімдігімен бірге басқа жаққа ұшырып әкетеді. Әдетте жел эрозиясы жер бедері жазық, құрғақ, ормансыз шөл аймақтарында жиі болады. Тіпті шөл аймақтарындағы құмды алқаптардың шөп өспейтін бөліктері жел әсерінен бір орыннан екінші орынға жиі жылжып отырады. Оларды жылжымалы құмдар деп атайды. Топырақ бетінде өсімдік жақсы өскен алқаптар жел эрозиясына ұшырай бермейді. Өсімдік тамырлары топырақтың беткі қабатын бекітіп ұстап тұрады, өскіндері жауын суының біразын өздеріне сіңіріп, қалғанын жер астына өткізеді, ал екпе ағаштар қар тоқтатуға және олардың топырақ бетінде біркелкі таралуына септігін тигізеді, желдің күшін азайтады, т.б. Ал бұл жерлерді кәдімгі қайырмалы соқамен жыртып, топырақтың майда ұнтақталған бос қабаты жер бетіне шыққан кезде олар желдің еркіне беріліп ұшады. Осындай жағдай тың игеру кезінде Қазақстанның солт. аймақтарында кең өріс алған. Табиғаттың бұл апатымен күресуде акад. А.И. Бараев басшылық еткен Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Топырақты жел эрозиясынан қорғау үшін жасалған жүйенің негізінде топырақты бұрынғыдай қайырмалы соқамен жыртудың орнына қайырмасыз етіп жыртып, терең қопсыту ұсынылған. Сонда топырақта өскен дақыл сабақтары топырақ бетінде қалып, қыста қар тоқтатуға, желдің күшін төмендетуге септігін тигізеді. Ең бастысы бос топырақ жер бетіне шықпай, біршама тереңдікте жатады. Жел эрозиясына жиірек ұшырайтын алқаптар жайылымдық жерлерде, топырағы жұқа шөл белдемдерінде кездеседі. Себебі шөл белдемдерінде өсімдіктер сирек өседі әрі жақсы дамымаған, сондықтан бұзылуға өте бейім топырақ түзіледі. Мал жиі жайылатын елді мекендер немесе мал суаратын пункттердің төңірегіндегі топырақ та жиі бұзылып, шаңы шығып, желге ұшады. Ондай жағдайларды болдырмау үшін ауыспалы жайылымдық жүйеге көшу қажет.

Су эрозиясы қатты нөсерлеп жауған жаңбырдан немесе қыста мол жиналған қардың тез еруі нәтижесінде пайда болады. Мұндай жағдайлар еңіс жері мол таулы беткейлерде жиі кездеседі. Бұл су ағындары тік беткейдегі топырақ бетін ғана шайып қоймай, көп жағдайларда сай, жыралардың пайда болуына әкеп соғады. Тау етегіндегі беткей алаптарын су эрозиясынан қорғау үшін бұл жерлерге а. ш. дақылдарын, жеміс ағаштарын отырғызып, қолдан ыңғайлы жер бедерлерін сатылап жасау (террасалау) әдісі де қолданылады. Топырақтың су эрозиясының бір түрі ирригациялық эрозия, ол адам қолдан суаратын жерлерде болады. Суармалы жерлерде судың өз ағысымен ағуы үшін оның бір бағытта еңісі бар жер бедері таңдалынып алынады. Сол бағытқа қарай майда суару арықшалары жүргізіледі, бірақ еңіс жерлерге қарай суды мөлшерлеп қана жіберу қажет. Олай болмаған жағдайларда, әсіресе, еңісі тіктеу суарылмалы беткейлерде топырақтың ирригац. эрозиясы өріс алады. Эрозияның бұл түрі тек суармалы алқаптарда ғана емес, сол суармалы алқаптарға су әкелетін арықтар мен канал бойларында, өзен жағалауларында (жағалаулар су әрекетінен бұзылып, шайылады) да кездеседі. Көктемгі нөсер жаңбырлар жауғанда немесе қар еріп, оның суы өзендерге қосылғанда, су деңгейі көп көтеріліп, жағалау беткейлерін жуып-шайып, тіпті кей жағдайларда арналарын бұзып, жаңа арнамен ағатын болады. Су эрозиясының бұл түрімен күресу үшін арнайы инж. құрылыстар салу, өзен бойларына ағаштар отырғызу, т.б. шаралар жүргізу қажет. Арықтар мен каналдар тез бұзылып кетпеуі үшін олардың жағаларына ағаш, бұталар отырғызу керек. Сонымен қатар артық суларды уақытша су қоймаларында жинап, қажет кездерінде пайдаланған орынды. Т. э-ның қарқындылығы жер бедеріне, беткейлердің тік болуына, жауын-шашынның түсу мөлшеріне, топырақтың түйіршікті құрамына, су сіңіргіштік қабілетіне, өскен өсімдіктеріне, т.б. байланысты. Эрозияға ұшырау мөлшері беткейлер мен шатқалдардың тіп-тігіне және су жиналатын алқаптың аум-на қарай әр түрлі болады. Т. э. көбіне ұсақ түйіршікті топырақтарда, жауын-шашын көп түсетін және күшті жел тұратын аймақтарда кездеседі. Т. э. күштірек болғанда топырақ құнарлылығын азайтып, себілген тұқым зиян шегеді, а. ш-ның жайылымдық жерлерін нашарлатады. Осының барлығы а. ш-на орасан зиян келтіреді. Т. э-ның алдын алу үшін қорғаныш орман алқаптары, егістіктерді қорғайтын орман шаршылары отырғызылады, жайылымдық жерлер мен құмды жерлерге ағаштар отырғызу, топырақты қорғау үшін ауыспалы егіс жүйесін енгізу, топырақты аудармай өңдеу, тұқымды қатарлап себу әдісі, шатқалдарды сатыларға бөлу, су тоқтатын каналдар салу, т.б. шаралар жүргізіледі.

Қазақстанның топырақ жамылғысы

Топырақ — табиғат компоненттерінің бірі. Жердің геологиялық тарихында алдымен пайда болған топырақ. Палеогеографиялық зерттеулердің деректері бойынша алғашқы жұқа топырақ қабаты 500 млн жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болыпты. Бұл кезде әлі өсімдік жамылғысы қалыптаспаған. Топырақ жамылғысын зерттейтін топырақтану ғылымы - жас ғылым. Оның негізін салған XIX ғасырдың 80-жылдары орыс ғалымы В. В. Докучаев - топырақтың табиғи және тарихи дене екенін анықтады.

Топырақ жамылғысын құрайтын факторлар

Топырақтың пайда болуының, дамуының өзінше заңдылықтары бар. Топырақ - су, ауа, жылу, өсімдік және тірі ағзалардың әсерінен, тау жыныстарының үгілуі нәтижесінде жер қыртысының беткі қабатында пайда болған ерекше табиғи құрылым. Міне, осы факторлардың көп жылдық үздіксіз әсерінің нәтижесінде құнарлы топырақ қабаты пайда болады.

Абиогендік фактор

Табиғатта топырақ жамылғысының түзілуі - өте ұзаққа созылатын құбылыс. Ұзақ геологиялық мерзімде таулар үгітіліп, мүжіліп, шыңдар аласарады. Құм мен саздар суға шайылып, желдің күшімен ауаға ұшады, шаңданады. Бұл процестер ғасырлар бойы жалғасады. Жаңбыр, жел қатты болса, жер беті өзгеріп тұрады. Топырақтың ең негізгі қасиеті табиғи құнарлылығы, яғни құрамында өсімдіктің тез әрі жақсы өсуіне жағдай жасайтын қоректік заттардың мол болуы. Сөйтіп, аналық тау жыныстарынан кейін топырақ түзуші жетекші фактор ағзалардың тіршілік әрекеті. Олар тасты бұзатын қышқылдар шығарады. Қышқылдар тау жыныстарын ерітуінен, одан шірінді (гуммус) пайда болған. Шірінді үгілген майда жыныстармен араласып кіріккен. Осылайша топырақ қалыптаса бастаған.

Жануарлар дүниесі

Жануарлар дүниесі өздерінің тіршілік әрекетінің нәтижесінде топырақты байытады, өлгендері шірінді мөлшерін көбейте түседі. Шұбалшындар топырақ пен органикалық қалдықтарды асқазан шырынымен шылап өзгертіп, өңдеп шығарады.

Климат

Топырақ жамылғысын түзуде климаттың да зор маңызы бар. Бұл процеске қатысатын өсімдіктердің, жануарлардың және микроағзалардың тіршілігі климатқа байланысты. Аязды кезеңде топырақтың түзілуі тоқтайды, ал қуаңшылық кезеңде баяулайды. Климат табиғаттың басқа компоненттері сияқты, топырақтың ендік зоналық, биіктік белдеулілік заңдылықтары бойынша таралуына әсерін тигізеді.

Жер бедері

Жер бедерінің топырақ түзудегі рөлі жергілікті жердің жер бедеріне байланысты. Олардың аналық жыныстарда әр түрлі, ылғалдың топыраққа сіңуі де әр түрлі. Солтүстік беткейден оңтүстік беткейге түсетін жылу мен ылғал да әр түрлі болады.

Антропогендік фактор

Адам баласының топырақтың түзілуіне тигізетін әсері әр түрлі. Бір жағынан топырақты тыңайтқыштар пайдаланып құнарлылығын арттырса, жерді суарып, батпақтарды құрғатып жатса, екінші жағынан тыңайтылған жерлерді үсті-үстіне пайдаланып, жел эрозиясына ұшыратуда. Адамдардың қызмет әрекеті әрдайым топырақтың құнарлылығын арттыра бермейді.

Топырақ жамылғысын механикалық құнарлылығына қарай ажырату

Топырақтың механикалық құрамы ірілі және ұсақ минерал бөлшектерінің жиынтығы. Топырақтың механикалық құрамы әр түрлі болады. Оны анықтау қиын емес. Топырақты дымқылдап алып, илегенде құрамында саз бен шірінді бар топырақтар біріккіш келеді. Ал құрамы құмды, құмдауытты, саздауыт болса, онда топырақтың бірігуі нашар болады. Топырақтың қасиетіне қарай оның құрылымы да әр түрлі болады. Шірінді өсімдіктің қоректенуі үшін ғана керек емес. Ол топырақ құрылымының түзілуіне белсенді түрде катысады. Топырақтың құнарлылығы оның құрылымына байланысты. Шірінді мен кальцийге бай қара топырақ құрылымы ең жақсы топырақ болып саналады. Топырақ түйіршіктерінің көлемі 10 мм-ге дейін болса, кеуек топыраққа ауа, су оңай өтіп, өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай туады. Құрылымы кесек топырақтарды құрылымды топырақ деп атайды. Құрылымды топырақ құнарлы келеді. Түйіршіктері ұсақ топырақты құрылымы жоқ топырақ деп атайды. Ол онша құнарлы болмайды. Топырақ құрылымы нашар жерлерде қар суы сіңбей, сай-салаға ағып кетеді. Құрылымды топырақтар тыныс алады. Күндіз топырақ қызады, ауаның көлемі ұлғайып, тысқа шығады, түнде керісінше ауа топыраққа өтеді.

Қазақстандағы топырақ жамылғысының типтері

Қазақстанда өзге елдерде кездесетiн топырақ түрлерiнiң түгелдей дерлiгi тараған. Мұнда тайга, тундра топырағына дейiн бар, тек ылғалды субтропик белдемiне тән топырақ қана жоқ.

Топырақ жамылғысының түрлері

Қазақстанның топырақ жамылғысы күрделі және әр түрлі. Топырақ жамылғысының зоналар бойынша таралғаны айқын байқалады. Қазақстанның жазық бөлігі аумағының 86%-ын алып жатыр. Негізінен үш топырақ зоналарына бөлінеді: қара топырақты зона (52° с.е. солтүстігінде); қара қоңыр топырақты зона (52°-48° с.е. аралығында); қоңыр, сұр қоңыр топырақты зона (48° с.е. оңтүстігінде).

Қара топырақты зона

Қара топырақты зона республиканың солтүстігінде тараған. Бұл зона Солтүстік Қазақстан облысын түгелімен, Қостанай облысының көп жерін, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөліктерін камтиды. Республика аумағының 25,5 млн гектар жерін (9,5%-ын) алып жатыр. Қара топырақты зона үш зона аралығына бөлінеді: сілтісізденген қара топырақ - орманды дала табиғат зонасының оңтүстігінде аз ғана бөлігін алып жатыр; кәдімгі қара топырақ және оңтүстіктегі қуаң даланың қара топырағы - дала зонасына тән. Құнарлылығы жағынан алдыңғы екі өңірдің топырақ құрамында гумусы (қара шіріндісі) мол (6-8%) қара топырақ орын алса, оңтүстігінде қара топырақтың қара шіріндісі аздау (4-6%) келеді. Қара топырақты зона ылғалмен қамтамасыз етілген жазық далада тараған, республиканың негізгі астық өндіретін алқабы саналады.

Қара қоңыр топырақ зонасы

Қара қоңыр топырақ зонасы қара топырақтың оңтүстігінде орналасқан. Бұл Орталық Қазақстанның көп жерін, Каспий маңы ойпатының солтүстігін, Шығыс Қазақстан облысының жазықтарын алып жатыр. Бұл – республиканың оңтүстік дала (тым құрғақ далалы) және шөлейтті алқаптарын 90,6 млн гектар немесе республика жерінің 34%-ын алып жатқан зона. Қара қоңыр топырақ зонасы да үш зона аралығына бөлінеді: қуаң даланың күңгірт қара қоңыр топырақты өңірі; қуаң даланың жай қара қоңыр топырақты өңірі; шөлейт жердің ашық қара қоңыр топырақты өңірі.

Наши рекомендации