Тақта желбезектілер класстармағы – Elasmobranchii

Бас бөлімінің алдыңғы жағы созыңқы ұзын тұмсыққа (рострумға) айналғандықтан ауыз тесігі бастың төменгі жағында көлденең саңылау түрінде орналасқан. Бастың екі жақ бүйіріне аралары перделермен бөлінген 5-7 желбезек саңылауы ашылады. Әрбір желбезек пішіні тақташаға ұқсас. Класстармағының тақта желбезектілер аталуы осыған байланысты. Ми сауытының жақ доғасының байланысуы амфистилиялы, көбісінде гиостилиялы типті. Класстармағын акулалар және скаттар отряд үстіне ажыратады. Кейбір ғалымдар, бұл таксономиялық бірлікті отряд ретінде қарастырады.

Акулалар отрядүсті – Selachomorpha

Денесі ұзын торпеда пішінді. Ұзындықтары әртүрлі: бір метрден 15-20 метрге дейін жетеді. Құйрық қанаты - гетероцеркалды. Желбезек саңылаулары басының екі жақ бүйіріне ашылады. Акулалар Каспий мен Арал теңізінен басқа теңіздерге толық таралған. Отрядүстінің 8 отряды, 20 тұқымдасы, 250-350 түрі белгілі.

Жалпақтұмсықты (шапаншалы) акулалар отряды – Chlamydoselachiformes. Отрядты кейбір ғалымдар көпжелбезекті акула тәрізділер отрядының тұқымдасы ретінде қарастырады («Жизнь животных» 4 том). Бір тұқымдасқа жататын бір ғана өкілі бар. Ол шапаншалы акула (Chlamydoselachus anguineus). Дене ұзындығы 1,2 – 2 метр. Басының екі жақ бүйірінде 6 жұп желбезек саңылауы бар. Бірінші жұп желбезек саңылауының тері өсінділері бірігіп «алжапқышқа» ұқсас тері қатпарына айналған. Басқа акулалардан ерекшелігі, ауыз тесігі бастың алдыңғы жағынан, арқа мен құрсақ қанаттары бір-біріне жақын денесінің артқы бөліміне орналасқан құрлысына қарай осы акуланы көне акулалардың бірі деп есептейді. Шапаншалы акула Тынық, Үнді және Атлант мұхиттарының жылы суларына тараған.

Көпжелбезекті акулалар отряды – Hexanchiformes. Көпжелбезектілер (Hexanchidae) тұқымдасының 3 туысы, 5 өкілі бар. Бұл акулалардың қалдықтары Юра дәуірінен белгілі. Дене ұзындығы 4 метрден артық ірі акулалар. Өкілдерінің 6 және 7 желбезегі болғандықтан көп желбезектілер деп аталады. Терең су балықтары. Тропика мен субтропика суларына тараған.

Әртүрлі тісті акулалар отряды – Heterodontiformes. Басы көлемді, 5 желбезек саңылауы бар, дене ұзындығы 1,5 м-ге дейін жетеді. Тынық және Үнді мұхиттарының жағаға таяу жылы суларын 4 түрі мекен етеді. Жақтарының алдыңғы бөліміндегі тістері ұсақ әрі өткір болса, қалған тістері ірі үгітуге қолайлы болып келген. Осы тістерінің көмегімен жануарлардың тығыз жабынын үгіту арқылы теңіз шаянын, моллюскаларды, теңіз кірпісін жеп қоректенеді.

Ламнатәрізді акулалар отряды – Lamniformes. Отрядтың 6 тұқымдасы, 20-ға жуық түрі белгілі. Ауыздары өте үлкен, ірі акулалар жатады. Теңіз түлкісі (Alopiidae) тұқымдасының бір туысқа жататын 4 түрі бар. Мысалы кәдімгі теңіз түлкісі (Alopias vulpinus) акуласының тұрқы 6 м, салмағы 450 кг-ға жетеді. Осы акуланың құйрық бөлімі ерекше ұзын, қамшы тәріздес және денесінің жарты бөлігін құрайды. Атлант және Тынық мұхиттарын мекен ететін майшабақ акулалар туысының (Lamna) 2 түрі бар. Олар Атлант немесе кәдімгі майшабақ акуласы, екіншісі албырт яки тынық мұхит майшабақ акуласы. Осы акулалар суда жақсы жүзгіштер. Тұрқы 6-7 м, салмағы 2-3 тонна ақ акула немесе «адам жегіш акула» (Carcharodon carcharias) ірі балықтар мен акулаларды жеп қоректенеді. Дене ұзындығы 2-2,5 м. балықтарды бүтіндей жұтса, бұдан ірі түрлерін 5-7 см жететін тістерімен боршалап барып жұтады. Адамдарға шабуыл жасағаны туралы мәліметтер де кездеседі.

Кархаринтәрізділер не ара тісті акулалар отряды – Carcharhiniformes.

Қазір тіршілік ететін акулалардың басым көпшілігін, яғни 150 түрін 7 тұқымдасқа топтастырып осы отрядқа жатқызады. Құрылысындағы негізгі ерекшелігі жақтарында орналасқан жекелеген тістері көп және ұсақ әрі ара тәрізді болып келеді. Дене ұзындықтары әртүрлі: ұсақ, орташа және ірі акулалар. Ең ірі түрлерінен кит акуласы мен алып акуланы айтуға болады (3-кесте). Екеуіде Атлант, Үнді және Тынық мұхитарының жылы суларын мекен етеді. Кит акуласының кейбір жеке дараларының ұзындығы 20 м болса, көбіне кит аулаушылар ұзындығы 11-12 м, салмағы 12-14 т болатын дараларын ұстаған. Ал, алып акула бұдан сәл кішірек, дене ұзындығы 9 м, салмағы 7 т. Кит акуласы жұмыртқа салса, алып акула тірі жұмыртқа туу арқылы көбеюі мүмкін. Кейбір ғалымдар осы екі акула түрін, басқа жекелеген отрядтарға (ламна , воббегонтәрізділер) жатқызады.

Кәдімгі сұр акула тұқымдасы (Carchariidae) 15 туысқа топтастырылған 60 жуық түрді біріктіреді. Кәдімгі сұр акула (Carcharhinus) туысының түрлерінің ұзындығы 3,6 м-ге жетеді. Бұл акулалардың көпшілігі дерлік Азия, Африка және Оңтүстік Американың тропикалық бөлігіндегі су жағалауларын мекен етеді. Тек, кейбір түрлері ғана теңіздерден алшақ өзендерді бойлап 200-300 км қашықтықта кездеседі. Ал, бір түрі келтетұмсықты акула (C.lencas) Никорагуа көлінде тұрақты мекендеп, көбейеді. Бұл акулалар қоректі талғамай бәрін жейді. Адамға да қауыпты саналады. Осы акулаларға теңіз айдыны мен жағалауында кездесетін ірі түрі (5 метр) саналатын жолбарысреңді акула (Cealecerdo cuveieri) жатады. Ол өте қомағай, адамға да қауыпты жыртқыш. Сұр акулаларға жақын өзіндік ерекшелігі бар балғабас акуласы (3-кесте). Бұл акула басқа акулалардан бас бөлімінің құрлысына байланысты ерекшеленеді. Бас бөлімінің алды жалпақтау және оның екі бүйірінде үлкендеу келген көлденең өсінділері бар. Оған үстіңгі жағынан қарасақ балғаға ұқсас пішінді байқаймыз. Өсінділерінің ұшында көзі мен танау тесіктері орналасқан. Қазір осы акулалар тұқымдасынан ұзындығы 3-6 метрге жететін 7 түрі тіршілік етеді. Ара тісті акулаларға ұсақ, ұзындығы 30 см ден 1,5 м дейінгі мысық акулалары тұқымдасы (Scyliorhinidae) мен сусартектес акулалары тұқымдасының (Triakidae) көптеген түрлері де жатады. Мысық акуласы сырты қатты қабықпен қапталған 2-ден 20-ға дейін жұмыртқа салады. Жолбарысреңді акула мен балғабас акула тірідей туады.

Катрантәрізді акулалар отряды – Sgualiformes. Отрядтың тікенді немесе катран тұқымдасының (Sgualidae) 20 шақты түрі барлық теңіздерге кең тараған акулалар. Тікенді акула аталу себебі арқа қанаттарының алдыңғы жағынан орналасқан шаншарына байланысты. Тұрқы 1м, сирек 2м-ге жететін түрлері су жағалауында 200 м тереңдікте (катран – Sgualus acanthias), басқалары бұдан тереңірек (1 км дейін) бөлігінде тіршілік етеді. Солтүстік Атлант мұхитында ұзындығы 6,5 м, салмағы бір тоннаға жақын поляр акуласы (Somniosus microcephalus) кездеседі. Тынық және Үнді мұхиттарының жылы суларын мекендейтін ергежейлі акуланың (Euprotomicrus bispinatus) денесінің ұзындығы 20-25 см-ден аспайды. Мұхит сулары жағалауынан алыс айдында мекендейді.

Арамұрын акулалар отряды – Pristiophoriformes. Тынық және Үнді мұхиттарының жылы суларын мекендейтін бір ғана Pristiophoridae тұқымдасының 4 түрі белгілі. Сыртқы пішінінде өзіндік ерекшеліктері бар балықтар. Желбезек саңылауы басының екі бүйіріне ашылады. Желбезек саңылауының саны 5 немесе 6 жұп. Тұмсығы ұзын, жалпиған және оның екі жағына орналасқан тістері екі жүзді араға ұқсас. Арабалықтан (скат) өзгешелігі араға ұқсас тұмсығының орта шенінде ұзынша келген сезімтал бір жұп мұртшалардың орналасуы және желбезек саңылауларының бас бөлімінің бүйіріне ашылуы болып табылады. Скватинтәрізді не теңіз періштелері акулалар отряды – Sguatiniformes. Кейбір жағынан скаттарға ұқсас теңіз түбінде тіршілік етуге бейімделген акулалардың 11 түрі белгілі. Денесі жалпақтау, тұмсығы келте әрі дөңгеленіп келеді. Көкірек және құрсақ қанаттары үлкейген (3-кесте). Ұзындығы 2,5 м, салмағы 100 кг жететін акулалар. Қоңыржай және тропикалық суларда тараған.

Наши рекомендации