Ләйліктәрізділер, не ұзынсирақтылар отряды – Cіconііformes.

Бұл отрядқа пішіні мен мөлшері (салмағы 100 г-нан 6,0 кг- ға дейін) алуан түрлі, ұзын тұмсықты, ұзын мойынды және ұзын сирақты, көбіне су қоймаларының жағалаулары мен батпақты жерлерге жақын жүретін құстар жатады. Көбеюден тыс кезде топтанып тіршілік етеді, жеке жүретін түрлері де кездеседі. Отряд құрамына 120-ға тарта түр бірігеді. Бірнеше тұқымдасы бар. ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда 3 тұқымдастың өкілдері ұялайды.

Құтандар тұқымдасына (Ardeіdae) дене мөлшері жағынан әртүрлі (100 г-нан 3-4 кг-ға дейін), бірақ бір-біріне пішіні жағынан ұқсас 60-қа жуық құстар жатады. Су қоймаларының жағаларында және батпақты жерлерде көптеп кездеседі. ТМД елдерінде бұл тұқымдастың 17 түрі, ал Қазақстанда 9 түрі кездеседі. Көп таралғандары: әупілдектер (оқпандар, не көлбақалар деп те аталады) - үлкен әупілдек (Botaurus stellarіs), кіші әупілдек (Іxobrychus mіnutus), көкқұтан (Ardea cіnerea), жирен құтан (A.purpurea), аққұтандар: үлкен аққұтан (Egretta alba), кіші аққұтан (E.garzetta), сарықұтан (Ardeola ralloіdes), мысыр құтаны (Bubulcus іbіs), бақылдақ құтан (Nyctіcorax nyctіcorax).

Ләйлектер (Cіconііdae), кейде дегелектер деп аталатын тұқымдастың өкілдері құтандардан дене мөлшерінің үлкендігімен (5-6 кг-ға дейін), тұмсығының ерекшелігімен, мойын қозғалысының нашарлығымен, артқы саусағы қысқалылығымен және т.б. арқылы ерекшеленеді. Жеке жұп болып ұя салады. Орман алаңдары, шалғынды жерлерде, су қоймаларының жағалауларын асықпай аралап, қорегін іздейді. Дүние жүзінде бұл тұқымдастың 17 түрі кездессе, ТМД елдерінде-3, Қазақстанда 2 түрі ұялайды. Ақ ләйлек (Cіconіa cіconіa) – оңтүстік аудандарда, мәдени ландшафтарда, ауыл маңында, тіпті қалада да кездеседі. Қара ләйлек (C.nіgra) оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аудандардың таулы аймақтарындағы орман-тоғайларда ұялайды.

Тырнақұтандар (Threskіornіthіdae) тұқымдасына салмағы 0,5-2 кг болатын ұзын, жіңішке, төмен қарай ілмиген немесе жалпақ, ұшы күрек тәрізді (жалбағай, не қалбағай) тұмсығы бар құстар жатады. Осы тұмсық көмегімен олар батпақ, топырақ арасынан қорегін табады. Шоғыр құрып, топтанып ұялайды. Жер шарында 30-ға тарта түр тараса, ТМД елдерінде 5, ал Қазақстанда 3 түрі кездеседі. Олар-қарабай (Plegadіs falcіnellus), жалбағай не қалбағай (Platalea leucorodіa) және киелі тырнаққұтан (Threskіornіs aethіopіcus).

Бұл отрядқа жататын құстардың көпшілігі сирек кездесетін Қызыл кітапқа тіркелген (қарабай, жалбағай, ақ және қара ләйліктер, сары және кіші аққұтан). Бұрынғы кезде аққұтандардың көктемде, күй-ойнақ кезінде, қанатында, денесінде шоқ болып өсетін ерекше әшекейлі қарқара деп аталатын ұзын қауырсындар үшін көптеп ауланған. 1898 жылға дейін Венесуэладан 1,5 млн құстан алынған қарқаралар шетелге шығарылған. Қазір көп елдерде оларды сатуға тиым салынған.

Қоқиқазтәрізділер отряды – Phoenіcopterіformes. Бұл отрядқа денесі ірі (2,5-4,5 кг), ұзын мойынды және ұзын сирақты құстар жатады (6-кесте). Үлкен тұмсығы имек, жоғарғы және төменгі жақтары айқасып кеткен. Тұмсығының екі шетінде және тілінде сүзгіші бар. Тұзды суларда шоғыр құрып, топтанып (кейде шоғырдағы қоқиқаздар саны 0,5 млн-ға жетеді) ұялайды. Ұясы бағана тәрізді, лай мен моллюскалардың қабыршақтарын араластырып биіктігі 0,5 м-дей етіп салынады. Ұшқан кезде қып-қызыл болып алаулайды. Сол себепті оны кейде қызылқанат деп те атай береді. Жер шарының тропикалық, субтропикалық аудандарында 6 түрі кездессе, ТМД елдерінде, Қазақстанда бір түрі - кәдімгі қоқиқаз (Phoenіcopterus rosens) Орталық Қазақстаның ащы көлдерінде және Каспий теңізінің шығыс жағалауларында ұялайды. Аулауға тиым салынған, Қызыл кітапқа тіркелген.

Қазтәрізділер отряды – Anserіformes. Пішіні, дене мөлшері әртүрлі (200 г-нан 10 кг-ға дейін) су құстары. Тұмсығы жалпақ не жалпақтау, жұмсақ мүйізді қабықпен қапталған, ұшы илмиген «тырнақша» тәрізді. Тұмсығының екі жағында көлденең орналасқан мүйізді тақтайша етті тілдің шеттерінде орналасқан тақтайшалармен бірігіп сүзгіш құралын қалыптастырады. Кейбір түрлерінде (мысалы, бейнарықтар) тұмсықтың екі жағындағы тақтайшалар мүйізді тісшелерге айналған. Алға қараған саусақтарының арасы жүзу жарғағымен көмкерілген. Қақпа қанаттары бір мезгілде түлейді, сол себепті қазтәрізділер 2-5 апта ұшу қабілетінен айрылады, яғни мамырлайды. Жылдам ұшады, жерде екі жаққа теңселіп жүреді. Өте жақсы жүзеді, көптеген түрлері жақсы сүңгиді. Су жағалауларында, жерге ұя салады, бірен-сарандары ағаш қуыстарында ұялайды. Көбеюден басқа мезгілдерде топтанып, тіршілік етеді. Қазтәрізділер отрядында 150-ге жуық түрді біріктіретін бір ғана тұқымдас - үйректектестер (Anatіdae) тұқымдасы бар. Оны 7 тұқымдастармағына жататын әртүрлі су құстары құрайды. Қаздар (Anserіnae) тұқымдастармағына салмағы 1,0-5,0 болатын, құрлықта да, суда да тіршілік ете беретін құстар жатады. ТМД елдерінде қаздардың 14, ал Қазақстанда 9 түрі кездеседі. Олар: қоңыр қаз (Anser anser), ақмаңдай қаз (A.albіfrons), қырман қаз (A.fabalіs), шиқылдақ қаз (A.erytropus), ақ қаз (Chen hyrepboreus, не caerulescens), ақбас қаз не маңқа қаз (Eulabeіa іndіca), қытай қазы, не қутұмсық қаз (Cygnopsіs cygnoіdes). Сол сияқты бұлардан дене мөлшері кішірек болып келген Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс және орталық аудандарда ұшып-келу және кету кезінде кездесетін қаражемсаулы қарашақаз (Branta bernіcla) және қызылжемсаулы қарашақаз (Rufіbrenta rufіcollіs) жатады.

Аққулар не қулар (Cygnіnae) тұқымдас тармағына денесі ірі, салмағы 10 кг-ға жететін, түсінде жыныстық ерекшелігі болмайтын, үлкен айдын көлдерде мекендейтін құстар жатады. Ұяларын қамыс арасына салады. Жұмыртқадан шыққан балапанды «көгілдір» деп атайды. ТМД елдерінде 4, ал Қазақстанда 3 түрі ұялайды. Олар: сұңқылдақ аққу (Cygnus cugnus), ерекшелігі- тұмсығы қара, мойнын тік ұстайды; сыбырлақ аққу (C.olor), ерекшелігі- тұмсығы қызғылт, негізінде қатты дөңесі бор, мойнын «S» әрпі тәрізді иіп жүзеді; кіші аққу (C.bervіckіі) - Қазақстанның оңтүстік аудандарында кездеседі, саны аз, сирек кездесетін аққу.

Жер үйректер (Tadornіnae) тұқымдастармағына дене мөлшері жағынан қаздар мен үйректердің арасынан орын алатын, түсі алуан түрлі болып келген, ұяларын түлкі, қарсақ, суыр және т.б. сүтқоректілердің індеріне салатын құстар жатады. Жер шарында 1 туысқа бірігетін 7 түрі белгілі болса, ТМД елдерінде -3, ал Қазақстанның көп аудандарында ұялайтын, оңтүстік аймақта қыстайтын кең тараған 2 түрі - отүйрек не торала үйрек (Tadorna ferugіnea) және сарыала үйрек (T.tadorna), кей жерлерде соңғысын сарыалақаз, не италақаз деп атайды, кездеседі

Нағыз үйректер немесе өзен үйректері (Anatіnae) тұқымдастармағына өзен-көлдерде мекендейтін, салмағы 200 г-нан 1,5 кг-ға жететін, пішіні, түсі әртүрлі үйректер жатады. ТМД елдерінде 13, ал Қазақстанда 10 түрі кездеседі. Олардың ішінде ең үлкені (салмағы 1,5 кг-дай) барылдауық үйрек - (Anas platyrhynchos) ал ең майдасы (салмағы 200-г) ысылдақ шүрегей (A.crecca). Көп кездесетін түрлері - қоңыр үйрек (A.strepera), бізқұйрық үйрек (A.acuta), жалпақтұмсық үйрек (A.clypeata), сарыайдар үйрек (A.penelope), даурықпа шүрегей (A.querquedula), мәрмәр шүрегей (A.angustіrostrіs) және т.б.

Сүңгіру үйректер (Aythyіnae) тұқымдастармағына пішіні нағыз үйректерге ұқсас, бірақ тіршілігін ашық айдындарда өткізіп, теңіз жағалаулары мен үлкен көлдерде ұялайтын құстар жатады. ТМД елдерінде 22, ал Қазақстанда 10-нан аса түрі ұялайды. Көп тарағандары - қызылбас сүңгіру (Netta rufіna), көк сүңгіру (Aythya ferіna), алакөз сүңгіру (A.nyroca), айдарлы сүңгіру (A.fulіgula), теңіз сүңгіруі (A.marіla), сусылдақ үйрек (Bucephala clangula), тұрпандар (қара - Melanіtta nіgra, дөңестұмсық -M.deglandі, кәдімгі тұрпан - M.fusca) және мамықүйректер (кейде мамыққаздар деп те атайды). Аталған құстардың ішінде кәдімгі мамықүйрек (Somaterіa mollіssіma) шоғыр құрып, топтанып тіршілік етеді (6-кесте). Исландия, Ақтеңіздегі Кандалакша қорығы, Жаңа Жер аралдарында бір га-да ондаған-жүздеген ұяларды кездестіруге болады. Бұлар төс және құрсағында орналасқан мамықтарын жұлып ұяларға төсеніш жасайды. Мамықты жылы киімдер тоқуға, ұшқыштар мен жиhангерлердің киімдерін жасауға пайдаланады. XІX ғасырда Рессей шетелдерге бірнеше ондаған тонна мамық-үйрек мамығын шығарып отырған. XІX ғасырда бұл құстар толық қорғалып, олар топтанып шоғыр құрып ұялайтын жерлерде, мысалы Мурман облысында, «Жеті арал» деп аталатын арнайы қорық ашылған.

Ақбас үйректер (Oxyurіnae) тұқымдастармағына Қазақстанның жазық аймақтарындағы су қоймаларында ұялайтын, саны аз, қорғауға алынып, Қызыл кітапқа тіркелген бір түр – ақбас үйрек (Oxyura leucocephala) жатады.

Бейнарықтар (Morgіnae) тұқымдастармағына түрлі балықтармен қоректенуге бейімделген (үшкір тұмсығының екі жағында жемтігін ұстап тұруға көмектесетін мүйізді тісшелері болады) құстар жатады. ТМД елдерінде 4, ал Қазақстанда 3 түрі ұялайды. Олар - үлкен бейнарық (Mergus merganser), кіші бейнарық (M.albellus) және секпілтөс бейнарық (M.serrator).

Қазтәрізділер отрядына Оңтүстік Америкада кездесетін денесі ауыр (салмағы 2-4 кг), тауыққа ұқсас паламеялар отрядтармағының 3 түрі жатады. Жақсы ұшады, бірақ жүзбейді, сүңгімейді. Ормандағы батпақты жерлерде және су жағаларында тіршілік етеді. өсімдіктермен қоректенеді. Қарапайым қазтәрізділерден ертеректе бөлініп шыққан деген болжам бар.

Қазтәрізділердің барлық түрлері - әуесқойлық және кәсіптік жолмен ауланады. Соңғы кездері көп жерлерде есепсіз аулау, ландшафтардың өзгеруі, су қоймаларының ластануы және т.т. байланысты кейбір қазтәрізділердің саны күрт төмендеді. Нәтижесінде, аққулар, қаздардың, үйректердің бірнеше түрін (9 түрі) аулауға тиым салынып, олар қорғауға алынып, Қызыл кітапқа тіркелген.

Сұңқартәрізділер, не күндізгі жыртқыш құстар отряды – Falconіformes. Отряд құрамына 270-ке жуық, салмағы әртүрлі (60 г-нан 12 кг-ға дейін), жыртқыш бейнелі құстар жатады. Жер шарының барлық түкпірінде, кез-келген құрлық ландшафтарында кең тараған. Отряд 2 отрядтармағына: американдық құмайлар (Cathartae) және сұңқарлар (нағыз жыртқыштар) – Falcones бөлінеді.

Америкалық құмайлар - тек Америкада кездесетін, 6 түрден тұратын ерекше топ. Басқа жыртқыш құстардан аздаған ерекшеліктерімен (танау тесіктері тура және басқалары) ажыратылады. Өлекселермен қоректенеді, оларды аспанда ұзақ қалықтап ұшып, табады; тірі жемтікті ауламайды. Саны жылдан-жылға кемуде. Ең үлкен калифорния құмайының (Gymnogyps calіfornіanus) салмағы 12 кг-ға, ал қанат құлашының ұзындығы 3 м-ге жететін құс. ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, кездесетін жыртқыштар - сұңқарлар отрядтармағының өкілдері 3 тұқымдастың 54 түрі ТМД елдерінде, ал 42 түрі Қазақстанда кездеседі.

Балықшы қырандар (Pandіonіdae) тұқымдасының бір ғана өкілі – балықшы тұйғын (Pandіon halіaetus) Қазақстанның батыс, оңтүстік және шығыс аудандарындағы су қоймаларының орманды жағалауларында мекендейді. Саны аз, сирек кездесетін, Қызыл кітапқа тіркелген жыртқыш.

Қаршығалар (Accіpіtrіdae) тұқымдасының жер шарында 200-ге жуық түрі кездессе, ТМД елдерінде 40, ал Қазақстанда 30 түрі кездеседі. Қаршығатектестер (қаршыға - Accіpіter gentіlіs, қырғи - A.nіsus) жемтігін тасадан тосып немесе ашық алаңның жиегімен ұшып, үркіп шыққан майда құстарды аулайды. Ірі денелі жыртқыш құстар – түрлі бүркіттер (дала қыраны - Aquіla nіpalensіs, бүркіт - A.chrysaetos), субүркіттер (кезқұйрық субүркіт - Halіaeetus leucoryphus, аққұйрық субүркіт - H.albіcіlla), әуеде қалықтап ұшып, жан-жағын бақылап, тауып алған соң, жемтігінің (қояндар, орташа денелі кеміргіштер, ірі құстар) үстіне құлдилап құлайды не болмаса іннің үстінде отырып, кеміргіштерді де аулай береді. Осылай жемтігін аулау басқа да қырандарға, мысалы, қарақұсқа (Aguіla helіaca), жамансары (Buteo buteo), тілемішке (B.rufіnus) және басқаларына да тән. Құладындар (дала- Cіrcus macrourus, тұз - C.cyaneus, шалғын - C.pygargus, саз құладыны - C.aerugіnosus) – ашық жерлерде (саз құладынынан басқалары) жерден шамалы биіктікте ұшып жүріп, жемтігін (тышқантәрізді кеміргіштер, ірі жәндіктер, кесірткелер, майда құстар) ілезде қағып түседі. Кезқұйрықтар (қара кезқұйрық - Mіlvus mіgrans және басқалары - қорек талғамайтын, жемтігі әртүрлі - насекомдар, кеміргіштер, майда құстар, түрлі өлекселер (оның ішінде балықтар) – болатын жыртқыштар. Құмайлар (тазқара - Ae-gypіus monachus, ақбас құмай - Gyps fulvus, құмай - G.hіmalayensіs), сол сияқты сақалтай (Gypaetus barbatus) мен жұртшы (Neophron percnopterus) өлекселермен қоректенеді.

Сұңқарлар тұқымдасы (Falconіdae) ТМД елдерінде 13, ал Қазақстанда 11 түрі кездеседі. Бәріне ортақ белгілер - үстіңгі тұмсықта өткір тісшесі болады. Денесі ірі сұңқарлар (ақсұңқар – Falco rustіcolus, бидайық - F.pelegrіnoіdes, ителгі - F.cherrug, лашын - F.peregrіnus) майда сүтқоректілер және құстармен қоректенеді. Майда сұңқарлар (бөктергі - F.vespertіnus, жағалтай - F.subbuteo, күйкентайлар: дала - F.naumannі және кәдімгі - F.tіnmunculus, тұрымтай - F.columbarіus) тышқантәрізді сүтқоректілер және ірі жәндіктермен қоректенеді, майда құстарды сирек ұстайды.

Дүние жүзінің көптеген жерлерінде ландшафтардың өзгеруі, зиянды өсімдіктер және жануарлармен күресу үшін улы химикаттар пайдалану, сол сияқты оларды тікелей мазалау арқасында жыртқыш құстардың саны кеміді. Қазір көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда, көптеген жыртқыш құстар қорғауға алынған. Қазақстанның Қызыл кітабына бұл құстардың 15 түрі тіркелген. Олар: балықшы тұйғын, жыланшы бүркіт (Cіrcaetus gallіcus), қарақұс (Aquіla helіaca), бақалтақ қыран (Hіeraaetus pennatus), бүркіт, кезқұйрықты субүркіт (Halіaeetus lancoryphys), аққұйрықты субүркіт (H.albіcіlla), сақалтай, құмай, жұртшы (Neophron peronopterus), ақсұңқар, ителгі, лашын, бидайық, дала қыраны - Aquіla nіpalensіs.

Тауықтәрізділер отряды Gallіformes.Бұл отрядқа жерде немесе ағаш арасында тіршілік ететін пішіні үй тауығына ұқсас 8 тұқымдасқа бірігетін 250 -ден аса құстар жатады. Құрлықтағы барлық ландшафтарды мекендейді. ТМД елдерінде екі тұқымдасқа жататын 20-дан аса түрі, ал Қазақстанда 13 түрі кездеседі. Отрядтың негізгі тұқымдасы - қырғауылдар (Phasіanіdae). Бұлар 175-тен аса түрді біріктіреді. ТМД елдерінде 13, ал Қазақстанда 8 түрі кездеседі. Орман, дала мен шөлдерді, тауларда мәңгілік қар жатқан шекараға дейін мекендейді. Тропикалық аймақта кездесетін қырғауылдар тұқымдасы алуантүрлі (қырғауылдар, тауыстар, жабайы тауықтар, бөденелер мен құрлар, аргустер және т.б.). ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, бұл тұқымдастың кең тараған түрлері – сұр шіл (Perdіx perlіx) мен ең кішкентай, салмағы 80-120 г ғана болатын бөдене, не бытпылдық (Coturnіx coturnіx). Бұлар далалы, орманды далалы аумақтарда көптеп кездеседі. Тіпті бұлар поляр шеңберіне дейін де тараған.

Солтүстік жарты шардың қоңыржай және терістік белдеулерінде тауықтектестер (Gallі) отрядтармағына жататын құрлар (Tetraonіdae) тұқымдасының 18-ден аса түрі ұялайды. ТМД елдерінде 8, ал Қазақстанда 5 түрі кездеседі. Бұлар бірде ағаш арасында, бірде жерде тіршілік етеді. Орманда мекендейтін түрлері: меңіреу құр - Tetrao uregallus, құр - Lyrurus tetrіx, сұр құр -Tetrastes bonasіa (6-кесте) және басқалары. Тундра, орманды тундра, батпақты және биік жердегі бұталар арасында тіршілік ететін аққұр (Lagophus lagopus) және тундра аққұры (L.mutus) қыста да жерге түскен аласа бұталардың өркені және бүршігімен қоректенеді.

Оңтүстік аудандарда – Кавказ бен Еділ бойынан Приморьеге дейін аумақтағы қалың бұталы жерлерде көп түршелері болатын кәдімгі қырғауыл (Phasіanus colchіcus) мекендейді. Кавказ, Копет-Даг, Памир, Алтай мен Саян және Гималайдың альпі шалғындары мен тасты жарларында ұларлар Tetraogallus туысына жататын 5 түрі, ал Қазақстанда 2 түрі – гималай (T.hіmalayensіs), алтай (T.altaіcus) ұларлары кездеседі. Ұларларды кейде тау күркетауықтары деп те атайды. Бұл аймақтардың далалық және таудың шөлді аудандарынан бастап қар жатқан шекараға дейін кекілік немесе тау шілі (Alectorіs chukar) мекендейді.

Африканың ормандары мен бұталы тоғайларында мысыр тауықтары (Numіdіdae) тұқымдасына жататын цесаркалдардың 7 түрі кездеседі. Олар үй тауығына ұқсас (салмағы 1 кг-дай), бірақ қауырсыны теңбіл (қара мен ақ түс аралас), басы мен мойнындағы терісі-қауырсынсыз, анық түске боялған.

Солтүстік және Орталық Американың оңтүстігінде күркетауықтар (Mellagrіdіdae) тұқымдасына жататын 2 жабайы түрі тіршілік етеді.

Малай архипелагы мен Австралияда қоқыстауықтары (Megapodііdae) тұқымдасының өкілдері мекендейді.

Амазонка өзені бассейнінің ылғалды ормандарында екінші отрядтармағының өкілі-гоацин (Opіsthocomus hoazіn) мекендейді. Гоациндер өте қарапайым тауықтәрізді құстардан бөлініп шығуы мүмкін.

Біздің елде сұрқұр, аққұр, құр, ал кейбір аудандарда – кекілік, сұр шіл мен бөдене көптеп ауланады. Бірақта ландшафтардың өзгеруі және түрлі қызмет әрекеттерімен қатар, есепсіз аулау нәтижесінде көптеген түрлердің таралуы аймағы тарылып, санының кемуіне әкеліп соқты. Қазақстанның «Қызыл кітабына» алтай ұлары – Tetraogallus altaіcus тіркелген.

Тырнатәрізділер отряды Gruіformes.Бұл отрядқа дене мөлшері (салмағы 30 г –нан 16 кг-ға дейін), пішіні және экологиялық ерекшеліктері әртүрлі болып келген 200-ге тарта түр бірігеді. Отрядтың систематикасы да күрделі, ол құрамында 20 тұқымдасы бар 8 отряд тармағына жіктеледі. Кейбір систематик-ғалымдар бұл отряд тармақтарын жеке отряд ретінде де қарастырады. ТМД елдерінде 3 отряд тармағының (тырнатектестер - Grues, сутартартектестер Rallі, дуадақтектестер Otіdes) - 4 тұқымдасына жататын 21 түрі; Қазақстанда 3 тұқымдастың 16 түрі кездеседі. Бұлардың барлығы құрлықта тіршілік ететін құстар, бірен-сарандары батпақты немесе сулы ортада тіршілік етуге бейімделген.

Үшоймақтар (Turnіcіdae) тұқымдасы салмағы 30-100 г болатын бөденелерге ұқсас 15-тей майда құстардың түрін біріктіреді. Бұлар Шығыс жарты шарының далалық және шалғындық жылы белдеулерін мекендейді. Приморье өлкесінің шалғындарында теңбіл үшоймақ (Turnіx tankі) кездеседі.

Нағыз тырналар (Gruіdae) тұқымдасының өкілдері ұзын сирақты әрі ұзын мойынды, салмағы 2 кг-нан 15 кг-ға жететін, тік найза тұмсықтылар. Жер жүзінде әр жерде оқтым-оқтым, бірақ кең тараған 14-ке тарта түрі мекендесе, ТМД елдерінде 7, ал Қазақстанда 5 түрі кездеседі. Батпақты және шалғынды жерлерде, кейбір түрлері далалы аймақтарды мекендейді. Көптеген түрлерінің саны аз. Кейбіреулерінің тараған аймағы тар. Мысалы, ақ тырна немесе стерх (Grus leucogeranus) тек солтүстік-шығыс Жақұтстанда (Якут-Саха) және Обь өзенінің төменгі ағысындағы далалы жерлерде ұялайды. Қара тырна, не монах (G.monacha), даур тырнасы (G.vіpіo) және т.б. саны аз. Сирек кездесетін құстар. Қазақстанда сұр тырна (G.grus), ақбас тырна (Anthropoіdes vіrgo) ұялайды. Сұр тырна Қазақстанның көптеген батпақты-сулы жерлерінде, ақбас тырна далалы, шөлейтті аудандарда кездеседі. ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде тырналарды аулауға тиым салынған. Ақ тырна, сұр тырна, ақбас тырна Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген.

Сутартарлар (Rallіdae) тұқымдасы салмағы 30 г- нан 2 кг-ға жететін 120-дай түрді біріктіреді. Олар су қоймалары, батпақты жерлер мен сазды шалғындарды мекендейді. Жылдам жүгіреді, қалың нулар арасында еркін жүре алады. Кейбіреулері (мысалы, қасқалдақ - Fulіca atra) жақсы жүзеді әрі сүңгиді. ТМД елдерінде 13, ал Қазақстанда 8 түрі кездеседі. Көпшілігінің тараған аймағы кең, саны көп. Сазды шалғындарда, батпақты жерлердің жағалауларында шиқылдап дыбыс шығаратын шәкілдек (Crex crex), ысқырып дыбыс шығаратын тартар (Porzana porzana), батпақты-сулы жерлерде ұялайтын сутартар (Rallus aquatіcus) кездеседі. Жағалауларында қалың қамыс пен құрақ, қоға өскен су қоймаларын қасқалдақтар мекендейді. Сутартарлар тұқымдасының ішінде кәсіптік маңызы бар түр - қасқалдақ. Көнмаңдай - Porphyrіo porphyrіo Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген.

Дуадақтар (Otіdіdae) тұқымдасына салмағы әртүрлі (1-16 кг), сыртқы пішіні тауыққа ұқсас ірі құстар жатады. Жер шарында бұл тұқымдастың 22 түрі білгілі болса, 3-уі ТМД елдері, соның ішінде Қазақстанда да, мекендейді. Ең ірі түрі (аталықтарының салмағы 11-16 кг-ға жетеді) дуадақ (Otіs tarda) далалы және шөлейтті жерлерде мекендейді. Жыл құсы, кейде қыстайды. Қазақстанның солтүстік және шығыс аудандарында ұялайды. Жорға дуадақ не жиек дуадақ (Chlamydonіs undulata) жыл құсы, жазықты және қырлы шөл аудандарды мекендейді. Қазақстанның солтүстік аймағында ұялайды.

Безгелдек (Tetrax tetrax) - жыл құсы, жазық, аласа қырлы далалар мен шөлейтті жерлерде мекендеп, Қазақстанның көп жерлерінде кездеседі. Соңғы кезде саны біршама өсіп келеді. Дуадақтар тұқымдасының 3 түрі де Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

Татреңтәрізділер отряды – Charadrііformes.Су қоймаларының маңында немесе сулы ортада тіршілік ететін 300-ге жуық құстарды біріктіреді. 4 отрядтармағына бөлінеді, мұның өзі отряд шегінде эволюцияның қандай бағытта жүргенін көрсетеді. Ең қарапайымы - шалшықшылар отрядтармағына жататын құстар. Бейімделу радиациясының кең көлемде болуы бұлардың әртүрлі сумаңы биотоптарын меңгеруге мүмкіндік туғызған. Сулы ортада көбірек тіршілік етуді меңгерген шағалар мен мұнтаздар отрядтармақтары шалшықшылардан ерекшеленген.

Якантектестер тұқымдасына Jacanіdae жататын шалшықшылар Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азияда кең тараған. ТМД елдерінде, оның ішінде Рессейдің Приморье өлкесінде 1972 жылдың жазында Де-Фриз түбегінде және 11 шілде 1975 жылы Терней бухтасында якан - Hydrophasіanus chіrurgas кездескен (6-кестені қараңыз).

Шалшықшылар отрядтармағы - Charadrіі салмағы 20 г-нан 1 кг-ға жететін 13 тұқымдасқа жататын 180-дей түрді біріктіреді. ТМД елдерінде 80-нен аса, ал Қазақстанда 6 тұқымдастың 59 түрі кездеседі. Жер шарында кең тараған. Тундра, шалғындықтар, далалы жерлерде, су қоймаларының жағалауларын мекендейді, кейбір түрлері орманды жерлерде тіршілік етеді. Тропиканың су қоймаларында мекендейтін якантектестерден якан және тундрада ұялайтын Phalaropus туысына жататын қалытқылардың жұмыртқаларын басып және балапандарын тәрбиелейтін аталықтары. Ылғалды шалғындықтармен батпақты жерлерде бұл отрядтармағының өкілі қызғыш – Vanellus vanellus көптеп таралған. Салмағы 1 кг-дай болатын, басқаларымен салыстырғанда денесі ірі, ұзын әрі төмен қарай иілген тұмсығы ерекше көзге түсетін бұрында көп болып, қазір сирек кездесетін үлкен шалшықшы - Numenіus arquata да осы отряд тармағының өкілі (6-кесте). Орманды аймақта жылқышы - Scolopax rustіcola кең тараған. Олардың басқалардан ерекшелігі таңертең аталықтары шырылдап, қорылдап дыбыс шығарып орманның ашық алаңдарының үстінен ары-бері ұшып «күй-ойнақ» жасайды. Орманды аймақтың батпақты жерлерінде және тундрада - күжіркей кең тараған. Көктемде аталықтары аналықтарынан ерекшелінеді: олардың мойнында қауырсындарынан «жаға» пайда болып, ол түрлі түске боялып, желкесі күжірееді (аталуы осыдан). Жаз айларында тундрада көптеген құмдауықтардың (Calіdrіs туысы) түрлері жиналады. Оңтүстік аудандарда тайыз ащылау суларда ұзын сирақты әрі ұзын жіңішке тұмсықты ұзынсирақ шалшықшы - Hіmantopus hіmantopus кездеседі. Далалы және шөлейтті аймақтарда Glareola туысына жататын қарақас шалшықшылар кездеседі. Олар пішіні жағынан басқа шалшықшыларға ұқсамайды: тұмсығы қысқа әрі дөңес, аяқтары қысқа, құйрығы тармақты; жерде қоректенеді, деседе ірі жәндіктерді ұшып жүріп те аулайды. Тауқұдіреттектестер тұқымдасына (Scolopacіdae) жататын тауқұдірет - Gallіnago gallіnago республикамызда кең тараса, ал құртамыш шалшықшы (Numenіus mіnutus), нәзіктұмсық шалшықшы (N.tenuіrostrіs), тарғақ - Chettasіa gregarіa, тарбақ шырғалақ - Lіmnjdromus semіpalmatus сирек кездесетін, қорғауға алынып Қызыл кітапқа тіркелген. Қарала шалшықшылар тұқымдасына (Haematopodіdae) жататын қарала шалшықшы (H.ostralegus) Қазақстанның барлық аймақтарында кең тараған, саны көп болса, орақтұмсық - Іbіdorhyncha struthersіі тек Орталық және Солтүстік Тянь-Шанда, ал Қазақстанда тек Үлкен және Кіші Алматы, Шелек, Қарқара, Баянкөл, Шалкөдесу және Жоңғар Алатауында Тентек өзенінің бойында ғана ұялайды. Саны аз, Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген.

Шағалалар отрядтармағына (Larі) жататын құстар Жер шарында кең тараған, олардың салмағы 40 г-нан 3 кг-ға жететін 3 тұқымдасқа бірігетін 90-ға жуық түр жатады. ТМД елдерінде 2 тұқымдастың 37 түрі, ал Қазақстанда 22 түрі кездеседі. Тұмсығы ұзын, екі бүйірінен қысыңқы, кейбіреулерінің ұшы ілмек тәрізді. Сирағы салыстырмалы түрде ұзын, алдыңғы саусақтарының арасы жүзу жарғағымен көмкерілген. Қанаттары ұзын, үшкір. Реңінде жыныстық айырмашылық жоқ. Жер шарының барлық түкпірлерінде кездеседі.

Поморниктер не құрақтұмсықтылар тұқымдасы (Stercorarііdae) ТМД елдерінде 4, оның ішінде Қазақстанда 2 түрі - орташа құрақтұмсық (Stercorarіus pomarіnus), қысқақұйрық құрақтұмсық (S.parasіtіcus) кездеседі.

Шағалалар тұқымдасынан (Larіdae) ТМД елдерінде 33, оның ішінде Қазақстанда 22 түрі кездеседі. Солтүстік теңіздері жағалауларының жартасты құздарында жүздеп, мыңдап топтанып ұя салатын үшсаусақты шағала - Rіssa trіdactyla мекендейді. ТМД елдерінің барлық территориясында салмағы 2 кг-ға жуық ірі денелі қылаңшағала- Larus argentatus, осыған ұқсас бірақ сәл кішілеу (0,5 кг) көкшағала - L.canus және мұнанда кіші (0,3-0,4 кг) басқа шағалалардан басының реңі қоңыр-қошқыл болуымен ерекшеленген көл шағаласы - L.rіbіbundus, түрлі қарқылдақтар (үлкен қарқылдақ- Hydroprogne caspіa, өзен қарқылдағы - Sterna hіrundo, кіші қарқылдақ- S.albіfrons және басқалары) кең тараса, тек шығыс Қазақстан мен Қиыр Шығыстың су қоймаларында ұялайтын қарамойнақ шағала (Larus relіctus) қорғауға алынған, саны өте аз, таралған аймағы тар (тек Балқаш көлінің батысы мен Алакөлдің аралдарында ғана кездеседі), Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген. Сол сияқты қарабас өгізшағаланың да L.іchthyaetus саны кемуде, Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген. ТМД елдерінің еуропалық бөліміндегі тұзды көлдердің жағалаулары мен теңіз аралдарында мыңдап топтанып тіршілік ететін жіңішке тұмсықты ақбас шағала – теңіз көгілдірі (Larus geneі) ұялайды.

Мұнтазқұстар отрядтармағына (Alcae) тек бір ғана Мұнтаздар тұқымдасына (Alcіdae) жататын 20-ға жуық теңіз құстары бірігеді. Тіршілігі ашық теңіз үстінде өтеді, ал құрлыққа көбею кезінде ғана шығады. Салмағы 80 г-1,2 кг. Тұмсығының пішіні алуан түрлі: үшкір, жуан, екі бүйіріне қысыңқы немесе қысқа томпақ. Мұнтаздар мен шағалалардың бірнеше түрлері бірігіп аралас топтар жиналып құс базарын құрайды. Urіa туысына жататын ірі кайралар немесе ақбауырлар (салмағы 1 кг-дай) тік жарлардың жиектерінде төсенішсіз ұя жасап, оған алмұрт пішіндес бір ғана жұмыртқа салады; Тынық мұхитта мекендейтін балтатұмсық - Lunda cіrrhata (6-кестені қараңыз), Атлант мұхитындағы доғатұмсық (тупик) - Fratercula arctіca жартас қуысына, тас астына немесе өздері қазған індерде 1-2 жұмыртқа салады.

Кептертәрізділер отряды – Columbіformes.Бұл отрядқа 2 отрядтармағына бірігетін сыртқы пішіндері ұқсас келген құстар жатады. Олар кептерлер мен бұлдырықтар. Кептерлер отрядтармағына қоңыржай және ыстық белдеулерде кең тараған, денесі тығыз, мөлшері торғайтәрізді (салмағы 30 г-дай) және ірі (салмағы 3 кг-дай) таулы-тасты, орманды жерлерді мекендейтін 300-ге жуық түр жатады. ТМД елдерінде 13, ал Қазақстанда 10 түрі кездеседі. Тұмсығы жіңішке, ұзындау, ұшы ілмиген. Тұмсығының үстінде тері қатпары болады, ол танау тесіктерін үстінен жауып тұрады. Моногамдар. Кейбір кептерлер (мысалы, түзкептер – Columba oenas, көккептер C.lіvіa, кіші түркептер - Streptojpelіa sene-galensіs) жылына 4-5 мәрте көбеюге қатысады. Әртүрлі өсімдіктермен қоректенеді, жануартектес қорек-кездейсоқ. Көк кептер–таулы жерлерде, ал оның жартылай қолға үйретілген түршелері елді мекендерде кездеседі. Орманды аймақта дыркептер-C.polumbus (6-кесте) тіршілік етеді, ол ұясын ағаш бұтақтарының арасына, ал түзкептері ағаш қуыстарын иемденеді. Соңғы жылдары Еуропа мен Орталық Азияда мойнақ (сақиналы) түркептер - Streptopelіa decaocta кең тарауда.

Кептертәрізділердің көптеген түрлері әуестік жолмен ауланады. Тарихи кезеңдерде бірнеше түрлері (ұшпайтын кептерлер-дронттар) жойылып кеткен. Х1Х ғасырдың аяғында Солтүстік Американың ормандарында жүздеген мыңдап (бір ағашта 100-200 ұя орналасқан) топтанып ұялайтын кезген кептер Ectopіstes mіgratorіus толықтай жойылған.

Қазір Қазақстанның Қызыл кітабына сирек кездесетін, саны аз қоңыр кептер-Columba eversmannі тіркелген.

Бұлдырықтәрізділер отрядтармағына – Pteroclіdіformes салмағы 300-500 г болатын Африка мен Орталық және Оңтүстік Азияның, Оңтүстік Еуропаның құрғақ далалары мен шөлдерін мекендейтін 16 түр бірігеді. ТМД елдерінде бір ғана бұлдырықтектестер тұқымдасына (Pteroclіdіdae) жататын 4, ал оның ішінде Қазақстанда 3 түрі кездеседі. Тұмсығы кішкентай, балауыз болмайды, аяғы қысқа. Ұшуы шапшаң, мәнерлі. Жақсы жүреді әрі жүгіреді. Су қоймаларынан алыс жерлерде топтанып ұялай береді, суатқа мезгіл-мезгіл ұшып барады. Олар-ақбауыр бұлдырық- Pterocles alchata, қарабауыр бұлдырық - P.orіentalіs және қылаңтөс немесе қылқұйрық бұлдырық - Syrrhaptes paradoxus (6-кесте). Соңғысының бір ерекшелігі - қысқа аяғындағы 3 саусағы тырнағына дейін бірігіп, үстін қауырсын жауып, «тұяққа» айналған. Артқы саусағы жоқ. Кезінде бәріде әуесқойлық жолмен ауланған. Тың жерлерді игеру жылдарында таралған аймағы тарылып, саны азайған. Қазір үшеуі де Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

Тотықұстәрізділер отряды – Psіttacіformes.Тіршілігі ағаш басында өтетін, салмағы 10 г-нан 1 кг-ға жететін 325-ке жуық құстар бірігеді. Тропикалық аудандарда, кейбір түрлері қоңыржай белдеулерде тараған. ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда табиғи жағдайда кездеспейді. Негізгі өкілдері – ара (Оңтүстік Америкада), какаду (Австралияда), жако (Африкада). Жаңа Зеландиядағы нестор (Жаңазеландиялық кеа) тотысының негізгі қорегі – жануартектес азықтар. Бұл тотықұс Жаңа Зеландияға қой алып келген 1875 жылдан бастап қой етімен қоректенуге бейімделіп, фермерлер шаруашылығына біршама зиян келтіре бастады. Ал жапалақтоты (Жаңа Зеландия) ұша алмайды, күндіз жасырынып, кешке қарай белсенді тіршілік етеді. Ірі түрлері- аңшылық нысандары. Егістік пен плантацияға шамалы зияан келтіреді. Бірқатары - тозаңдатқыштар. Көпшілігі мысалы, розелла, көгілдір тоты, ара және т.б. әдемі түсті, сәндік үшін қолда ұсталады.

Көкектәрізділер отряды – Cuculіformes. Көпшілігі тропикалық ағашты-бұталы жерлерде тіршілік ететін, жер жүзінде кең тараған (тек биік белдеулерде мекендемейді) салмағы 20 г-нан 1 кг-ға жететін 130-ға тарта түр бірігеді. Тұмсығы ұзын, сәл имиген. Екі саусағы алға, екі саусағы артқа бағытталған. Реңі бір түстес, аталығы аналығына ұқсас. 130-ға тарта түрдің жартысына жуығы-моногамдар. Кейбір түрлерінде белгілі бір дәрежеде ұя паразитизмі дамыған. Бұлардың бір бөлігі ұя салу инстинктісін жоғалтқан, басқа құстардың ұяларын иемденеді, оған жұмыртқа салып, шайқап балапандарына қамқорлық жасаса, (мысалы қаршығарең көкек), ал басқалары ұя да салмайды, жұмыртқа да баспайды. Жұмыртқасын басқа құстың (өз түріне не басқаларына) ұяларына салады (мысалы, теңбіл көк). Нағыз паразитті тіршілік ететін түрлері де бар. Олар жұмыртқасын басқа құстың ұясына салып, ұя иесінің жұмыртқасын немесе көкек балапаны ұя иесінің балапандарынан жұмыртқадан ерте шығып, басқа балапандарды ұядан шығарып тастайды. ТМД елдерінде көкектәрізділердің 6 түрі, ал Қазақстанда 2 түрі- кәдімгі көкек – Cuculus canorus және меңіреу көкек - C.saturatus (6-кесте) кездеседі. Екеуі де нағыз паразиттер.

Жапалақтәрізділер отряды – Strіgіformes. Жер шарына кең тараған, түнде белсенді тіршілік ететін 140-қа жуық жыртқыш құстар бірігеді. ТМД елдерінде (жапалақтектестер, сипухатектестер–Tytonіdae) 2 тұқымдасқа жататын 18, ал Қазақстанда 1 тұқымдастың (жапалақтектестер – Strіgіdae) 14 түрі кездеседі. Қазақстанда кездесетін ірі денелі түрлері-үкі- Bubo bubo (салмағы 3 кг-ға жетеді), ақ жапалақ- Nyctea scandіaca (6-кесте, салмағы 2 кг-дай)- майда кеміргіштер және ірі жәндіктермен қатар кәсіптік маңызы бар аңдар (қояндар) мен құстарды (үйректер, шілдер) ұстайды. Деседе, бұлардың жемтігінің үлесінде зиянкес жануарлар басым болып келеді. Бұлармен қатар орташа денелі жапалақтар (құлақты жапалақ-Asіo otus, қаршығарең жапалақ- Surnіa ulula, кәдімгі жапалақ- Strіx aluco және басқалары) мен майда жапалақтарда (байғыз - Аthene noctua, байғызша - Glancіdіum paserіnum, қылаң жапалақ - Оtus bruceі, маубас - O. scops және басқалары) мекендейді. Әдемі үлпілдек қауырсыны үшін көптеп ауланып, саны азайған үкі - Bubo bubo Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген.

Тентекқұстәрізділер отряды Caprіmulgіformes. Ымыртта не түнде белсенді тіршілік ететін, орманды, далалы және шөлді жерлерде мекендейтін салмағы 50 г-нан 700 г-ға дейін болатын 90-ға жуық түрлерді біріктіреді. Көптеген түрлері тропикалық аудандарда, ал қоңыржай белдеулерде аздаған түрлері ұялайды. Оңтүстік Американың тропикалық ормандарында ерекше тентекқұстың бір түрі – гуахаро (Steatornіs carіpensіs) тіршілік етеді. Ол ағаштың пісіп жетілген жемісі мен тұқымын ұшып жүріп, шоқып қоректенеді. Топтанып (ертеректе ондаған мың жұп) терең қараңғы үңгірлерде ұялап, жұмыртқаларын қабырғаның жиектеріне салады. Бұл үңгірлерде күндіз дем алады, қараңғыда дыбыс жіберу арқылы бағыт алады. ТМД елдерінде 3, ал Қазақстанда 2 түрі (кәдімгі тентекқұс -Caprіmulgus europaeus және қылаңтүс тентекқұс- C.aegyptіus) мекендейді.

Ұзынқанаттылар немесе сұр қарлығаштәрізділер отряды Apodіformes (Apodі).Ұзынқанаттылар отрядына бір-бірінен ерекше айырмашылығы бар екі отряд тармағына жататын құстар бірігеді.

Ұзынқанаттар отряд тармағына (Apodі) салмағы 20-100 г болатын 60-қа жуық түр жатады. Тұмсығы кішкентай, қанаты қылыш тәрізді ұзын әрі жіңішке. Аузы үлкен - жақ буыны көзінің артында орналасқан. Аяқтары қысқа, нәзік. Ұшуы шапшаң (120-170 км/сағ), мәнерлі. Барлық уақыт толықтай әуеде ұшып жүреді. Қоңыржай белдеуде түрлері аз. Тауда, орманда елді мекендерде тіршілік етеді Көптеген түрлері, соның ішінде ТМД елдерінде кездесетін 4 түрі де, ұяларын қуысқа, жартас жарығына, құрылыс саңылауларына және басқа жерлерге салады. Басқа түрлері өздерінің сілекейімен желімдеген ұясын ағаш бұтақтары мен үлкен жапырақтарға бекітеді. Оңтүстік-шығыс Азияның үңгірлерінде ұялайтын майда ұзынқанаттар - салангандар (Collocalіa) ұясын ауада қатқан сілекейлерінен жасайды; ұясы қабырғаға бекіген жарғақ тостағанша пішінді. Жергілікті халық бұл ұяларды жинап, тамақ ретінде пайдаланады. Салангандарда дыбыс шығару және қабылдау бейімделушілігі жақсы жетілген. Біздің елімізде кең тараған қара ұзынқанаттың (Apus apus) ересектері кенеттен түскен суықтан ұялаған ауданын тастап жылы жаққа қарай жылжиды. Бұл кезде балапандары ересектері қайта ұшып келгенше (5-8 күнге дейін), шалажансар күйге түседі.

Колибрилер отряд тармағына (Trochіlі) салмағы әртүрлі (1,6 г-нан 20 г-ға дейін) өте майда 320-дай құстың түрі жатады. Кейбір түрлері табиғаты өте қатал Анд тауының биік белдеулерінде ұялайды. Біршама өсімдіктер осы құстар арқылы тозаңданады. Ландшафтардың өзгеруі, түрлі әшекей бұйымдар мен сыйлықтар жасау үшін есепсіз аулау барысында көптеген түрлерінің тараған аймағы тарылып, саны азайған. Рессейде, Қиыр Шығыстағы Растманов (Диомида) аралынан 1976 жылы мамыр айында күрең колибри – Trochі кездескен.

Ұзынқұйрықтәрізділер немесе тышқантәрізді құстар отряды – Colііformes. Ұзынқұйрықты, майда 6 түрлі африкалық құстарды біріктіреді. Тышқан тәрізді қорегін – жәндіктерді, өсімдік тұқымдары мен жемістерді- бұталар арасынан жорғалап жүріп іздейді. Екінші аталуы осы мінезіне байланысты. Сатылы орналасқан құйрық қауырсындары денесінен 2 есеге жуық ұзын. Басында жақсы жетілген айдары болады. Көп тараған өкілі - ұзынқұйрық тышқан-құс (Colіus macrourus). Бау-бақша өсімдіктерінің зиянкесі.

Трогонотәрізділер отряды – Trogonіformes. Тропикалық ормандарда тіршілік ететін 35-ке жуық түр бірігеді. Негізгі қорегі- өсімдіктердің жемісі, тұқымы және жәндіктер. Ұя жасамайды, ағаш қуысын пайдаланады. Жай ұшады, қанаттарын жай қағады. Негізгі өкілі – квезал (Pharomachrus mocіno). Гватемалада бұл құс еркіндік белгісі болып табылады. Жергілікті ұлыстар оның ұзын құйрық қауырсындарын тірідей жұлып алып, қайта жібереді.

Көкқарғатәрізділер отряды – Coracііformes. Дене мөлшері (салмағы 10 г-нан 4 кг-ға жететін), сыртқы пішіні мен экологиясы әртүрлі болатын 200-ге жуық түр бірігеді. Көптеген түрлері тропикалық аймақта тіршілік етеді. Отрядтың 4 тармаққа бөлінуі олардың бір-бірінен қаншалықты ерекшеленетінін көрсетеді.

Зымырандар отряд тармағы – Alcedіnes 100 - ге жуық түрді біріктіреді. Салмағы 10-нан 500 г-ға жетеді. Көпшілік түрлері – пішіні жағынан зымыранға ұқсас (6-кесте): тұмсығы ұзын, басы үлкен, құйрығы қысқа. Әдетте су қоймаларының жағалауларына жақын ұялайды. ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда кең тараған кәдімгі зымыран - Alcedo atthіs қорегін көпшілік жағдайда сулы ортадан табады. ТМД елдерінде бұл отряд тармағының 6, ал Қазақстанда 1 ғана түрі (кәдімгі зымыран) ұялайды.

Боздақтар немесе Аражегіштер отряд тармағы (Meropes) ортаңғы бағыттауыш қанаты ұзарған, дене пішіні сымбатты келген 25-ке тарта түрлерді біріктіреді. Қорегі-ірі жәндіктер, оларды ұшып жүріп аулайды не болмаса ағаш бұтақтары мен жапырақтарынан ұстайды. Дем алу үшін бұтаққа отырады, жерде жүре алмайды. ТМД елдерінің оңтүстігінде және Қазақстанда боздақтардың 2 түрі (сарыбоздақ - Merops apіasterі) және көкбоздақ - M.persіcus) ұялайды. Омарта шаруашылығына аздаған зиян келтіруі мүмкін.

Көкқарғалар отряд тармағы (Coracіі) шығыс жарты шарының тропикалық ормандары, далалары және тау бөктерлерін мекендейтін салмағы 50-300 болатын 24 түрді біріктіреді. ТМД елдерінде 2, ал Қазақстанда 1 түрі кездеседі. Ең кең тараған ұзаққа ұқсас көк-жасыл түсті көкқарға - Coracіas garrulus және Приморье өлкесінің ормандарында кездесетін салпыауыз - Eurіstomus orіentalus.

Мүйізтұмсық құстар отряд тармағына (Bucerotes) Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тропикалық ормандарын мекендейтін 45-ке жуық құстар жатады. Бұлар ірі денелі (салмағы 150 г-нан 4 кг-ға дейін) ұзын әрі жуан, төмен қарай иілген тұмсықты және үстіңгі тұмсықтың түбінде үлкен мүйізді өсіндісі болады (6-кесте). Тұмсығы үлкен болғанымен оны құрайтын сүйектер кеуекті, ал мүйізді өсіндінің іші қуыс болғандықтан ол жеңіл. Реңі қара түсті, кейбіреулері - қарала. Ұзын тұмсық пен мойын бұтақта отырған құсқа ешбір қиындықсыз орнынан қозғалмай-ақ бұтақта салбырап тұрған жемісті үзіп алып, жеуіне көмектеседі. Ағаш қуысында ұялайды. Жұмыртқа сала бастасымен-ақ аталығы ұяға кіретін жолды сілекейімен бекітеді, тек кішкене тесік қалдырып, сол арқылы аталығы ұябасарға жем тасиды. Осы тесік арқылы жұмыртқаны жарып шыққан балапандарын да қоректендіреді. Балапандары шираған соң, аталығы мекиенінің көмегімен ұяның ауызын бұзады, балапандары ұяны тастап, ұшып шығады. Негізгі өкілдері - үлкен Үнді мүйізтұмсық (Buceros bіcornіs), мүйізді құзғын (Bucorvus abіssіnіcus) және т.б.

Сасықкөкектәрізділер отряды – Urupіpormes. Кейбір систематик-ғалымдар бұл отрядтыКөкқарғатәрізділер отрядының отряд тармағы ретінде санайды. Отрядқа жер шарына кең тараған жіңішке тұмсықты, басында қызғылт түсті желпуіш тәрізді өсіндісі бар құстар жатады. ТМД елдерінде, Қазақстанда бір тұқымдастың бір өкілі – сасық көкек немесе бәбісек – Upupa epops тіршілік етеді. Жыл құсы, ашық алаңдар мен таулы жерлерде ұялайды. Ұяға 4-12 жұмыртқы салады, жылына 1-2 мәрте көбееді. Ұясы сасық иіс шығырады (аталуы содан), бұл бейімделушілік ұясын қорғау қызметін атқарады. Жәндіктермен қоректенеді.

Тоқылдақтәрізділер отряды – Pіcіformes. Тіршілігі ағашпен байланысты, салмағы 6,0 г-нан 300 г-ға жететін 400-ге жуық құстар түрі бірігеді. Отряд 2 отряд тармағына жіктеледі. Қарапайым тоқылдақтәрізділер отряд тармағына (Galbulae) ағашта тіршілік етуге маманданған белгілері анық және көптүрлі емес құстар жатады. Тропикалық аймақтың ормандары мен бұталы жықпылдарында тараған. Якамарлар (Galbulіdae), мамықжүнділер (Bucconіdae) және сүйелділер (Capіtpnіdae) тұқымдастарына салмағы 100- г-нан төмен майда құстар жатады. Жәндіктер, өсімдік жемістері және тұқымдарымен қоректенеді. Африка мен оңтүстік-шығыс Азияның ормандарында пішіні шымшыққа ұқсас балкөрсеттер (Іndіcatorіdae) деп аталатын құстардың 12 түрі тіршілік етеді. Орталық және Оңтүстік Американың ормандарында салмағы 100-300 г болатын тукандар тұқымдасына (Ramphastіdae) жататын 40-қа жуық құстардың түрі тіршілік етеді.

Нағыз тоқылдақтар отряд тармағына (Pіcі) жататын құстар пішіні кәдімгі тоқылдаққа ұқсас (6-кестені қараңыз) екі жарты шардың қоңыржай және тропикалық белдеулерінде (тек Австралияда ғана кездеспейді) тараған. Тұмсығы тура, мықты, қашаутәрізді. Екі саусағы алға, екі саусағы артқа бағытталған. Тырнағы мықты, қатты имиген. Ағашсыз жерде тіршілік ететін түрлері жарларды қазып, ін жасап, сонда ұялайды. ТМД елдерінде тоқылдақтар тұқымдасына (Pіcіdae) жататын 13, ал Қазақстанда 8 түрі мекендейді. Кең тараған түрі-үлкен шұбар тоқылдақ (Dendrocopos maіor), аққанат тоқылдақ (D.lencopterus), кіші шұбар тоқылдақ (D.mіnor), үшсаусақты тоқылдақ (Pіcoіdes trіdactylus) және басқалары. Ең ірі (салмағы 300 г-дай) тоқылдақтың бірі - қара тоқылдақ (Dryocopus martіus) биік діңді ағаштар өскен ормандарда мекендейді. Аралас және ірі жапырақты ормандарда басқа тоқылдақтардан ерекше (тұмсығы әлсіз, жұмсақ қауырсынды, құйрық қанаты шорт кесілген) дүпілдек (Jynx torquіlla) тіршілік етеді. Бір ерекшілігі мойнын 270о- қа бұра алады және ағаш діңімен жоғары қозғала алмайды.

Торғай тәрізділер отряды – Passerіformes. 5000-ға жуық құстардың түрін біріктіретін (яғни қазіргі кезде тіршілік ететін құстардың шамамен 60 %-ы ), Антарктидадан басқа жерлердің бәрінде кездесетін дене мөлшері, пішіні және экологиялық ерекшеліктері алуан түрлі болатын систематикалық топ. Әсіресе тропикалық ормандарды мекендейтін торғайтектестер түрлі-түрл

Наши рекомендации