Азақстандағы желдерге сипаттама
Қыста осы жоғарғы қысымды белдеуден солтүстікке қарай оңтүстік және оңтүстік-батыс желі, ал оңтүстікке қарай солтүстік және солтүстік-шығыс желі басым соғады. Жоғарғы қысымды белдеуден алыстаған сайын желдің жылдамдығы баяулайды. Қаңтар айында Орталық Қазақстанда желдің орташа айлық жылдамдығы 4–6 м/сек, ал оңтүстігінде ол 2–4 м/сек-қа дейін баяулайды. Жазда желдің жылдамдығы баяулайды. Олардың орташа айлық жылдамдығы шілдеде солтүстік аймақта 2–3 м/сек., оңтүстікте 1–2 м/сек.
Қазақстанның биік таулы аймақтарында қыста да, жазда да желдің екпіні біршама күшті келеді. Сендер өткен курстан Жердегі ауаның тұрақты ағымы қалай пайда болатынын және Қазақстан орналасқан ендікте батыс желі тұрақты және басым екенін білесіңдер. Тауларда желдің негізгі бір түрі – жазда соғатын және тәулік ішінде бағытын өзгертіп отыратын (таңертең жазықтан, кеш бата таудан) жел түрлері басым. Бұларды тау аңғарлық жел деп атайды.
Тау аралық аңғарларда және қазаншұңқырларда, мысалы, Жоңғар қақпасы мен Іле аңғары сияқты жерлерде соғатын жергілікті жел де бар. Жоңғар қақпасы арқылы жергілікті сайқан және ебі желі, Іле аңғарымен шілік желі соғады. Жылдамдығы 15–20 м/сек-тан немесе сағатына 72 км/сағ асатын қатты соққан желді дауыл деп атайды. Жылдамдығы 30 м/сек-тан жоғары болатын қатты желдерге тоқталайық.
Ебі желі– Эбі желі Жоңғар Алатауының оңтүстік шығысында Қытайда орналасқан Эбі-Нұр көлі қазаншұңқырында, жоғарғы қысым пайда болғанда соғады. Мұндай антициклонда шығыс желі тұрады да, Қазақстан аумағындағы Алакөл көліне қарай соғады. Осы кезде төменгі қысым аймағы пайда болады. Жоңғар қақпасы – ені тар тектоникалық жарық, ені 20 км-ден 40 км болатын, ең тар жері – 10 км шамасында. Ауа тау жоталарының арасымен қысылып, үйкеліске ұшырап өтеді, жылдамдығы секундына 60–80 м-ге жетеді. Қыс кезінде қысылып өткен ауаның температурасы қоршаған ортасынан 8–10°С жоғары болады. Сондықтан ол жылы желге жатады. Жалпы бұл жел жыл ішінде орта есеппен 70–100 күндей соғады. Жазда Еуразия материгі қызған кезде Ебінұр қазаншұңқыры үстінде жоғары қысым сирек кездеседі. Ебі желі де баяулайды. Ебі желін алғаш рет сипаттап жазған қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов. Жоңғар қақпасынан ескен күшті жел Алакөл маңы көлдерінен балық аулауды қиындатады, жол қатынасына, басқа да шаруашылыққа зиянын тигізеді.
Сайқан желі– Ебi желiне керi бағытта Жоңғар қақпасы арқылы Орталық Азияға қарай соғып тұратын жел. Алакөл үстінде жоғары қысым орнағанда, антициклон тұрақтап күшіне енген кезде, Сайқан желі солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай соғады. Желдің жылдамдығы 50–60 м/сек. Алакөл ойысында температура – 30–37°С-қа дейін төмендейді. Сайқан жоталарын бойлай соғатын болғандықтан Сайқан желі деп аталады. Жел қыркүйек пен сәуір айлары аралығында күшті соғып, қалған айларда бәсеңдейді. Қатты соққан кезде Алакөлдің су деңгейі 1 м-ге дейін көтеріледі. Табиғат жағдайына желдің тигізер зияны көп. Сайқан желі 2–3 тәулікке созылуы мүмкін. Жауған қарды ұшырып, топырақты құрғатады, мал басын шығынға ұшыратып, жол қатынасын қиындатады, балық аулауға зиянын тигізеді.
Шілік желі Шілік өзені бастау алатын мұздықтар өңіріндегі салқын ауаның Іле аңғарына қарай ығысуынан пайда болады. Жел өзен аңғарын бойлап, күндіз солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, түнде керісінше бағытта соғады. Жыл бойы жылдамдығы 8–10 м/сек. Қыста үдей соққан жел қарды ұшырып, жол қатынасын қиындатады. Арыстанды-Қарабас желі Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің аңғарымен соғады. Жел Мойынқұмның үстімен өткенде құм түйіршіктерін суырып, құмды қара бұрқасын тұрады, жолдың көріну қашықтығы азаяды. Сондықтан бұл желді халық «Қарабас желі» деп атаған. Оның күшті болу себебі, біріншіден, ауа ағыны Қызылту және Шақпақ арасындағы тау асуынан өткенде ауа ағынының жылдамдығы артады, екіншіден, Арыстанды өзенінің аңғарында оның екпіні одан да күшейе түседі. Арыстанды-Қарабас желі солтүстіктен үзбей соғып тұрады. Оның жылдамдығы 35 м/сек.
Қордай желі – Жамбыл облысының оңтүстік-шығысындағы Жетіжол жотасы мен Кіндіктас тау аралығындағы Қордай асуының үстінен соғатын жел. Қазақстан жерінде қыста Сібір антициклоны орнаған кезде жылдамдығы 40 м/сек-қа (сағатына 144 км-ге) жетеді. Бұл өңірде жылына шамамен 55 күн күшті жел соғады.
Мұғалжар желі – Мұғалжар тауынан соғады, әсері Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде байқалады. Мұғалжар желі күзде осы өңірге солтүстік-батыстан және батыстан келетін циклонға Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы ойпаттар ауасының сорылып-тартылуынан пайда болып, жылдамдығы секундына 50 м-ге жететін қатты дауыл түрінде оңтүстік және оңтүстік-батыстан соғады.
Қазақстан жеріндегі жел жылдамдығының географиялық таралуын талдағанда 4 м/сек-тан күшті желдерге ерекше көңіл аударылады. Өйткені ондай желдер жел диірмендерін қозғай алатын күші бар. Қазақстанда Арал–Балқаш ендігінен солтүстікте желдің жылдамдығы 4 м/сек-тан артық. Бұл желдердің энергетикалық қоры 1 млрд квт. Жел күшін Қазақстанда құдықтардан су тартуға, жел диірмендерін жүргізуге пайдалана бастады.
Арыстанды-Қарабас Желі– Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек, Ордабасы аудандары және Түркістан қалалық әкімдігі аумағында байқалатын табиғат құбылысы. Қаратаудан бастау алатын Арыстанды өзенінің аңғарын бойлай соғады. Қаратаудың батыс және шығыс биік жоталары аралығындағы тар асудың әсерінен үдеп, атмосфераның өзімен бағыттас ауа ағынымен қосылған кезде күшейе түседі. Жылдамдығы 25 м/с-қа жетеді. Жел солтүстіктегі құмды өңірден соққан кезде қара құйынды болып басталады. «Қарабас желі» деп аталуы да сол құбылысқа байланысты. Жел Арыстанды өзені алабының климатына әсерін тигізеді: қыста ауа райы күрт суйиды, жазда аңызақты қуаңшылық қалыптасып, апталап соғады.