Стр. 74 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 73
Стр. 75
Қазақстанның ашық кітапханасы
салқын леп үрлейді. Ақтылы-көктілі көбелектер қалт-қалт етіп, екеу-екеу жарысып
ойнайды. Ыстығы жоқ, бұлты жоқ, әдемі бір күн келе жатқандай.
Демалыс күнін жауынгердің бәрі де не қалаға барып, не теңіз жағасында өткізбек екен.
Бәрі де таза киініп, қырынып алған, жұтынып тұр. Аспан қандай ашық болса, жігіттердің
жүзінде де ешбір көңілсіздік көлеңкесі жоқ.
—
Өлді демалыс күнің! — дегенді біріне бірі қалжың ретінде ғана айтады.
«Жау жеттілеп» үсті-үстіне төмпештеп берілетін қатер белгісі, әр кезде бола беретін.
Қашанда ұйқыдан оятар белгілі сағаттан көп бұрын беріліп, ұйқы дегенді сергітіп болған.
Әсіресе, курс аяқталар кезге жақындағанда жиіленіп кетіп еді.
Кейде кезің жаңа ұйқыға кете бергенде тұрғызып алып, бірнеше сағат айдап әкетіп,
таңертеңгі тамаққа бір-ақ әкелетін. Ондайда шын-ақ жау келіп қалғандай, бар қаруыңды
асындырып, оққа дейін толтыра салып беріп, пулеметтерді арқалатып, қатал әмірмен
айдайды.
— Темір жол станциясының маңында бір бәле бар көрінеді,— дегені жауынгерлерге шын
сеніп айтқандай көрінеді!
Екі бүйіріңде, алдыңғы жақта, күзет-қорғау күштері кетіп бара жатады. Көпір, аэродром
сияқты жерлер жау қолында қалғандай, зерттеушілер кетеді. Кейде байланыс үзіліп, жау
белгісі жақын сезіліп, әскер қатарына әр түрлі өзгерістер де кіріп қалады. Пулеметке оқ
салар кезеңге келіп қаласың. Әлдекімдер қарауыл хабарын шала жеткізгендіктен сөгіс
алып жатады.
Алғашқы кеткен зерттеушілер хабарсыз кеткендей, тары да топ-топ зерттеуші жіберіліп
барлау, қарауыл жұмыстары айқыш-ұйқыш тартылып қалады. Ең берісі белден келтіре
окоп қазып аласың. Барлық бөлімдер әзірлігін штабқа хабарлап, әмір күтіп әзір отырады.
Мұның бәрі де әшейіндегі әскер ойынына ұқсамай, қатал тәртіппен жүргізілгендіктен шын
бір бәле болып қалған екен деп, сеніп қалатын кезің де болады. Таң атып, күн шыға
бергенде, енді сен «от!» деген әмір күтіп отырғаныңда, жорық бітіп, қайту күйі ойналады.
Әскер күйлері «болар-болмас, болмай қоймас» деген дүдамал тілді білмейді. Сүйер-
сүймесін білмейтіндей дел-дал да болмайды. «Жат!», «тұр!», «жау!», «бітті!» деп дәл-дәл
айтады. Адам түгіл, әскердің аттары да тез ұғып алады оны.
Командирлер өз бөлімшелерін қатарға тізіп алып, таңертеңгі салқынмен лагерьге алып
қайтады. Теңізге жақындап кетсең, өзен кездессе, таңертеңгі мұздай суық тау суына бір
шомылдырмай тағы қоймайды. Әрбір жорықтың аяғында суық суға бір шомылу жүреді.
Әсіресе, күндізгі жорықтан жаңа қайтып тамағыңды шала-пұла ішіп бола бергенде,
әйтпесе, көзің жаңа ұйқыға кете бергенде орныңнан тұрғызып алып, айдап жөнелу —
шынықтырудың жоғарғы түрлеріне жатады.
Біз бүгін де соны күтіп, тез киініп, тез қатарландық. Ойымызда не болса да тез аяқтап,
тезірек босанып, қалаға, теңізге қыдырып кету жүр. Бұрын жексенбі күнімізге тимеуші
еді, сондықтан бүгінгі демалысымыздың шала бұйырғалы тұрғанына наразылығымыз да
бар. Қалаға бару үшін киген таза киімдеріміздің шаң болып қалатындығы да күйзелтіп
қояды.
Әдеттегі тыныш тұр, қатарлан, кейін бас, ілгері бастан кейін, әдеттегі түгенделіс
басталды: