Калам ілімінің пайда болуы

Калам ілімі – тікелей мұсылмандар тарапынан Құран мен Сүннеттегі мәліметтер аясында пайда болған және дамытылған ілім. Өзіне тән проблемалары мен әдіс-тәсілдері бар аталған ілім мұсылмандар арасында орын алған шарттар мен қажеттіліктерге қарай дамытылған. Калам ілімі ислам қоғамының белгілі діни, тарихи, әлеуметтік және саяси шарттармен пайда болған және уақыт өте келе дамытылған.

Калам ілімінің өзінің тақырыбы ретінде қарастыратын саласы – исламның сенім негіздері. Ал сенімнің бастауы – Құран. Ал оның кең түсініктемесі – Сүннет.

Ислам дінінің сенім негіздері – таухид аясындағы Аллаға деген сенім, оның бар екендігі, бірлігі, сипаттары, періштелер, құдайлық кітаптар, пайғамбарлар, ахирет өмірі, қадар мен қаза. Одан соң аталған негізгі тақырыптармен байланысты және олардың кейінгі түсініктемесі болып табылатын «руятуллаһ», яғни, Алланың ахиретте көрінуі мәселесі, адам мен Алла қатынасы, адамның еркіндігі проблемасы, ажал, ризық тақырыптары, өлімнен соң тірілу, жаннат пен жаһаннам өмірі, иман, иман мен амал қатынасы, күнә проблемасы, иман мен күпірлік проблемасы және басқа да мәселелер калам ілімінің тақырыбы болып табылады. Осы тақырыптар ислам мәдениетінің дамуы кезеңдерімен тығыз байланысты заманындағы негізгі проблемалар ретінде туындап отырды. Жалпы калам ілімін бес кезеңге бөліп қарастыруға болады.

1. Құран уахи арқылы келуі кезеңі: Пайғамбар дәуірі;

2. Каламдық тартыстар пайда бола бастаған алғашқы идеялық әрекеттер және қайшылықтар кезеңі;

3. Мутазила мазхабының пайда болуы;

4. Әһлу Сунна калам мазхабтарының пайда болуы

5. Жаңа калам ілімі дәуірі: ХІХ ғасырдың соңында басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасқан кезең.

Пайғамбар дәуіріндегі калам.Пайғамбар дәуірі – Құран уахиі келіп тұрған және Пайғамбардың өліміне дейін жалғасын тапқан кезең. Бұл кезеңде Құран аяттары түсіп тұрды, бірақ, Құран аяттары толықтай келіп бітпеген еді. Сондықтан, өзге ислами ілімдер тәрізді Калам ілімі де пайда бола қоймады. Оның үш себебін атап өтуге болады:

1. Құранның аяғы келіп бітпегендіктен қандай да бір ілім қалыптаспады.

2. Пайғамбар дәуірінде сенімдік тақырыптарда мұсылмандар арасында алауыздыққа жол ашатын қандай да бір идея орын алмады. Мұсылман көңіліндегі түйіткіл мәселелерді уахи және Пайғамбар арқылы шешетін.

3. Сахабалар ойларында туындаған сұрақтарды уахиді тікелей алып отырған Пайғамбардан сұрап одан нақты және көңілге қонарлық жауап алатын, сондықтан, олардың өзара ойлануына ешбір қажеттіліктері болмады.

Алайда, Пайғамбар тірі кезінде сенімдік мәселелер күн тәртібіне келмеді деп түсінбеген жөн. Құранның ең басты тақырыптарын құрайтын Аллаға, Пайғамбарға және Жұмақ пен Тозақ өміріне қатысты тақырыптар осы кезеңде ең көп тоқталатын тақырыптар болып табылды. Калам ілімінің негізгі тақырыбы болып табылатын тақырыптарды ақылмен тануға, саралауға ислам тиым салмаған. Осыған орай, алғашқы мұсылмандар қиындық тудыратын сұрақтарын, тіпті, жүректері мен ой-саналарында орын алған күмәндер мен екі ойлылықтарды ғана Пайғамбардан сұрайтын. Алланың елшісі оларды қанағаттандыратын дәрежеде жауап беретін.

Өзінің сенімді серіктері, тіпті, мұсылман емес, сенбейтін мүшіріктер, христиандар және басқа да сенім өкілдері тарапынан Пайғамбарға сұрақтар қойылатын. Сахабалар шешімі қиын мәселелерді анықтап білу, имандарын қуаттандыру мақсатында сұраса, өзге дін өкілдері аяқтан шалу, мұсылмандарды қиын жағдайға тап қылу мақсатында сұрайтын. Ал Пайғамбар мұсылмандар мен мұсылман еместердің қойған сұрақтарына жауап берерде уахиді және Алланың берген білімін қолданатын. Ол алдымен Құран уахиіне арқа сүйейтін, Құран дәлелдерін қолданып, кейде оған басқа дәлелдерді де қосатын. Осыған орай, Пайғамбар мен сахабалар арасында сенім мәселесі бойынша тартыс туындамады. Құранның мазмұнында орын алған бірнеше мәселеде Пайғамбар өзге дін өкілдерімен пікір таластырған. Мысалы, Нежран христиандарымен Пайғамбар Иса пайғамбардың тұлғасы мен мәні жайында тартыс жүргізген.

Құран мен Пайғамбардың ақылдық қабілетке маңыз беруі нәтижесінде алғашқы мұсылмандар сенімдерін ақылдық қабілетпен қуандандыған. Ал олар ақылдың күшімен жеңе алмайтын саналарындағы сұрақтар мен күмәндарды Пайғамбардан сұрайтын. Әбу Һурайраның риуаят еткені бойынша бір топ сахаба Пайғамбарға келіп: «айтудың өзі күнә болып табылатын бір нәрсені көңілімізде сезінеміз», - десті. Сонда Пайғамбар: «шынымен де солай сезінесіңдер ме?» – деп сұрады. Олар: «ия», - десті. Пайғамбар: «міне бұл иманның нақ өзі, шынайы иман дегеніміз – осы», - деп жауап берген. Келесі бір риуаятқа қарағанда Пайғамбардан уасуаса (күмән) жайлы сұралған кезде ол: «иманның пәктігі», - деп жауап берген.

Ибн Аббас мынандай бір риуаятты жеткізген: «бір адам Пайғамбарға келіп: «айтқанда жанып күл болып кетуді таңдайтындай дәрежеде бір нәрсені сезініп жүрмін», - деді. Бұған Пайғамбар былай деп жауап берді: «Құлының жағдайын (иман дәрежесін, тақлидтен) уасуасаға (тахқиққа) жоғарылатқан Аллаға мадақ».

Сахабалардың қияметтің жағдайы, Жұмақ пен Тозақ, рухтың мәні, тағдыр және басқа да сенімдік тақырыптар турасында қойған сұрақтары мен Пайғамбардың оларға берген жауаптары хадис кітаптарында бізге жеткізілген.

Сенім мәселесінде адам ойына келетін барлық сұрақтар – адам болудың, дәлірек айтар болсақ, иманды адам болудың белгісі. Иманды адамның осыларды ойлауы және сұрауы оның иманға деген бөлген көңілін, талпынысын білдіреді. Осыған орай Пайғамбар сенімді серіктерінің сұрақ қоюларына тиым салмаған.

Наши рекомендации