Ріс. Орыстың революционер - демократ философтары. 3 страница

Тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекеттік туы етіп көк түсті жалауды бекітті. Бұл мұсылмандардың жасыл, монғолдардың қара түсті, Ресейдің ақ, көк, сары түсті жалауы емес. Мұның негізінде қазақ халқының ежелгі Көкке сиынуы жатыр.

Қазақ халқы жас балаға ат қойғанда «Құдайберген» деген есімге «Тәңірберген» деген есімді де тең мағынада кең қолданған. «Таңғы тамақ Тәңірден» деген мақал да соның айғағы. Ел арасында бақсы-балгерлік кәде, зікір салып, үшкіру сияқты әдеттер күшті болды. Түрлі науқастарға бақсы шақырып, ойын көрсетіп, адамның ауруын қуыршақ жасап, соған аудармақ болған, түрлі жазылмай жүрген жаралардан «бедік» оқып, сауықтырмақ болған. Құмалақ ашып, жауырын сүйекке ақарап болжам жасау, Көкке қол жайып, тілек айту, аспан денелері: Айға, жұлдызға, Күнге табыну, отқа сиыну, күл шашу, не оны баспау, үкі құстың қауырсынын тағу, кілемге, тақияға, домбыраға, шымылдыққа үкі тағу, жыртқыштардың тырнаған бесікке ілу, үйге қарай жүгірмеу, иттің ұлығынынан қорқу, әйелдер шашын жалбыратып жүрмеу т.б ырымдар исламға дейінгі ескі шаман дінінің сана мен отбасы салтында сақталған жұрнақтары. Олар көзден, тілден қорыққан. Нәрестелерге Итемер, Қабан, Күзен деген сияқты аттар қойған. Бірақ халқы осылардың бәрін ислам дінімен қабат ұстанған, оларды тіпті ажыратпаған. Дәулеттілері Ораза,Құрбан айттарын айттап, Меккеге де барып, қажы атанған. Дегенмен, қазақ халқы қандай діннің болса да соқыр сенімінен аулақ болған. Қазақтар: «Ақ қойдың кәлласы, қара қойдың кәлласы, мен Құдайдың пендесі» деп те намаз оқыған, халық арасында ол туралы айтылған күлкілі әңгімелер көп. Мақал-мәтелдерінде елдің түсінігі стихиялық материализмге жақын болған. «Сиынғаныңнан, сүйенгенің күшті болсын», «Пәлен жерде пәлендей әулие бар, барсаң алдыңнан шайтан шығады», «Алтынды көріп, періште жолдан тайған», деген сияқты мақалдар соның айғағы. Сондай-ақ мақал-мәтелдер адамгершілікке, азаматтыққа, тазалыққа, адалдыққа, ынтымаққа тәрбиелеген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» немесе «Алтау ала болса, ауыздағы кетер, төртеу түгел болса, төбедегі келер», «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген мақалдардың әлеуметтік, тәрбиелік, патриоттық мәндері мол.

Қазақ халқы имандылықты сүйген, жек көрген әділетсіз адамды имансыз деп сөккен. Үлкенді сыйлаған, әйел-қыздар ер адамның жолын кеспеген, үлкендерге иіліп, сәлем берген, жастар үлкендердің қолына су құйып, сүлгі-орамал ұстатып, батасын алған. Ас қайырғанда жақсы тілектер айтып, рахметін білдірген. Жақсы адамдарды үлгі тұта білген, мәселен: «Жақсыдан-шарапат, жаманнан-кесапат» деген. Қазақтарда ата-анасын, жесірлерін, жетім балаларын тентіретіп жіберу деген болмаған. Темекі тарту, арақ-шарап ішу, қарта ойнау қазақ арасына кейін кірген, жексұрын әдеттер. «Бай бір жұттық», «Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше, еңкейгенге еңкей, басың жерге тигенше» деген мақалдарда да терең философиялық мән бар.

Ақыл-ой, әдет-ғұрып айналадағы ортаға байланысты екенін де білген. «Көлде жүзген қоңыр қаз, қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ, көл қадірін не білсін» деген мақалдар философиялық қалыптасуына әсер етті.

Қазақ халқы уәжге тұрған. Сөздің мәнін бағалаған. Бұл – Геродот айтқан скиф Анахарсистен келе жатқан дәстүр. Көптеген шет жер саяхатшылары қазақтарды ұзақ, шұбалаңқы сөйлейді деп түсінген. Шынында мәселе олай емес. Көп, ұзақ сөздің түймедей түйіні бар. Сол түйінді жан-жақты талдап, талқылап барып, қорытынды келтіреді. Сонда ол әбден ширатылып, дәлелденіп, дәйекті болып шығады. Түйінсіз сөз – бос сөз. Сөздің парқы деген де осы. Соны білген, дұрыс қолданған адам сыйлы болатыны сондықтан емес пе! 13 жасар Әйтеке ел аузына ілініп, би болған, жетім бала Абылай құрметке бөленіп, хан болған.

Біздің заманымыздан бұрынғы VІІ – VІ ғғ. арасында ертедегі Эллада еліне көшпелі скифтерден әр кезде келіп, гректермен араласып, олардың арасында көп жылдар тұрған Токсарис (Тоқсары), Иданфирис (Идарбарыс), әлгі айтқан Анахарсис (Анарыс) өздерінің уәжбен сөйлеген сөздері, ой толғамдары, пайымдаулары, іс-әрекеттері, имандылығы арқылы көшпелі елдің дүниетанымдарымен, әдет-ғұрыптарымен гректерді таныстырып, балгерлік жасап, үлкен сый-құрметке бөленіп әулие атанған. Платон, Аристотель, Геродот, Лукиан, Страбон шығармаларында олар жоғары бағаланып, есімдері құрметпен аталған.

Байқап отырсақ, әлгі бабаларымыздың айтқандары, келтірген уәждары соңғы кездегі қазақтардың ой-пікірлеріне өте ұқсас екен. Бұл тегін емес. Біздің көшпелі ата-бабаларымыз Эллада елін білген, араласқан. Бұған Геродот тарихының ІV томы дәлел болады. Бұл том түгелдей скифтерге арналған. Біздің ата-бабаларымыз Қара теңіздің, Азов теңізінің солтүстік жағында, Днепр, Дон, Еділ, Сыр бойларында көшіп-қонып жүрген. Геродот айтқандай, Каспий теңізінің шығысында орналасқан «Дай» тайпасы «Адайға» өте ұқсас. Маңғыстау жерінде жүздеген тарихи қорымдарда ертедегі грек мәдениеті үлгілерімен жасалған құлпытастар көп. Кир мен Дарий, А. Македонскийлердің көшпелілер елін жаулап алу мақсатында жасаған жорықтары сәтсіз аяқталған. Қазақтардың «Барған жерің Балқантау, ол да біздің көрген тау» немесе «Ұлы Ұрымға, қызы Қырымға кетті» деген мақалдары тегін емес, осы байланыстардан хабар беретін сияқты. Бұл тарих байланысы ерте заманнан келе жатқанын, оның тамырлары терең де, әрі бай екенін аңғартады.

2. ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дүниеге

көзқарасы.

ХІХ ғасырдың адамзат тарихында ерекше орны бар. Көптеген елдерде революциялық-демократиялық қозғалыстар етек алды. Ресейде алғаш дворян-революционер А. Н. Радищевтің ісін қолдап, оны ілгері дамытқан, патша өкіметіне, басыбайлы құқыққа, шіркеуге қарсы шығып, оларды реакция тірегі деп білген, шаруаларды революциялық күреске шақырған А.И. Герцен, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, А. Н. Добролюбов, т.б. болды. Олар материалистік тұрғыдан ой қозғап, еңбектер жазды. Біріншіден – олар жоғарыда айтылғандай, революционер-демократ болып, халықты революцияға шақырды, екіншіден – олар социалист-утопист еді, социализмге шаруалар қауымы арқылы жетуді көздеді.

Сол кезде басқа ұлт-аймақтардағы сияқты, қазақ жерінде де білімге, прогреске ұмтылған алдыңғы қатарлы ойшылдар шыға бастады. Біз оларды революционер-демократ, социалист-утопист демейміз. Олар халықты революцияға шақырған жоқ, социализмді де армандаған емес. Әрине, мұнда жағдай басқаша болатын. Дегенмен, олар ағартушы-демократ, ретінде тарихтан өз орнын алды. Солардың ішіндегі алғаш шыққан қазақтың көрнекті өкілдерінің бірі Ш. Уәлиханов (1835-1865). Шоқан қазақтан шыққан ұлы ғалым, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклорист, ағартушы, демократ баласы. Шоқанның әкесі Шыңғыс Құсмұрында (қазіргі Көкшетау облысының Володар ауданы) аға сұлтан болған. Шоқан сол жерде дүниеге келген. Ол 1847 жылы Омбыға Кадет корпусына оқуға алынып, оны 1853 жылы бітірген. Оған дейін ол елінде қазақ мектебінде оқып, арабша хат таныды. Корпуста жүріп, өзімен бірге оқитын досы Г.Н Потанинмен бірге прогресшіл мұғалімдердің ықпалымен ой-өрісі кеңіп, кеңіп, тез жетіледі. 1854 жылы табиғатында зерек Шоқан Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік – Батыс аймағын басқарған генерал Г.Х Гасфорттың (1790-1874) адьютанты болды. Сол кезден бастап ғылыми – зерттеу жұмыстарымен тығыз айналысқан Шоқан 1855 жылы Омбыдан Семей арқылы Алатауына дейін, келесі жылы Омбыдан Ыстықкөлге дейін келген әскери – ғылыми экспидицияларға қатысып, Жетісудың, Ыстықкөлдің өсімдіктер және жануарлар дүниесін, халқының әдет-ғұрпын, тарихын, ауыз әдебиетін зерттеп, көптеген материалдар жинайды, әрбір халықтың ерекшеліктерін байқайтын суреттер салады. 1856 жылдың тамызында ол Қытай империясына жататын Құлжа қаласына аттанып, онда үш ай болып, қайтадан Омбыға оралады. Осы сапарларының нәтижесінде 20 жастағы Шоқан «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» деген және т.б талантты еңбектер жазды. Сол еңбектері және басқа да ғылыми табыстары үшін Шоқан 1857 жылдың 27 ақпанында Орыс география толық мүшесі болып сайланды. 1858 жылы анраулы жабдықталған мақсатпен, сауда керуеніне қосылып, ол Қашқарға саяхат жасады. 1 қазанның 1859 жылдың 11 наурызына дейін болып, сол елдің саяси құрылысы, табиғатты, халқының кәсібі, әдет – ғұрпы жайында қыруар ғылыми материалдар жинады. Сол саяхатты үшін арнайы Омбыдан Петербугке шақырылған Шоқанға берілген әскери Бас штабтың жолдамасында: «Бұл мейлінше қызықты, мейлінше пайдалы еңбек...», - деп көрсетілген. Бірақ 1861 жылы науқасы меңдеген Шоқан елге қайтып оралады. Оның үстіне ресми Петербург, патша өкіметі оны салқын қабылдады, тауын қайтарды. 1864 жылы Шоқан Орта Азияны Ресейге қосу жөніндегі Ташкентке бағытталғаг М.Г Черняевтың әскери отрядына шақырылды. Бірақ бұл жорықта М.Г Черняевтың Әулиеата, Шымкент маңындағы жергілікті бейбіт халыққа жасалған қан төгу ісіне, зеңбіректен атқылап, үйлерін қиратып, өртегеніне наразы болған Шоқан армияны тастап, Тезек төре еліне барады да, сол жерде 1865 жылы дүние салады. Бұл қазіргі Талдықорған облысындағы Алтынемел жотасының етегі болатынын. Ол кезде Шоқан әлі отызға до толған жоқ еді.

Ш. Уәлихановтың саяси-әлеуметтік көзқарасына тоқтайтын болсақ, ол самодержавиелік – басыбайлық, патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққа Ресей прогресшіл – демократтар тобына жақындығын дәлелдеі. Ол қазақ қауымын демократиялық жолмен өзгертуді. көкседі. Оның көзқарасына қазақ даласына айдалып келген демократ петрашевскийшілер сияқты озат ойшыл игі ықпал жасады. Ф.М Достаевский, А.И. Майков, Я.И Полонский, К.К. Гутковский, т.б. оның жақын достары болды. Шоқан алдымен елжанды, адагершіл, интернационалсит жан еді. «Ең алдымен өзімнің тіған халқымды, сосын Сібірді, сосын бүкіл Ресейді, содан кейін барлық әлемді сүйемін», - деп жазды Шоқан.

Қоғамдық құбылыстарды ол ағартушылық тұрғыдан түсіндірді. Өз халқын Европа мәдениетінен үйренуге, прогеске шақырды. «Сот реформасы туралы жазбаларында» Шоқан патша өкіметі жүргізген сот реформасында бай, сұлтан, билердің, орыс отаршылдарының ғана мүддесі көзделінгенін, қазақ еңбекшілері солардың қанауында қалып, олардың озбырлығына жол берілгендігін әшкереледі. Сөйтіп, ол қазақ қоғамында үстем тап пен езілуші тап бар екенін айқандалады.

Халық мүддесін іс жүзінде қорғау үшін 1852 жылы Шоқан Атбасар округіне аға сұлтан болып сайлануға әрекет жасады. Сол кезде Ф.М Достоевскийге жолдаған хатында ол осы әрекетін айта келіп: «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктер мен қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім - өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді», - деп жазды. Бірақ оның бұл мақсаты орындалмады, аға сұлтан болып сайланбады.

Дүниетанымдық көзқарасында Шоқан жалпы идеализм шеңберінен шыға алмағанымен, көп жағдайда материалистік көзқарасқа жақындады. Материяның санаға қатысы туралы мәселені материалистік тұрғыдан шешті.

Оның діни ұғымның тууы жөніндегі пікірі өте құнды. Қазақ жерінде ол ислам дінімен қатар шамандық дін кеі орын алып отырғанын талдап көрсетті. Діннің гносеологиялық тамырын ашты. «Даладағы мұсылмандық туралы» деген еңбегінде ислам діні қазақ халқының ойы мен сезіміне кедергі жасап, орта ғасырлық қараңғылықты уағыздайды, қазақ халқын орыс мәденитінен бездіреді, - деп жазды. Ислам діні таратушы татар қазақ жерінде орыс мектептерін ашып, ислам діні ықпалынан босату қажет деп көрсетті. Шоқан Орта Азия, Шығыс Түркістан елдерінің тарихын, медәниетін, тұрмыс салтын зерттеді. Қырғыздардың «Манас» эпосын зерттеп, ол туралы пікір айтты. «Жоңғария очерктерінде» Шоқан ең бай мәдени ошақтары болған Самарқанд, Хиуа, Ташкент, Ферғана, Бұхара кітапханалары мен обсерваториясы XIII-XIV ғасырларда қирағанын өкінішпен айтады.Ол көшпелілер варвар (тағы) деген европацентристік пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты.Мәселен ,қазақтардың тілі ,ауыз әдебиеті бай ,қолөнері дамыған ,олай болса ,ол халықты қалайша тағы деуге болады деп ,ғылыми әдіспен тойтарыс берді.Шоқан еңбектерінің бес томдық жинағы қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан жарық көрді.

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ халқының тарихына аса көрнекті ағартушы ,жаңашыл ,педагог,жазушы,қоғам қайраткері ретінде кірді.Торғай жерінде дүниеге келген№ Орынбор шекара Комиссияның қазақ балалары үшін ашылған мектебінде 1850 – 1857 жылдары оқып, оны үздік бітіріп шықты. Жастайынан туған әкесінен жетім қалып, Ыбырай үлкен әкесі Балқожа үлкен әкесі Балғожа бидің қолында тәрбиеленді. Орынборда оқып жүрген немересі Ыбырайға жазған мына сәлем хатының үлкен тәрбиелік мәні болды. «Атамды сағындым деп асығарсың, сабаққа көңіл қойсаң басыларсың, Ата –анаңды өнер білсең асыраңсаң, Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың». Ыбырай Орынборда оқып жүрген кезінен бастап ,бұл өлкеде айдауда жүрген әртекті орыс зиялыларымен араласты ,белгілі Шығыс зерттеушісі В.Григорьевтен дәріс алды.Елге қайтып оралған соң халықтан қаржы жинап,мекгеп үйін салуға кірісті.Мекгеп 1864 жылдың қаңтарында ашылды.Ал мақсат-тілегін Ыбырай былай деп белгіледі: «Мен қазақ жастарының классикалық гимназияларда ,ауыл шаруашылық академияларында оқып білім алуын ,өз халқына қызмет етуін ,жаңалықты іс жүзінде көрсете білуін жоғары мұрат деп білемін ».Бала оқытып ,тәрбиелеу жұмысында ол дүние жүзі педагогика классиктерінің идеяларын басшылыққа ала білді .Оған басшылық еткен Қазан университетінің профессоры ,миссионер Н.И.Ильминский болды.Ол Ыбырайға орыс алфавитімен жазылған оқу құралын жасауды ұсынды.1879 жылы Ыбырай төрт тараудан тұратын әйгілі «Киргизская хрестоматия» («Қазақ хрестоматиясын ») кітабын жазды.Сонымен қатар көптеген әңгімелер,өлеңдер жазып,балаларды оқуға,білімге шақырды.Олардың біразы сол хрестоматияға енгізілді. «Кел ,балалар,оқылық» деген өлеңінде ол: «Сиса көйлек үстіңде, тоқуменен табылған, Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған, Өнер-білім, бәрі де оқуменен табылған. Кел балалар оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық», - деп жазды. Ыбырай «Қазақтарға орыс тілін үйретумен бастауыш құралы» («Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку», Оренбург, 1879) атты 8 тараудан тұратын оқу кітабында «Зат есім», «Сан есім», «Үстеу мен жалғау», «Етістік» т.б. ұғымдарын тұңғыш рет еңгізіп, талдап көрсетті. Ыбырай өз халқын мәдениетті, өнерлі елдердің қатарына қосуды арман етті. «Өнер, білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден. Көзіңді ышап жұмғанша, жылдам хабар алғызды», - деп жазды.

Ыбырай оқытушылық жұмыспен қатар халық училищелерінің инспекторы, Торғайдың уездік судьясы да болды. Алтынсариннің тікелей араласуын мектептер, интернаттар, училищелер ашылды, олардың жанынан халық қаражатымен кітапханалар ұйымдастырылды. Ыбырай надандыққа, сауатсыздыққа қарсы болып, халықты еңбекке, білімге шақырды. Оған «Надандық», «Бай баласы мен жарды баласы», «Лұқпан Хакім», «Қыпшақ Сейітқұл» деген шығармалары дәлел болады. Мәселен, «Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгімесінде Ы.Алтынсарин ағайынды екі адамды мысалға келтіреді. Сейітқұл егіншілікпен айналысып, егін егеді, саудамен, т.б. шұғылданады. Сөйтіп басқаларға өнеге көрсетеді. Екінші ұрлықпен айналысады. Ақыры өмірі қорлықпен өтеді. Өзін белгісіз біреулер Түркістан жақта өлтіріп кетеді, ұрлықпен жинаған дүниесі талан-таражға түседі. Сөйтіп Ыбырай халықты адалдыққа, еңбекке, отырықшылыққа шақырады, зиянды кертартпа әдеттерден безуді уағыздайды, арамдық жолдан сақтандырады. «Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен, Кете бар, кессе басың шындықпенен. Қорек тап бейнеттен де де – тәңірім жәрдем, Телмірме бір адамға мұндықпенен», деп халқына ақыл-кеңес берді. Сонымен бірге патша өкіметінің қазақ балаларының ішінен тілмаш тәрбиелеп шығармақ болған әрекетін сынап, қазақ еліне тілмаштық емес, өнер керек, білім керек екенін орыс тілінде жазылған мақалдарында талай рет атап айтты. Қазақ халқының кішіпейіл, білімге құштар, достыққа адал екенін айтып отырды.

Ыбырай қазақ халқына көшпелілік тұрмыстың тұсау болып отырғанын да атап көрсетті. Ол қазақтардың өмір бойы көшпелі тұрмыста қала беруін қуаттамаумен қатар, «халық өзінің даму жолында көшпелілік өмірден отыршылыққа ауыспай қоймайды» деп қорытты. «Халыққа білім беру, көзін ешу ісінің өзі осы отырықшылықпен тығыз байланысты», - деді «Қазақ халқы көп ұзамай орыс мемлекетімен қоян – қолтық араласып кететін болады. Бұл жақындықтан ол тек қана бақыт табады және ол малшы болып қалмайды, сонымен қатар диқаншы да, Ресейдің қасиетті туы астында жақсы жауынгер де бола алады», - деп жазды Ыбырай.

Бірақ Ыбырай патша өкіметінің Орынбор және Батыс Сібір генерал – губернаторлықтарында дала облыстарын басқару жөніндегі 1868 ж. қабылданбасақ болған уақытша ережесін сынға алды. Оның қазақ халқының тұрмыс салтын, көшпелі өмір сүрген әдет – ғұрпын, шаруашылығын есепке алмай, оны күштеп отырықшылыққа айналдырмақшы болғанын, артық жерлерін тартып алып, Ресейдің орталық аудандарынан келген қоныс аудармашыларға бермекші екенін бүкпесізашық сынады. Ы. Алтынсарин былай деп жазды: «Даланы мекендеген халықтардың өміріне жасанды түрде төңкеріс жасауға шешім қабылдамас бұрын алдымен осы халықты және оның өмірін зерттеп білу ақылдырақ ус болмай ма? Бұл халықта отырықшылық үшін қандай алдын ала орындалған шарттар бар?.. т.б. Сол сияқты мәселелерді күні бұрын алған дұрыс болмай ма? Мұның өзі ағат қадам жасамау үшін керек. Өйткені, бүгін бір халықтың өмір салтын күшпен өзгерту кейде нағыз қабілетті халықтың өзін де енжар селқос халыққа айналдырып жіберуі мүмкін. Башқұрт халқы осындай жағдайды душар болды деушілер көп. Шындығында, айналдыруға болмайды ғой.»

Ыбырайдың еңбектері, мақалалары, хаттары олардың дүниеге материалистік көзқарас, тәжерибелі қиялдық анықтаушы тұрғысынан жазылғанын байқатады. «Білім дегеніміз өзімізді қоршаған шындықты танып білу», - деп түйіндеді Ыбырай. Ол мектептегі діни – схоластикалық оқуға қарсы шықты. Өзі ашқан мектептерде оқу процесін осы тұрғыдан жүргізді. Бірақ ол ашық қарсылық көрсеткен жоқ. Кейбір шығармаларын оның құдайға сенуі де байқалады. Шариғат мәселелесін діни кітаптарды оқуға жеңіл болсын деп Ыбырай қазақ тілінде орыс әріптерімен жазып көрді. Бірақ жалпы алғанда Ыбырай өз заманындағы алдыңғы қатарлы ойшыл, адамгершіл, ағартушы, демократ болды. Ыбырай шығармалырының үш томдығы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.

Абай Құнанбаев (1845-1904) – қазақ халқының көрнекті ойшылы, ағартушысы. Ол дәулетті Құнанбай шаңырағында дүниеге келді. Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын ретінде енді. Оның ақындық шеберлігі қазақ даласында шырқау биікке көтерілді. Абай өлеңдері қашанда есті, сөздері жинақы, ойлары терең, тәрбиелік мәні зор, деңгейі жоғары болып келеді. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», - деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Сонымен қатар Абай өз заманының қоғам қайраткері, ойшыл – философы болды. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салып, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды. Оған 1886 жылы жазған өлеңіндегі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. жақсы менен жаманды айырмадың. Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», - деген сөздері дәлел болады. Сондай-ақ, Абай бос даурыға, бекер мал шашуға, өтірік айтуға, жалқау болуға қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз», - деп Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз», - деген өсиет айтты. Абай өнер – білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы.

Абай қазақ халқын өнер үйренуге, еңбекке, тіпті сауданың да мәнісін білуге шақырды. «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлан, мал тап», дейді. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», - деп түйіндеді. «Қырық екінші сөзде» Абай қазақты пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар деп санады. Абай өзінің өлеңдерінде, әңгіме, өсиеттерінде жан-жағына қара, көршілес өзбек, татар халықтарынан өнеге ал, солардан үйрен, дейді. Ең алдымен Абай орыс халқымен дос болып тілін үйренуге, өнерін білуге шақырды. Тек сол арқылы ғана қазақ халқының көзі ашылатынын айтты. «Орысша оқу керек, Хикмет те, мал да, өнерде, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін біледі. Мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек – көзің ашылады. Әр біреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді... орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенде дүние арзанырақ түседі», - дейді.

Наши рекомендации