Каламды дүниеге әкелген себептер
Алғашқы алауыздықтар.Каламдық тақырыптардың қайнары – Құран болғандықтан, оның бір жүйе, бір ілім саласы ретінде пайда болуын қамтамасыз еткен себептер – ислам қоғамының ішінен бастау алатын ішкі себептер. Калам ілімі әрбірі бір-бірімен байланысты, бір-біріне әсер ететін ықпалдардың нәтижесі ретінде толықтай мұсылман қоғамының, ислам мәдениетінің ішінен пайда болған. Калам ілімінің пайда болуын қамтамасыз еткен себептер маңайында жасалған ғылыми тартыстар мен дамытылған түсініктемелер Құран мазмұнының сенімдік жағынан тәпсірі рөлін атқарады.
Дегенмен де бұл калам ілімінің пайда болуында сыртқы себептердің әсері болған емес дегенді білдірмейді. Алайда, сыртқы әсерлер калам ілімінің пайда болуын қамтамасыз еткенге қарағанда орын алған ғылыми тартыстардың дамып, кеңеюіне және методологиялық жағынан кемелденуіне септігін тигізген.
Калам ілімінің пайда болуын қамтамасыз еткен себептерге және осы мәселе бойынша жасалған ғылыми тартыстарға тоқталмастан бұрын мынандай мәселеге тоқталып өткеніміз жөн сияқты: Ислам дінінің оның қайнары болып табылатын Құранның ақылға, идеяға және ар-ождан еркіндігіне қолдау көрсетуімен қатар адамдар арасында түсініктердің, білімдердің, сезімдердің, характерлердің әр алуан болып келуін ескерсек, мұсылмандар арасында діни көзқарастардың әртүрлі болып келетінінін оңай аңғаруға болады және осының нәтижесінде діни түсініктемелердің әрқилы болып келетіні табиғи.
Құран мен хадис мәтіндерінің біршамасы стильі мен мазмұны жағынан оңай түсінуге болатын настар (мухкам) болып келсе, енді бірінің мағынасы астарлы және терең (муташабиһ). Бұл да мұсылмандар арасында діни қайнарды әр алуан түсінуге басты себептердің бірі болды.
Мұсылмандар арасында, әсіресе, алғашқы кезеңде туындаған саяси шиеленістер және осы шиеленістің нәтижесінде шыққан ішкі қақтығыстарды ескерер болсақ, ислам қоғамында ішкі себептерден бастау алған әртүрлі түсініктердің туындауы табиғи құбылыс.
Ислам ойлау жүйесі тарихында қалыптасқан ішкі себептермен қатар ислам әлемінде басталған әртүрлі аударма жұмыстары мен ел жаулау (фатих) және басқа да жолдармен өзге мәдениет өкілдерімен бетпе-бет келу арқылы аталған ілімнің қалыптасуына сыртқы себеп өз әсерін тигізді.
Калам ілімінің пайда болуын қамтамасыз еткен себептерге тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, бұлардың алғашқы белгілері Пайғамбардың соңғы күндері пікіртартыс тақырыбы болған «қыртас оқиғасы» мен онымен байланысты халифалық (хилафат) алауыздықтарына негізделгендігін байқаймыз.
Қыртас оқиғасы. Араб тілінде қыртас «қағаз» деген мағынаға сәйкес келеді. Сондықтан қағаз, қалам сияқты жазу-сызу құралдарын сататын жер «қыртасия» деп аталады.
Ибн Аббастың риуаят еткен бір хадиске қарағанда Пайғамбардың қайтыс болуымен аяқталған соңғы сырқатында ауруы асқынған кезде ол жанындағы сахабаларға «маған қағаз бен қалам алып келіңдер менен соң адасушылыққа түсіп кетпеу үшін сендерге бір жазу қалдырайын», деп айтқан. Оның жанында отырған сахабалардың бір тобы Пайғамбардың айтқанын істеу қажет деп тапса, Омар бастаған енді бір тобы мұнда уахидің әсері болмағандығын, ауруы асқынғандықтан үмметіне қатты берілгендіктен осындай әсерде болғандығын алға тартты. Осыған орай оның мазасын алмау үшін қғаз бен қалам алдырмаған да ешнәрсе жазылмаған. Ал Пайғамбар да осы тілегін қайталамаған және итақырып сол жерде жабулы қалған. Әрине мұнда уахидің ешбір әсері болмағандығы және аурудың асқынуы нәтижесінде сандырақтағаны белгілі.
Қыртас оқиғасымен байланысты риуаяттар кейінгі кезеңде Шииттер мен Сунниттер арасында тартысқа жол ашты. Шииттер егер қағаз бен қалам алып келгенде Пайғамбар Алиді өзінен соң халифа тағайындар еді десті және өз идеяларын қуаттау үшін Шииттердің маңызды дәлеліне айналды.
Халифалық мәселесі.Ардақты Пайғамбар дүние салысымен мұсылмандар халифа сайлау мәселесімен бетпе-бет келді. Халифалық мәселесі, халифа сайлау – негізінде саяси проблема. Халифа – саяси мәнде ардақты Пайғамбардың ізбасары, оның құрған басқармалық құрылымды одан ары жалғастыру мақсатында Пайғамбардың орнына саяси тұрғыда отырған, сайланған адам.
Исламдық ілімдер арасында халифалық мәселесі Ислам құқығының тақырыбы болып табылады. Бірақ, кейінгі кезеңдерде бұл мәселе төңірегінде шииттер өз идеяларын дамыта отырып, діни сенімнің елеулі принциптерінің біріне айналдыруымен Әһли Сунна бастаған каламдық мазхабтар Шииттерге жауап беру мақсатында елеулі тақырыпқа айналдырды. Негізгі принцип ретінде Құран мұсылмандардың келелі мәселелерді «шура», яғни, өзара кеңесе, ақылдаса отырып шешуін ұсына отырып (Али Имран, 3/159; аш-Шура, 42/38), жауапкершілікті жүктеуде құқығына, сіңірген еңбегіне мән беруге (ан-Ниса, 4/58; ан-Нахл, 16/43) және үкім шығаруда әділ болуға шақырады.
Пайғамбар өзінен соң кімнің халифа болатынын белгілеп кетпегендіктен, мұсылмандар оның дүние салуынан соң өзара мәжіліс құрды, бір-бірімен ақылдасты және халифаға үміткерлерді белгіледі. Осылай, олар ислам қоғамын кімнің дұрыс басқара алатынына аса мұқиятылықпен тартысқа салды. Егер халифа кімнің болатыны жайлы Құран мен Сүннетте айқын дәлел болғанда әсіресе, шиттердің қуаттағаны тәрізді Алиді Пайғамбардың өзі тірі кезде халифа сайлағаны нақты болғанда осы проблема төңірегінде тартыстың ешбір мәні болмаған болар еді. Басқаша айтар болсақ, Сахабалар бір-бірімен осылай тартысар ма еді? Діннің негіздерін, Пайғамбардың сүннеттін берік ұстаған аталған қауым Пайғамбардың тағайындап кетуіне қарамастан оның көзі жұмылысымен, тіпті, оны жерлеу рәсімі жүзеге аспай тұрып, осындай тартысқа бой алдыруы мүлдем мүмкін емес.
Халифалық мен халифа сайлау мәселелеріне қатысты ислам ойлау жүйесінде пайда болған негізгі көзқарастарды былай тізбектеуге болады:
А) Әһли Суннаға қарағанда өзінен соң кімнің халифа болатыны жайлы ардақты Пайғамбар ауыз ашпаған. Сондықтан, халифаны таңдау сайлау арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай, сахабалалар өзара кеңесе отырып, Хазіреті Әбу Бәкірді халифа ретінде сайлаған.
Ә) Шииттердің (Шиа) пікіріне қарағанда халифалық мәселесі адамдардың таңдауына қалдыра салатын әншейін нәрсе емес. Халифа насспен (Құран мен Сүннетпен) анықталады. Ардақты Пайғамбар Хазіреті Алиді өзінен соң орнына халифа ретінде тағайындап кеткен.
Б) Харижилердің осы тақырып төңірегіндегі көзқарастары Әһли Суннамен бірдей. Олардың пікірі бойынша халифаны анықтау тек сайлаумен ғана жүзеге асырылады.
Саяси түсініспестік және ел іші алауыздықтар мен тартыстар.Ардақты Пайғамбардың дүние салуынан соң халифалық қызметті қолына алған алғашқы екі халифа – Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омар дәуірінде мұсылмандар арасында ауыз бірлік пен тыныштық сақталды. Ал үшінші халифа Хазіреті Османның халифалығы кезінде әсіресе, оның билігінің соңғы жылдары басқармалық жұмыстардан туындаған саяси проблемаларға байланысты әлгі ауызбірлік пен тыныштықтың орнын текетірестер мен тартыстар басты. Уақыт өткен сайын ұлғая түскен алауыздық нәтижесі Хазіреті Османның өлтірілуімен аяқталды. Оның орнына халифа ретінде Хазіреті Али сайланды. Хазіреті Али кезеңінде де саяси тыныштық сақталмады. Хазіреті Османның өтірілуі және осы оқиға төңірегінде үдей түскен тартыстар мен текетірестер ел ішіндегі мұсылмандардың өзара қырқысуына, Жамал (656 ж.) және Сыффын (657 ж.) шайқастарға алып келді. Осы шайқастарда мыңдаған адам жер құшты.
Ислам тарихында мұсылман қауымының ішінде орын алған аталған үш оқиға да толықтай саяси сипатта. Осы оқиғалар дүние келген кезде онда каламдық проблемалар орын алмады. Алайда аталған оқиғалар болып, аяқталғаннан соң ислам ойлау жүйесінде каламдық мазмұнда шешімі өте қиын бірнеше проблемалар туындады. Негізінде мұсылмандар Пайғамбар және алғашқы екі халифа дәуірінде әртүрлі шайқастарға қатысты, алдындағы жауын жер құштырды және өздері де жазым болып жатты. Бірақ, өз араларында бір-біріне қылыш сермеп көрмеген және шешімі қиын проблемалармен бетпе-бет келмеген. Осыған орай, осы оқиғалардың нәтижесінде бұрын қаралмаған сұрақтар туындап, олардың жауаптары іздестірілді.
Хазіреті Османның өлтірілуі, Жамал және Сыффын шайқастары нәтижесінде пайда болған каламдық проблемаларды былай атап өтуге болады:
1. Үлкен күнә істеген адамның (муртакиб кабира) діндегі орны. Исламда адам өлтіру Құранда анық орын алғаны тәрізді үлкен күнәға жатады. (ан-Ниса, 4/92-93). Ал аталған текетірестерде адам өлтірілді және өлген де өлтірген де мұсылман болып табылады. Олай болса, үлкен күнә істеген мүмін иман тұрғысынан діндегі орны не?
Аталған маңызды сұрақтың жауабы іздестірілген кезде, бірнеше каламдық ағымдар пайда болды және аталған проблема төңірегінде тартысып, жауап табуға тырысқан. Сыффын шайқасы нәтижесінде аталған сұраққа және онымен байланысты басқа да сұрақтарға өздерінше жауап іздеген «Харижилер» деп аталатын тәуелсіз бір ағым пайда болған. Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбіткен көзқарастарға былай түсініктеме жасауға және топтарға бөлуге болады:
а) Харижилердің пікірі бойынша адам өлтіру сияқты үлкен күнә істеген адам діннен шығады және кәпір болады. Күнәһар адам өлген кезде мәңгілік тозақта қалады. Олардың көретін азабы кәпірлермен бірдей болады.
ә) Мутазилаға қарағанда үлкен күнә істеген адам діннен шыққанымен кәпір болмайды: иман мен күфр арасында тұрады. Ол мүміннің де, кәпірдің де қатарына жатпайды. Әлгі адам өлгенге дейін тәубеге келуге уақыт беріледі. Егер күнәһар адам тәубеге келмей дүние салса, мәңгілік тозақта қалады, бірақ, көретін азабы құдайды жоққа шығарғандардан қарағанда жеңіл болады.
б) Муржияға қарағанда осы тақырыпқа үкім шығаруға болмайды және оның жағдайы ахиретте белгілі болады.
в) Әһли Суннаға қарағанда күнәлар адамды діннен шығармайды. Бірақ күнәлар иманға нұқсан келтіреді және оның иесін ахиретте жазаландырады. Алайда, Алла қаласа оларды кешіреді.
2. Иманның анықтамасы, мәні, иман-амал қатынасы мәселесі. Бұл мәселе тікелей жоғарыдағы таұқырыппен байланысты. Иманның мәні не? Иман тек сөзбен мақылдау ма әлде амалмен тіелей байланысты ма? Мүмін болғанымен амалды орындамаған адамның жағдайы қандай болмақ? Иман мен күпір қатынасы қалай? Иманның шегі қай жерде бітеді, күпірлік қайдан басталады? Күнә дегеніміз не? Оның анықтамасы қалай? Осы тәрізді сұрақтар каламдық тұрғыда өте маңызды және аталған ілімнің негізгі тақырыптары болып табылады.
Қадар (тағдыр) және қалау (ирада) еркіндігі проблемасы. Мұсылмандарды терең ойға салған және көңілдеріне дақ түсірген ішкі шайқастар нәтижесінде осы оқиғаға қатысқандарды, кейінгі буын өкілдерін және осы тақырып төңірегінде ой өрбіткен калам ғұламадарын мынандай маңызды да қиын сұрақтар мазалаған: осы ішкі шайқастар не үшін болды? Осы шайқастарға қатысқан адамдар Алланың маңдайға жазуымен жүзеге асатын құдайдың тағдырымен қатысты ма? Егер тағдыр тікелей қатысты болса, адамның жүзеге асыруға немесе жүзеге асырмауға жауапты болуының мәні неде? Тағдырдың жазуы мен жауапты болу бір-бірімен үйлесе ме екен? Адам бұл өмірде әрекет еткен кезде, өз қалауымен әрекет ете ме? Қалау дегеніміз не? Алланың қалауы мен адамның қалауы қалай байланысады? Еркіндігік дегеніміз не? Оның шектеулері бар ма? Адам шексіз еркіндікке ие бола ала ма? Әлде адам робот сияқты болмыс па? Олай болса бұл дүние мен о дүниенің мәні не? Ахирет неге бар? Марапаттың, өтемнің және Жұмақтың мәні не? Жаза мен тозақтың мәні неде?
Осы типтес сұрақтар бүгінде адамды қатты мазалайтыны рас. Психологиялық қорғану құралы және паналайтын пана тұрағы ретінде адам көбінесе тағдырды пайдаланады және сәтсіздікке ұшыраған сәттерде болашағын білмегендіктен құдайдың жазуына бас ұрады.
Құдай мен адам қатынасының негізгі тетігін құрайтын аталған сұрақтарға Құран мен Сүннетте жауап берілген және осыларды негізге ала отырып калам ғұламалары өте ыждахаттылықпен түсініктеме жасауға тырысқан. Осының нәтижесінде кейбір каламдық мектептер дүниеге келген.
Кейбір әлеуметтік-экономикалық ықпалдар нәтижесінде қасиетті жазбаларды түсіну үшін емес, ондағы дәлелдерді өз пайдасына асыру, өз идеяларына бұрмалап алуға тырысқан Жабрия деп аталатын ағым осы проблемалар төңірегінде қалыптасқан. Одан соң Жабрияға реакция түрінде Мутазила мен Әһли Сунна мазхабтары аталған проблемалаға аса зейін қоя отырып, Құран мен адам ақылына сай түрде шешуге тырысты.
Құран мен Сүннет мәтіндеріне түсініктеме жасау. Негізгі тақырыптарының Құраннан бастау алуына байланысты каламдық мәселелерге түсініктеме жасаған оларды түсінуге тырысқан әрбір ағым өз түсініктеріне Құран мен Сүннеттен дәлел іздейтіні табиғи. Бұл өз идеяларын халыққа тарату және көзқарастарының ақиқат екендігін көрсету үшін ауадай қажет. Осыған орай мұсылмандар Құранды оқып түсіну үшін көп күш жұмсады. Бірақ Құран аяттары стильдік тұрғыдан бірыңғай емес. Құранда орын алғаны сияқты (Али Имран, 3/7) кейбір аяттардың мағынасы айқын (мухкам), оны түсінуде ешбір қиындық туындамайтыны белгілі. Бұл аяттар «мухкам аяттар» деп аталады. Ал келесі типтегі аяттардың мағынасы анық емес. Олардың мәні әртүрлі мағыналарға келетініне байланысты оның нақты мағынасын табу қиын. Осы типтес аяттар «муташабих аяттар» деп аталады.
Құран мен хадис мәтіндерінде орын алған филологиялық проблемалар төңірегінде пайда болған сұрақтар мыналар: Құранның қай аяттары мухкам, ал қандайы муташабих? Муташабих дегеніміз не? Муташабих аяттарды түсіну үшін тауил жасау қажет пе әлде жасамау қажет пе? Тауил дегеніміз не? Тауилдің шарттары мен шектеулері қандай?
Осы және осыған ұқсас сұрақтар төңірегінде табиғи түрде келіспеушіліктер дүниеге келген және әрбір ағым өз түсініктерімен және дамытқан әдістермен мәселелердің түйінін шешуге тырысты. Мысалы, Салаф ғұламалары муташабих аяттарды тауил жасамай-ақ түсінуге тырысса, Мутазила мен Әһли Сунна калам мектептері көбінесе осы аяттарға тауил жасаған.
Мұсылмандардың өзге дін мен мәдениет өкілдерімен бетпе-бет келуі. Ислам діні ардақты Пайғамбар дәуірінде Араб түбегінен тысқары таралмаған. Бірақ исламды тарату әрекеттері жоғары қарқынмен жүріп отырды және аз уақыттың ішінде бірнеше аймақтарда ислам діні үстемдік етті. Хижреттің бірінші ғасыр ішінде Сирия, Мысыр, Иран және Ирак сияқты аймақтар мұсылмандардың қол астына өтті. Ал Омайядтар мен Аббасилер дәуірінде мұсылмандардың территориясы Шығыста Мауреннахрдан, Батыста Солтүстік Африка мен Испанияға дейін кеңейді.
Араб түбегі тұрғындары бастапқыда пәк өмір-салтпен және қым-қиғаш діни түсінікпен өмір сүретін. Бірақ, кейіннін мұсылмандардың қол астына өткен аталмыш өлкелер алуан түрлі діннің, мәдениеттің, өркениеттің, наным-сенімдер мен көзқарастардың бесігі болатын. Сирия мен Мысырда христиан мен иудаизм, Иран мен Иракта зороастризм (мажусилік), сабиилік (мандеизм), маздакизм, дуализм (санауия) кең таралған. Хазіреті Омар дәуірінде негізі қаланған Куфа қаласына жаңадан жаулап алынған аймақтар тұрғындары қоныс аударғандығын және олар өз кварталдарын құрағандығн назарға алар болсақ, мұсылмандардың ерте кезден-ақ алуан түрлі сенімдерге, көзқарастарға және философиялық түсініктерге ие адамдармен бетпе-бет келгендігін аңғарамыз.
Мұсылмандардың қамағына өткен әлгі адамдардың жаңа көзқарастарды дүниеге әкелуі, бұрынғы наным-сенімдері мен мәдениеттері ықпалымен дәстүрлі мұсылмандықтан өзгешелеу идеяларды насихаттауы табиғи. Бұлардың мұсылман қауымына едәуір әсер етті.
Аталған ықпалдастық әртүрлі формада және мазмұнда жүзеге асты. Жағадан жаулап алынған өлкелерде өмір сүретін адамдардың көпшілігі бұрынғы діндерінен бас тартып ислам дінін қабылдап жатты. Бірақ аталған жаңа мұсылмандар арасында бұрынғы сенімдерін санасынан толықтай шығармағандар да көптеп кездесті. Осыған орай, олар діни мәселелердің біршамасын бұрынғы сенімдері аясында шешті. Мұның болатыны табиғи.
Сонымен қатар жаңадан жаулап алынған аймақтардың азаматтары арасында шын жүрекпен исламды қабылдағандармен қатар қара ниетті азаматтар да кездесті. Олар мұсылман болып көрініп, ислам деген желеумен ішкі арам ниеттерін іске асырып, исламның сенімін бұрмалауға тырысты. Бұған тарихтан «Батыния» деп аталатын қауымды жатқызуға болады.
Осылармен қатар исламды шын сенгендігі үшін емес, байлық, атақ, мансап, абырой сияқты жеке басының пайдасы үшін қабылдағандарды да кездестіруге болады.
Өзге дінге сенетіндер арасынан өз діндерін берік ұстап, жизия салығын беруді дұрыс санайтындар да кездесті. Мұсылмандар бір мемлекетте өмір сүрген мұсылман еместермен идеялық алыс-беріс, өзара ықпалдастық ішінде өмір сүрді.
Аударма жұмыстары. Аңадан аулап алынған өлкелерден мұсылмандар ежелгі антика философиясын жақыннан танитына және өзара ғылыми сұхбаттарда аталған философияның методикасын қолданатынына куә болған. Бұл мұсылмандар арасында философияға деген қызығушылыққа және философиялық еңбектердің араб тіліне аударылуына жол ашты.
Мұсылмандар ежелгі мұраларға деген қатаң ұстанымда болмай, мұсылмандық ойлау жүйесінің одан ары дамуына тиімді жол аша білді. Философия мен каламның әдістері және бастаулары екі бөлек болса да жаратылысқа, әлемге және адамға қатысты негізгі мәселелерді өздерінің ортақ тақырыптары ретінде қарастыруы жағынан бір-біріне жақын келеді.
Аударма жұмыстары процесінде тек философиялық еңбектер ғана емес, жаратылыстану, медицина, тика ғылымдары да тәржімеленді.
Ежелгі Антика философиясын араб тіліне аудару жұмыстары Омайядтардың соңғы кезеңдерінде басталып, Аббаси халифалары – Мансур, Харун Рашид және Мамун дәуірлерінде алғасын тапты.
Негізінде алғашқы аудармалардың хижреттің І ші ғасырында Халид бин Язид кезеңінде басталғандығы баяндалады. Осы кезеңдерде көбінесе медицинаға, химияға және астраномияға қажеттілік туындаған, осыған орай, аталған салалардағы еңбектер аударылған.
Философиялық мәндегі алғашқы аударма халифа Мансурдың кезеңінде жүзеге асырылды. Мансур заманында алдымен логика ілімі араб тіліне аударылды. Логиканы араб тіліне алғаш аударған ибн Муқаффа екендігі баяндалады.
Философияның жүйелі түрде аударылуы халифа Мамун дәуірінде басталған. Аталған халифа дәуірінде теологияға, табиғатқа және этикаға қатысты шығармалар араб тіліне аударылды. Аударма ұмыстары кезінде философиялық еңбектер тікелей грек тілінен аударылғаны тәрізді кейде грек тілінен сурияни тіліне одан араб тіліне аударылды.
Грек философиясының ислам әлеміне енуінде заманындағы ғылыми орталықтар – Александрия, Жундишапур, Харран мектептерінің рөлі үлкен.
Алекстандрия мектебі исламның алғашқы кезеңдерінде Мысырдан Антакияға көшірілді. Аталған мектеп шамамен 130-140 жылдай Антакияда орналасып, одан соң Харранға ауыстырылды. Өйткені Харран грек мәдениетінің үлкен орталықтарының бірі болатын. Александрия мектебінің Антакиядан Харранға көшірілуі халифа Мутауаккил дәуірінде жүзеге асырылғандығы баяндалады.
Александрияда, Антакияда және Харранда орын тепкен мектептер мұсылмандар тарапынан ешқашан кедергіге ұшырамаған. Урфада, Нусайбинде, Ктесифонда (Мадаин) және Жундишапурда орналасқан ғылыми және философиялық мектептерді христиандықтың несториандық ғалымдары басқарса, Антакия мен Амидтегі мектептерді христиандықтың яковиттік ғұламалары жетекшілік жасады.
Аударма жұмыстары нәтижесінде алғашқы мұсылман философтары жетілді. Олардың жатарына әл-Киндиді, әл-Фарабиді және ибн Синаны жатқызуға болады.
Адамның ойлай алу қабілеті.Ислам ойлау жүйесінде туындаған келіспеушіліктер мен каламдық тартыстардың пайда болуын қамтамасыз еткен себептердің ең басында адамның ойлай алу қабілеті жатыр. Адам ойлай алатын, зерделей алатын және құдайдың үндеуіне ұйи алатын болмыс. Сондықтан бір адам миәселенің бір қырын қарастырып қана оның мәнін түсінсе, келесісі оның келесі жағымен анықтама жасайды. Демек осы жерде бір мәселе жайлы бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі көзқарастың туындайтыны табиғи.