Сал-серілік (халық кәсіби әншілік) өнер

Сал, серідегеніміз кәсіби әншілік өнер иелеріне берілген халық атаулары. Бұл сөздерінің пайда болуы туралы әзірше нақты деректер жоқ. Әншілердің өздері бұл атауларды халық берген атақ деп түсінеді. Кәзіргі кезде де кейбір өнер иелері өздерін осы құрметті атақтармен атауға тырысады (мысалы, Сәкен сері Жүніс (Сәкен Жүнісов).

Сал мен серілерөнердің бірнеше түрлерін қатар алып жүрген дарынды тұлға,сондықтан халық оларды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайды. Сал-серілер ең алдымен әнші, композитор болған, соған қоса халықтың тарихы мен шежіресін жақсы білетін әңгімеші, кей кездерде палуан, шабандоз, көрермендердің көңілін көтере білетін сайқы-мазақ, сиқыршы, айтыстарға қатысқан суырып-салма ақын ретінде де танымал болған. Сал мен серілер бір топ өнерпаздарды бастап ауыл аралап өнер көрсеткен, той мен жәрмеңкелердің сәні болған. Әдемі киініп жақсы ат мінген, таз бен бүркіт ұстап көзге түскен. Халықтың еркесінеайналған сал-серілер өздерінеркін ұстаған, олардың мінез-құлқы да ерекше болған. Сал-серілердің өнері жастарға арналған, олардың тыңдаушылары да, араласатын ортасы да сол қыз-келіншектер мен жігіттер болған.Сол себепті әндері көбінесе ғашықтық лирика жанрында шығарылған.

Сал-серілер дәстүрлі ән өнерінің қыр-сырын толық меңгергенмайталман әнші ретінде халық сүіспеншілігіне иеленген. Олардың дауысы «күміс көмей, жез таңдай», «көмейінен бал тамған» әсем, «қозы көш» (шамамен 8 шақырым) жерден естілетін зор болған. Бұрынғы кезде әншілер, (жалпы өнер иелері) өздерінің шеберлігін жетілдіру үшін ел аралап жүруге мәжбүр болған, басқа өнерпаздармен кездесіп тәжірибе алмасқан, репертуарын байытқан.

Халықтың кәсіби әндері(фольклор жанрларымен салыстырғанда)дәстүрлі әншілік өнердің жоғарғы сатысын құрайды. Кәсіби әннің қалыптасуына халық өнерінің екітүрі әсер етті, оныңбіріншісі – лирикалық қара өлең, екіншісі – ақындық өнер. Қара өлең жанры кәсіби әнге поэтикалық мазмұны мен музыкалық құрылымы жағынан әсер етсе, ақындық өнер кәсіби әншінің көрермендер алдында өзін өзі ұстауы, олардың назарын аудара білуі,тыңдаушылармен қарым-қатынас қалыптастырып,өнерін жан-жақты көрсете білуі жағынан ықпалын тигізді.

Ғұрыптық әндерде кеңінен орын алғанқоштасу, жоқтау, сағынышсияқты тақырыптар кәсіби әндерде өз жалғасын тапты. Соған қоса, сал-серілер шығармашылығында басқа жанрларда кездеспейтін жаңа тақырыптар пайда болды, олар – жалпы өнер туралы, ән, әншілік, орындаушылық шеберлікке арналған,және арнау, өсиет сияқты тақырыптар. Осындай жаңадан туындаған жанрлар қатарына күлдіргі, сайқы-мазақ әндерін де жатқызуға болады. Мысалы, «Ағаш аяқ» әнінде ақсақ кәрі шалдың өз шамасына қарамай жас қыздарға қырыңдауы күлдіргі түрде көрсетілген.

Сал-серілік (халық кәсіби әншілік) өнер - student2.ru Лирикалық қара өлеңнің құрылымы шағын ғана қайырмамен толықтырылған болса,сал-серілердің әндерінде бұндай қайырма кеңейтілген, көлемді түрде берілген. Кейбір әндерде қайырма өзініңдыбыстық көлемі мен ырғақтық-әуендікқұрылымы жағынан шумақтан асып түседі (мысалы – Біржанның «Адасқағы»).Бұндай қайырмаларда, әдеттегідей, одағай сөздер қолданылғандықтан, тыңдаушылардың назары музыканың әуеніне, оның әсемділігіне аударылады, ал әнші болса өзінің барлық орындаушылық шеберлігін паш етуге тырысады.

Ақындық өнердіңкәсіби әнге тигізген әсерлерінің бірі сал-серілердің өзін өзі таныстыруға арналған әндерінен байқалады. Бұндай әндерде поэтикалық формулаға айналған «Біржан деп атым шықты Алты алашқа»; «Мұхиттың салады енді Айдайына»; «А-хау! Жігіт ері дерсің мені, деп салған «Маңмаңгерге» Ақан сері», «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын..., Өзім сал, өзім сылқым, кімге зармын»; немесе «Үш жүзге атым шыққан бұлбұлымын» сияқты сөздер жиі кездеседі. Өзін өзі таныстыруға арналған әндерде сал-серілер, ақындар сияқты, өзінің шыққан тегін, өнерін, орындау шеберлігін паш етеді. Ондай әндердің кейбіреулерін(мысалы, «Майра», «Ғазиз ақын», «Біржан сал» сияқты, немесе Әсеттің «Қысметін»)автордың жеке тұлғасын бейнелеу (автопортрет) әндері деп атауға болады.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Сал, сері дегеніміз кім? Олардың шығармашылығы немен сипатталады?

2. Сал-серілердің әншілік қабілеті, репертуары.

3. Халық әндері мен халық кәсіби әндерініңбір бірінен айырмашылықтары.

4. Ақындық өнердің сал-серілік өнерге тигізген әсері.

Тақырып

Күйшілік өнер

Аспаптық музыкада «күйші», «домбырашы», «қобызшы», «сыбызғышы» деген атаулар бар. Олардың мағынасы бір біріне жақын болғанымен айырмашылықтары жоқ емес. Күйші деп өз жанынан аспапқа (домбыраға, қобызға, сыбызғыға) арналған күй шығарушыны, яғни композиторды және сол күйді орындаушыны айтамыз, ал домбырашы, қобызшы, сыбызғышы – сол шығармалардың орындаушылары ғана, олар өз жанынан күй шығармайды.«Күй» сөзінің мағынасы екі түрлі, оның біріншісі аспаптық шығарманы білдірсе, екіншісі адамның қал-жағдайына байланысты қолданылады (мысалы, «көңіл-күй» деген сөз тізбегі).

Күйшілік ертеректе қалыптасқан өнер түрлеріне жатады. Оның тарихи дамуын екі кезеңге бөлуге болады:біріншісін көне фольклорлық кезең деп атасақ, екіншісін жеке авторлық кезең деп белгілейміз. Фольклорлық кезең жеке авторлық көзқарастың әлі қалыптаспаған кезі, сол себепті көне шығармаларда дәстүр жағыбасым болған. Ерте заманнан келе жатқан фольклорлық шығармалар бүгінгі күнге дейін авторы беймәлім, халық күйлері ретінде жеткен. Күйшілік өнердің дамуының екінші кезеңі жеке авторлық көзқараспен ерекшеленеді. Бұл – күйшілік өнердің кәсіби түрде қалыптасып, шарықтау шегіне жеткен кезі. 18-19 ғасырларда туындаған күйлер аспаптық музыканың классикалық үлгілерін құрайды.

Аспаптық музыканың ең көрнекті, әрі кең тараған түрі – домбыра күйлері. Қазақстанныңкең байтақ жерінде ерте заманнан бері әр-түрлі стильдер, аймақтық дәстүрлерменкүйшілікмектептер қалыптасқан. Жалпы алғанда, домбыра күйлерітөкпе, шертпестильдері болып екіге бөлінеді. Төкпе күйлер Қазақстанның батыс аймақтарында (яғни, Маңғыстау, Атырау, Орал (кәзіргі кезде – Батыс-Қазақстан) және Ақтөбе облыстарында) тараған, шертпе стилі Қазақстанның шығыс, орта, оңтүстік өңірлерінде орын алған.

Төкпе күйлер музыкалық құрылымы жағынан біркелкі болып келеді.Шертпе күйлерде бұндай біркелкілік жоқ, олардың құрылымына жергілікті әндер, жырлар, қобыз бен сыбызғы күйлері әсер еткен. Шертпе күйлердің ішіндеүш дәстүрді бөліп айтуға болады,олар – орталық ҚазақстандағыАрқа дәстүрі, оңтүстік ҚазақтандағыҚаратау дәстүрі және шығыс Қазақстан аймақтарында тараған, теріс бұрауда орындалатын көне күйлер дәстүрі.

Төкпе күйлер екі дауысты, жігерлі, ынталы, ырғақтық-үрдіс жағынан біркелкі болып келеді, әуен үрдісі дәстүрлі қалыптасқан композициялық құрылымбойынша өрбиді. Шертпе күйлер, керісінше, бір дауысты,өлшем-ырғағы еркін,үрдісі сабырлы,көбінесе суырып-салма (импровизация) принципі бойынша жүреді. Олардың әуені әнгежақын, сол себепті дыбыс көлемішағын. Төкпе мен шертпе күйлердің келесі айырмашылығы – олардың дыбыс алу мәнерінде, яғни оң қолдың қағысында. «Төкпе» аталуы «төгу» деген сөзден шыққан, домбырада ол барлық саусақтармен сілтеп қағу тәсілімен орындалады. «Шертпе» сөзінің түбірі – «шерту». Бұл тәсілдің ерекшелігі,атынан көрініп тұрғандай, ішектерді сұқ саусақпен алма-кезек шертіп ойнаумен байланысты.

Төкпе күйлер ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі бөлімдерден тұрады. Олардың атаулары – бас буын, орта буын, кіші (бірінші) саға, үлкен (екінші) саға. Бас буын «бастапқы», «алғашқы» деген мағынаны білдіреді,ол домбыра мойынының жоғары (бас) жағында орналасады. Бұнда орындалатын әуен көп күйлерде бір біріне ұқсас болып келеді.

Күйдің орта буын бөлімі домбыра мойынының ортаңғы шенінде орналасады. Бас буыннан кейін жүретін бұл бөлімде күйдің негізгі әуені(музыкалық тақырыбы) жүреді.

Саға – көп мағыналы сөз, домбырада ол аспап мойынының кеудесімен қосылған жерін көрсетеді. Сағада жүретін әуенді күйдің шарықтау шегі деуге болады.

Шертпе күйлерде бұндай бөлімдер жоқ, олардың дамуы еркін, суырып-салматүрінде жүреді.

Төкпе күй стилінің көрнекті өкілдері Құрманғазы, Дәулеткерей, Есбай, Есір, Қазанғап, Дина, Сейтек т.б. болса, шертпе күй дәстүрін қалыптастырып дамытқан Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Сүгір және солардың шәкірттері мен ізбасарлары. Аталған күйшілердің қазақ музыкасынақосқан үлесізор, олардың көбісі өзінің жеке орындаушылық, шығармашылық мектебін қалыптастырған. Сол мектептер бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Қобыз және сыбызғы күйлері,домбыра күйлерімен салыстырғанда, көп тарамаған. Бізге жеткенқобыз күйлерінің саны отыздың шамасында. Олардың көбісі аты аңызға айналған Қорқыт пен 19 ғасырдың соңында – 20 ғасырдың басында өмір сүрген Ықыласқа телінеді.

Құрылымы мен орындаушылық ерекшеліктеріне қарай қобыз күйлері кварталық және квинталық болып екі топқа бөлінеді. Кварта бұрауында орындалатын күйлердің аңызы бақсылықпен байланысты, сондықтан оларда о дүние мен бұл дүниенің қарым-қатынасы, өлімге қарсы күрес сияқты тақырыптар менбақсылық мифологиясының көріністері орын алған.

Квинта бұрауында орындалатын күйлер жырау өнерінен бастау алады. Олардың аңызы батырлар жырының, лирикалық эпостардың, аңшылық заманнан келе жатқан аңыз-әңгімелердің желісі бойынша құрылған.

Кварта күйлері бір дауысты болып келеді, әуені төменгі дыбыстар аумағында орындалады. Бұл күйлерде тұрақты композициялық құрылым болмайды, музыкасы еркін түрде дамиды.

Квинта күйлері, керісінше, үш бөлімнен тұрады. Жырдың әлқисасын еске салатынбірінші бөлімі кіріспе рөлін атқарады. Ол жалғыз дауысты болыпкеледі. Кей кездерде кіріспе бөлімі тыңдаушылардың назарын аударуға арналған ақын-жыраулардың алғы сөзі сияқты болып естіледі. Күйдің екінші бөліміндемузыканың ырғақ-үрдісі өзгереді, әуеніекі дауыстылыққа ауысып, үрдісі шапшаңдатылады. Бұл – күй аңызының мазмұнын музыка тілімен «баяндайтын» негізгі бөлім. Күйдің соңғы, үшінші бөлімінде әуені қайтадан жалғыз дауысқа ауысады, оның мәнері жыраудың қорытынды сөзін еске салады.

Аспаптық музыканың келесі түрі – сыбызғы күйлері. Сыбызғы дәстүрі Қазақстанның екі аймағында – батыс пен шығыс өңірлерінде ғана сақталған. Батыс Қазақстан күйлерінің дыбыс көлемі кең, ауқымды, әуені мұңлы, зарлы болып келеді. Бұлаймақтағы есімі әйгілі сыбызғышылар – Сармалай, Ысқақ, Уалиев, Мақар Сұлтанғалиев.

Сыбызғы күйлерінің екінші дәстүрі шығыс Қазақстанда, соған қоса Алтай өңірінде, Моңғолия мен Қытайда тұратын қазақтардың арасында тараған.Бұл күйлер әуен құрылымы жағынан осы өңірде қатар дамыған домбыра күйлеріне ұқсас болып келеді. Шығыс Қазақстан сыбызғы күйлері көлемі жағынан шағын, көбісі халық әуендеріне негізделген. Осы дәстүрдің көрнекті өкілдері Тілек, Жантелі, Шерубай, Мұса, Шанақ, Кәлек т. б.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Күйші деген кім? Күй өнерінің даму кезеңдері.

2. Домбыра күйлерінің аймақтық стилдері, дәстүрлері.

3. Төкпе күйлердің құрылымы, оның бөлімдері.

4. Домбыра музыкасының өкілдері.

5. Қобыз күйлерінің сипаттамасы.

6. Сыбызғы күйлерінің ерекшеліктері.

Тақырып

Наши рекомендации