Калам ілімініҢ аныҚтамасы, таҚырыбы

Ислам дінінің тақырыбы мен мазмұнын құрайтын екі негізі бар. Оның біріншісі – итиқад (сенім), екіншісі – амал (практика). Осы екі негіздің нақты түрде жүзеге асуы ахлақ деп аталатын үшінші негізін дүнитеге әкеледі. Басқаша айтар болсақ, діни үкімдердің біршамасы сенімдермен байланысты: бұлар діннің іргесін, негізін құрайды. Яғни, дін алдымен сенім аясында қалыптасады. Одан соң аталған берік сенім арқылы, онымен тығыз байланысты түрдегі күнделікті өмірде қолданылатын іс-әрекеттеріміз, яғни, амалдар (муамалат) жүзеге асырылады. Демек, сенімдік тақырыптармен байланысты үкімдер мен дәлелдер діни дереккөздерден, яғни, Құран мен Сүннеттен бастау алатын ілім «калам», ал практикалық тақырыптармен байланысты үкімдер «фиқһ» деп аталады.

Калам ілімінің анықтамасы.Араб тіліндегі «Калам» (كلام) сөзінің мағынасы «бір идеяны, мағынаны толықтай білдіретін сөз», «әңгіме» т.б. деген мәнді білдіреді. Осы тұста құдайлық сөздер мен әмірлерді де осы теминмен атауға болады. Құранның бір атауы болып табылатын «каламуллаһ» (كلام الله) сөзінің мағынасы «Алланың сөзі» «оның әңгімесі, адамзатқа үндеуі» деген мәнді білдіреді.

Ал исламдық термин ретінде «калам ілімінің» анықтамасын бір жағынан ілімнің тақырыбына, келесі жағынан оның мақсатына қарай жасауға болады.

Тақырыбына қарай каламның анықтамасы. Калам ілімінің тақырыбы – ислам дінінің сенімдік мәселелері діни жағынан иман Құранның ішінде орын алған барлық мазмұнына толықтай нану. Осы сәтте иманның негізгі принциптерін жекелеп атап өту мүмкін емес, сондықтан, Құранның мазмұнын оңайлату мақсатында ардақты Пайғамбардың хадистерін пайдалана отырып, исламдық сенім негіздері қысқаша алты негізге жинақталған. Демек, калам ілімінің тақырыбы Құран мен уахи болып табылады және ондағы сенімдік мазмұн алды иман шартында жинақталған. Алайда ислдамдық ілім дәстүрінде аталған алты иманның кейбірі келесілердің ішінде орын алады деп есептеліп, қысқаша түрде үш негізде жинақталған (усулу саласа): Аллаға, Пайғамбарларға және ахиретке иман. Калам ілімінде аталған үш негіз «илаһиат», «нубууат» және самииат» деп аталады. Демек, калам ілімі «Алланың затын, сипаттарын, пайғамбарлыққа қатысты мәселелерді, дүние мен ахирет (мабда және маад) тұрғысынан жаратылыстардың жағдайларын исламның принциптері мен негіздерін қарастыратын ілім» деп анықтама жасалынады.

Осы анықтамада орын алған Алланың заты оның басқа басқа ешбір болмысқа ұқсамайтын, ешнәрсеге мұқтаж емес, бар болуы затынан екендігі әуелден және мәңгілік абсолют екендігін, Алланың сипаттары абсолютті болмыс болып табылатынын, сондықтан, ұқсастары ешбір болмыста орын алмайтынын дәлелдеуге бағытталады. Ал аталған ілімдегі жаратылғандар көк пен жерде бар көрінетін және көрінбейтін осы әлемде және о дүниеде барлық нәрсе Алла тарапынан жаратылғанын және жаратылатынын дәйектеу. Міне, калам ілімі Алланың заты мен сипаттарынан бастап, барлық болмыстардың қалай бар болғанын, болмыстардың мәнін, барлығын қалай сақтайтынын және барлығының соңы бар немесе жоқ болатынын, қалай жоқ болатынын зерттейтін ілім болып табылады.

Жоғарыда баяндалып отырғаны тәрізді аталған ілімнің ауқымы кең, маңызы жоғары болуы оның негізгі тақырыбы Алланың абсолюттік болмысы мен бірлігі және оның әлемнің жаратушысы ретінде онымен қатынасымен байланысты. Осыған байланысты калам ілімін «Алланың абсолюттік болмысы мен бірлігін қосқанда оның болмыс әлемімен қатынасын қарастыратын ілім» деп анықтама жасауға болады.

Калам ілімінің тақырыбына қарай жасалған аталған анықтама бойынша оның жаратылыс әлемін зерттейтін физика, химия, биология астрономия және т.б. ғылымдардан зерттеу әдісі жағынан ерекшеленеді. Мысалы, аталған ғылымдар жаратыстарды қарасырған кезде, олардың бастауы мен соңын нысанаға алмайды. Олар тек осы дүниеде ғана сезім мүшелермен анықталатын болмыстарды қарастырады. Аталған ғылымдар жаратылыстарды жоқтан бар етіп жаратқан алғашқ себептің бар екендігін зерделемейді. Сонымен қатар, жаратылыстардың жаралудағы негізгі мақсаттарымен де, болмыстар жоқ болып кеткеннен немесе өлгеннен соң не болатыны турасындағы сұрақтарға жауап бермейді. Ал калам ілімі теологиялық ілім ретінде осы типтес сұрақтарға жауап беруге және болмыстың себебін зерттеуге тырысады.

Қорытындылай келе калам ілімі нақыл мен ақылды бір араға топтыстыра келе, осылардың әрқайсысын орнына және шарттарға қарай маңыз беретін әдісті қолдана отырып, мәселелерді тек ақылдың қабілетімен шешуге тырысатын философиядан ерекшеленеді. Каламдық әдіс дін (уахи) мен ақылды қатар пайдалануды негізге алады. Осыған орай, ол ақылдық дәлелдерге сүйенгенімен соңында осы дәлелдердің ақиқаттығын дін арылы дәйектеуге тырысады.

Мақсатына қарай каламның анықтамасы.Калам іліміне мақсатына қарай жасалған көптеген анықтамаларды бір араға топтастыра келе былай анықтама жасауға болады: «калам ілімі – ақылдық және нақылдық дәлелдерге сүйене отырып, исламдық сенім негіздеріне байланысты туындаған күмәндерді жоюға және сенім негіздерінің мәнін анықтауға тырысатын ілім». Демек калам ілімінің Құран мен Сүннетте орын алған ислам сенім негіздерімен байланысты екі негізгі міндеті мен мақсаты бар. Оның біріншісі, ислам дінінің сенім негіздерін ақылдық және нақылдық дәлелдермен дәйектеуге тырысса, екіншісі – осы сенім негіздерімен байланысты туындаған күмәндерді жою және мұсылман еместердің исламға бағыттаған сындарына жауап беру, олардың идеялары мен концепцияларын жоққа шығару.

Калам ілімінің пайдасы мен мақсаты.Калам ілімінің мақсатына қарай жасалған анықтама бойынша аталған ілімнің негізгі пайдасы мен мақсаты – адамның осы дүниелік бақытты өмірге, ахиретте мәңгілік бақытқа жетуді қамтамасыз ету. Аталған мақсатқа жету үшін төменде орын алған пайдалар мен мақсаттарға тоқталып өткеніміз жөн:

1. Калам ілімі аясында адам ақылдық және нақылдық дәлелдермен қуат алған иман арқылы тақлиден таққиққа, берік және кемел именға қол жеткізеді;

2. Калам ілімі арқылы қол жеткізілген берік сенімімен және иманымен адам ислам сенім негіздеріне қайшы келетін жалған ағымдар мен бағыттардан, алуан түрлі негізсіз сенімдерден (хурафа) құтылады.

3. Калам ілімі тура жолды іздегендерге жолбасшылық жасай отырып, ақиқатты тануға қайшы келетін, тіпті ақиқатты тануды жоққа шығаратын күмәндерден құтылуға септігін тигізеді;

4. Калам ілімі өзіне тән әдістері мен тәсілдері арқылы өзге дін өкілдерінің тудырған күмәндері мен жоққа шығаруларын немесе мұсылмандар арасындағы екі ойлылықты жоюға көмектеседі;

5. Калам ілімі өзге діни ілімдердің негізін құрайды. өзге діни ілімдер калам ілімінен тірек таба алады. Себебі, калам ілімінің негізгі тақырыбы Алланың бар екендігі мен бірлігін, нубууаттың (пайғамбарлық) ақиқат екендігін, илаһи кітаптардың жіберілгендігіне сипаттама беріп, ахиреттің бар екендігін негіздемей, өзге діни ілімдердің осы салада түсініктеме жасауы мүмкін емес. өзге ілімдер тек калам ілімінің тұжырымдауы арқылы ғана түсініктеме жасай алады;

6. Калам ілімінің ең негізгі пайдаларының бірі – жаратушы ретінде Аллаға және оның жаратқан бүкіл әлемге, мақұлықтарға деген міндеттері мен жауапкершіліктерін білетін және осы білімдер аясында кемел иманға ие адамды тәрбиелеу және осы сенімді күнделікті тіршілікте жүзеге асыру арқылы адамды бақытты қылу.

Каламның тақырыбы. Калам ілімінің қарастыратын тақырыптарын екі пункт бойынша зерделеген жөн. Оның біріншісі – тікелей діни ақидаларды құрайтын тақырыптар - «масаил» және «мақасид». (негізгі тақырыптар және мақсаттар). Демек, калам ілімінің негізгі тақырыбы – негізгі сенімдік (итиқади) мәселелер, сенімдік принциптер. Жоғарыда баяндалғаны тәрізді исламның сенім принциптерін санмен белгілеп, белгілі бір шекке байлау мүмкін болмағанымен және Құранның ішкі мазмұнына иман келтіру исламның басты ұстанымы болғанымен аталған ауқымды тақырыпты алдымен алты, одан соң үш принципке түсіру исламның сенім негіздерін түсінуге және оңайлатуға жағдай жасайды. Басты калам дереккөздері сенім негіздерін осы үш негіз (усул саласа) аясында қарастырған. Олар «илаһиат», «нубууат» және «самииат».

Илаһиат деп аталатын негізгі бөлімнің бірінде алдымен Алланың бар екендігі, бірлігі, сипаттары және фиилдері (іс-әрекеттері), яғни жаратуы және құдайдың бүкіл бар әлеммен қатынасын қарастырады. Екінші негізгі тақырып болып табылатын нубууатта уахи және уахиді алып келетін періштеге және барлық періштелерге иман және уахилер жинақталып жазылған Құран мен басқа илаһи кітаптарға иман зерделенеді. Ал үшінші тақырып – самииатта періште, жын, шайтан сияқты көрінбейтін болмыстармен қатар осы дүние өмірінің уақытша екендігі, өлімнің тіршілікті ақыры емес, мәңгілік өмір ахиретте жалғасатынын, ол «қиямет» деп аталатын бір оқиғадан соң басталатынын қарастырады. Сонымен қатар, осы өмірде істеген амалдарымыздың есебін беретін күннің, одан соң жаннат пен жаһаннам өмірі болатыны да қамтылады.

Аталған итиқади мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған кезде олардың анық та оңай түсінілуін қамтамасыз ететін «асаил», яғни, негізгі тақырыптарды түсінуге себепші, көмекші тақырыптар да қарастырылады. Олар – негізгі мәселе болып табылатын итиқадтың түсінікті болуына себепкер болып табылатын, оларға сипаттама берген кезде және дәйектеуде оңайлататын құрал. Міне, калам ілімінің екінші тақырыбын осылар құрайды.

Ислам ойлау жүйесі тарихының дамуымен тығыз байланысты болған уасаил тақырыптар әртүрлі типте дамыған. Тоқталып өтер болсақ, исламның алғашқы ғасырынан кейінгі дәуірде ислам әлеміне философияның таралуымен ақылға иек арту процесі етек ала бастаған кезде, калам ілімі де ақылдық қабілетке көп арқа сүйеді. Осының нәтижесінде калам ілімінің қарастыратын тақырыптар кеңейе түскені тәрізді онда қолдыналытан әдістердің де саны артты. Осы кезеңде калам ілімі әлемде бар болмысты ғана өзінің тақырыбы ретінде алды. Яғни, бар болып табылатын барлық нәрсе барлық болмыс бар болғандықтан калам ілімінің тақырыбын құрады. Осылай калам ілімінің тақырыбы кеңейтілді. Осы тұста болмысты (маужуд) қарастыратын жаратылыстану ғылымдары мен философиядан өзінің әдісі мен мазмұны жағынан калам ерекшеледі. Яғни, калам ілімі физика мен химия тәрізді болмыстарды лабораторияда зерттемейтіні тәрізді, оны зерттеуді сананың ғана қабілетіне иек артпайды, керісінше, ақылмен қатар сол болмыс жайында уахидің баяндағандарына арқа сүйейді. Себебі, уахидің бастауы болып табылатын Алла – болмыстың жаратушысы.

Мутааххирин деп аталатын және әл-Ғазалимен бірге басталған кейінгі дәуірде каламшылар философиямен қатар логика ғылымына арқа сүйеуімен калам ілімінің тақырыбы одан ары кеңейе түсті.

Бастапқы кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі негізгі мәселелер, яғни, сенім тақырыптары үнемі өзгеріссіз қалды, себебі, олар адам тарапынан өзгертілетін, дамытылатын нәрселер емес. Ал бұған қайшы түрде уасаил деп аталатындар белгілі бір кезеңнің мәдениетімен, танымымен және идеялық әрекетімен байланысты түрде дамытылады және өзгереді. Алайда осы тақырыптарды қарастырудағы негізгі мақсат Алланың абсоютті болмысы мен бірлігін түсіну және ақиданы қуаттау болып табылады. Ислам діні бойынша Алланы тану барлық істің басы екендігі даусыз. Аллаға деген таным мен сенім болмай ислам дінінің мәні де жоқ. Демек, калам ілімі алдымен болмыс мәселесін, яғни, Алланың бар және бір екендігін тақырыбы және мақсаты ретінде қарастырады.

Осы мақсатқа жетуде ақыл ма әлде нақыл ма маңызды, - деген сұраққа сараптама жасаған жөн. Осы тұста нақылдан қарағанда ақылдың маңызы жоғары екендігі байқалады. Себебі, Аллаға деген сенім болмаса, нақылды елестетудің өзі қиын. Демек, ең алдымен сананың қабілетін қолдану арқылы Алланың бар екендігіне қол жеткізу қажет. Мұнда ақылдың маңызы анық байқалады. Осыған байланысты Матуридия және Мутазила мазхабтары уахисіз-ақ адам ақылымен Алланың бар екендігін біле алатынын, ал қайшы жағдайда оған жауапты болатынын алға тартады.

Алланың бар екендігі мен бірлігінен соң оны тануды оңайлататын сипаттары мәселесі келеді. Бұл да калам ілімінің маңызды тақырыптары болып табылады. Осы тұстан калам ілімінің тақырыптарының бірі болып табылатын және болуы тиіс таным мәселесі және оған қалай қол жеткізуге болатыны, яғни, танымның бастаулары мәселесіне барып тіреледі. Адам танымы қалай қалыптасады? Субъект ретінде адам өзінен тысқары болмыстарды қандай жолдармен және қалай біледі? Осы жағынан таным концепциясы калам ілімінің басты тақырыптары болып табылады. Одан соң танымның иманға айналуы қалай жүзеге асады деген сұрақ төңірегінде иман мәселесі зерделеді. Одан соң пайғамбарлық және оған қатысты мәселелер, уахи, кітап, мұғжиза және осыған ұқсас тақырыптар қарастырылады. Сондай-ақ Алланың білімі және адамның еркіндігі мен жауапкершілігі тақырыбымен байланысты қадар (тағдыр) және қаза тақырыбы да зерделенеді.

Каламның орны және маңызы.Кез келген ілімнің маңызы оның тақырыбына байланысты анықталады. Сонымен қатар белгілі ілімнің бағасы оның адамға әкелетін пайдасымен тығыз байланысты. Демек калам ілімі оның тақырыбына байланысты маңызды болып есептеледі.

Ислам дінінің сенімдік жүйесін айқындауға талпынатын калам ілімі адам мен діннің негізгі мәселесі болып табылатын Алланың бар екендігі мен бірлігін саналық және нақылдық дәлелдермен түсініктеме жасауға тырысады. Одан соң исламдағы өзге де сенім негіздерін осы әдіспен адам зейіне нұсқау береді.

Осы мәселеде ислам сенімдеріне іштен және сырттан жасалатын шабуылдар, жоққа шығарулар, күмәндер мен екі ойлылықтарды және ислам сенімін адастыруды мақсат еткен ағымдарды, жалған нанымдар мен негізсіз сенімдерді анықтап, оларға қажетті жауап беруі калам ілімінің маңызды ілім екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар, калам ілімі болмыс ретіндегі барлық нәрсені қамтитын барлық таным түрлерін қарастыруы жағынан ауқымды ілім болып табылады. Адамның таным бұлақтары – ақыл мен сезім мүшелерімен қоса, құдайлық білім бастауы болып табылатын нақылдық, яғни, уахиды негізге алғандықтан, дәлелдері мен әдістері жағынан калам нақты ілім болып табылады.

Калам ілімін фарз кифаяның ішіндегі ең қуаттысы ретінде санаған кейбір ғалымдар діни тақырыпта күмән туындай қалса, оны шешу жағынан аталған ілім фарз айн болып табылатынын қуаттаған.

Калам ілімінің атаулары. Ислам дінінің сенім негіздерін қарастыратын калам ілімі тарих бойында алуан түрлі кезеңдерді басынан кешірді және әртүрлі аталды. Бір жағынан бұл аталған ілімнің басты ерекшелігін білдіреді.

әл-Фиқһу-л-Акбар. Калам іліміне қолданылған алғашқы атауды Ханафи мазхабының құрушысы, ұлы имам Имам Ағзам Әбу Ханифа қолданған және осы салада жазған еңбегін «әл-Фиқһу-л-Акбар» (ең үлкен Фиқх) деп атаған.

Әбу ханифа фиқхқа «адамның пайдалы мен зияндыны білуі» деп анықтама жасаған. Ислам ойлау жүйесінің практикалық саласында пайда болған басты және кең таралған мазхабтардың бірінің имамы ретінде қуатталатын Әбу Ханифа фиқхқа жоғарыдағй анықтама жасаған кезде сенім мәселесінде жазған еңбегінде жоғарыдағы атауды бере отырып, былай деген: «итиқади саладағы білім фиқх ілімінің қарастыратын амалдық саладағы білімнен анағұрлым маңызды, себебі, итиқадтағы білім басты темірқазық, ал амалдағы білім одан кейінгі орынды иеленеді. Демек, адамның білуі тиіс алғашқы және ең маңызды білімі сенім мәселесіне қатысты. Себебі, дұрыс және берік сенім болмай, дұрыс амал жүзеге аспайды.

Имам Ағзам Әбу Ханифа «Салаф» деп аталатын алғашқы үш буынға жатқанымен ақидада ол салаф әдісін толықтай қабылдамаған. Әбу Ханифаның фиқх саласындағы зерттеулері оның ақылға көп мән бергендігін көрсетеді. Оның осындай ұстанымын ақида саласынан да кездестіруге болады. Демек, оның ақида саласында жазған «әл-Фиқһу-л-Акбары» мен басқа да ақидаға қатысты трактаттары салаф әдісінен каламдық методикаға өту кезеңі болып табылады.

Ақаид. Ақаид – «ақида» сөзінің көпше түрі. Ақида – көңілмен, пейілмен байлану, кесінді түрде шешім қабылдау, шын көңілмен нану, имандылық деген сөз. Демек, ислам ақаиды ислам діні бойынша міндетті түрде сену қажет иман негіздеріне сенуді білдіреді. Ал «ақаид ілімі» - иман негіздерін қарастыратын ілімнің аты. Аталған ілім ислам дінінің амалдық саласын емес, сенімдік саласын қарастыратын үкімдерді қамтиды.

Таухид және сипаттар ілімі. Бұл атау калам ілімінің қарастыратын тақырыбьына байланысты берілген. Өйткені, Алланың сипаттары мен таухид аталған ілімнің ең басты, ең негізгі тақырыбы болып табылады. Негізінде калам іліміне қатысты барлық мәселелер Алланың бірлігі мен таухид сенімі аясында жинақталған. Осы жағынан таухид туралы мәлімет пен сенім калам ілімінің негізгі мақсаты екендігі даусыз.

Исламның алғашқы ғасырынан бастап тартыстың өзегі болып табылған Алланың бірлігі мен сипаттарынан бастап, тағдыр, адам еркіндігі мәселесі, үлкен күнә істеген адамның иманы, иман мен амал қатынасы, иман мен күпірлік және басқа да мәселелер күн тәртібіне келді. Салаф ғұламалары осы тақырыптардағы тартыстарға қатысып, және осы тақырып төңірегіндегі пікірлерін хатқа түсірген. Міне, осы типтес еңбектерді олар «таухид рисаласы» деп атап, осы типтес тақырыптарды қарастыратын ілімді «таухид және сифат ілімі» деп атаған. Тақырыбы тек Алланың сипаттары болып табылатын еңбектерге мысал ретінде ибн Хузайманың (ө.311/923 ж.) «Китабу-т-Таухид уа Исбату Сифату-р-Раб» атты құнды шығарманы атап өтуге болады.

Кейінгі дәуірлерде калам ілімінің тақырыптары кеңейіп бүкіл итиқади мәселелерді қамтуы нәтижесінде калам ілімінің барлық тақырыптарын зерделейтін еңбектердің біршамасын теологтар таухид кітабы деп атаған. Матуридия каламдық мектебінің негізін салушы – Имам Әбу Мансур әл-Матуридидің (ө.333/944 ж.) атақты калам еңбегі «Китабу-т-Таухид» деп аталуы осыны айғақтайды.

Усулу-д-Дин. «Усул» - асыл сөзінің көпше түрі. Асыл сөзі «негіз», «түп», «бастау» деген мағынаны білдіреді. Ал «Усулу-д-Дин» діннің негізін құрайтын басты тірек, негізі – итиқад болып табылады. Калам ілімі діннің негізін құрайтын ақиданы, негізгі иман принциптерін қарастырғанына байланысты осылай аталған.

Міне, осындай түсінік бойынша калам саласында жазылған еңбектердің біршамасы «Усулу-д-Дин» деп аталған. Абдулқаһир әл-Бағдади (ө.429\1038 ж.) мен Әбу-л-Юср Мухаммад әл-Паздауидің (ө.493\1099 ж) «Усулу-д-Дин» атты каламдық еңбектері осыған айқын мысал бола алады. Сонымен қатар, Әбу-л-Хасан әл-Ашаридің (ө.324\936 ж.) «әл-Ибана ан Усули-д-Диана» атты еңбегі де осы типтес шығармалар қатарына жатажы.

Назар және Истидлал ілімі. Нәрселер жайлы ойлау және осы жолмен мәліметке қол жеткізе қоймаған нәрселерді білу мақсатында адам есінде бастапқы кезден-ақ бар мәліметтерді реттеу, жинақтау арқылы бір нәтижеге қол жеткізу талпынысы «назар», «истидлал» деп аталады. Калам ілімі қарастыратын проблемаларды шешуде әдісінен бастап, ойлауды, тұжырымдауды және ақылды қолдануды негізге алғандықтан әлгі терминмен де аталған.

Калам ілімі. Аталған ілімнің кең таралған атауы – калам. Ислам дінінің сенім негіздерін нақылмен қатар ақылдық дәлелдерді қолдана отырып, түсініктеме жасауға тырысатын аталған ілімге «сөз» деген мағынаны білдіретін «калам» атауының берілуіне себеп болғандар ретінде мыналарды атап өтуге болады.

1. Ислам ойлау жүйесінің алғашқы ғасырында Алланың сипаттары мәселесіне түсініктеме жасауғы талпыныс жасалған кезде, ең көп тартыс тудырған құдайлық сипат – калам сипаты болған. Осыған орай, аталған ілім калам ілімі деп аталып кеткен.

2. Бұл ілім нақылдық және ақылдық дәлелдермен қуатталған дәйектемелерге негізделеді. Осыған орай, жүрекке ең көп әсер ететін және оған енетін ілім де осы. Осыған орай, «жаралау» мағынасына сәйкес келетін «калм» түбірінен туындайтын «калам» сөзі бұл ілімге берілген.

3. Аталмыш ілім діннің негізі болып табылатын итиқади мәселелердің ақиқаттығын зерделеген кезде, адамға калам, яғни сөз сөйлей білу күшін береді. Логика ілімі философиялық тақырыптарға кіріспе болып, адамға нақты және дәйекті сөз сөйлей алу қабілетін тудырып, қарастырылатын мәселелерге сипаттама жасау қабілетін оятса, калам діни тақырыптарда ой айту, оларға сипаттама жасау мүмкіндігін жасайды. Келесі бір жағынан калам ілімінің қолдайтын ақылды қолдану және тақырыптарды дәйектендіру әдісі логика іліміне жақын келеді. Өйткені логика сөзі грек тілінде «logos», яғни, «сөз» мағынасын білдірсе, оның араб тіліндегі баламасы – «калам». Міне, аталған ілім қолданылатын өз әдісімен логика іліміне ұқсауы және логика атауының түбірімен сәйкестігі жағынан «калам ілімі» деп аталған.

4. Үйренуі және үйретуі міндетті болып табылатын мәліметтер алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Діни ой-санада ең алғашқы әңгіме қозғалатын, сөз етілетін ілім – итиқад ілімі. Осыған орай аталған ілім калам ілімі деп аталған.

5. Аталған ілім тақырыптарының діндегі орны мен маңызына байланысты олар жайлы адам ойына әртүрлі сұрақтар келетініне байланысты өзара, көп және мұқияттылықпен сөйлесуді, яғни, каламды қажет етеді. өйткені аса мұқияттылық алдындағы адамды нандыруға бағытталады. Осыған орай бұл ілім калам деп аталған.

6. Бұл ілім қолданылатын нақылдық және ақылдық дәлелдердің қуатына байланысты өзге ілімдерге қарағанда «калам дегеніміз енді осы, өзгелері емес» мағынасын білдіреді, себебі, ілімнің тақырыптары турасында айтылған сөздің өзге сөздерді жоққа шығаратын сөз болғандықтан калам деп аталып кеткен.

7. Ілімдер жинақтала және классификациялана бастаған алғашқы дәуірде қандай да бір тақырыпқа кірістерде «әл-калам фи каза/мына тақырыптағы сөз, көзқарас» деп басталатын. Әсіресе, діни сенімге қатысты тақырыптар көбінесе калам сөзімен басталды.

8. Ислам ойлау жүйесінің алғашқы өкілдері – Салаф ғұламалары сенімдік тақырыптарда нақылдың мазмұнымен ғана шектелді: ақылдық қабілетпен түсініктеме жасаудан өздерін аулақ ұстады. Бірақ, уақыт өте келе мұсылмандар әртүрлі жолдармен және себептермен өзге дін, мәдениет және өркениет өкілдерімен тығыз байланысқа түсті. Бұл жағдай ислам сенім мәселесіндегі әдіс-тәсілді өзгертті. Осылай мұсылман ойшылдары сенімдік тақырыптарда салам ғұламадарына қайшы түрде көз сөйлесуді және тартысқа түсуді әдетке айналдырған кезде, сөйлеуді, әңгімелесуді қажет ететін ілім мағынасына сәйкес келетін ілім калам деп аталып кетті.

Міне, жоғарыда баяналған себептердің бюірініне немесе бәріне байланысты аталған ілім калам деп аталған. Алайда аталған ілімнің калам деп аталуының ең басты себебі ретінде Құранның «каламуллаһ», яғни, Алланың сөзі екендігімен байланысты болуы мүмкін. Өйткені сенімнің тұрақты және абсолютті бастауы Алланың сөзі ретінде Құран болып табылады.

Калам және өзге ілімдер. Калам ілімінің өзге ілімдермен байланысын исламдық ілімдер, философия, жаратылыстану ғылымдары және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар деп бөліп қарастыруға болады.

Калам және исламдық ілімдер. Дін иман мен оның амалдағы көрінісінен тұрады. Діннің сенім негіздерімен байланысты ілім саласы – калам ол адамның амалдық мәселелерін реттейтін фиқх ілімінен бастап, басқа да исламдық ілімдердің түп қазығын құрайды. Тіпті калам діни ілімдердің бастауы, тірегі десек те болады. Өйткені, калам ілімінің негізгі тақырыбы болып табылатын иман негіздері дәйекті және мықты қуатталмай фиқх, тафсир, хадис және басқа да ілімдер жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық.

Фиқхтың тақырыбы болып табылатын ғибадат және муамалат діни ой-сана аясында қарастырылғанда ең алдымен дін мен иманның мәні мен маңызына, абсолюттік болмыс ретінде Алланың бар екендігі және бірлігіне сипаттама жасауға, одан соң ғана діни ғибадаттар мен ғұрыптарға орын беріледі.

Сондай-ақ Құранның түсініктемесін негізгі тақырыбы ретінде қарастыратын тафсир ілімі мен хадис ілімдері уахимен қатар қарастырылатын пайғамбарлық сенімімен тығыз байланысты.

Калам және философия.Калам ілімі мен философия тақырыптарына байланысты өте жақын ілімдер қатарына жатаы. Себебі, аталған екі ілім де боллмыстың бастауы мен соңын, мәнін, себептері мен салдарларын қарастырады. Алайда, аталған екі ілім әдістері жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Калам ілімі де, философия да мәлімет қайтары ретінде ақылға ерекше мән береді. Бірақ, философия мәселелердің шешімін ақылмен ғана реттесе, калам ілімі ақылмен қатар нақылдың қуатына да иек артады.

Калам және жаратылыстану ғылымдары. Жаратылыстану ғылымдары қатарына жататын физика, химия, биология, астрономия, математика және т.б. ғылымдардың калам ілімімен байланысы болмыс және оның ерекшеліктерін зерделеумен байланысты. Алайда, калам ілімінің ауқымы аталған ілімдерден кең деп айтуға болады. Себебі, жаратылыстану ғылымдары болмысты тек осы дүниемен ғана байланысты зерттейді. Сонымен қатар олар болмыстарды жаратқан жаратушының бар екендігімен де айналыспайды және сезім мүшесінен тысқары ақиқаттарды зерттемейді. Ал калам ілімі жаралыстың иесін, оның мәнін, ғайыб әлемді өзінің негізгі тақырыбы ретінде қарастырады.

Калам және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар. Калам ілімі мен адамдық және қоғамдық ғылымдар табиғи түрде бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі, калам ілімінің тақырыбы құдайлық мәселелер болғанымен оның өзі адамзатпен байланысты. Сенім адамның жүпрегінде және қоғамның ар-ожданында орын алады. Осы жағынан сенім мәселелері – адамдық және әлеуметтік тақыорыптар болып табылады.

Наши рекомендации