Философиядағы адам мәселесі
«Адам» деген ұғым – адам баласына тән жалпы қасиеттердің жиынтығын білдіретін түсінік. Адамың әлемде алатын орны ерекше. Адам жаратылыстың, табиғаттың туындысы және әлеуметтік феномен. Ол табиғат жасамаған заттар мен құбылыстарды өз қолымен, ақылмен жасайды.
Діни ұғымдар бойынша дүние адам үшін жаралған деген ұғым бар, өмір адамға, адам көңіліне жол табу мақсатына бағындырады. Мұсылман және Христиан діндері, иудаизмнің Библиядағы мифін қабылдап, адамның азап шегуін бұрынғы ең бастапқы күнәсі үшін тартатын жазасы дейді. Одан құтылудың жалғыз жолы - Құдайға құлшылық етіп, табына беру деп уағыздайды.
Ежелгі үнді философиясы мен дінінде адам әлемдік жанның бір бөлігі ретінде қаралды. Жанның біреуден екіншісіне көшуі туралы ілімде, тіршілік иелері (өсімдіктер, жануарлар, адамдар) мен Құдай арасында өтуге болатын жылжымалы шекара бар. Бірақ ең маңыздысы - бостандыққа ұмтылу тек адамға ғана тән, оған жету үшін құштарлықтан құтылу, болмыстың эмпирикалық жолы, сансара - карма заңдарын білу қажет. Упанишадтың пафосы- шабыт, сезім шаттығы, ықлас, ынта, жігерлену. Упанишад үнді философиясының дамуына зор ықпал көрсетті.
Діни - этикалық ілім - буддизм, адам мәселесін ең жоғарғы биікке көтеріп, өмірді түгелдей соған арнау жайында баяндайды
Қытай философиясында Конфуций СЯО-ға (ұлдың сый-сияпат көрсетуi, әке -шешені және үлкендерді сыйлауы), ең икемді әдіспен үлкен отбасын, елді басқаруға, этикет, әділеттік пен мінез-құлыққа ерекше көңіл аударады. Конфуций ең алғашқы болып «Өзіңе қаламағанды басқаларға қалама», - деп, ең басты моральдік-этикалық принципті өмірге әкелді.
Даосизм, оның негізін салушы Лао-цзы бойынша, Дао (жол) - көрінбейтін, барлық жерде бар, өзінен өзі пайда болатын табиғат, заңдылық, оған жеке адамның мінез - құлқы мен ойлары да жатады. Адам өмір бойы дао принципін ұстануы керек, адам өз мінез - құлқын табиғатпен бүкіл әлеммен келістіруі керек. Бұл iлiм кейін Қытайдың негізгі бір діні ретінде дамыды.
Ежелгі антика заманында адамды космос бейнесінде, «кішкентай әлем» (микрокосмос) ретінде қарады. Адам туралы мәселені алғашқы рет Сократ қойды. Ол рационалдық этиканың негізін қалап, адамның ішкі дүниесін, оның жаны мен ізгілікті ісін түсінуді ұсынды. «Ізгілік» дегеніміз – білім, «Жақсылық пен әділдікті танып-білген адам жамандық пен әділетсіздіктен аулақ болады»[9], - дейді. Платон ілімі бойынша адамда мәңгiлiк жан мен өткiншi дене қосылады. Жан - денесіз идея әлеміне жатады. Адам болса, дербес рухтың сақтаушысы.
Аристотель «Адам қоғамдық хайуан, тек ақылы бар»2 - деп, ал құлдарды адам деп санаған жоқ, «сөйлей білетін жануар» деп атады. Құл иесі құлға қайырымды бола алмайды. Сол сияқты әкесінің баласына қайырымды болуы міндетті емес, өйткені ол оның меншігі болып есептелінеді, ал баланың әкеге қайырымды болуы міндетті, себебі әкесіз бала дүниеге келмейді.
Христиан дінінде адам ұғымы, Құдай бейнесінде қаралады. Адамды бағалауда ақыл-ой емес, жүрек негіз болады. Жүрек Көне өсиетте (Ветхий завет) - 851 рет қайталанады.
Фома Аквинский: «Адам - дене мен жанның бірлігі. Хайуан мен періштенің аралығындағы нәрсе. Жан мәңгілік өлмейтін жақсылық сәулесі. Адам денесі - құмарлық пен ынтызарлықтың, жындардың ұясы», - дейді.
Орта ғасырдағы шығыс философы әл-Фараби: «бақыт - әр адамның көздейтін мақсаты, үлкен игілік. Адамда сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін үш түрлі тамаша табиғи қабілет болады, ол: ерекше жасалған дене құрылысы, жан құмарлықтары, ой-парасаты»,- деген.
Әл-Фараби адамның жан дүниесін жетілдіру мәселесін философиялық тұрғыдан зор білгірлікпен жан-жақты да терең зерттеп, талдау жасайды. Ал қайта өрлеу (ренессанс) дәуірінде Адам өзін-өзі билеу еркі, мақсаты бар тіршілік иесі ретінде қабылданды. Ол өзінің көптеген эстетикалық қасиеттеріне байланысты сезімтал дене иесі.
Жаңа Заман философиясының өкілдері: Бэкон, Декарт, Гоббсс, Спиноза - адамның өз болашағы өз қолында, Құдайдан да, басқадан да тәуелсіз, ол тапқыр да белсенді жасампаз тағдыр иесі, өз өмірінің саналы субъектісі. Адамның ерекшелігі де, рухани күйі де оның ақыл-ойында, яғни ойлау қабілетінде деп есептедi. Декарт: ойлауды адамның өмір сүруінің нақты куәсі дейді. «Мен ойлай аламын, олай болса өмір сүремін». Адам - ақыл-ойы бар тіршілік иесі. Дене мен жанның арасында ортақтық жоқ. Дене белгісіздікте болса, жан ойлайды, жанның айқын маңызы – сана, ақыл-ой».
Бірінші рет философияда «антропология» терминін Кант кіргізді. Адам философиясы немесе антропологиялық философия дегеніміз – адам туралы ілім. Ол адам мәселесін екіжақты қарады. Біріншіден, ол табиғат әлемi мен табиғи қажеттілікке тәуелді болса, екіншіден, адам еркіндік әлемі ретінде қаралды. «Адамның барлық іс-қимылының басқа біреудің еркіне бағынышты болуынан асқан сорақы сұмдық мүмкін емес»,- деді.
Неміс романтизмінiң (XVII-XIX ғғ. басында) өкілдері Гете мен Гердер, кей жағдайда қайта өрлеу дәуіріне оралып, ойлауды шектеп, адамның сезімдік саласын одан жоғары қояды. Новалистің (неміс ақыны, философы) пікірінше, ойлау - тек қана сезімдік түс.
Гегель: «адам – тарихи» – деген идеяны дамытты. Ол үшін адам - рухтың жалпылық қасиеті, рухани іс-әрекеттің субъектісі, мәдениет дүниесін жасаушысы. Фейербах пен Чернышевский өздерінің ілімінде адамды негізгі зерттеу мәселесіне айналдырды. Адам сезімдік, денелік тіршілік иесі және осының нәтижесі саналды.
Маркс: адамды жасайтын, оның еңбекке деген ынтасы, іс-әрекеті, ал қоғамдық болмыс адам санасын анықтайды дейді. Марксизм философиясы қоғамдық сана, қоғамдық болмыс, таптар мен мемлекет, өндіріс тәсілі, мәдениет мәселелерін өте терең зерттейді, бірақ адам мәселесі көмескі күйінде қалған. Ал, өмір болса адам туралы мәселені зерттеуді, оған нақты зер салуды талап етеді. Негізгі мәселе: адам қашан жаралған, қалай пайда болды? деген сұрақтарға жауап іздеу. Менің болуымның міндетті шарты - «сенің, басқалардың болуы» – дейді Фейербах.
Өмір философиясының өкілдері адамның ерекшелігін өмір феноменімен, кейде органикалық, биологиялық ұғымдармен көбірек жақындастырады (Ницше). Немесе мәдени-тарихи мағынада түсіндіреді (Дильтей). Өмір философиясында алдыңғы шепке адамның ойдан тыс қабілеті қойылады: сезім (Гаман, Якоби), ырық (Шопенгауэр), интуиция (Баадер, Бергсон). Олар сананы санасыздыққа жиі-жиі қарсы қояды. Фрейд және (фрейдизм) санасыздықты санадан артық көреді. Адамзат мәдениетінің, діннің шығуының қайнар көзін санасыздықпен байланыстырды, бұл жөнінде адам өз-өзіне толық жауап бере алмайды дейді.
Экзистенциализм - ең алдымен адамның дербес нақты өмір сүруіне мән береді және материализмнің, сциентизмнің үстемдігін жоққа шығарады. Бірінші орынға сезімді, тек жай сезім емес, сезіну, уайымдауды қойды. Қысқаша уақытта сезіну орына ұзаққа созылған сезімдер: қайғыру, жалғыздық, қорқу, т. б. қойылады.
Адамның табиғи (биологиялық) және қоғамдық (әлеуметтік) мәні. Адам «табиғи жаратылыстың дамуы» арқылы осы күнгі дәрежеге жетіп, күрделі феномен ретінде қалыптасты. Саналы адам (Home sapens) 50 мың жыл өмір сүріп келе жатқан болса, адамның жалпы тарихы шамамен 3-3,5 миллион жылдай болады.
Ақылды адамның пайда болу негізі неде? Адамның еңбегі арқылы пайда болған заттар (жасанды табиғаттың) мен тілдің пайда болуында. Еңбек, сана, ойлау және тіл - бір-бірімен тікелей байланысып жатқан процесс. Бұл жерде антропогенез (адамдардың шығу тегін зерттейтін антропологияның бір бөлігі), антропосоциогенез (әлеуметтік себептерді анықтау) деректері көп жәйді анықтайды. Мәдениет жоқ жерде - жетілген қоғам жоқ, қоғамсыз - жетілген адам жоқ.
Жан-жануардан адамның ерекшелігі неде?
1. Еңбекке икемделген өзгеше денесі мен келбетi бар.
2. Санасы, ойлау мүмкіндігі бар.
3. Өзінің негізгі діні, сенімі бар.
4. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты қолдап, дамытады.
5. Өндірістің пайда болуына, өзгеруіне байланысты өзін-өзі қамтып, өзгере білуінде.
Сондықтан еңбек өндірісі қоғамның, оның дамуының негізі болып есептеледі. Адамның негізгі айырмашылығы – құрал-сайман жасай алатындығы. Артефакт (алғашқы қару) - немесе алғашқы зат. Тастан жасалған садақтың ұшынан бастап, ғарыш корабліне дейін қару мен заттардың бәрі де адам ойы мен еңбегінің нәтижесі. Ең алғашқы құрал: аң аулау, өзін қорғау үшін қолға ұстаған тас, таяқ және басқа заттар. Лақтыруға, соғуға ыңғайлы болу үшін адамдар оны өңдеп икемдеген. Ондай қару кімге қажет болған? Икемсіз әлсіз не жүгіре алмайтын адамдар, күш иелеріне қарсы тұру үшін қолға қару ұстауды жөн көрген. Ф. Ницшенің пікірінше, «адам деградацияға ұшыраған хайуаннан шыққан».
Кейін қаруды басқаларды өзіне бағындыру үшін, үйірін қорғау үшін құрал-саймандарды еңбек ету тәсіліне айналдырады. Еңбек құралы, қару табиғаттан дайын түрде берілмейді, оларды жасау, қолдануды жас ұрпаққа үйрету үшін сөз керек, тілді дамыту қажеттілігі туады. Ал сөз абстракциялық ойлаудың көзі.
Адам – белгілі-бір дәрежеде биологиялық және әлеуметтік тіршілік иесі. Биологиялық - тірі адам, тірі организм, және оның әлеуметтік қоғамдық мәні бар. «Адам мәні – Маркс айтқандай, оның сақалы мен бойында емес, оның әлеуметтік орны мен атқаратын ісінде».
Адамның биологиялық сипаты неде? Ертедегі дүниеде адам өмірінің ұзақтығы 20-22 жас болды. Бірте-бірте адам өмірінің жақсаруына байланысты ұзара бастады. Медицина ғылымының дамуы, денсаулықтың жақсаруына алып келді. Ғылыми-техникалық революцияның жемістерінің арқасында жылы үйлер, азық-түлікпен қамтамасыз етудің ұтымды тәсілдері, адамның білімі мен тәрбиесінің жас кезінен жолға қойылуына жеттік.
Адам дамуына кедергі болатын жағдайлар: ауа райы, экология, жердің улануы, көлдердің, жануар, өсімдік түрлерінің жоғалуы, т. б. Алғашқы кезде адамдар хайуандар секілді үңгірде тұрған. Ол кезде жыныстық қатынастар реттелмеген болатын. Оны эндогамия (endog- іштей, games- жыныстық, некелік қатынас) деп атайды. Ол адамзаттың денсаулығына, тұқымның өсіп дамуына зиянын келтірді, түрлі жазылмайтын аурулар адамзаттың келешегіне қатер туғызды. Сондықтан адамдар жақындар арасындағы некелік қатынасқа ерте бастан тыйым салған. Экзогамия (гр. exo - сырттан) пайда болды. Үйленуге адамды тыс жерден, сырттан, басқа ру ішінен іздеу тәртібі қалыптасты. Бұл адамзаттың қоғамдық дәрежеде дамуының алғашқы қадамы болды.
Қоғамдық болмыстың әсерінен қалыптасатын адамдағы үшжақты мағына:
1. Жеке адам, пенде (индивид).
2. Индивидуальность (даралық, ерекшілік).
3. Тұлға, кісі (личность).
1. Жеке адам - жалпы адамзаттың өкілі. Көптің бірі ретінде адамға тиісті қасиетке, келбетке ие болуы керек.
2. Индивидуальность (ерекшелігі) - адамзаттық қасиеті дараланып көрінетін әрбір жеке адамның өзіне ғана тән дауысы, жүріс-тұрысы, білімі, бет-пішіні, бұл ерекшеліктері қайталанбайтын феномен. Адам – таза қағаз емес, онда мәдениет өзінің жазуларын түсірген: ол тіршілік иесі, күш-қуаты, ақыл-ойы, сезіну-күйінуі бар және сонымен бірге нақты ұйымдасқан, сыртқы жағдайларды өзіне сәйкес өзгерте білетін жан.
3. Тұлға, Кісі (личность) - ержеткен, бұғанасы қатқан, ақылы толған, өз ісіне өзі жауап бере алатын, өзінің дүниеге көзқарасы бар адам. Кісі әлеуметтік іс-әрекет иесі ретінде өндірістің, қоғамдық қатынастың, қоғамдық сананың субъектісі болып табылады. Тұлға - әртүрлі дәрежедегі қоғам топтарының да жауапкершілігін өзіне ала алатын кісі.
Адамның туып өскен, тәрбиеленген қоғамы қандай болса, оның өзі де сондай болады. Дүниеде қанша адам болса, сонша мінез, сипат болады. Әр адам ең алдымен бүкіл адамзат қауымының мүшесі. Яғни, онда шыққан нәсілінен, ұлтынан, табынан, жынысынан, туған жерінен тәуелсіз есті және тәрбиелі адамның барлығына ортақ қуану, қайғыру; балажандық, ананы сүю, махаббат, әділеттілікті ұнату сияқты адами қасиеттер болады. Адамның ақыл-ойы мен сезімі өте күрделі биологиялық, психологиялық, әлеуметтік құбылыс. Күшті сезім, зерде, яғни интелекттің, еріктің араласқан түйіндері арқылы, әлеуметтік өлшем психологиялық қасиетке ұласады.
Тән мен жан бірлігі, адам жанының ерекшілігі – оны табиғат әлемінен бөліп тұр. Қазіргі заманда «жанның» орнына, синонимы ретінде «психика» деген сөз қолданылады. «Психика» дегеніміз – «адамның ішкі дүниесі», «адамның рухани әлемі». Адам ерекшілігінің негізінде рухани дүние жатыр. Адамның биологиялық және әлеуметтік өлшемдерінің өзара диалектикалық байланысын, бір-біріне тәуелділігін сөз еткенде, адамның хайуандық қалдықтардан бірте-бірте арылып, «әлеуметтену» (социализация) процесіне кіретінін ұмытпау керек.
Маркс: «Аштық қашанда аштық, бірақ пышақ пен шанышқының көмегімен піскен етті жеу арқылы жоюға болатын аштық бір бөлек те, қолдың, тырнақтың, тістің көмегімен жұлқылап, шикі ет арқылы жойылатын аштық бір бөлек», - деген.
Қазіргі замандағы антроптық принциптің фундаментальдық (негізгі) қағидасы философия мен ғылымға көп ене бастады. Ол әлемді күрделі, әрі өздігінен ұйымдасқан жүйе және адамды ондағы негізгі элемент ретінде қарауды талап етеді. «Бірқалыпты адам», ерекше объект деген көзқарасты қалыптастыра отырып, адам әлемді бақылаушы және өзіндік реттеушісі ретінде, әлемнің физикалық параметрі әр алуан түрінің құрылымымен, әртүрлі дәрежесімен байланыс орнатты. Ғылымда (оның ішінде жаратылыстануда), адам қызметінде субъекті мен объекті арасындағы ажыратуды жеңу, табиғат пен адамның жақындасуын көрсетеді.
Семинар сабағының жоспары:
1. Философиядағы адам концепциясы: оның табиғаты, мәні, мақсаты.
2. Философия тарихындағы адам мәселесі.
3. Адам және адамзат.
4. ХХ ғ. философиясындағы және антропология антропты принципке бетбұрудың
мәні.